Тікелей эфир

Әлемдегі ең қымбат валютаға ие Кувейт халқы қалай өмір сүреді? Жолсапар очеркі

Фото: expedia.com
Фото: expedia.com
Informburo.kz тілшісі Кувейттің Ақпарат министрлігінің шақыруымен Парсы шығанағындағы араб елінің өмір салтымен танысып қайтты.

Кувейт – Парсы шығанағындағы 17 мың шаршы метр аумақты алып жатқан шағын мемлекет. Солтүстігінде Ирак, оңтүстігінде Сауд Арабиясы, ал шығысында Парсы шығанағымен шектеседі. Кувейт экономикасы жөнінен жоғары табысқа жетіп отырған мемлекет. Әлемдегі мұнай қорының көлемі жағынан 6-орынды алады. Ал кувейт динары әлемдегі ең қымбат валюта саналады.

Бір кувейт динары шамамен 1 500 теңгеге тең. АҚШ доллары мен еуродан үш есе қымбат.

Кувейт халықтың жан басына шаққандағы ұлттық табысы бойынша әлемдегі бай елдердің бестігіне кіреді. Араб елдері арасында адам капиталының даму индексі бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.

Негізгі жұмыс күші – шетелдіктер

2022 жылғы мәлімет бойынша, Кувейт халқы 4,6 миллион адамды құрады. Оның ішінде ел азаматтары – 1,8 миллион адам, қалған 2,8 миллионы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдіктер. Кувейт халқының 30%-ы ғана – жергілікті халық, ал қалған шетел азаматтары деуге болады. 

Кувейт – шетел азаматтары үшін жұмыс істеуге қолайлы, тартымды ел. Басым бөлігі ел астанасы – Кувейт қаласында тұрады. Шетелден жұмыс істеуге келгендердің көп бөлігі – Үндістан азаматтары. Үнді елінің сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылы Кувейттегі үндістандықтар саны бір миллионға жеткен. Кувейтте 17 үнді мектебі Орта білім беру орталық кеңесінің құрамына кіреді. Мысырлықтар – үнділерден кейінгі үлкен диаспораның бірі. Кувейтте 666 мыңнан астам Египет азаматы жұмыс істейді. Олардан бөлек, Кувейтте Пәкістан, Иран, Сирия, Палестина, Филиппин азаматтары көп. 


Оқи отырыңыз: "Гамарджоба, генацвале". Грузияның бейресми астанасы – Кутаиси қонақтары тамашалауы тиіс 7 көрікті жер


14 миллион Кувейт динарына салынған мешіт

Үлкен мешіт – Кувейттегі ең үлкен мінәжат орны. Ескі мешітке адам сыймайтынын көрген әмір Джабер әл-Ахмад әл-Джабер әл-Сабах жаңа мешіт салуды жөн санайды. 14 миллион Кувейт динары жұмсалған мешіт құрылысы 1979 жылы басталып, 1986 жылы аяқталған. Мешіт 45 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, оның 20 мың шаршы метрі – ғимараттар. Ауласын қоса алғанда мешітке 60 мың адам сыйып кетеді. Үлкен мешіттің үш намаз оқу залы бар. Басты намаз оқу залы 10 мың адамға арналған. Ал мешіттің жоғарғы жағында әйелдер залында бір уақытта 950 адам намаз оқи алады. 

Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Үлкен мешіт Кувейттің және Парсы шығанағы елдерінің архитектурасына негізделіп, дәстүрлі ислам мәдениетіне сай өрнектелген. Қазіргі заманғы құрылыс технологиялары қолданылған. Мешіт толықтай ислам өрнектерімен, араб каллиграфиясымен нақышталған. Диаметрі 26 метр болатын күмбез Алланың есімдерімен безендірілген. 144 терезеден табиғи күн сәулесі түседі. Үлкен залда намаз оқылып, әртүрлі діни салтанаттар өтеді. Бес уақыт намаз әдетте 500 адамдық залда оқылады.

Мешіт аумағында кітапхана, 500 орындық көлік тұрағы, гүлдер мен өсімдіктер өсетін бау-бақша, субұрқақтар бар. Намаз оқу залдарынан бөлек 5 мың адамға арналған бес залда әртүрлі мәдени, ғылыми іс-шаралар өтеді. Мұнда біздің заманымызда 7 ғасырда жазылған алғашқы Қасиетті Құранның көшірмесі сақталған.  


Оқи отырыңыз: Solo travel: 2 жылда қалай әлемнің 26 елін жалғыз аралауға болады?


Мешітте каллиграфия залынан әртүрлі нақыштағы Қасиетті Құран сүрелері мен аяттары жазылған жазуларды тамашалауға болады. Экскурсовод сөзінше, араб каллиграфиясында қателесуге болмайды. Бір қате кетсе қағазды жыртып тастап, бәрін қайта бастауға тура келеді.

Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Кувейттің басты орындарының бірі – Үлкен мешітке жыл сайын жоғары лауазымды тұлғалар, түрлі елден келген туристер, студенттер мен мектеп оқушылары бас сұғады. Мешіт әкімшілігі қонақтарға бірнеше тілде тегін экскурсия ұйымдастырады. Жабық киінбеген адамдарға мешітте арнайы киім беріледі. 

Мешіт ішінің көрінісі. Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Америка мәдени орталығы

ХІХ ғасырдың басында Кувейтке америкалық миссионер дәрігерлер келген. Олар Кувейттегі алғашқы госпитальді тұрғызып, 1914 жылдан 1967 жылға дейін жергілікті халықты емдеген. Миссионерлер қызметіне қарамастан Кувейт халқы ислам дінін ұстанып қалған. Кувейттегі алғашқы госпиталь орнында Америка мәдени орталығы ашылған. Жанында шіркеу бар. 

Америка мәдени орталығының макеті. Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Америкалық миссионерлер салған алғашқы госпитальдің қазіргі ғимаратын Кувейт тарихының бір бөлшегі, Таяу Шығыстағы ежелгі өнерді сақтап қана қоймай, насихаттап отырған маңызды орын деуге болады. Музейге ежелгі Месопотамия, Парсы, Араб түбегі мен Леванттың баға жетпес жәдігерлері қойылған.


Оқи отырыңыз: Теңіз және тарихи туризм: Бакуға баруға бес себеп


Орталықта "әл-Фанн: ислам әлемінің өнері" атты көрмесі жүріп жатты. Бұл көрмеге түрлі заманның түрлі аймақтан жиналған 350-ден астам бұйым қойылған. Жасалған материалдары да әртүрлі: пілдің сүйегін, шыны, саз, металл, керамика, сутас, ағаш, тас, тоқыма және тағы басқа бұйымдар. 

Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Орталық 1983 жылы шейх Насер Сабах әл-Ахмед әл-Сабахтың бастамасымен ашылған. Ол өз кезегінде коллекционер болған. Әдемілікке деген құштарлығы, мәдени мұраны сақтауға деген талпынысы ислам әлемінің тарихы мен дәстүрін бейнелейтін заттарды іздеп табуға, сақтауға деген қызығушылығын оятқан. Осылайша шейх бұйымдарға өнер нысаны ретінде қарап қана қоймай, олардың тарихын, жасалу тәсілі мен технологиясын, сонымен бірге олардың дамуына әсер еткен жағдайларды зерттеген.

Фото: Мухамед әл-Мұстафа

"әл-Сабах коллекциясы" 6 мыңнан астам жылды қамтиды. Әлемнің түкпір-түкпірінен ислам әлемі өнерінің 18 000 жуық бұйымы жиналған. 5 300-ге жуық ислам дәуіріне дейінгі жәдігерлер де сақталған. "әл-Сабах коллекциясында" 12 000 астам нумизматика заттары, 15 мыңнан астам сирек және анықтама кітабы бар. 

Нумизматика залынан Сұлтан Бейбарыстың атына соғылған алтын динарды көруге болады.  

Алтын динар. Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Тарихи ғимараттың бір ғасыр ішінде қалай өзгергені жайында мультимедиалық қойылым тамашалауға болады. Ислам дәуіріне дейінгі жәдігерлердің көпшілігі осы орталыққа қойылған. Кітаптар, қолжазбалар, алтын тиындар, қыш және шыны ыдыстар, металл, бағалы тастар мен зергерлік бұйымдар, сәулет әшекейлері, тоқыма мен кілемдер, ғылыми құралдар бар.


Оқи отырыңыз: Шетелге барғанда ұялы байланысқа қосылудың 4 жолы қандай?


Құнды жәдігерлер. Фото: Мухамед әл-Мұстафа

ТripAdvisor сайтында туристердің бірі бұл музейді Вашингтондағы Freer-Sackler галереясымен бір деңгейде қойған. Музей экспонаттарына ағылшын және араб тілінде түсініктеме берілген. Араб және ағылшын тілдерінде гид қызметін пайдалануға болады.

Әмір және Ұлттық Ассамблея

1961 жылы 19 маусымда Кувейт тәуелсіздік алды. 1962 жылы 11 қарашада ел Конституциясы қабылданды. 1970-1980 жылы мұнайды экспорттаудың арқасында әлемдегі бай елдердің біріне айналды. Өмір сүру деңгейі де жоғарылады. Дегенмен көршілерімен тату тұру оңайға соқпады. 1991 жылы 26 ақпанда Ирактан босап шықты. Қаншама қақтығысқа қарамастан Кувейт аздаған жылдың ішінде қалпына келіп, гүлдене түсті.

Фото: Мухамед әл-Мұстафа

Кувейттің басқару формасы – конституциялық монархия. Елді әмір басқарады. Мемлекет басшысы – әмір, шейх Наваф әл-Ахмед әл-Джабер әс-Сабах. Әмір премьер-министрді тағайындап, парламентті тарата алады. Сонымен бірге заңдарға қол қойып, парламентке қайтара алады. Одан бөлек, әмір тақ мұрагерін тағайындайды. Мұрагерді басқарушы әулеттің барлық мүшесі мақұлдауы керек және заң шығарушы оган Ұлттық Ассамблея бекітуге тиіс. Ұлттық Ассамблея әмір ұсынған үміткерге қарсы дауыс берсе, онда басқарушы әулеттен басқа үш кандидатты ұсынуға міндетті. Ал Ассамблея солардың ішінен біреуін таңдайды.

Кувейт Парсы шығанағындағы сайланбалы заң шығарушы органы бар жалғыз мемлекет. Заң шығарушы орган Ұлттық Ассамблея деп аталады. Маңызды іс-шаралар болмаса кез келген адам Ассамблея ғимаратына кіріп, депутаттардың жұмыс орнын көре алады.  

Әмір басқарушы отбасы мүшелерінен премьер-министрді тағайындайды. Ол өз кезегінде министрлер кабинетін жасақтайды. Ал Ұлттық Ассамблеяның 50 депутаты жалпыхалықтық сайлау арқылы төрт жылға сайланады. 15 депутатты премьер-министр тағайындайды. Сол себепті министрлердің барлығы Ұлттық Ассамблеяға мүшелік етеді. Кемінде бір министр халық сайлаған депуттаттардың ішінен тағайындалуға тиіс. Осыған дейін халық сайлаған төрт депутат министрлікке ауысқан.  

Кувейтте әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең. 21 жастан асқан Кувейт азаматы сайлауда дауыс бере алады. Елде саяси партия құруға тыйым салынған. 

Конституцияның 82-бабына сәйкес туғаннан кувейттік саналатын, 30 жастан асқан, арабша оқу-жазу білетін Кувейт азаматы депутат бола алады. 2005 жылы әйелдердің сайлауда дауыс беруге және сайлауға түсуге құқығы бар деген норма енгізілді. 2009 жылғы Ұлттық Ассамблея сайлауында алғаш рет төрт әйел депутат сайланды.  

Кувейт парламенті араб елдеріндегі ең тәуелсіз заң шығарушы орган. Израиль ғалымы Эран Сегал Ұлттық Ассамблеяны Таяу Шығыстағы ең мықты парламенттердің бірі деп бағалаған. 

Қазіргі әмірдің ұлы 2022 жылы 24 шілде елдің жаңа премьер-министрі болып тағайындалды. 2020 жылы сайланған парламент мүшелері отставкаға кетіп, 29 қыркүйекке Ұлттық Ассамблея сайлауы тағайындалды. Кувейт азаматтары мектептердегі сайлау учаскелеріне келіп дауыс берді. Елде 795 мыңдай сайлаушы бар. Олардың 70% астамы сайлаудан бей-жай қалмай, азаматтық белсенділік танытты. Бұл өте жақсы көрсеткіш екенін айта кету керек.  

Сайлауға 305 кандидат қатысты, оның ішінде 22 әйел азамат бар. Сайлау нәтижесінде екі әйел Дженан Мохсин Рамадан Бушехри мен Алия Фейсал Әл Халед жаңа парламенттің депутаты сайланды. 

Бұрынғы министр Дженан Мохсин Рамадан Бушехри "Алдағы мәжілісте сіздердің сөздеріңізді сөйлеймін, құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғаймын" деді.

Кувейттің Ұлттық Ассамблеясы 1963 жылы 23 қаңтарда құрылды. Депутаттардың өкілеттігі – төрт жыл. Заң шығарушы орган 50 депутаттан тұрады және олар жалпыға ортақ сайлауда тікелей жолмен сайланады. Сайлау әдетте 5 округ бойынша өтеді. Жоғарғы заң шығару органға әр окургтен 10 өкіл сайланады. Соңғы сайлау 2020 жылы 5 желтоқсанда өтті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары