Тікелей эфир

"Мектептерді ашуға дайынбыз". Білім министрлігі дәстүрлі оқудың бірнеше нұсқасын ұсынды

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Оқушылардың 73 пайызға жуығы бүгінде қашықтан оқуда. Ал дәстүрлі режимде білім беріп жатқан мектеп саны 3 мыңға жуық.

Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау министрлігіне дәстүрлі форматта оқу үдерісін қалпына келтірудің бірнеше нұсқасын ұсынды. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова ендігі шешімді бас санитарлық дәрігерлер қабылдайтынын хабарлады.

"Біз де қатты алаңдаулымыз, мектептердің ашылғанын қалаймыз. Біз өз ұсыныстарымызды Денсаулық сақтау министрлігіне енгіздік, мектептер жұмысын қалпына келтіру форматының бірнеше нұсқасы бар. Ең қолайлы формат елдің бас санитарлық дәрігері тиісті шешім қабылдағаннан кейін ұсынылатын болады", – деді Қаринова.

Ол Білім министрлігі барлық мәселелерді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірге жұмыс тобында пысықтауға дайын екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Ғалымжан Оразымбет: "Цифрлы Қазақстанның" бар кемшілігін пандемия көрсетіп берді

Вице-министр жағдайдың әр аймақта әр түрлі болатынын түсіндірді:

"Біз мектептерді әкімдіктердің шешімі бойынша, аумақтардың санитарлық инспекторларымен келісе отырып ашуды ұсындық. Бұл ең дұрыс тәсіл. Оқушылардың 73 пайызға жуығы бүгінде қашықтан оқып жатыр, ал штаттық режимде білім беріп жатқан мектептердің саны 3 мыңға жуық. Олар Қазақстандағы 7 мың мектептің 43 пайызын құрайды. Сонымен қатар, барлық мектептерде 1-4 сыныптарда және мектепалды білім беруде кезекші сыныптар жұмысын бастады", – деді вице-министр.

Оқи отырыңыз: "Алтын белгі" иегерлері неге мұғалім болғысы келмейді? Министр түсіндірмесі

Оның айтуынша, кезекші сыныптарда 547 мыңнан аса оқушы оқып жатыр. Бұл оқушылардың 60 пайызға жуығы – 1-сынып оқушылары.

"Сондықтан оқу жылының ұйымдаспаған түрде басталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі күні 500 мыңнан аса мұғалім барлық білім мекемелерінде жұмыс істеп жатыр", – деді Шолпан Қаринова.

Вице-министр қазіргі оқу жағдайына да тоқталды:

"Бүгінгі ақпаратқа тоқталар болсақ, оқу жылының 9-күні өтіп жатыр. Бірінші күннің ішінде 2 миллионнан астам сабақ берілгенін көріп отырмыз. Әрине, қашықтан оқыту бойынша да, штаттық режимде сабақ беру бойынша да бірқатар жұмыс жасалды. Компьютер қажет ететін барлық оқушыларды техникамен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні 435 мың оқушыға компьютер берілді. Бұл қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жасалды".

Ол Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту кезіндегі проблемалардың да бар екендігін білетіндігін айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде ата-аналардың, мұғалімдер мен депутаттардың көтеріп отырған мәселелерін байқап, көріп отырғаны, әрқайсысына жеке жауап беріп, шешу мәселесімен айналысып жатыр, деді.

"Өткізілген 2 миллион сабақтың Zoom байланысымен өткен 2 сабаққа бөгде адамдардың араласып, келеңсіздік орын алғандығын білеміз. Осыған байланысты, барлық мектептерге, мұғалімдерге тағы да түсіндіру жұмыстары жүргізілді", – деді Шолпан Қаринова.

350 мыңға жуық мұғалімге ІТ-құзыреттілікті үйретуге бағытталған курстар ұйымдастырылған.

Оқи отырыңыз: Кезекші сынып, мұғалім жалақысы, мектеп жауапкершілігі. Пандемия жағдайында оқушылар қалай білім алады?

"Бірақ, бүгінгі күні осындай келеңсіз жайттар орын алды. Тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай жайттың алдағы уақытта орын алмауын қадағалаймыз. Сонымен қатар осы мәселе бойынша ата-аналардың да балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өтінеміз", – деді вице-министр.

"Дүниежүзілік банк займы мәселесіне байланысты да түсінік бере кетейін. Бұл қарызды алу бойынша мәселе 2014 жылы басталған болатын", – деді Қаринова.

Айтуынша, сол жылы бұл шешім бекітіліп, 2018 жылы барлық депутаттар іске асырылу керектігін қолдады. 2018 жылы тиісті бюджеттік ұсынымдар бойынша бюджеттік жоспарлау және халықаралық қарыз болғандықтан ресми жұмыстарын жүргізу істері атқарылды. Қарыздың басқа да жобалардағыдай бекітілген жоспары бар. Осы жоспарға сай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Бүгінде депутаттар "осы қарыз көлемінде жоспарланған компьютерлік техникалар неге сатып алынбады?" деген мәселе көтеруде. Жалпы, бұл компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған болатын. Тиісті қаражат та 2021 жылға қарастырылған", – деді ол.

Бұл қарыз аясында контенттік жұмыстарды жоспарлап аяқтау, оның ішінде білім сапасын жақсарту, оқулықтарға, инклюзивті білім беру, жалпы педагогикалық білімді жаңарту мәселелеріне байланысты жобаларды іске асыру көзделген. Осы жұмыстарды аяқтағаннан кейін ғана компьютерлік техникалар сатып алу жоспарланған.

"Ал биылғы індет ешкімге айтып келген жоқ. Сондықтан компьютерлік техникаларды тез сатып алу жұмыстарын Білім министрлігі қолға алып көрді. Наурыз айында Дүниежүзілік банкке хабарласып, техникаларды тезірек сатып алу мәселесін қозғаған едік. Бірақ, бұл Үкімет тарапынан қосымша қаражат қажет ететін болды. Одан кейін 2021 жылға жоспарланған қаражатты республикалық бюджетті нақтылау кезінде 2020 жылға жылжыту мәселесі туындады", – деп түсіндірді вице-министр.

Қаринованың айтуынша, халықаралық рәсімдер бойынша бұл 9-дан 12 айға дейін уақытты алатын процесс. Сондықтан егер біз аталған қарыз көлемінде компьютерлер сатып алу жұмысына осы жылдың наурыз айында кіріскеннің өзінде де конкурстық жұмыстар келесі жылдың наурызында ғана аяқталуы тиіс. Содан кейін жеткізу жұмыстары басталар еді.

"Осы жағдай ескеріліп, компьютерлік техниканы сатып алу мәселесіне байланысты қарызды тоқтату шешімі қабылданды", – деді ол.

Мектептерді компьютерлік техникамен жабдықтауға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы қарастырылған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары