Тікелей эфир

Bek Air ұшағының ұшу процесіне математикалық модельдеу жүргізілуде

Азаматтық авиация комитетінің суреті
Азаматтық авиация комитетінің суреті
Зерттеу нәтижелері модельдеу біткен соң ғана белгілі болады.

Бұл туралы бүгін әуе апатын зерттеу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы Қанат Түсіпбеков хабарлады.

Мемлекетаралық авиация комитетінің техникалық зертханасында әзірленген Bek Air ұшағы апатының визуалды ролигі:

Мемлекетаралық авиация комитетінің бас директоры Виктор Сороченконың айтуынша, Bek Air ұшағының апатқа ұшырауына бір емес, бірнеше фактор әсер еткен:

"Ұшақ апатының бірнеше себебі бар. Мен бір ай бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы ұшақ апатына ұқсас жағдайлар бұдан бұрын да болғанын айтқанмын. 2007 жылы осыған ұқсас апат Францияда болған. Біз Франциядан сол жағдайға қатысты барлық құжатты алдырдық. Деректерді салыстыра отырып, ұшақтардың ұшу параметрі мен ұшу биіктігі, қозғалтқыш сипаттамасының ұқсастығын анықтадық. Одан бөлек, "Fokker 28", "Fokker 100" ұшақтарын салыстырғанда, 106 ұшу процесінің кем дегенде 8-і апатқа ұшырағанын байқадық. Олардың көпшілігіне ұшақ қанатына мұз қатуы себеп болған. Сондықтан, біз қазір осы мұз қату себебіне көбірек сүйеніп отырмыз".

Комиссия мүшелері тағы бір себеп ретінде ұшақ қанатының қирауын қарастырған. Алайда, тексеру барысында ұшақ қанатының физикалық тұрғыдан зақымдалмағаны анықталған.

Оқи отырыңыз: Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қаза тапқандар бар

Сороченконың айтуынша, ұшу жылдамдығын арттырған соң, экипаж мүшелерінің қозғалысты тоқтатуға құқығы жоқ. Ұшуды тоқтатқан жағдайда, олар жолаушылардың өміріне қауіп төндірер еді.

"Өзімнің 30 жылдық тәжірибеме сүйеніп, ұшақ апатына бір емес, бірнеше фактор қатар әсер ететінін айта аламын. Bek Air ұшағының апатында да бірнеше фактор сәйкес кеп қалған. Экипаж мүшелері адамдарды аман алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге тырысып баққан. Оларды кінәлауға хақымыз жоқ", – дейді Виктор Сороченко.

Бұған дейінгі брифингтерде әуе апатына себеп болуы мүмкін деп төмендегі 4 фактор аталған еді:

  • Коммерциялық жүктің бұзылуы;
  • Сыртқы факторлардың әсері, метеорологиялық жағдай;
  • Экипаж мүшелерінің қателігі;
  • Техниканың істен шығуы.

Оқи отырыңыз: "Ұшақ үйге соғылмаса, адамдар аман қалатын еді". Bek Air басшысы апатқа қатысты өз ұстанымын білдірді

Бүгінгі жиында әуе апатын зерттеу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы Қанат Түсіпбеков коммерциялық жүктің бұзылуы және сыртқы факторлардың әсері деген болжамдардың расталмағанын хабарлады.

"Ұшақтың апатқа ұшырауына оның қанатына мұз қатуы әсер етуі мүмкін” деген нұсқаны әлі де қарастырып отырмыз. Сонымен қатар, бұл жерде адами факторды да жоққа шығармаймыз. Қазір комиссия осы себептерді зерттеп жатыр" – дейді ол.

Үкіметтік комиссияның тексеру жұмыстары қашан аяқталатыны белгісіз. Қанат Түсіпбековтің айтуынша, қазір Нидерланды елінің мамандары Bek Air ұшағының ұшу процесіне математикалық модельдеу жұмысын жүргізіп жатыр. Зерттеу нәтижелері модельдеу біткен соң ғана белгілі болады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары