Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға 50 мың теңгеден көмек беруді жалғастырады. Бұл туралы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram-да хабарлады.
Оның сөзінше, көмек көрсетудің екі кезеңінде:
- 360 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден бір реттік төлемақы алған;
- Jas Otan-ға топтасқан 5 мыңнан астам волонтер 240 мың отбасыға азық-түлік себеттерін, медициналық маскалар мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізген;
- халықтың әлсіз топтарына жататын 100 мың отбасыға тегін 5 млн маска үлестірілген;
- Түркістан облысының су басқан ауылдары тұрғындарына Nur Otan партиясы азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен жеке гигиена құралдары түрінде 1000 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті;
- Birgemiz қорының қаражаты есебінен Достық ауылының тұрғындарына баспана беріледі.
Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 50 мың теңге мөлшерінде бір реттік төлемақы берудің үшінші кезеңін ұйымдастыруды тапсырды. Осы аптада шағын қалалардың, ауылдар мен ірі қалаларға іргелес елді мекендерде тұратын 110 мың отбасыға қосымша атаулы қаржылық көмек көрсетіледі.
Ои отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?
50 мың теңге көмек алушылардың тізімін әр өңірдің әкімдігі жасайды. Көмек алушылардың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде 7 санаты бекітілген:
- Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар;
- Бірінші топтағы мұқтаж мүгедектер;
- Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер (38 686 теңге);
- Базалық зейнетақы алатындарға (16 839 тенгеден төмен);
- Жетім балалар (тұл жетім және асыраушысының бірінен айрылған балалар);
- Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер;
- Тыл еңбеккерлері.
Егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға ешқайда барудың және құжат тапсырудың қажеті жоқ. Көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсетін банк картасына аймақтық Birgemiz қоры мен Nur Otan партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге аударылады. Ал банк картасы жоқ, зейнетақысын пошта бөлімшелері арқылы алып жүрген жандарға ақшаны "Қазпошта" АҚ курьері жеткізіп береді.