Таяуда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 10 наурыздан бастап бекітілген базалық мөлшерлеменің 9,25 пайыздан 12 пайызға дейін көтерілетінін хабарлаған болатын. Көп уақыт өтпестен бірқатар банк пен бағдарламалардың пайыздық мөлшерлемесі өсетіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. Жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?
"Баспана хит"
Бұдан былай "Баспана хит" бағдарламасымен үй алу құны қымбаттай түседі. Бағдарламаның жылдық сыйақы мөлшері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне тікелей тәуелді. Сондықтан, қазірге дейін "Баспана хитте" 11 пайыздық мөлшерлемемен ипотека рәсімделсе, 2020 жылдың 10 наурызынан бастап мөлшерлеме көлемі 13,75 пайызға (ҚР ҰБ базалық ставкасы +1,75 пайыз) өсті.
Қазақстандық тұрақтылық қорының мәліметінше, "7-20-25" бағдарламасында ешқандай өзгеріс жоқ. Тұрғындар бұрынғыша 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотека рәсімдей алады. Бұған дейін "Баспана хитпен" баспаналы болып үлгергендердің алаңдауына еш негіз жоқ. Олар ай сайынғы төлемін келісімшартқа отырған кездегі пайызбен төлейді.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
"Орда" бағдарламасы
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі өскен соң, қымбаттаған тағы бір бағдарлама – Қазақстанның ипотекалық компаниясының "Орда" бағдарламасы. 11 наурыздан бастап бұл бағдарламаның несие беру мөлшерлемесі 13 пайызға дейін өсті. Бұған дейін мөлшерлеме көлемі төлем қабілетін толық растаған кезде 12 пайыз, ал жартылай растаған кезде 14 пайыз болатын.
Енді азамат төлем қабілетін толық растағанда 12 пайызбен емес, 13 пайызбен несие рәсімдейді. Бұған дейін келісімшарт жасаған жандарға бұл жаңалықтың қатысы жоқ.
"Бақытты отбасының" екінші кезеңі басталды
Таяуда үкімет отырысында "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бюджеттік несиені бөлу жөнінде қаулы қабылданды. 50 млрд теңге көлеміндегі келесі транш 2020 жылдың екінші жартыжылдығында беріледі, деп хабарлады Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.
"Бақытты отбасы" бағдарламасына өтініш беру 11 наурыз күні басталды. Биыл шамамен 10 мың отбасыға несие беріледі деп болжанып отыр.
Бағдарламаға өтініш беру үшін алдымен жергілікті әкімдіктен отбасылық жағдайды растайтын құжатты алу қажет. Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақтан ғана сатып алуға болады.
Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?
Биыл табыс көзі қалай есептеледі?
Бағдарлама ипотека рәсімдеушілерге әзірше Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – 2 пайыз жылдық мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 пайызын толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ, отбасылардың атында басқа үй болмауы шарт.
Қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.
Биыл енгізілген басты өзгеріс – ең жоғары табыс көлемі. Енді ол ең төменгі күнкөріс шегіне сәйкес есептелінетін болады. Осылайша, бұған дейін осы талапқа сай келмеген отбасылар осы жылы бағдарламаға қатысып, қоныс тойын тойлай алады. Бұрын бұл көрсеткіш 42 500 теңге болса, бұдан былай 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табыcы 2 ең төменгі күнкөріс шегінен, яғни, 62 366 теңгеден аспауы қажет (2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс шегі – 31 183 теңге).
Банкке не алып бару қажет:
- Соңғы 6 айдағы табысыңызды растайтын құжат;
- Отбасының барлық мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар;
- Тұрғын үйге меншік құқығыңыздың, кейін сатып алумен жалға алу құқығыңыздың бар-жоғын растайтын құжаттар;
- Сатып алатын тұрғын үй бойынша құжат белгілейтін құжаттар.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
НҚА (нормативтік құқықтық актілер) алынған құжаттар:
- Көпбалалы отбасы – төрт немесе одан көп (уақытша кетіп қалғандарды қосқанда) кәмелет жасқа толмаған балаларымен бірге тұратын отбасы;
- Мүгедек балалары бар немесе оларды асырап алған отбасы;
- Толық емес отбасы – балаларын (баласын) ата-ананың бірі тәрбиелеп отырған, соның ішінде ажырасқан, жесір қалған отбасы.
Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?
"Бақытты отбасы" бағдарламасымен пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады. Сондай-ақ, жер үй сатып алу мүмкіндігі де бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы ең жоғары несие сомасы 15 млн теңгеге, қалған аймақтарда 10 млн теңгеге тең.