Тікелей эфир

Demoscope: қазақстандықтарға коронавирус туралы ақпараттың рас-өтірігін ажырату қиын

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Азаматтардың басым бөлігі дәстүрлі БАҚ-қа емес, WhatsApp-тан келген хабарламаға көбірек сенеді.

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында "Пандемия кезінде таралған ақпарат көздерінің сапасы және оған халықтың сенімі" тақырыбында сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, қазақстандықтар коронавирустың таралуы туралы жаңалықты қалт жібермейді. Респонденттердің 11%-ы ғана Covid-19 туралы жаңалықтарға мүлде қызықпайды.

Халық коронавирус туралы ақпаратты телеарналардан алғанды жөн көреді. Респонденттердің 91%-ы пандемия туралы негізгі ақпараттық ресурс деп телеарналарды атайды. Сауаланама қатысушыларының үштен екісі (72%) қазақстандық арналарды, бестен бірі (19%) шет елдік арналарды көреді. 

Телеарналардан кейінгі орынды әлеуметтік желілер (24%), үшінші орынды интернет басылымдар (20%) алды. Ресейдегі медиатұтыну туралы Deloitte жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша, 2020 жылы телевизияға ақпарат көзі ретіндегі сенім деңгейі төмендеп, адамдардың 23%-ығана телевизияны сенімді ақпарат көзі деп бағалаған. Аймақтарда интернет мәселесі шешілсе, бұл тенденция Қазақстанға да жетуі мүмкін.

"Медиасарапшылар мемлекет, БАҚ және халық арасында сенімнің жойылып бара жатқанын айтады. Адамдар дәстүрлі БАҚ-қа емес, WhatsApp-тан келген хабарламаға көбірек сенеді. Бұл дағдарыс ақпараттық эпидемияны, коронавирус туралы жалған ақпараттың үздіксіз таралуын ұзартып, жалпы алғанда саяси коммуникация үрдісін ушықтырып жіберген", – делінген сауалнама хабарламасында. 

Қазақстандықтардың көбі (39%) коронавирус туралы ақпараттың қайсы жалған, қайсы рас екенін анықтау қиын дейді. Ал 32%-ы нақты жауап бере алмаған. Сауалнама қатысушыларының үштен бірі ғана рас ақпаратты фейк ақпараттан ажырату оңай деп жауап берген. 

Пандемия кезіндегі негізгі көрсеткіштердің бірі – азаматтардың ақпарат көздеріне деген сенім деңгейі. Сауалнама деректері бойынша, қазақстандықтардың жартысы (46%) дәрігерлер мен медицина қызметкерлері коронавирус туралы сенімді, шынайы ақпарат таратады дейді. 


Оқи отырыңыз: "Қытайда жаңа нәсіл дүниеге келді". Жалған ақпарат


Қатысушылардың бестен бірі (19%) Қазақстанның билігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан ресми ақпаратқа сенеді. Одан кейінгі орында ғалымдар мен сарапшылар (14%) тұр. Ал, респонденттердің 10%-ы таныстары, туыстары айтқан жаңалықтарға сенеді. Блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары тарататын ақпаратқа сенім артатындар үлесі – 8% ғана.

"Demoscope бюросы деректері бойынша, азаматтардың басым көпшілігі (65%) "маска тағу коронавирусты жұқтыру қаупін азайтады" деген пікірмен келіседі. Ал 21%-ы масканың "күшіне" күмәнмен қарайды. Респонденттердің жартысынан көбі билікке сенеді, "Қазақстан Үкіметі коронавирустан қайтыс болған және ауруды жұқтырған адамдар санын азайтып көрсетіп отыр" деген көзқараспен келіспейді. Ал 23%-ы үкіметке сенбейді", – делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, коронавирус инфекциясының қаупі туралы қоғамдық пікір өзгермеген. Demoscope 2020 жылы наурыз және маусым айларында жүргізген зерттеуде халықтың жартысы коронавирусты "адамзатқа төнген үлкен қауіп" деп санайтынын айтқан. Осы сауалнама қорытындысы бойынша, қатысушылардың тең жартысы "Коронавирустың қаупі әсіреленген, бұл қарапайым тұмау ғой" деген пікірмен келіспейді. Қатысушылардың төрттен бірі бұл көзқараспен келіседі. 

Пандемия кезінде әртүрлі конспирологиялық теориялар таралды. Халық арасында кең таралып кеткен фейк ақпараттың бірі – коронавирустың 5G мұнаралары арқылы таралуы. Сауалнамаға қатысушылардың 48%-ы бұл ақпаратқа сенбейді, 6%-ы фейкке сенген, ал 45%-ы сенетінін не сенбейтінін нақты айта алмаған. 

Сауалнаманы қорытындысы: ақпараттық саясат пен ресми ақпаратты жедел тарату нәтижелігі өте жоғары. Демек осы бағыттағы жұмыс сапасын жақсарту керек, сонымен қатар халықтың медиа сауаттылығын арттыру керек. Себебі халықтың көпшілігі жалған ақпаратқа бірден сенеді және ресми ақпаратқа күмәнмен қарайды.

Сауалнамаға 2021 жылы 27 наурыз бен 4 наурыз аралығында 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте тұратын, 18 жастан асқан 1 100 адам қатысқан. Қатысушылардың 53%-ы – ер азаматтар, 47%-ы – әйелдер. Зерттеуде Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылған. 

Серіктестер жаңалықтары