Тікелей эфир

3,5 жылда – 480 үй. Тұрмысы төмен отбасылар қалай баспаналы бола алады?

Мұқтаж отбасылар Алматы мен Ақмола облыстарында 10 миллион теңгеге, қалған өңірлерде 8 миллион теңгеге дейін жер үй сатып ала алады.

Қазақстанда халықтан қаржы жинап, мұқтаж отбасыларға көмектесетін тұлғалар мен ұйымдар аз емес. Соның бірі – "Асар үме" қайырымдылық қоры көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына жәрдемдеседі. Informburo тілшісі 3,5 жылда 480 отбасыға үй сыйлаған қордың басшысы Асхат Нұрмашевпен сұхбаттасып, мұқтаж жандар қор көмегімен қалай үйлі бола алатыны жайында сұрады.

Асхат Нұрмашев. Фото: Informburo.kz

– Қор қашан құрылды?

– Қордың құрылғанына үш жарым жыл болып қалды. Мақсатымыз – аз қамтылған мұқтаж отбасыларға үміт пен тұрақтылық сыйлап, табыстарын көтеріп, аяққа тұруына жәрдем беру. Біз ең алдымен баспана беруден бастаймыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен мұқтаж отбасыларды іздеп, олардың жағдайын тексеріп, арасынан таңдап аламыз. 3,5 жылда халықтың жұмылуының арқасында 2 550 баласы бар 480 отбасы үйлі болды. Қазір ай сайын 20-30 отбасы үйлі болып жатыр. Баспанамен қамтып қана қоймай, аналардың жұмыс істеуіне, кәсіппен айналысуына қолдау көрсетеміз. Екі жарым мың баланың білім алуына да жәрдем береміз.

– Ақшаны қалай жинайсыздар?

– Апта сайын жұма күні ақша жинауды бастаймыз. Дүйсенбіге дейін жалғасады. Instagram парақшамызда бір отбасы жайлы бейнеролик жариялаймыз. Алланың қалауымен бір дегенде халықпен бірге үш-төрт отбасыға 30-40 миллион теңге жинаймыз.


Оқи отырыңыз: Тұрғын үй субсидиясын қалай алуға болады?


– Халықтан қаржы жинау қиын емес пе?

– Жұмысты енді бастаған кездері бір айда 250 мың теңгедей жинадық. Үйді өзіміз салдық. Бес айда бір баспана көтердік. Меценатты шақырдық, ол да ақша қосты. Сосын халыққа құрылыс барысын көрсете бастадық. Кірпіш жетпейді, терезе, есік әкеліп беремін деушілер болса байланысқа шығыңыздар дедік. Адамдар жан-жақтан кірпіш бар, кафель бар деп жазды.

– Асарлатып үй салғанан кейін қорды "Асар үме" деп атадыңыздар ма?

– Иә, дәл солай. Кей ғұламалар "үме" сөзін асардың синонимі дейді. Қазақстанның кей өңірінде асарды үме деп атайды. Екінші ғұламалардың айтуынша, үйді көтеруге көмектесуді асар десе, құрбан шалып көмекке келген адамдарды тегін тамақтандыруды үме дейді. Осындай философия.

– Мұқтаж отбасыларға үй салып беру идеясы қалай келді? Бұған дейін немен айналыстыңыз?

– Он екі жылдай кәсіппен, саудамен айналыстым. Дүкендерім болды. 2016-2017 жылдары мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға жұмыс беріп көмектесу керек екенін түсіндім. Олардың ой-санасын өзгерсе жағдайлары да жақсарып кетер еді. 250 отбасымен бір жыл жұмыс істедім. Жеке-жеке хабарласып, Алматының төріндегі кеңсемізге шақырдық. Отыз әйел ғана жұмысты алып кете алды. Сол кезде оларды түсінбей қалдым. Екі-үш күн келеді де, бір-екі күн жоқ кетеді. Бір апта істейді де, төрт күн жұмысқа келмейді. 2019 жылы "Асар үме" қорын бастағанда ғана олардың басында нендей мәселе барын ұқтым. Қаланың бір шетінде тұрады. 30 шаршы метр үй, пеш жағады. Қыста бір баласы ауырса бәрі ауырады. Екі-үш баласы мектепке барады, қалғандары үйде. Кішкентайларды көмір салынған пештің жанында жалғыз ұзаққа қалдыра алмайды. Аналар жұмыс істейміз деп тұр, бірақ үйден алысқа кете алмайды.

Кеңсемізге шақырғанда жолақысын төлейміз, тренинг өтіп, сауданы бастайсыздар дедік. Психолог та бар. Бізге үш-төрт автобусқа ауысып мініп жетеді екен. Ал оны білмейміз. Олар көбінесе үйіне жақын мектепте пол жуып, кешкісін кафеде ыдыс жуып нан табады. Күн жылыда банка жауып, бақша егеді. Олар арасында үйге келіп балаларына қарау үшін осындай жұмыспен ғана айналыса алады. Осы мәселені көзімізбен көрген соң ең алдымен баспана сыйлау керек екенін түсіндік. Басында үйі болса көп нәрсе жөнге келе бастайды. Көп ана отбасын асыраймын деп жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп, балаларын туыстарының қолына, тіпті кішкентайларын балалар үйіне жарты не бір жылға беруге мәжбүр. Балалар жетім болып өспесін деген оймен баспана беру керек деп шештік.


Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне енді тек Egov порталы арқылы тіркелуге болады


– Бес баланың өлімі әсер етпеді ме?

– Иә, ол да бір сигнал болды. Баспанадан бастайық дедік. Ол оқиға да жанға батты. Ата-анасы жұмысқа кеткенде үйде қалған балалары өрттен көз жұмған еді.

– Тек жер үй алып бересіздер ме?

– Тек жер үй. Шарт бойынша әр отбасы өзі іздейді, қалаған үйді таңдайды. Көпбалалы отбасылар болған соң қаланың ішінен сатып алу мүмкін емес. Сондықтан ауылдық жерлерден қараймыз. Алматы мен Ақмола облыстарында 10 миллион теңгеден, қалған өңірлерде 8 миллион теңгеден аспайды.

– Қаншама отбасының ішінен біреуін қалай таңдайсыздар?

– Күнде бізге өздері жазады. Бүкіл жұмыс ақша жинаудан басталмайды. Ең алдымен отбасын барып, жағдайын көріп, баспанаға қаншалықты мұқтаж екенін анықтаймыз.

– Қоғамда масылдық психологиясы бар деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Ондай ойдағы әйелдер аздау. 480 отбасыны таңдау үшін мыңдаған отбасыға барып көрдік. Көбісі жұмыс істегенімен, тапқаны 150 мың теңгеге де жетпейді. Ең көп дегенде бутикте сатушы болып істейді. Жақсы табыс табуға болады дегенге сендіру керек. Қайта-қайта жанжал көтеріп, әкімшіліктен шықпайтын аналар бар, бірақ санаулы ғана. Өкінішке қарай, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дегеннің кебі болып отыр.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары