"Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға тізім бойынша беріледі. Қазіргі таңда кезекте 47 мыңнан астам азамат тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, жетім балалар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер бар",– деді Нұр-Сұлтан қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Айша Бекенова.
Жалпы тұрғын үй кезегінің жылжуы тек үй беруге байланысты емес. Мысалы: үй кезегі тізімін түгендеу кезде белгілі себептермен кейбір азаматтар кезектен алынып тасталады. Осылай биылғы жылдың басынан тұрғын үй заңнамасында көзделген негіздер бойынша: меншікте тұрғын үйдің болуы; тұрғын үйдің иеліктен шығару деректері; санаты жоқ болуына байланысты кезектен 1 800 адам шығарылған.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
Оның айтуынша, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасы бекітілген.
Бағдарлама аясында баспана берудің бірқатар бағыттары көзделген. Соған сәйкес, биыл елордада 8000-ға жуық пәтер беру жоспарда бар.
- Бірінші бағыт – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлер. Бұл бағыт бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына және көпбалалы отбасылар мен жастарға кезек ретімен беріледі.
- Екінші бағыт – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға "Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі" арқылы кредит беру. Осы бағыт бойынша кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар қатыса алады. Оларға "Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі" арқылы жылына 2 пайызбен 20 жылға дейін бастапқы жарнасы 10 пайызды құрайтын несие беру көзделген. Бұл ретте бастапқы жарнаның бөлігін қамтамасыз ету үшін әкімдікпен 1 миллион тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған.