Тұрғын үй субсидиясын қалай алуға болады?

2022 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлінеді.

Жалдау ақысы субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтар otbasybank.kz платформасы арқылы өтінім бере алады. Жалдау төлемдері бойынша субсидия алуға төрт санат бойынша кезекте тұрған азаматтар үміткер, деп мәлімдеді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысов.

Сондай-ақ, комитет жетекшісі субсидия алу шартын түсіндірді. Тұрғын үй кезегінде тұрған, субсидия алушылардың санаты:

  • І және ІІ топтағы мүгедектер;
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
  • көп балалы отбасылар.

Оқи отырыңыз: 2024-2025 жылдары Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы болуы мүмкін


"2022 жылы 50 млрд теңге бөлінеді. Оның 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, 10 млрд теңгені жергілікті әкімдіктер бөледі", – деді Алмаз Ыдырысов. 

Субсидия алу шарттары:

1. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 жылғы жағдай бойынша).

2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 70 мыңға жуық азамат әлеуетті субсидия алушы бола алады. Олардың ішінде:

  • көп балалы отбасылар – 51 мың;
  • жетім балалар – 2 мың;
  • І және ІІ топтағы мүгедектер – 10 мың;
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар – 7 мың.

3. Бағдарламаның ерекшеліктері мен арнайы шарттары:

  • жалдамалы баспананы қазақстандықтар өздері іздейді;
  • атаулы көмек көрсету принципі азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген:
  • 50%-ы мемлекеттік субсидиялармен қамтылатын болады;
  • қалған 50%-ын алушы өзі төлейді. 

4. Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.

5. Отбасы банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.

6. Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады. Өтініш беру үшін келесі амалдарды орындау керек.


Оқи отырыңыз: Электронды қолтаңбаны еGov порталында смартфонмен алуға болады


Өтінішті қалай береді?

  1. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алулары немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеруі керек.
  2. Субсидия алуға үміткер депозиті бар Отбасы банк клиенті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады.
  3. ЭЦҚ алып, жинақ шотын ашқаннан кейін, otbasybank.kz порталында тіркелу қажет.
  4. Тіркелгеннен кейін төлемдерді алу туралы өтінішке қол қойып, жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру керек.
  5. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Тексеру цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, әділет министрлігі, мемлекеттік кірістер комитеті, білім және ғылым министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялануы арқылы жүзеге асырылады.
  6. Содан кейін әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында "қонақ" ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қояды.
  7. Қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады. Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.
  8. Бұл кезеңде жалға беруші қосылады. Алғашқы кезекте өтініш беруші жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек.
  9. Жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.
  10. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.

Серіктестер жаңалықтары