Тікелей эфир

Теңіз және тарихи туризм: Бакуға баруға бес себеп

Биыл отандық Qazaq Air компаниясы Нұр-Сұлтан қаласынан Бакуға Ақтөбе қаласы арқылы ұшатын жаңа рейсті іске қосты.

Қазақстан ресми түрде бес елмен шекараласатын болса, олардан бөлек, екі араны теңіз бөліп тұрған тағы бір ел бар. Ол – әлбетте, Әзербайжан. Бауырлас та, тағдырлас та ел. Бір Каспийдің (әзербайжан халқы Хазар теңізі деп атайды – авт.) екі жағасында орналасқандықтан, екі елдің экономикалық, экологиялық мәселелері де бір. Бизнесті былай қойғанда, құдалы-құдандалы елге айналған. Мұның бәрі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы алып-беріс пен барыс-келісті күшейтті.

Qazaq Air: Бакуға жаңа рейс

Қазақстаннан Әзербайжанға жер бетімен (Ресей аумағы арқылы – авт.), әуе арқылы және су жолымен де баруға болады. Үшеуі де жолға қойылған.

Қазақстаннан Бакуға жолаушы тасымалдайтын отандық әуе компанияларының тізімін биыл Qazaq Air толықтырды. 2022 жылғы 7 шілде күні әуе компаниясы ел ордасы Нұр-Сұлтаннан Әзербайжан астанасы Баку қаласына алғашқы рейсін жасады. Транзит – Ақтөбе қаласы арқылы. Жаңа рейстің ашылу рәсіміне Информбюро порталының тілшілері де куә болды. Сапар канадалық 86 орындық De-Havilland Dash 8-Q400 әуе кемелерімен жасалады. Басты ерекшелігі – Қазақстандағы түрлі бағыттағы ұшулардың орталығы саналатын Нұр-Сұлтан қаласынан транзиттік Ақтөбе ұшып кетудің қолайлылығы. Оған қоса, жүкті бірден Баку қаласына дейін тиеуге болады.

Qazaq Air әуе кемесі

Qazaq Air әуе компаниясының қаржы директоры Әділбек Өмірәлиевтің айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжан елін байланыстыратын жаңа рейсті ашу компанияның біраз уақыттан бері жоспарланып іске асырылған шарасы. Ол екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып қоймай туризмді дамытуға да ықпал етеді.  

"Әзербайжан біздің халықаралық бағытта сапар ұйымдастырып отырған екінші еліміз. Қазақстандықтарды Ресей, Әзербайжан елдерімен тек бизнес қана емес, оған қоса, туыстық, достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл ретте екінші ел ретінде Әзербайжанның таңдалуының маңызы зор. Алдағы уақытта бұл тізімге Грузияны қосуды да жоспарлап отырмыз", – деді Әділбек Өмірәлиев.

Qazaq Air әуе компаниясының қаржы директоры Әділбек Өмірәлиев

Оқи отырыңыз: "Гамарджоба, генацвале". Грузияның бейресми астанасы – Кутаиси қонақтары тамашалауы тиіс 7 көрікті жер


Бакуда қайда баруға болады?

Әзербайжанның басым бөлігін Үлкен және Кіші Кавказ таулары алып жатқанымен, ел астанасы Баку (әзербайжан халқы Бакы деп атайды – авт.) қаласы Каспий теңізінің жағасында салынған. Қала құрлықтың теңізге еніп тұрған бөлігі, яғни Абшерон түбегінде орналасқан. Бұл қала туризмін дамытуға үлкен басымдық береді.

Ичери-шехер

Жағажай туризмінен бөлек, Бакуда туристердің толассыз ағылатын мекені – "Ичери Шехер" аталатын ескі шаһар. Көне қала орны Бакудың орталық бөлігінде сақталып қалған. 2000 жылы ЮНЕСКО әлемдік мұраларының тізіміне енген көне ғимараттар кешені мемлекеттік қорғауында.

Ичери-шехер

Ежелгі Баку қаласының іргетасы теңіз жағасындағы дәл осы төбеде қаланғандықтан да, әзербайжан халқы үшін бұл – баға жетпес мұра. Дегенмен, кәсіпке бейімі жақсы әзербайжан халқы "ішкі қаланы" "сыртқы туризмнің" қайнар көзіне айналдырып алған.

Көне қалаға келген туристердің тағы бір іздейтіні – әйгілі "Бриллианотовая рука" фильмінде Юрий Никулиннің кейіпкері Семен Горбунковтың "сайтан алғыр" ("Черт побери") деп шалынып құлайтын тұсы. Бүгінде дәл осы жерде "Черт побери" аталатын дәмхана жұмысын дөңгелеткен. Айтпақшы, тағы бір танымал фильм "Амфибия адам" ("Человек-амфибия") да Баку қаласында түсірілген. Туристер үшін Баку әдетте дәл осы фильмдер арқылы таныс екенін жақсы білетін жергілікті гидтер фильмнің қажет эпизодтарын таспалап алып, бүгінгі Бакумен салыстырып әңгімелейді.

Қыз мұнарасы

Көне қалада керуен сарай, ескі мешіттер, моншалардың орны мен бөліктері сақталып қалған. Ал ең басты жәдігер – әрине, Қыз мұнарасы. Мұнара іші жаңартылып-жаңғыртылып, озық технологиялармен жабдықталған. Мұнараға кіру құны шетелдік туристер үшін теңгеге шаққанда шамамен 8 500 теңге болса, жергілікті халық үшін мың теңгеден сәл ғана асады. Оқушылар үшін тіпті де тегін дерлік. Бағаның мұндай айырмашылығы ел халқының өз тарихын танып-білуіне жағдай жасаумен астасып жатыр.

Қыз мұнарасы

Оқи отырыңыз: Алакөл, Балқаш әлде Каспий? Қазақстанда көл жағасында демалу қанша тұрады?


Шахидтер аллеясы

Бакуде саябақтар саны көп. Әрбірінің өз ерекшелігі бар. Дегенмен, өзгелеріне демалуға барса да, әзербайжандар "Шахидтер аллеясы" атанған парк кешеніне өмірден өткен ұлт қаһармандарына тағзым етуге барады. Кешен орнында бұрын мәдениет және демалыс паркі болған. Мұнда негізінен 1990 жылғы "қара қаңтар" кезінде қаза болған 126 адам және Қарабақ соғысында қайтыс болған әзербайжандықтар жерленген.

Шахидтер аллеясы

Ал 1996 жылы аллея аумағында Шахидтер мешіті тұрғызылды.

Гобустан қорығы

Тау-тасқа салынған суреттерімен, лай жанартауларымен танымал Гобустан қорығы Бакудан 50-60 шақырым жерде орналасқан. Ичери Шехер секілді бұл жер де ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енген. Қазақстанда да мұндай суреттер салынып, жазулар жазылған жартастар аз емес. Гобустанның ерекшелігі – қолында орағы бар алып егіншінің бейнесі. Мұндағы суреттердің жалпы саны 6 мыңға жуықтайды. Егіншіден бөлек, жануарлар мен адамдардың, аң аулау, балық аулау процесінің бейнелері мен түрлі жазулар бар.

Гобустан қорығы

Оқи отырыңыз: Solo travel: 2 жылда қалай әлемнің 26 елін жалғыз аралауға болады? 


Қандай валютамен бару қажет?

Әзербайжандардың ұлттық валютасы – манат. Шамалап алғанда, 1 манаттың құны 280 теңгеге тең. Айта кетерлігі, Қазақстанда теңгені долларға айырбастап, кейін доллармен манат сатып алу – мұнда артық іс. Жергілікті ақша айырбастау пункттерінің бәрі теңгені қуана қабылдайды. Сондай-ақ, қазақстандық төлем карталарын да әзербайжандық дүкендер мен сауда орындары жатырқамайды.

Баку қалаларын аралап жүріп, қазақстандықтарды жолықтыру – сирек кездесетін құбылыс емес. Әсіресе, Ақтау мен Атыраудан, жалпы, Қазақстанның батыс бөлігінен келетіндер көп. Енді Qazaq Air компаниясының жаңа рейсті іске қосуына байланысты Баку көшелерімен қыдырып жүрген ақтөбелік азаматтардың саны да арта түспек.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары