Тікелей эфир

Бейтаныс нөмірден ақша аударылғаны туралы SMS келсе, не істеу керек?

"Жалған" аударымдардан қорғану үшін барлық операцияны өз банкіңіз арқылы тек ресми түрде жүргізу қажет.

"Ақшаны қате аударып жібердім" деп хабарласатын алаяқтардың қақпанына қалай түсіп қалмау қажет? Fingramota.kz азаматтарға ақша аударымдарына байланысты қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертеді

Бейтаныс нөмірден келген SMS 

Алаяқтар екі негізгі әдісті қолданып азаматтарды алдап олардың ақшасын алады. Біріншісі – әлеуетті құрбандардың алаңғасарлығын пайдаланып, психологиялық тұрғыдан қысым жасауға негізделген технологиялық әдіс.

Банк картаңызға белгілі бір қаражат сомасының түскені туралы SMS келеді. Қаражат сомасы аса қомақты да емес, азғантай да емес. Сіз ақшаның қайдан түсуі мүмкін екенін ойлап боламын дегенше, әлдекім сізге хабарласып, ақшаның қате аударылғанын айтады. Қолыңызда терминал болса түскен ақшаны кері қайтаруды, ал қолма-қол ақша болса қандай да бір қызметтің ақысын төлеуді немесе "телефонға ақша салуды" сұрайды.

Алаяқтар өздері жайлы және қате аударғаны жайында айтып береді. Біреулер қолындағы соңғы ақшасы екенін, біреулер жұмысынан айрылғанын айта бастайды. Бұл – назарыңызды өзіне аударту белгісі. Расында, ешқандай да ақша аударылмаған. Ал SMS банкинг нөміріне ұқсас болғанмен басқа нөмірден келді. Ал шотыңызға расында да ақша түскен-түспегенін жеке кабинетіңіз бен аударымдар тарихы арқылы білуге болады.


Оқи отырыңыз: Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?


Егер аударым рас болса ше?

Алаяқтықтың екінші әдіс неғұрлым жетілдірілген. Ақша шотыңызға келіп түсті делік. Сценарий жоғарыдағыдай болуы мүмкін. Қате аударғанын, дәл қазір ақшаны қайтаруды өтінеді. Алаяқтар кейде "алаңдаушылық туғызғаны үшін" қаражаттың біраз бөлігін өздерінде қалдыруды ұсынады.

Шын мәнінде, алаяқтар тауарды сауда алаңында сатқаны үшін төлем алу мақсатында сіздің шотыңызды көрсетуі мүмкін еді. Олай болса сіз олардың айтқанына көніп, аударым жасайтын болсаңыз, ақшадан айрылып қана қоймай өзіңізге қосымша проблема тудырасыз. Ақыр соңында тауарды алмаған әлеуетті сатып алушы құқық қорғау органдарына хабарласуы мүмкін. Ал сіз ақша алушы ретінде бірінші күдікті боласыз. Қалай болған күнде де қиындыққа келіп ұрынасыз.

Бұл жерде сіз қаражат бір шоттан келіп түседі деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ олар басқа шотқа аударуды сұрайды. Алаяқ "әйелім шатастырып алыпты" деп ақталады.

"Несиені маған аударыңыз"

Аударым кімнен жасалғанын білу әрдайым мүмкін бола бермейді. Бұл "басқа банк картасы" немесе тіпті қандай да бір ұйымның шоты болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда ерекше сақ болу қажет. Негізгі алаяқтық схемалардың бірі – үшінші тұлғаларға несие ресімдеу. Әдетте жеке деректеріңізге алаяқтар қол жеткізгенде бұл мүмкін болады. Егер  оларға қаражат аударсаңыз бұл сомаға, тіпті үстіне пайызын қосып қарыз болып қаласыз. Тіпті, кімге қарыз болғаныңыз белгісіз.

Зардап шегушілер мұндай несиелер туралы әдетте төлем мерзімінің соңына қарай немесе тіпті кейде коллекторлардан біледі. Қарыздың берілгенін растау үшін алаяқ сіздің деректеріңізді көрсетеді, ал өзінің жұмыс істемейтін телефон нөмірін беруі әбден мүмкін. Сондықтан сізге еске салатын қоңыраулар келіп түспейді.

"Жалған" несиені сотқа шағымдану арқылы даулауға болады.


Оқи отырыңыз: "Банк картам бұғатталып қалды". Бұл жағдайда не істеу керек?


Екі рет төлеу

Кездейсоқ аударымды өз бетімен қайтармаудың тағы бір себебі – алаяқ банктен транзакцияны тоқтатуды сұрай алады. Егер аударым қандай да бір ұйымның шотынан жүзеге асырылса, бұл тіпті де мүмкін. Сізден ақша сәл кешірек есептен шығарылуы мүмкін. Ал сіз ақшаны аударып қойдыңыз.

Банкке хабарласқанмен көмек бола қоймас. Сондықтан қате қаражат мәжбүрлі түрде сізден есептен шығарылатыны түсінікті. Сіз ақшаны басқа шотқа аудардыңыз, оны өз еркіңізбен жасадыңыз. Әрине, болған жағдайды дәлелдеуге болады, бірақ бұл қиын әрі ұзақ уақытты қажет етеді. Одан да осындай жағдайдың алдын алу қажет.

Ақшадан бас тартамын!

"Жалған" аударымдардан қорғанудың негізгі әдісі – барлық операцияны тек ресми түрде және өз банкіңіз арқылы жүргізу. Картаңызға келіп түскен ақша аударымының қате екенін және бұл қаражатты пайдаланғыңыз келмейтінін жедел желі телефоны арқылы бірден хабарлауыңыз қажет. Алаяқтардың барлық "ақыл-кеңісінен" бас тартып, қайтадан банкке жіберу қажет.

Мұндай жағдайларда олар мінез-құлқын бірден өзгертіп, мысалы, сотпен қорқыта бастауы мүмкін. Бәрін ресми түрде жасасаңыз, алаңдамаңыз, сізге ешқандай қауіп төнбейді. Мүмкіндігінше тездетіп банк бөлімшесіне барып, аударымның күшін жою туралы ресми өтініш жазғаныңыз дұрыс. Кіріс нөмірі бар өтініштің көшірмесін алуды ұмытпаңыз, өйткені ол басты қорғану құжатыңыз.

Енді сізге алынған соманы шотта қалдыру ғана қалады. Ол ақшаны жұмсамаңыз, кері транзакцияны күтіңіз.

Алаяқтардың айла-шарғысына тап болмас үшін бұл туралы отбасыңызға және жақындарыңызға айтыңыз.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары