"БАҚ Лига – бас қосу алаңы". Ол қалай журналистер ғана емес, жұптардың да басын қосты?

BAQ League чемпионатына 70-тен астам ұжым, 500-700 журналист қатысқан.

Журналистер арасында футбол мен волейболдан тұрақты түрде чемпионат – БАҚ лига өтіп тұрады. Алты жыл бұрын қолға алынған чемпионатқа осы уақытқа дейін 70-тен астам ұжым, 500-700 журналист қатысқан. Арасында бірін-бірі тауып, жарасып кеткен жұптар да бар. 

Informburo.kz тілшісі БАҚ лиганың ұйымдастырушысы Әзиз Жұмаділмен тілдесіп, журналистерге арналған чемпионат пен бұқаралық спорт туралы сұрады.

Әзиз Жұмаділ, фото кейіпкердің жеке архивінен.

– БАҚ лигаға – 6 жыл. Жоба дүниеге қалай келді?

– 2005 жылы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстік. Ол кездері журналистер арасында тек Дидар Төлеш, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнирлер ғана өтетін. Сонда чемпиондар лигасы сияқты өзіміздің толыққанды бір чемпионатымыз болса екен деп армандадық. Анда-санда Ермек Төрениязов, Еркін Шәкір сынды қатарластарымыз бен Амангелді Сейтхан, Жанарбек Әшімжан ағалармен доп теуіп тұратынбыз.

Кейін 2014 жылы "Қайсар" футбол клубының баспасөз хатшысы болып, Қызылорда қаласына кеттім. Қосымша облыстық футбол федерациясының баспасөз хатшысы болдым. Ол кезде басқа аймақтармен салыстырғанда Қызылордада футбол аса қатты дамымаған еді. Не жазарымды білмейтінмін. Бір нәрсе бастау керек болды.

Сөйтіп бір күні "Қызылордадағы Facebook қолданушыларының ашық кубогін" өткізетініміз туралы хабарландыру жасадық. Бірінші аптада жеті команда жиналды. Екінші аптада – 14, бесінші аптада 32 команда қатысатын болды. Осылайша бірінші рет әуесқойлардың арасында чемпионат өткіздік. Үздіктерді Қарағанды қаласындағы Қазақстан чемпионатына қатыстырдық. Осылай үш маусым өткіздік, сол аралықта 56 әуесқой футбол командасы жасақталды. Біздің чемпионат футболға қызығатын қызылордалықтардың басын қосатын алаңға айналды.

Кейін мен астанаға "Астана" футбол федерациясының баспасөз хатшысы болып ауысып кеттім. Бір күні жиналыс кезінде федерацияның сол кездегі президенті Лашын Аймағамбетов жыл сайын журналистер күнінде БАҚ өкілдері арасында турнир өткізетінін айтып, ұйымдастыруды бізге тапсырды. Қасымда Нұрғазы Сасаев ағамыз бар. Сол кезде журналистер арасында бір күндік турнир ғана емес, чемпионат өткізуді ұсындық. Басында сенген жоқ, кейін өткізетін болып шештік. Мамыр айында үгін-насихат жұмыстарына кірістік. 10 желтоқсан күні чемпионат басталды. Оған 11 команда қатысты. Содан бері алтыншы жылға кетіп бара жатыр. Он маусым өтті. 

Сурет Әзиз Жұмаділдің Facebook парақшасынан.

– Он маусымның ішінде қанша команда қатысты, қанша журналистің, ұжымның басын қоса алдыңыздар?

– Нақты айту қиын. Жобамен алғанда 70-тен астам ұжым, 500-700 журналист қатысты. Өйткені бір редакция бір-екі жыл қатысуы мүмкін, кейін олардың орнын басқа команда, басқа ұжым басады. Бұл жерде басты мақсат –  журналистердің басын қосу. Өз редакциясынан команда шықпай қалған журналист басқа редакция үшін ойнай алады.

Себебі, біз үлкен агенттіктерден бөлек, кішігірім редакцияда істейтін журналистердің құқығын да ескеруіміз керек. Кейде бір редакцияда 4-5 адам ғана болады. Оның ішінде тек біреуі ғана футболға қызығуы мүмкін. Ол командасыз қалып қоймауы керек, ол да журналистермен араласуы керек.

– Волейболдан чемпионат өткізуді қашан қолға алдыңыздар?

– Карантин басталмай тұрып волейболдан турнир өткізіп көрдік. Өйткені футболдың аудиториясы жас. Журналистердің арасында университетті кеше бітіріп келгендер мен студент болып жүріп, жұмыс істейтін жастар көп. Аға буын өкілдеріне олармен бірге ойнау қиындау. Ал біздің мақсат – жасына, жынысына қарамастан, бүкіл БАҚ өкілінің басын қосу.

Әріптесіміз Гарина Полевая ем алып жүрген кезде, қолдау танытайық деп, қайырымдылық турнирін ұйымдастырдық. 12 команда қатысты. Жиналған қаржыны бірден әріптесіміздің қызына аудардық. Одан кейін карантин басталып кетті де, волейбол тоқтап қалды. Оған да кішкене жарнама керек. Бірден "бір аптадан кейін волейболдан чемпионат өткіземіз" десең, команда жиналмайды, тіпті бір ай бұрын айтсаң да, қатысып үлгермей қалады. Оған кішкене уақыт керек.

Былтыр "Qazaqstan" ұлттық арнасы төрайымының сол кездегі орынбасары Ержанар Әшейханмен кездесіп, волейболдан чемпионат өткізу туралы келістік. "Qazaqstan" ҰТРК қолдап, бірінші рет Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы маусым өткіздік. Оған сегіз команда қатысты. Команда құрамына регламент қойдық. Алаңдағы алты ойыншының екеуі – қыздар, біреуі 40-жастан асқан ер адам болуы керек. Сонда жастарға 3 орын ғана беріледі. Осы арқылы аға буын мен жастарды, нәзік жанды әріптестерді де қамтуды мақсат еттік. Кейін екінші маусымда он екі команда жиналды.

Волейболдың атмосферасы футболға қарғанда бөлек, команда жинау да оңайырақ екен. Өйткені волейболды қыздар да ойнайды және қыздар жүрген жерде жігіттердің де жүргісі келеді дегендей. Сол жерде табысып та жатады.

– БАҚ лига бағын ашып, табысып жатқандар да бар екен.

– Біз "Давай поженимся" емеспіз ғой, бірақ БАҚ лига – бас қосуға жақсы орта. Былтыр "Qazaqstan" ұлттық корпорациясы ортақ бір команда шығарды. Сол жерде "Qazaqstan" ұлттық арнасының қызметкері мен "Qazsport" телеарнасының қызметкері таныстып, табысты. Көп ұзамай тойына бардық. Қазір тағы бір жұбымыз бар. Екеуі бір комнадада ойнады. 

Сонымен қатар БАҚ лига басшы мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты орнатуға да оң әсер беріп отыр. Алаңда олар басшы және қызметкер емес, бір команда мүшесі ретінде тең құқықта ойнайды. Басқаша айтқанда, бұл да тимбилдингтің бір түрі болып отыр. Сосын бұл жерде тек журналистер ғана емес, баспасөз қызметкерлері де бар. Бұл журналистер мен баспасөз хатшыларының арасында байланыс орнатуға да көмектеседі. 

– Футбол мен волейболдан фавориттеріңіз кім?

– Футболдан он маусым өткіздік. Футболдың фавориті осы уақытқа дейін "Хабар" агенттігі болып келді. Жеті дүркін чемпион, екі рет Кубокты ұтып алған. Бірақ былтырдан бері чемпионатқа қатысқан жоқ. Қазір жаңа басшы барып жатқандықтан, қайтадан команда жасақтап, қатысады деп сенеміз. Одан бөлек "Qazaqstan – Qazsport" командасы да бір рет чемпион болды. Соңғы маусымның чемпионы – "Қазмедиа" командасы. "7 арнаның" командасы мықты. "Қазақ радиосының" жігіттері әр командада болса да, жақсы өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, National Geografic Qazaqstan ұжымы да жақсы команда жинай алды.

