Digital Uzbekistan бағдарламасы туралы не білеміз?
Өзбек үкіметі Digital Uzbekistan мемлекеттік бағдарламасы бойынша нақты 2 саланы цифрландыруды жоспарлап отыр. Оның бірі – халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру болса, екіншісі – IT саласындағы сұранысқа ие мамандарды дайындау арқылы елде инновациялық экожүйе қалыптастыру. Одан бөлек, үлкен ақпарат қорларын біріктіретін орталықтарды салып, олардың көмегімен ел экономикасының табысын арттыруды көздейді.
Өзбек үкіметтің UzInfoCom сандық операторы Digital Uzbekistan бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, мемлекеттік сектордың бірегей интерактивті қызметі дайындаған eGovernment.uz сайты арқылы кез келген азамат өзіне тиесілі жеке мәліметтері мен ресми құжат көшірмелерін ала алады.
Одан бөлек, Digital Uzbekistan мемлекеттік жобасы аясында үкіметаралық құжат айналымы үшін арнайы платформа (ijro.gov.uz) құрылған. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев осы платформаның көмегімен әрбір мемлекеттік мекеменің жұмыс істеу тиімділігін анықтауды көздеп отыр. Қазіргі таңда бұл жоба тестілеуден өтіп жатыр. Ресми мәліметке орай, алдағы 2 жылда портал толығымен жұмыс жасауы тиіс.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында ел азаматтары туралы үлкен ақпарат қорларын өңдеу орталықтары құрылмақ. UzInfoCom операторының алғашқы ақпарат қорының орталығы Ташкент қаласында ашылады.
Ал IT саласындағы жастардың мүмкіндіктерін дамыту мақсатында олардың потенциалын арттыру орталығы құрылды. Mirzo Ulugbek Innovation Center атауына ие жоба өкілеттігі 10 жылға жоспарланған. Егер инновациялық орталыққа белгіленген уақыттан кейін де сұраныс болса, жұмысын одан әрі жалғастырады.
Mirzo Ulugbek Innovation Center
Өзбекстанның екінші Президенті Шавкат Мирзияев билікке келгелі бері цифрлық экономикаға баса назар аудара бастады. Өткен жылы өзбек Президенті АҚШ-қа сапары барысында ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрлігінің өкілдерін Силиконды алқапқа арнайы жіберіп, Өзбекстанда IT стартаптарға қолайлы ортаны құру мәселесін ойластыруды тапсырған болатын. Нәтижесінде, Орта Азияда теңдесі жоқ Mirzo Ulugbek Innovation Center құрылды.
Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрінің бірінші орынбасары Олимжон Умаровтың айтуынша, Өзбекстандағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (Information and Communication Technologies) елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 2 пайызына да жетпейді. Бұл IT секторының ұлттық экономикада әзірге айтарлықтай үлкен рөл ойнамайтынын білдіреді.
– Өзбекстанда дайындалған ақпараттық өнімдердің экспорт көлемі өткен жылы 3 миллион АҚШ долларын құрады. Орта Азиядағы ең халқы көп әрі халықтың жартысына жуығын жастар құрайтын Өзбекстан үшін бұл – өте аз көрсеткіш. Сондықтан бағдарламалық қамту нарығында Өзбекстанның үлкен потенциалы бар, – дейді министр орынбасары.
Инновациялық орталық әртүрлі салаға бағдарламалық қамту өнімдерін дайындаумен, ақпараттық жүйе және мәлімет қорларын жобалаумен айналысады.
Mirzo Ulugbek инновациялық орталығының резиденттері өз жобаларын Өзбекстанның кез келген аумағында дамыта алады. Алдағы 10 жыл ішінде олар салық төлеуден босатылады. Сондай-ақ, орталық резиденттері ақпараттық қауіпсіздік саласын да дамытумен айналысады.
