С – қырғыз сомының 2017 жылы Қырғызстанның Ұлттық банкі бекіткен ресми графикалық белгісі.

Қырғыз сомы неге тұрақты?

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (cipe.kz) директорының орынбасары Олжас Төлеуов мұның себебін Қырғызстанның Ұлттық Банкі Халықаралық қорының ішкі жалпы өніміндегі үлесінің біздің елмен салыстырғанда жоғарылығымен түсіндіреді.

Қазақстанда бұл көрсеткіш 18,5 пайыз болса (ІЖӨ – $162,9 млрд, Ұлттық банктің халықаралық қоры $30 млрд 360 млн шамасында), Қырғызстанда – 27,5 пайызды құрайды (ІЖӨ-нің 2017 жылғы көрсеткіші – $7,5 млрд шамасында, ал Ұлттық банктің халықаралық қоры – $2 млрд 625 млн-дай).

Сондықтан көрші елдің Бас банкісінің бізге қарағанда мүмкіндіктері жоғары.

Бұл фактор Ұлттық банктің инфляцияны таргеттеу кезінде ішкі нарықтың сезімталдығын төмендетіп, Сомның динамикасына, тұрақтылығына әсер етеді.

– Бұл жақсы ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, валюталық жүйенің осы үлгісі Қырғызстан үшін ыңғайлы, – деп сөзін түйіндеді Олжас Төлеуов.

Десе де, сарапшылар Сомды тұрақтандырушы негізгі фактор – қырғыз мигранттарының елге жіберіп отырған ақшалары деген пікірге басымдық береді.

Жаз маусымында қырғыз сомының "шырайы" кіреді

Жаз кезінде Сом теңгеге ғана емес, рубль мен долларға да дес бермей кетеді екен. Ал, қыркүйек-қазан айларында керісінше 5-10 пайызға дейін "шаршап" қалады. Мамандар мұны жазғы маусымда туристерден түсетін түсіммен байланыстырады, яғни ішкі жалпы өнімге мигранттардың қаржысы ғана емес, туризм де қосымша дем береді.

Бірақ, 2018 жылдың соңына қарай қырғыз сомына жоғарыда айтып өткен факторлардың ықпалы әлсірей бастады. Сомның жиі -жиі "алқынып" қалатыны байқалды.

– Бұл жолы қырғыз сомының қаншалықты деңгейде "шаршайтынын" білмейміз. Себебі оның бағамына әсер ететін сыртқы факторлар көбейіп кетті, – дейді қаржыгер-сарапшы Ерлан Ибрагим.

Қырғыз сомының девальвациялануына сырт жақтан мүдделі тараптар бар

Ерлан Ибрагимнің пікірінше, олар қырғыз билігі ішкі жағдайдың көңіл-күйін бұзбау үшін АҚШ доллары мен қырғыз сомы бағамы дәлізін 70 сомнан әрі асырмай отыр деп сенеді. Өйткені Сомның тұрақты бағамы ЕАЭО-ның дәл қазіргі валюталық саясатына қайшы.

Ресейлік сарапшылар Қырғызстан 2015 жылы ЕАЭО-ға мүше болып қабылданғанда Сом девальвацияға ұшырайды деп үміттеніп, С$ дәлізін 130-ға дейін көтеріледі деп болжап қойған. Одан бергі төрт жыл ішінде қырғыздың сомы тұғырынан таймай, долларға бағамын 65-70-тен асырған жоқ.

– 2016 жылы қырғыздың Ұлттық банкі Сомға интервенция жасап, 175 млн АҚШ долларын айналымға жіберді. Сол жылдың қыркүйек айында 6,8 млн АҚШ доллары арқылы қосымша қоректендірді. 2017 жылдан бері қырғыз сомына деген сенімнің азайып келе жатқаны байқалады. Бұл фактор қырғыз экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін, – дейді Ерлан Ибрагим.

Сомның долларға қатысты шекті бағамын тек ресми Бішкек қана айта алады

Ресейге кеткен еңбек мигранттарының жағдайларының мәз емес екенін жергілікті де, ресейлік те басылымдар жазып жатыр. Бірақ, соған қарамастан 2018 жылдың тоғыз айында қырғыз мигранттары отанына 2,4 млрд долларға парапар қаржы аударған. Бұл Сомның қосымша күш алуына себепші болыпты.

Ол нарықтағы ₸ – С бағамында бірден байқалатын көрінеді. Қазақ жағы валюта бағамын кенеттен теңестіріп жіберсе, қырғыздар сомын еңкейтпей еркіндікке жібере салады екен.

Осыған байланысты экономистер Сомға байланысты қандай уәж айтарын білмей дал. Олардың пайымдауынша, бұл – қырғыз экономикасына кері әсер етіп отырған қолайсыз коньюнктура. Мұндай тренд ішкі және сыртқы сауда айналымында теріс сальдо қалыптастырып отыр.

– Мұндай бағыт жылжымайтын мүлік нарығының тоқтап қалуына да ықпал етеді, – дейді Ерлан Ибрагим.

Қырғызстан Ұлттық банкісінің Сом жайлы ұстанымы мынадай

  • Сомның нығаюына Қырғыз Республикасы үкіметінің экономикадағы долларсыздандыру шараларының арқасында қол жеткізді.
  • Барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы ұлттық валютада көрсетілетін болды.
  • Бұдан бөлек, ұлттық валютадағы міндетті қор талаптарының көлемі азайтылып, шетел валютасында көтерілген.
  • Жаңадан берілген несиелер бойынша клиент табысының валютасына сәйкес шығыстар мен залалдардың орнын толтыруға арналған резервтер туралы нормативтер енгізілді.
  • Шетел валютасымен берілген ипотекалық несиелер қайта қаралып, ұлттық валютаға ауыстырылды.
  • Маусымдық факторлар, әлемдік қаржы нарығындағы жағымды жағдай да (АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің жұмсақ саясаты, мұнай бағасының артуы) өз рөлін атқарды.

Сарапшылардың пікірі әртүрлі

Көрші елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 6-7 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үштен бір бөлігі шетелдегі мигрант қырғыздардың аударып отырған қаражаты.

"Бұл Қырғызстанның макроэкономикалық көрсеткіштерінің әлжуаздығын, Сомның жуық болашақта тұрақты бола алмайтынын білдіреді" дейді Ерлан Ибрагим.

Олжас Төлеуов болса, 2018 жылы Қырғызстан экономикасы өсімінің жылдық нақты пайыздық мөлшерлемесі 4,25 пайыз болғанын айтты. Ал, біздің елдегі эконикалық өсім 3,95 пайызды көрсетіп тұр.

– Сырт көзге қырғыз активтерінің резидент еместер үшін табыстылығы жоғары. Қырғыз сомы динамикасындағы тұрақтылықты осы фактормен түсіндіруге болады, – дейді Олжас Төлеуов.

Олжастың айтуынша, бүкіләлемдік Moody’s агенттігі Қырғызстанның несиелік рейтингісін В2 шкаласымен бағалаған. Бұл да Қазақстанның рейтингімен салыстырғанда төмен. Қазақстанда бұл көрсеткіш Ваа3. Сол себепті Сомның өзге валюталармен салыстырғандағы тұрақтылығының нарықтық негізі жоқ екен.

Қырғыздар тұрақтылық арқылы Сомның сүйкімділігін сақтап қалды

– Өткен жылы теңге Сомға қарағанда 6 пайызға құнсызданды. Бұл жайт әрине оғаш көрінуі мүмкін, – дейді қазақстандық қаржы сараптамасымен айналысатын "EXANTE" компаниясы талдаушысы Виктор Аргонов. – Өйткені Қырғызстанның макроэкономикалық көрсеткіштері Қазақстаннан біршама төмен. Бүкіл Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі бір Алматымен тең. Оның былтырғы өсімі 3,2 пайызды құрап отыр, Қазақстанда ол – 4,1 пайыз. Оның үстіне теңгенің Сом тәрізді еркін бағамы бар.


Қазақстан және Қырғызстан республикалары Ұлттық банктері мен Статисикалық комитеттері сайтында жарияланған деректер бойынша дайындалды

Қазақстан мен Қырғызстанның Ұлттық банктері мен Статистикалық комитеттері сайтында жарияланған деректер бойынша дайындалды

– Бірақ, нақты жағдай мүлдем басқаша. Қырғызстан Сом бағамының динамикасын Қазақстанға қарағанда қатаң ұстап отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елдің Ұлттық Банкі өткен жылы Сом бағамының ауытқуын түзету үшін АҚШ долларын тұрақты түрде сатқан. Оған халықаралық резервтерінің 6,4 пайызын жұмсаған (Қазақстан тек 1,7 пайызын), яғни толық еркін бағам туралы айтуға келмейді деген қорытынды жасауға болады. Сом бағамын жасанды қолдау себептерінің бірі – импорттың үлкен көлемі, ал бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді, – дейді Виктор Аргонов.