Ал волейболдағы фаворит – "Qazaqstan – Qazsport" командасы. Олар екі маусым қатарынан чемпион болды. Сосын "7 арна", Қазақпарат",  "Хабар" командасы да осал емес.

В лигасында үздік шыққан "Qsport.kz" командасы, сурет baqleague.kz

– Жобаны кім қаржыландырады?

– Бірінші-екінші маусым Астана футбол федерациясының қолдауымен өтті. Кейін ол жақта басшы ауысқанда  жобаны өзіме сұрап алдым. Үшінші-төртінші маусымды өзім өткізіп, 1,7 млн теңгедей қарызға кірдім. Тапқан-таянғанымның бәрін осы лигаға салдым. Сөйтіп жүргенде сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Мирас Мұқаш ағамыздың қолғабыс етуімен министр Дәурен Абаевтың қабылдауында болдым. Министрлік қолдау білдірді.

Кейін "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығы, "Астана ақшамы" газетінің 30 жылдығы, "Хабар" агенттігінің 25 жылдығына, "Қазақ" радиосының 100 жылдығына арнап маусым өткіздік. Әр маусымға мерейтой иелері демеуші болды. Демеушілердің қаржысы мен командалар беретін жарнаның бәрі осы лиганы ұйымдастыруға кетеді. Себебі, астанада футбол алаңдарын жалға алу ақысы өте қымбат. Одан бөлек қызметкерлер мен төрешілердің еңбекақысы бар. Астана қаласының әкімдігі үш маусым бойы алаңмен қамтамасыз етіп отырды. Ол да үлкен көмек. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт қоры да былтырдан бері қолдау танытып келеді. 

– Өзіңіз ұйымдастырған кезде қарызға кіріп кеткеніңізді айтып отырсыз. Жалпы, бір идеяның, қызығушылықтың осындай табысты жобаға айналуы үшін не маңызды?  Қандай қабілет керек?

– Энтузиазм, фанатизм керек. Егер сен бір істі жақсы көріп істемесең, ол саған үлкен пайда әкеліп жатса да,  дамытпайсың. Мәселен, неге жеке адамдардың Youtube жобалары өтімді? Ал, мемлекеттік агенттіктердің Youtube жобалары неге өтпей қалады? Өйткені жеке адамдар жобасына махаббатын, уақытын, ынтасын бөледі. Ал мемлекеттік жобалардың көбі есепті орындау үшін ғана жасалады. Егер олай болмаса, қарызға кіріп кеткен кезде-ақ БАҚ лиганы ұйымдастыруды тастап кетер ме едім? 

А лигасында алғаш рет Qazaqstan-Qazsport жеңімпаз атанды, сурет baqleague.kz

– Тағы қандай спорт түрінен жарыстар өтуі мүмкін?

– Ойланып жүрміз. Тағы не нәрсе журналистерді қызықтыруы, бір ортаға жинай алуы мүмкін. Себебі, журналистердің бәрі бірдей футболға, волейболға қызыға бермейді. Баскетболды сұрайтындар бар, бірақ оған әлі ертерек сияқты. Қазір үстел теннисінен, шахматтан турнир өткізу туралы ойымыз бар. Демеуші табылса, боулинг бойынша бір күндік шара өткізуге болады. Ал спортқа мүлдем қызықпайтын әріптестеріміз үшін галстуксыз кездесулер, TED форматындағы мәжілістер ұйымдастыру жоспарда бар. 

Жалпы, ұлттық компания қызметкерлері, театр ұжымдары, блогерлер де біздің лигаға қатысқысы келетінін айтып, хабараласып жатады. Бірақ біздің талабымыз бойынша БАҚ лигаға тек журналист болып қызмет атқаратын адамдар мен баспасөз хатшылары ғана қатыса алады. 

Осы ретте қамқоршылар кеңесі туралы айта кетсем деймін. Біз былтыр БАҚ лиганы екінші бір сатыға көтеру үшін қамқоршылар кеңесін құрған едік. Кеңесте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Дархан Қыдырәлі, Кемелбек Ойшыбаев, Ринат Кертаев, Нағи Бақытбеков, Ержанар Әшейхан сынды ағаларымыз бар. Кеңес төрағасы – Берік Уәли. Қамқоршылар кеңесі не үшін керек? Басшысы қолдамаса, жас журналистер мен қарапайым қызметкерлердің БАҚ лигаға қатысуы екіталай. Себебі, қатысу жарнасы бар, форма қажет және жаттығуға мүмкіндік жасалуы керек. Қазір қамқоршылар кеңесіндегі ағаларымыздың арқасында командалардың да саны артып, редакция басшыларының да қатары көбейіп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Теңге ілу Қазақстан аумағында спорт ретінде тіркелді


– Токио олимпиадасынан кейін Президент елде бұқаралық спортты дамыту керек екенін айтқан еді. Сіздің ойыңызша, елде бұқаралық спорт қайтсе дамиды?

– Біз чемпион шығармаймыз, спортшы тәрбиелеуді мақсат етпейміз. БАҚ лиганың басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің басын қосып, журналистердің бейресми тимбилдинг алаңы болу. Ал волейбол, футбол, жалпы спорттың бәрі – БАҚ өкілдерінің басын қосуға жәй ғана себепші құрал. Бірақ БАҚ лига корпоративтік спорт түріне жатады. Корпоративтік спорт –  бұқаралық спорттың бір тармағы. Кейде журналистер лигаға  балаларымен, отбасымен келіп жатады. Ал ата-анасы спортпен айналысатын бала спортқа міндетті түрде қызығады. Өзі спортпен айналысатын ата-ана да баласын спортқа міндетті түрде береді.

Сөйтіп корпоративтік спорт арқылы балалар спорты, бұқаралық спорт дамиды. Мемлекет басшысы айтқандай, бірінші кезекте бұқаралық спортты дамыту керек. Содан кейін барып кәсіпқой спортты дамытамыз. Бұқаралық спортты дамытпай, олимпиадада атой саламыз деу мүмкін емес. 

Ол үшін ең бірінші инфрақұрылым жасау керек. Қазір әкімшіліктен қалада қанша спорт алаңы немесе балаларға арналған ойын алаңы бар екенін сұрасаңыз, үлкен тізім береді. Бірақ солардың көбі стандартқа сай емес. Көп алаңда қауіпсіздік шаралары ескерілмеген, жарақат алу оп-оңай.

Екіншіден, футбол алаңын салған кезде міндетті түрде трибунасын да салу керек. Себебі, баласы футбол ойнайтын ата-аналардың жанкүйер болып, қолдау танытатын, қарап отыратын жері жоқ. 

Үшіншіден, қазір қаншама ғимарат бой көтеріп жатыр. Соның барлығына фитнес залдардан бөлек, спорт залдарын салуды стандартқа енгізу керек. Мысалы, "Қазмедиа" салынды ма, сонда жұмыс істейтін қызметкерлері үшін үлкен футбол алаңы мен волейбол алаңы болуы керек. Сонда біз бұқаралық спортты дамыта аламыз. Әйтпесе, біз салынған ғимраттың барлығын кеңсеге айналдырдық. Ондағы қызметкерлер күні бойы отырып жұмыс істейді, спортпен айналысуға мүмкіндігі жоқ. 

БАҚ Лига екінші маусымының жеңімпазы – "Qazaqstan-Qazsport командасы

– Қазақстан футбол федерациясының төрағасы ауысты. Қандай жаңалық күтесіз?

– Дәл қазір осындай жаңалық күтемін деу дұрыс болмайтын щығар. Басшы жаңарғанымен, жүйе ескі күйінде қала берсе, ештеңе өзгермейді. Ал басшымен бірге жүйе де өзгерсе ғана, жақсы жаңалық күтуге болады. Бірақ мен Әділет Барменқұловтың бағдарламасымен таныс емеспін. Алғашқы жұмыстарына баға беруге де әлі ерте. Дегенмен, балалар футболы, бұқаралық футбол және инфрақұрылымға көңіл бөлінсе, кәсіпқой футболымыз да гүлденер еді. 

– Өзіңіз қандай спорт түрімен тұрақты айналысасыз?

– Қазір футболмен тұрақты айналысамын. Бұрын боксқа қызығатынмын. Бір рет кәсіпқой боксқа қатысып көрдім. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары