Тікелей эфир

Бес күнде ҰБТ тапсырушылардан 111 шағым түсіпті. Түлектер неге көп шағымданған? Жаңалықтарға шолу

Рецептісіз сатылатын дәрілер тізімі толықтырылды. Қазақстанда түйе азайып барады.

Арыстағы жарылыстан екі адам қаза тапты

Оның біреуі – қала тұрғыны, біреуі – әскери қызметкер. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев осылай деп мәлімдеді. Қаланың 41 мыңға жуық тұрғыны толықтай эвакуациаланған. Оның 39 мыңға жуығы өз күштерімен қаладан шықса, билік бар болғаны 2815 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Апатқа байланысты бүгін тиісті ведомстволардың бәрі есеп берді. Денсаулық сақтау министрі оқыс оқиғадан кейін 165 адамға медициналық көмек көрсетілгенін, оның 89-ы ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Арыстағы апатқа байланысты үлкен 7 стансада 20-ға жуық пойыз тоқтатылған. Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында тоқтап қалған пойыздардағы 8 мыңнан астам жолаушы автокөліктермен тасымалданған. "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздардың тоқтатылуына байланысты жолаушыларға билет құнын қайтарып беретіндерін мәлім етті. Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта үш қойманың екеуінде өрт толықтай өшірілген. Ал, бір қоймадағы қауіптің қара бұлты әлі сейіле қоймаған. "Осыған орай қала халқына үйлеріне оралуға әлі ерте" деді министр.

Тоқаев арыстықтарға көмекке келген волонтерлерге алғыс айтты

Twitter-де қалдырған жазбасында мемлекет басшысы сондай-ақ апаттан зардап шеккендерге Үкімет тарапынан да көмек көрсетілетінін мәлімдеді. "Оларға қазір шынымен қиын болып отыр. Мемлекет қала мен халықтың тұрғын үйін қалыпқа келтіріп береді" делінген Президенттің жазбасында.

Апаттан зардап шеккендерге көмек беру жалғасып жатыр

Арыс қаласының тұрғындарын қаржылай қолдау үшін ашылған "Түркістан" қорына мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, полицейлер мен кәсіпкерлер бір күндік жалақыларын аударды. Әкімдік жанынан ашылған шотқа еліміздің кез келген азаматы ақша аудара алады. Әр облыстан өңір халқына қайырымдылық көмекке азық-түліктер, киім-кешек пен керек-жарақтар жіберіліп жатыр.

Рецептісіз сатылатын дәрілер тізімі толықтырылды

Денсаулық сақтау министрлігінің Ашық үкімет порталына талқылау үшін орналастырған бұйрығына сәйкес, бұдан былай 100-ден астам дәріні дәріханалардан рецептісіз сатып алуға болады. Олардың қатарында дене қызуын түсіретін (аспирин, ибупрофен, парацетамол), ауырсынуды басатын (Диклофенак), қақырық түсіретін, жүрек-қан тамырлары жүйесін, қант диабетін, демікпені емдеуге арналған дәрілер, витаминдер, спирт тұнбалары, мазьдар бар. Құжат 1 шілдеге дейін көпшіліктің талқылауында болады. Осы мерзімнен кейін заңды түрде күшіне енеді.

Қазақстанда мүлікті сақтандырушылар саны артыпты

Биылғы жылдың алғашқы бес айында елімізде сақтандыру сыйақылары 208,7 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 24%-ға көп. Сыйақылардың ең көп бөлігі ерікті түрде мүлікті сақтандырушыларға тиесілі (84 млрд теңге – 40,3%). Одан кейінгі орында көлікті сақтандырушылар (79,7 млрд теңге – 38,2%).

Ауылдасын соққыға жықты деп айыпталған әкімді жүзден астам адам жақтап шықты

Наразылық акциясына келген ауыл тұрғындары тергеу жұмыстарын әділетті жүргізуді талап етіп отыр. Олардың бәрі де шенеунікке жала жабылған дейді. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы облысының тұрғыны (Д.Баекеев)"Көктал селолық округінің әкімі Батырбек Қадырбаевты өзіне қол жұмсады, аяусыз сабады" деп сотқа шағымданған. БАҚ-на берген сұхбатында жәбірленуші "әкім жағама жармасты, басымды оңбай жарақаттады" депті.

Митингке келгендердің бәрі әкімді жақтап, шаң тигізбей отыр. Бір-екі әйел Д.Баекеевтің ауылда ішіп жүретінін айтып, оның үстінен шағым түсірді. Митингте бой көрсеткен шенеуніктің өзі ешкімге қол көтермедім деп міз байқады. Осылайша сотта өзін қорғауға дайындалу үстінде. Оқиғаға байланысты Панфилов ауданының полицейлері тергеу жүргізіп жатыр. Жергілікті әкімдікте де қызметтік тексеру жүріп жатыр. Шенеунік әзірге қызметінен қол үзген жоқ.

Журналист Сенатқа депутат болды

Шымкент қаласынан жаңадан сайланған депутат өңірдегі "Шымкент келбеті", "Панорама Шымкента" газеттерін басқарады. ҚР Орталық сайлау комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, А.Қапбароваға сайлаушылардың 85%-ы (23 дауыс) дауыс берген.

Бес күнде ҰБТ тапсырушылардан 111 шағым түскен

Осы мерзім ішінде 71 227 түлек сынақ тапсырып тастаған. Бұл өтініш бергендердің 96%-ы. Түлектердің дені тестті қазақ тілінде (56684) тапсырған. Ал, 14 455-і орыс тілінде, 87 түлек ағылшын тілінде тапсырған. Түскен шағымдардың 63-і қанағаттандырылған. Көбіне түлектер бланкіні шатастырып алдым деп, сондай-ақ дұрыс емес жауапқа келіспегені үшін шағымданған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Ә.Тойбаевтың айтуынша, кеше, 24 маусымда тест тапсырушылардың арасында ең жоғары нәтиже – 140 балл тіркелген. Оны жинаған Түркістан облысы Сарыағаш ауданының түлегі – Қасымжан Жұбай.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 1 шілдеден бастап әр отбасы үшін әлеуметтік карта енгізіледі. Қазір картаның 97 пайызы дайын. Мемлекет тарапынан 39 түрлі мемлекеттік көмек көрсетіледі. Оның барлығын есептегенде 3 млн-нан астам адамға, оған қосымша әлеуметтік қамсыздандыру қорынан да 800 мыңға жуық қазақстандыққа 190 млрд теңге ақша бөлінеді.

Aikyn.kz: Қазақстанда түйе азайып барады. Шұбаттан жасалатын құрғақ сүтке әлемде сұраныс жоғары. Елімізде оны өндіретін кәсіпорын да бар, бірақ шикізат тапшы. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жыл бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188 мыңнан астам түйе барын жария етт, яғни малдың ішіндегі ең азы екен.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары