Тікелей эфир

Бейнеролик жолдаған атышулы қарағандылық полицей қызметінен қуылды. Жаңалықтарға шолу

Ғарыш аппараты айдың екінші бетіне қонды. Г. Головкиннің отбасы үшінші сәбиін күтіп жүр.

Атырау облыстық білім басқармасының парамен ұсталуына қатысты әкімдік түсінік берді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шәпкенов білім беру басқармасы басшысының ұсталуы бойынша мәлімет барын айтты. Осыған орай жуық арада облыстық әкімдікке қарасты барлық басқармада ішкі аудит жүргізілетінін жеткізді.

Күні кеше Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бюросының жергілікті департаментінің қызметкерлері Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Қ.Кенжеғалиев пен оның орынбасары Р.Қабдолованы ұстағаны туралы мәлімет белгілі болды. Олар мемлекеттік сатып алуда қолдау көрсету үшін 10 млн. теңге мөлшерінде пара алды деп күдіктеніп отырған көрінеді.

Доллар 2,5 теңгеге арзандады

Қазақстан қор биржасында (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 381,64 теңгені құрады. 2018 жылдың соңғы сауда-саттық күнінде доллар биржада 384,2 теңгеге дейін көтерілген еді.

Атышулы бейнеролик жолдаған қарағандылық полицей қызметінен қуылды

ҚР ІІМ Қарағанды академиясы бірінші курс басшысының орынбасары А.Тастайбеков қызметінен қуылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры А.Садубаев Фейсбуктегі парақшасында хабарлады. Айтуынша, оқу орнының басшылығы мен "Бандамыз" деп жар салған полиция шенеунігінің тікелей бастығы да қатаң тәртіптік жазаға тартылыпты.

Ғарыш аппараты адамзат тарихында алғаш рет айдың екінші бетіне қонды

Оқиға 3 қаңтар күні Пекин уақытымен 10-26 да (Астанаша 12-26) болған. Қытайдың орталық телеарнасынан хабарлағандай, бұл жер мен айдың ортасында байланыс орнатып, оны зерттеудегі жаңа кезеңді бастауға септігін тигізбек. Жобаның басты мақсаты – бұған дейін зерттелмей келген айдың екінші бетін зерттеу болып отыр. Жоспар жүзеге асса, Қытай бұл жұмысты орындаған алғашқы ел ретінде тарихта қалады.

2018 жылы Қазақстанда инфляция деңгейі 5,3% болды

Былтырғы жылы азық-түлік тауарларының бағасы – 5,1%-ға, азық түлікке жатпайтын өнімдер – 6,4%-ға, қызметтер – 4,5%-ға қымбаттаған.

Әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау билеттерінің құны – 16,4%, теміржолда – 12,2%, халықаралық автобуста – 7,9%, қалаішілік автобуста – 4,9% өскен.

Қазақстанның сыртқы саудадан тапқан табысы жаратқан ақшасынан артық болып шықты

Мұндай жағдай 2014 жылдан бері болған емес. 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ағымдағы есеп-шоттар тапшылығы былтырғымен салыстырғанда 10 есе азайған. Бұл елдегі экономикалық ахуалдың жақсарғанын білдіреді. Экспорттан тапқан пайданың артуы елге келетін тікелей шетелдік инвестиция көлемін 31,8%-ға немесе 16,1 млрд долларға артуына әсер еткен.

Білім беру жобасына қатысу үшін кәсіпкер әйелдерден өтінімдер қабылдана бастады

Еуропаның қайта құру және даму банкі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен "Микробизнестегі әйелдер" аталатын білім беру жобасын іске қосты. Жобаға Қазақстанның 14 қаласынан 350 кәсіпкер қатыса алады. Негізгі талап – әйел басқаратын кәсіпорында қызметкерлер саны 9 адамнан, сондай-ақ жылдық айналым көлемі 100 мың еуродан аспауы тиіс. Жоба аясында маркетинг, ақпараттық технология және қаржыларды басқару саласындағы кәсіпкер-сарапшылар тренингтер өткізеді.
Қатысу үшін 3 қаңтардан бастап 10 ақпанға дейін women-microbusiness.kz сайтында өтінім қалдыру керек

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Іnform.kz: Геннадий Головкиннің отбасы тағы бір сәби күтіп отыр. Бұл ақпаратпен Fox Sports пен The Ring танымал америкалық инсайдері Майк Коппинджер өз туиттерінде бөлісті. Оның айтуынша, спортшы мен оның жұбайы Алинаның үшінші сәбиі осы айда дүниеге келуі тиіс. Головкиндер отбасы ұлы Вадим (2009 жылғы) мен бір қызды (2017 жылғы) тәрбиелеп отыр.

Baq.kz: Путинге сыйлық: төрт қап картоп. Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинге жаңа жылдық сыйлық ретінде төрт қап картоп және шошқаның майын (сала) тарту еткен. Бұл туралы Беларусь президентінің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт мәлімдеді. Азаттықтың қырғыз редакциясының жазуына қарағанда, Лукашенко ТМД елдерінің басқа президенттеріне қолдан жасалған ойыншықтар сыйлаған.

Sn.kz: Қарағандыдағы төбелес: бір адам қаза тапты, үшеуі ұсталды. 1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим"мейрамханасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Қазіргі сәтте тергеу жұмыстарының нәтижесінде төбелеске қатысқан 3 адам ұсталып, 1 қатысушыға іздеу жарияланды. Облыстық прокуратура төбелес екі топ арасында пайда болғанын және ол ұлтаралық араздық сипатында болмағанын мәлімдейді. Себебі екі топта да қазақ және басқа ұлт өкілдері болған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары