Алайда, ерте дамытудың жақсы жақтарымен қатар кері тұстары да бар. Сонымен, баланы кішкентайынан айырмай интеллектуалды қабілетін қалай арттыру керек?
Есте сақтау мен интеллект бөлек нәрсе
Мамандар баланың есте сақтау қабілеті мен интеллектісін шатыстырмау керек дейді.
Екі жасар бүлдіршіні суреттегі жануарлардың атауын сайрап айтып тұрса, кез-келген ата-ананың марқайып қалатыны рас. Дей тұрғанмен, есте сақтау қабілетінің жақсы болғаны интеллектің көрсеткіші ме?
– Сіздің қатаң бақылауыңыздың арқасында жаттап алғаны болмаса, балаға ол мүлдем ұнамауы мүмкін. Тіпті шамадан тыс талап баланың өзінің қызығушылығын анықтауға кедергі келтіреді, –дейді мамандар.
Педиатр Марина Ыбыраева ерте дамытудың кемшіліктері мен артықшылығы қатар жүреді дейді. Мәселен, кемшіліктері:
- Шектен тыс оқыту салдарынан балалық шағынан айырылады.
- Шамадан тыс жүктеме баланы шаршатады.
- Бала кезде мидың оң жарты шары басымырақ келеді, Өйткені, олар айналаны сезімдер арқылы қабылдайды. Олар қиялдай біледі, бірақ ақпаратты дұрыс талдай алмайды.
Ерте дамыту салдарынан миының сол жақ жарты шары дамып, оң жақ жарты шардың дамуы артта қалады дейді.
Ал артықшылығына келер болсақ:
- Балалар тез дамиды. Балалар жаза бастайды, оқып, ағылшын тілін тез үйреніп, музыкалық аспаптарда ойнайды және өздерінің құрдастарының алдында басқа нәрселермен таңдандырады.
- Тәрбиелеудің жүйесін дұрыс таңдау арқылы бүлдіршіннің миы қарқынды дамиды.
- Оқыту тез нәтиже береді. Олар ұғымтал келеді.
- Баланы әрі қарай дамыту үшін таланттарын ерте анықтау мүмкіндіктері пайда болады.
Осы артық тұстарын ескерсе керек, Ольга Уляшова баласын бір жасқа тола салысымен қатарынан бірнеше үйірмеге берген. Ол ұлы Егорды бір жасынан бастап театрға ертіп барудан бастаған. Кейін ұлын арнайы дамыту орталығына берген. Арасында дене шынықтырудан жаттығулар жасауға дағдыландырған.
Егордың жасы бесте. Ол үйлердің жобаларын сызып жүр
Ольга баласын арнайы әдіспен дайындаған. Оған жастайынан кітаптар оқып, үнемі ағылшын әндерін тыңдатқан.
Қазір ағылшын тілі, робототехника сабақтарына, бал биіне қатысады.
– Егор 9 жастағы балаларға арналған роботтарды құрастырып жүр. Сонымен қатар үйлер мен техникалық құралдардың жобаларын сызады. Болашақта үйлер саламын дейді. Сабын мен басқа қосындыларды араластырып қатырып немесе жеміс жидектің шырынымен сынақтар жасағандығы ұнатады.
Қазір лифтіге деген қызығушылығын да байқап жүрміз, – дейді Ольга.
Төрт жасынан бастап интернеттен тұрмыстық техниканың видеокөріністерін қараған.
"Барлық бала талантты"
– Баламен көп сөйлесуге, бір іске қызықтыруға тырысамыз. Одан ештеңе шықпаса, аздап күте түрамыз. Өзінің неге ұмтылатынын байқаймыз. Кейін сол іспен айналысамыз. Баланың бәрі талантты. Ал ата-ана оны көріп, әрі дамытуы керек, – дейді Ольга.
Психологтар:
– Бала бір нәрседен бас тартса, мысалы көкөністердің атауларын жаттағысы келмесе, оны еркінен тыс жаттату теріс. Өйткені, бұл тақырып балаңызға жай ғана қызық емес болуы мүмкін, – дейді. – Сондықтан балаңызға еркіндік беріңіз, сырттай неге қызығатынын бақылап көріңіз. Кейін дәл сол бағытта дамытуыңызға болады.
Вокал, қытай тілі, каратэ, лезгинка, модель мектебі...
Мұса Әлінің жасы алтыда. Ол – Жаннаттың көптен күткен жалғыз ұлы.
Үш жасынан бастап білім беру орталығына бара бастады. Төрт жасынан вокалмен айналысты. Самбо мектебіне де барған. Бірақ, денсаулығына байланысты тастап кетеді.
– Қазір қытай тілін үйреніп жүр. Фортепианоға да қатысады. Арасында модельдік мектебінен де білім алып үлгерген. Балаларға арналған киностудияға барып, актерлік шеберлігін шындайды. Сонымен қатар, каратэден қызғылт сары түсті белдік иегері. Бүгінде минутына 68 сөз оқи алады. Мұса тіпті лезгинка биінің үйірмесіне де барған. Алайда, уақыты жетпей қоя тұруға тура келді, – дейді анасы.
Алда испан тілін меңгеруді, робототехникамен айналысуды қалайды. Қазір вокалдан болатын байқауға дайындалып жүр.
Баламды балалық шағынан айырғандай боламын
– Қандай үйірме болсын, мен тек ұсынамын, таңдау әрқашан өзінде. Барғысы келмесе, бармайды. Дегенмен, кейде өзімді жаман анамын деп ойлаймын. Өйткені, ұлымды балалық шағынан айырғандай боламын. Бірақ, мен оны ешқашан күштеп оқытқан емеспін, – дейді Жаннат.
Мұса болашақта невропотолог немесе хирург болғысы келеді.
Кейде баласына кейбіреуінен бас тартсаң қайтеді деп те сұрайды екен. Алайда, Мұса тастағысы келмейді дейді Жаннат.
Қандай ата-ана болсын, баласына ең жақсысын бергісі келеді ғой, бірақ таңдау әрдайым балада болу керек.
Жаннаттың бұл сөзімен психолог та келіседі. Жанар Оспанованың айтуы бойынша, өзі қатысамын десе, қолынан қаға бермей, баланы қолдаған да жөн. "Тек, үйірмеге қатыстыруды жарысқа айналдырмаса болды" дейді маман.
Бәріміздің психо-сексуалды жасымыз бесте
Адамның жасы нешеге келсе де, бәріміздің психо-сексуалдық жасымыз бесте. Зигмуд Фрейдтің зертеуі бойынша:
- 0-1,5 жасқа дейін "оральная фаза" – бала еметін кезең. Тек ауыз арқылы бәрін сезетін шақ.
- 1,5 -3 жасқа дейін "анальная фаза". Анально-садистикалық кезең немесе сепарация- индивуация кезеңі деп те атайды. Баланың анадан бөлінетін кезеңі. Мен өзім білемін, өзім істеймін дейтін сол кезде пайда болады.
- 3-5 жасқа дейін эдипалдық кезең. Бала тұлға бола бастайды. Ұяты қалыптасатын кезең. Гармондар бөлініп, ұл мамасына, қыз бала әкесіне жақындай түсетіні де сол.
– Адам психикасы осы үш кезеңде дамып қалыптасады. Үшеуі де бала үшін қиын кезеңдер болып есептеледі, – дейді психолог Жанар Оспанова.
Ата-ана өзі істей алмаған нәрсені баласына тықпаштайды
Ал, бала ертең қандай болып өседі деп ойлана бермейді. Кейбір ата-аналар тек бір-бірінен қалмас үшін істейтін сияқты көрінеді, – дейді Жанар Оспанова.
Салдарынан баланың нарциссизмін құртады. Бала тым өзімшіл, менмен болып өседі. Ал бес жасынан кейін оған ештеңе бере алмайсыз. Өйткені, психикасы қалыптасып қояды. Ол өскенде өзіне жүктелген міндетті көтере ала ма? Басқа ортаға барғанда өзінен де мықтыны көрсе, сынып кетпейді ме, жақсылап саралау керек.
Кішкентай бала ата-анасына жағуды ойлайды. Сөйтіп қатыс дегеннің бәріне қатысып жүре береді.
"Сондықтан ата-ана баласынан күнде қал-жағдайын біліп, оның қызығушылығын ескергені жөн" дейді маман.
Шамадан тыс жүктеме мотивацияны жоғалтады
Марина Ыбыраева: "Баланы ерте бастан шет тілінде сөйлеуге, оқумен жазу, есептер шығаруға үйрету – баланың тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі деген зерттеу де, тұжырым да жоқ" дейді.
Мен бірнеше бағытта дамытуға қарсымын. Ерте бастан шамадан тыс жүктеме невротизацияға, мотивацияның әлсіреуіне немесе толық жоғалуына, қызығушылықтың жойылуына әкеледі деген нақты зерттеулер бар.
– Әр адам белгілі бір мерзім ішінде бірдей білім көрсеткішіне жетуге міндетті деу – мектептер қолданатын қате түсінік, – дейді педиатр.
Даму орталықтары – біреудің бизнесі
– Нарық заманында азаматтар табыс үшін оның түр-түрін ашып жатыр. Жұмыстарын насихаттап, ата-аналарды қызықтырып қояды. Содан кейін ол жерге ата-ана ұнасын-ұнамасын елден қалмайық деп баласын апарады. Ал ойын баласын күні бойы сан алуан үйірмеге үйір ету алдымен балғындардың миына салмақ түсіреді.
Дамытамын деп тежеп алмаңыз
Сөйлеуге, жазу мен оқуға мидың әр түрлі бөлшектері жауапты. Сондықтан, мерзімінен бұрын оқуға дағдыландыру кезінде мидың оқу үшін жауап беретін аймағы тез дамып, ауызша сөйлеуге жауап беретін аймағынан үстем болады. Салдарынан қалыпты сөйлеу дамуы тежеледі,– дейді Марина Ыбыраева.
Мектепте үлгерімі нашарлайды
Шамадан тыс оқытудың салдары уақыт өте келе байқалуы мүмкін. Мысалы, төменгі сыныптарда оқу үлгерімі өте жақсы болады. Уақыт өте қатарластарынан қалып қойғаны көрінеді.
Сонымен, тиімді кезең қандай?
Марина Ыбыраева баланың даму кезеңдерін былай бөліп көрсетеді:
– Бір жастан асқан бала тапқырлық өнердің алғашқы белгілерін көрсете бастайды.
Бір жастан үш жасқа дейінгі баланың психикалық дамуы сөйлеу дағдыларымен, белгілі бір қимылдарды орындау және эмоцияларды көрсете білу қабілеттерімен бағаланады.
Төрт жасқа толғанда күрделі сөйлемдермен түсіндіруге тырысады. Бала өзінің киімін киіп, құрдастарымен белсенді қарым-қатынас жасайды.
Жеті жасқа дейінгі балаларда шығармашылық қабілеттері әлем туралы білуге, қиялды қолдануға, түйсігін білдіруге және тіпті өздерінің жаңа ашуларын жасауға ұмтылуға негізделеді.
- 1,5-3 жас – сөздерді айқын қабылдай білетін, сөздік қорын толтыратын кезең. Бұл жастағы бала шет тілдерін үйренуге өте бейім. Сондай-ақ, моториканы дамытуға, объектілерді манипуляциялауға, тапсырысты қабылдау үшін қолайлы;
- 3-4 жас. Бұл кезең сандар мен әріптерді символдық белгілеу, хатқа дайындықпен танысу үшін қолайлы. Сана сезімі мен өз ойларын түсінуі дамып, сезім мүшелерінің қарқынды дамуы жүреді;
- 4-5 жас. Бұл кезең музыка мен математикаға деген қызығушылықтың дамуымен сипатталады. Баланың хатты, түсті, заттардың пішінін, өлшемін қабылдау белсенділігі артып, қарқынды әлеуметтік дамуы артады;
- 5-6 жасында жазудан оқуға көшудің қолайлы кезеңі басталады. Бұл – баладағы әлеуметтік дағдылар мен мінез-құлықты қалыптастыру үшін өте маңызды кезең.
Ғалымдар ми жасушаларының дамуы 3 жасында 70 пайызға, ал алты жасында 90 пайызға аяқталатынын анықтаған.
Дегенмен, әрбір бала бір салада талантты, ал әрбір балада осы қабілеттерін ашуға және өздерінің табиғи қабілеттерін өз бетінше дамытуға үйрету – мұғалімдер мен ата-аналардың мақсаты.
Ата-аналарға маңызды кеңес:
Баланы сабаққа мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Оны оқыту үрдісіне шамадан тыс араласпаңыз. Бала өзі сұраған жағдайда ғана көмек көрсеңіз, жеткілікті.
Баланы оқыту кезінде дағдыларды қалыптастыру үшін ең қолайлы жас кезеңдерін ескеріңіз. Мысалы, үш жасқа дейін баланы тәртіпке, 6 жасқа дейін қоршаған адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрету керек.
Сонымен қатар, спортқа ерекше көңіл бөлу керек – гимнастикалық снарядтар балалардың миына ауыртпалық түсірмейтіндей, өз еркімен айналысатын үйреншікті заттары болуға тиіс.