Тікелей эфир

Ұлт дегеніміз не? Оның ұлыс пен этностан айырмашылығы

Арнайы Informburo.kz үшін Дина Ли иллюстрациясы
Арнайы Informburo.kz үшін Дина Ли иллюстрациясы
Ұлттық мемлекет, ұлт пен этнос, сондай-ақ адамның пайда болу тарихын генетиктердің қалай анықтайтыны туралы зерделесек.

Адамның өзін-өзі тұлға ретінде тануында ұлты шешуші түсінік болып есептеледі. Бірақ, оның не екенін және қашан пайда болғаны туралы ешкім көп ойлана бермейді. Бұл – туа бітті пайда болатын шартты нәрсе ме әлде әлеуметтік құрылым мен мәдени түсінік пе? Ұлт дегеніміз не? Оның ұлыс пен этностан қандай айырмашылығы бар?

№1. Этнос дегеніміз не?

Ең дұрыс анықтамалардың бірі мынадай: этнос дегеніміз ортақ мәдениетіне, тіліне және тарихы мен географиясына байланысты біріккен адамдар тобы.

Дегенмен ғылыми әлемде этнос туралы бірыңғай ұстаным жоқ. Керісінше бір-біріне қарама-қайшы келетін бірнеше теория бар.

Кейбір ғалымдар этнос дегенді биологиялық ерекшеліктермен байланысты мәліметтер деп есептейді. Өзге ғалымдар этносты әлеуметтік құбылыс деп санайды. Сондай-ақ этнос деген мәдени, интеллектуалды және саяси элиталар құрған құрылым деген теориялар да бар.

№2. Ұлыс дегеніміз не?

Еуропалық ғылыми дәстүрге сай ұлыс дегеніміз таза саяси құрылым есептеледі.

Бұл ұғым XVI ғасырдың басында Батыс Еуропада пайда болды және кейінірек енгізілген "ұлттық мемлекет" терминімен байланысты. Бұған дейін Батыс Еуропа аумағында көптеген халықтар тұрды, олар капитализм кезінде мемлекеттерге бірігіп, ұлт құра бастады.

Ұлттық мемлекеттер идеясы, яғни нақты ұлт пен оның тарихи территориясы негізінде құрылған мемлекеттер ХХ ғасырдың басындағы батыстану кезінде барлық жерде пайда бола бастады.

№3. Ұлт дегеніміз не?

Посткеңестік елдерде этнос пен ұлтты бір ұғым деп түсінсе, батыста ұлт дегенді азаматтық деп есептейді.

Бірақ, бұл жерде де түрлі түсінік бар. Мысалы, АҚШ-та ұлт деп этностарды да айта береді.

Францияда ­ nationalité – азаматтық пен ұлт мағынасында қолданылады. Францияда мигрант азаматтық алған соң осы елдің ұлты болып саналады.

№4. "Ұлттың сталиндік теориясы" дегеніміз не?

Посткеңестік елдерде "ұлт" және "ұлыс" түсініктерін қалыптастыруда марксизм идеясы, соның ішінде ұлттың "сталиндік теориясы" маңызды рөл атқарды.

Сталиннің "Марксизм және ұлттық мәселе" ғылыми еңбегінде ұлт ұғымы былайша сипатталды: тілдік, аумақтық, экономикалық өмірі мен психикалық құрылымы негізінде тарихи қалыптасқан тұрақты адамдар қоғамдастығы.

Ұлт туралы Сталин былай жазды: "Мемлекеттің ортақ тілі болуы міндетті болмаса, ұлттық қоғамдастықты ортақ тілсіз елестету мүмкін емес". Ұлттың белгісі тілінде. Ұлтқа мемлекеттілік түсінігі, яғни азаматтық қарсы қойылған.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Что такое национальность и чем она отличается от этноса или нации?

№5. Сталиндік теория неліктен жоққа шығарылды?

Сталиннің ұлт туралы теориясы бірқатар ғалымдардың сынына ұшырады. Мысалы,тарих саласының профессоры Василий Филиппов өзінің "Этнстсың кеңестік теориясы" очеркінде ғылыми тұрғыда сталиндік теория түкке тұрмайды деп жазған.

Ғалым Сталин ұлт пен этнос түсінігін біраз шатастырғанын, немістің марксистік теоретигі Карл Каутстың еңбектеріне көп басымдық бергенін алға тартады.

№6. Ұлтты анықтайтын ДНҚ тестер дегеніміз не?

Ұлтты анықтайтын ДНК тест қазір танымал. Көптеген зертханалар 150 АҚШ долларына мұндай тестерді жасап беруді ұсынады. Оны дұрысырақ генеалогиялық ДНК тест деп те атайды. Әдетте ол арқылы сіздің шежіреңізді 4 атаға дейін анықтап береміз деп уәде беріп жатады.

Ереже бойынша, мұндай тест сілекей, шаш тырнақ немесе басқа да үлгілер арқылы жүргізіледі.

№7. ДНҚ тестіне қарап не себепті ұлт туралы сынап, мінеуге болмайды?

Генеалогиялық ДНҚ тест арқылы адамның шығу тегі туралы көп нәрсені білуге болады. Алайда оның қазіргі этносқа немесе ұлтқа қатыстылығын анықтай алмайсыз.
ДНҚ тесттер тек адамның арғы аталарынан берілген генетикалық нұсқаларын ғана анықтайды.
Мысалы, ДНҚ нәтижесі бойынша адам 35 пайызға ағылшын деп есептеу дұрыс емес. Мұндай нәтиже адамның 35 пайыз генетикалық нұсқасы қазіргі ағылшындарда сақталған белгісіз протопопуляциядан екенін көрсетеді.
Бірақ, бұл протопопуляцияны ағылшындармен ұштастыруға болмайды. Бұл ағылшындардың шығу тегінің бірнеше биологиялық тізбегінің біреуі ғана.

№8. Адамдарға өзінің ұлттық шығу тегі не үшін маңызды?

Адамдарға ин-топ деп аталатын топқа бірігу тән. Социологияда бұл адам өзін теңестіре алатын топ деп аталады. Жүздеген жылдар бойы ұлттық құрылым адамдарға қоғам құруға көмектесті.

Кейбір ғалымдар ұлттық сәйкестік болмаса, саяси институттардың дағдарысы туады деп есептейді.

Ұлттық сәйкестік әлсіреген кезде өзге де топтық, отбасылық, діни және басқа да бірлестіктер күшейе түседі. Нәтижесінде жемқорлық пен сыбайластық көбейіп, жергілікті элиталар жеке автономия құруға ұмтылады.

Сондықтан да, ғалымдар ұлттық дербестіктің жоқтығы мемлекеттіліктің әлсіреуіне әкеліп соғатынын алға тартады.

Мақаланы жазуда материалдарды жинақтауға көмектескені үшін Ұлттық биотехнологиялар орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Мақсат Жабағинға алғыс айтамыз.

Авторы Әйгерім Тілеубаева.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары