Тікелей эфир

Доллар теңге тарихында тұңғыш рет рекордтық бағаммен сатылып жатыр. Жаңалықтарға шолу

Арыстағы құрылыс жұмыстары 20 тамызға таман аяқталады. 086 және 083 анықтамаларын алу жолы жеңілдетіледі.

Көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлер грантқа құжаттарын 5 тамыздан бастап тапсырады

Білім басқармасы Астанадағы аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлердің құжаттарын 5-10 тамыз аралығында қабылдайтынын хабарлады. Қосымша білім гранттарына оларға 165 орын бөлінген. Таратылған ақпаратқа сүйенсек, Бас қаладағы бес жоғары оқу орнына грантқа түсуге Елорда мектептерінің түлектері ғана үміткер бола алады.

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов грант иелеріне 20 949 теңге стипендия берілетінін мәлімдеді. Министр жеңілдетілген санатқа жататын талапкерлердің құжаттарын еліміз бойынша 5-10 тамыз аралығында қабылданатынын атап өтті.

Арыстағы құрылыс жұмыстары 20 тамызға таман аяқталады

Үкімет басшысы А.Маминнің апат аймағына жұмыс сапарында Арыстағы құрылыс-жөндеу жұмыстарының қорытындысы сараланды. Премьер-министр өңірде атқарылған шаруалармен танысып, қалада жарылыстан қираған ғимараттардың 90 пайызы қалпына келтірілгенін мәлімдеді.

"Бүгінге дейін 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Қалған бір қабатты жеке 905 үйді 10 тамызға дейін жөндеп бітіру керек. көп қабатты 67 үйді 20 тамызға дейін қалпына келтіру керек. "Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады" деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Өңірлер бекітіліген секторлардағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Арыстағы жарылыстан жараланған 8 жасар бала көз жұмды

Аян Шәріпбаев Астана қаласындағы №2 ауруханада бүгін таңертең қайтыс болды. Ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады.

24 шілде күні Арыстағы жарылыс кезінде бас миы жарақаттанған Аян комаға түсіп кеткен. Санавиациямен Астанаға жеткізгенмен бүлдіршінге дәрігерлердің көрсеткен емі оң нәтиже бермепті. Жарылыс салдарынан қайтыс болғандардың саны осымен төрт адам болды.

Сауд Арабиясында әйелдерге шетелге шығуға рұқсат берілді

Ел билігі 21 жастан асқан әйелдер мен ерлердің құқығын теңестіретін бірқатар заңға енгізілген түзетулерді қабылдады. Жаңа заңға сәйкес, әйелдерге отбасындағы асыраушысының рұқсатынсыз төлқұжат алуға мүмкіндік бар.

Әйелдер тұңғыш рет жаңа туған нәрестесін тіркеп, ерлермен қатар кәмелеттік жасқа толмаған балаларының қамқоршысы болу құқығын иеленді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек күйеуінде не 18 жасқа толған күйеуінің туысында ғана болатын.

Бас қаладан Екібастұзға тағы 36 отбасы көшірілді

"Нұрлы ертіс" бағдарламасымен Астанадан 68 ересек адам мен 144 бала қоныс аударды. Астана әкімдігі оларды көшіруге арнайы автобустар бөлген.

Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Нұрмағамбетов қоныс аударғандарға жаңа көп қабатты үйлерден пәтерлер берілетінін айтады. Бұған қоса отбасының әрбір мүшесіне берілетін 88 мың теңгелік бір реттік субсидиясы тағы бар. Бір жыл бойы ай сайын пәтер жалдауға және коммуналдық төлемдер төлеуге қаражат та беріледі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бес жылдан кейін жалға алған пәтерді жекешелендіріп алуларына болады.

Павлодар әкімдігі көшіп келген азаматтарды жұмыспен қамтып, көпбалалы отбасынан шыққан балаларды бала-бақшаларға тегін орналастыруды да міндетіне алыпты.

Сот орындаушыларының қолында алимент өндіруге қатысты 200 мыңның үстінде іс бар

Оның ішінде проблемалық істер 14 мыңнан асады. Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасары Әмір Омаровтың айтуынша, сот орындаушыларының жұмысындағы басты проблема – алимент өндіру. 14 мың алимент төлеушінің 4-6 мыңы алиментті мүлдем төлемеген. Бұған басты себеп-"көкек" әкелердің жұмыс жасамауы.

Доллар биржада тағы да рекордтық бағаммен сатылды

Жұма күнгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орта есеппен 385,75 теңгеге бағаланды. Бір тәулікте доллар 75 тиынға қымбаттап, тариxи рекордты жаңартты.

Еліміздің валюта айырбастау бекеттері долларды 385-386 теңгеге сатып алып, 386,5-387,5 теңгеге сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда қырыққабатпен қызылшаның және жемістердің бағасы түсті. 2019 жылғы шілдеде азық-түлік бағасы 2018 жылдың шілде айымен салыстырғанда 8,7%-ға өсті. Өткен жылдың дәл осы айында 1 кг қарақұмықтың орташа бағасы- 257 теңге болса, биыл шілдеде 240 теңгеге сатылды. Ал күріш 298 теңгеден, 361 теңгеге қымбаттады. Шілдеде 1 кг түйіршіктелген қанттың орташа бағасы-236 теңге болды, өткен жылы- 224 теңге болған еді. Сүт өнімдерінен, сүзбенің орташа бағасы 2019 жылғы шілдеде 1 кг 1549 теңге (2018 жылғы шілдеде – 1550 теңге), қаймақ – 1064 (1027), айран – 287 (278), пастерленген сүт – 242 (218).

Baq.kz: Диетологтар артық салмақтан құтылудың амалдарын атады. Тайвань дәрігерлерінің айтуынша, көп нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше спорт түрімен бір мезгілде айналысу қажет. Ғалымдар эксперимент күрделілігі FTO, CADM2 немесе IRX3 сияқты бірнеше "семіздік гендерінен" басқа артық салмаққа әсер ететін шамамен екі миллион ұсақ мутация бар екенін атап өтті. Медиктер тиімді спорттық сабақтар арасынан жүгіруді, йоганы, спорттық жүруді, тауға баруды және спорттық биді, сондай-ақ жүзуді, бадминтонды және велосипед тебуді атапды.

Аltaynews.kz: 086 және 083 анықтамаларын алу жолы жеңілдетіледі. Енді медициналық тексеру тек үш кезеңнен тұрады: 1) учаскелік терапевт-дәрігердің немесе жалпы практика дәрігерінің консультациясы; 2) психиатр-наркологтың консультациясы; 3) флюрография. Көлікті басқару құқығын алу кезінде талап етілетін 083 және қаруды алып жүру құқығына қажет 108 анықтамаларын алу үшін медициналық тексеруден өту процесі де өзгереді. Жеті дәрігердің орнына үш маманның ғана кеңесі жеткілікті деп танылды: терапевт, офтальмолог және психиатр-наркологтың консультациясы.

Серіктестер жаңалықтары