Одан бөлек, стартаптарға қолдау білдіру және ақпараттық технология саласындағы мамандарды дайындау да орталық міндеттері қатарына кіріктірілген.
Айта кетсек, қазіргі таңда инновациялық орталықтың 319 резиденті бар. Одан бөлек, тағы 53 жоба қаралып жатыр.
Олимжон Умаров айтуынша, Digital Kazakhstan мемлекеттік бағдарламасының тәжірибесі Өзбекстан үкіметінің платформаларында да пайдаланылмақ.
Өзбек үкіметі Қазақстанның электронды үкіметіне қызығушылық танытып отыр
Өткен айдың соңғы аптасында Өзбекстанда бірінші рет ұйымдастырылған ICTWEEK шарасында "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы мен Astana Hub Халықаралық технопаркі таныстырылды. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының электронды үкіметі де кеңінен түсіндірілді.
Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында өткен Digital Uzbekistan форумына Қазақстаннан өзге ел үкіметінің делегациясы қатысқан жоқ. Бұл Өзбек үкіметінің Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Қазақ үкіметі алдымен халыққа қызмет көрсету порталдарын құруға, содан кейін экономиканы цифрландыруға баса назар аударып отырғаны белгілі. Ал Өзбекстанның бүгінгі либералды үкіметі бәрінен бұрын ел экономикасын цифрландыру арқылы оны бірден қаржы табуға бағыттауды көздеп отыр. Олар үлкен ақпарат қорын бір орталыққа жинау арқылы оны экономика салаларын дамытуға, технологиялық компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне, мемлекеттік басқару жиілігін қадағалауға және адами капиталды қалыптастыруға қолданбақ.
Сондай-ақ, UzInfoCom мамандары ақпарат қорларын әртүрлі сектор бойынша топтастырып, оларды жекеменшік қаржы мен өндіріс салаларына және мемлекеттік қызметке ұсына алады. Осылай, үкімет бақылауындағы ақпарат қоры елдің ЖІӨ-н нығайтуға үлесін қоспақ.
Өзбек үкіметі үлкен ақпарат қорларының орталығын құруда неміс мамандарының көмегіне де жүгініп отыр.
Ақпарат – "мұнайдың" жаңа түрі
Интернеттегі қолжетімді ақпаратқа орай, әлемдегі ақпараттық технологияға жұмсалып жатқан қаржы көлемі 2017 жылы 3,8 пайызға өсіп, 3,5 АҚШ триллионға жетті. 2020 жылға қарай, әлемдегі алып IT корпорациялардың 90 пайызының негізгі табыс көзі үлкен ақпарат қорын сатумен (data-as-a-service) тікелей байланысты болмақ. Сонымен қатар, өңделген және өңделмеген ақпарат қоры мен оның анализі де нарықта сұранысқа ие бола бастады.
Айта кетсек, 2017 жылы Өзбекстандағы байланыс және ақпарат беру саласы қызметінің табысы 7,9 триллион сумды ($969 миллион) құрап, 2016 жылдың көрсеткішінен 24 пайызға көп болған. Бұл көрсеткіштің 2021 жылға дейін 83,5 пайызға өсуі болжалған.
Батыс Еуропа елдері ақпарат қорларын тиімді пайдалану арқылы мұнай экспорттайтын елдердің табысынан да көп капиталды игеріп жатқаны белгілі. Олардың жұмыс тиімділігі "Ақпарат – "мұнайдың" жаңа түрі" деген принципке негізделген.
Өзбекстан үкіметі де мұнай экспорттайтын елдер қатарында болмағандықтан, Батыс Еуропа, әсіресе, Германия тәжірибесіне жүгіне отырып, ақпарат қорларын тиімді пайдалануды үйренуге ынталанып отыр. Қазіргі таңда, Өзбек үкіметі Германияның сандық технологиядағы Detecon консалтингтік компаниясымен біріге отырып, ақпарат қорын топтастыруды бастап жіберді.
Detecon International басқарма комитетінің мүшесі Питер Крузелл алғаш рет ұйымдастырылған Digital Uzbekistan форумына қатысып, Өзбекстан үкіметінің ақпарат қорын дамытуға толықтай қолдау білдіріп жатқанына таңданғанын айтады.
– Өзбекстандағы билігінің либералды бағыты көптеген өзгерістер мен дамуға жетелеп отыр. Мен Ташкент қаласына барған сапарымда осыған көз жеткіздім. Олардың басты мақсаты ақпарат қорын қаржы табуға бағыттау болып отыр. Бұл салада біз оларға көмектесе аламыз, – дейді неміс маманы Informburo.kz тілшісіне.
Өзбек үкіметі Қазақстан тәжірибесінен не үйренбек?
Өзбекстан билігі елдің цифрлық жаңартуы туралы алғашқы форумына Қазақстанның делегациясын босқа шақыртқан жоқ. Олар халыққа қызмет көрсетудің оңтайлы шешімдерін қазақ үкіметінің тәжірибесінен үйренбек.
Мысалы, Қазақстан Республикасының электронды үкіметі Өзбекстанның egovernment.uz порталының негізгі принциптерін дайындауға негіз болған. Өзбек үкіметі Қазақстанның электронды үкіметіндегі халыққа қызмет көрсету әдістерін басты назарға ала отырып, өз еліндегі биліктің қарапайым азаматтармен (G2C), бизнеспен (G2B) және мемлекеттің мекемелердің (G2G) өзімен байланыс орнату жүйесін дайындап жатыр.
Десе де, Өзбектің электронды үкіметі әзірге ақпарат таратушы қызметімен шектелген. Қарапайым халықтың интернет арқылы қызмет түрлерін алуы соңына дейін жолға қойылмаған.
"Үкімет IT стартаптарға қолдау білдіруі міндетті емес"
Акмал Пайзиевтің "біреуге жұмыс істемеу" принципі Өзбекстандағы танымал стартап жобалардың дүниеге келуіне негіз болыпты. 33 жастағы бағдарламашы өз пікірлестерімен бірге MaxTrack, Workly, MyTaxi, MyTaxi Express24 жобаларын дамытып келеді.
– Өзбекстанда IT саласы соңғы 2 жылда қарқын ала бастады. Оған дейін елімізде басталған стартаптар саны да аз болатын. Қазіргі таңда шетелден инвестор тарту да жеңілдей түсті, – дейді Пайзиев іnformburo.kz тілшісіне.
Айта кетсек, Акмал бастаған Workly жобасы әлем бойынша 60 елдің 500-ге жуық қалаларында қолданылады. Акмал Пайзиев бастаған NewMax Technologies компаниясы Өзбекстанның ЖІӨ-ндегі IT саласы ықпалының артуына осылай үлес қосып жатыр.
Ол Өзбек үкіметіндегі позитивті өзгерістердің қағаз бетінде қалып қоймайтынына үміт артатынын айтады. Себебі посткеңестік аймақтағы кез келген елдегідей Өзбекстанда да қағазбастылық бар.
– Үкімет IT стартаптарға қолдау білдіруі міндетті емес. Бастысы олардың дамуына қолайлы орта жасап, кедергі келтірмесе болғаны. Сосын үкімет еліміздің өзге аймақтарын интернетпен қамтамасыз етіп берсе, қалғанын мен сияқты IT кәсіпкерлер дамыта алады, – дейді Акмал.
Оның айтуынша, Ташкенттен өзге қалаларда интернетке кіру мүмкіндігі аз. Халықтың интернет қызметтерін пайдалануы да айтарлықтай төмен. Сол себепті де өзбек бағдарламашыларының 90 пайызы Ташкент қаласында шоғырланған. Ал қалған бөлігі аутсорсинг қызметімен айналысып, аймақтарда көбіне өндіріс секторындағы тапсырыстарды орындайды.