– Елге сырттан қосымша күштің келуі экономикасына да, валютасының тұрақтылығына да әсер етеді. Қазақстанның да, Ресейдің де ұлттық валюталарының тұрақтылығына қырғыздар мүдделі. Қырғыз валютасының құны өзбек сумына қарағанда тұрақты. Бірақ, Сомның тұрақтылығының қазақ теңгесіне әзірге әсері жоқ. Өйткені қырғыз экономикасының сырт елдерге ықпал ету мүмкіндігі аз. Біз біраз уақытқа дейін валюта бағамын ресей рублімен, АҚШ долларымен үйлестіріп отыратын боламыз. Бірақ, қырғыз, өзбек валюталарын назардан тыс қалдыруға болмайды, – дейді Ерлан Ибрагим.

Қырғыз Ұлттық банкінің саясаты әзірге өзін-өзі ақтап тұр

Қырғызстанның ішкі жалпы өніміндегі импорттың үлесі – 70 пайыз. Бұл ішкі инфляцияның бағаның көтерме саудасына тәуелді екенін көрсетіп тұр. Қырғызстандағы инфляция 0,5 пайыз – ЕАЭО бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Олжас Төлеуов тұрақты, күшті валютаның эскпортерлерге кері әсер ететінін айтып өтті. Қырғызстан жағдайында экспортерлердің жоғалтқаны сырттан келіп жатқан валюталық түсімдермен толықтырылып отырады. Бұл жерде әңгіме – алыс-жақын шетелдерде жүрген қырғыз мигранттарының ақша аударымдары туралы.

– Экспорттық түсім, сырттан аударылған мигранттардың қаржысы Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 32-33 пайызын құрайды, – дейді Олжас Төлеуов.

Қазақстанда жағдай керісінше. Шетке шығарылған қаржы көлемі жыл санап өсіп барады

Ұлттық банк 2018 жылы қаңтар-тамыз айларында аударылған қаражат­ көлемін жариялады. "Ақша аударым жүйесі арқылы Қазақстанның жеке тұлғаларының шетелге аударған қаржыларының көлемі 380,1 миллиард теңгеге жеткен", – деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Бұл көрсеткіш 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайыз жоғары. Өткен жылы 2016-мен салыстырғанда 25,2 пайызға өскен болатын. 2018 жылдың 8 айында жүргізілген транзакциялардың саны 1,8 миллион, бұл өткен жылдан 9,3 пайыз жоғары.

Аударымдардың басым бөлігі Ресейге жөнелтілген. Аударылған сома – 147,8 миллиард теңге. Бір жылдағы өсім – 27,2 пайыз.


ҚР Ұлттық банк сайтында жарияланған деректер бойынша дайындалды

Ақша аударым жүйесінде ше­телге кеткен ірі транзак­ция­лар "Золотой ко­рона" жүйесі арқылы жасалған. Бұл жүйемен 241,2 млрд теңге жіберілген. Екінші кезекте "Western Union" тұр. Ол арқылы ауда­рылған қаржы көлемі – 55,6 млрд теңге, өсім бір жыл­да 13,5 пайызға жеткен. Үшін­ші орында "Юнистрим" жүйесі тұр. Аударылған қар­жы көлемі – 31,2 млрд теңге.

Алдағы жылдары қазақ мигранттарының елге жіберген қаржысы еселеніп өсуі мүмкін

– Шетелде жұмыс істеп жатқан қазақ мигранттарының елге қанша ақша аударатыны және оның ІЖӨ-ге әсері туралы ақпарат әлі бір жүйеге түскен жоқ. Бұрын біз оған мән бермедік. Қазіргі жағдай басқа. Сыртқы факторлардың күшеюі байқалады. Басты сауда әріптесіміз Ресейдегі жылдық инфляцияның 4 пайыздан асып кеткені белгілі. Ол жақтан келетін импорттың көлемін ескерсек, биыл біз үшін де инфляцияның күшею қаупі жоғары – дейді Ерлан Ибрагим.


Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің сайтында жариялганған деректер бойынша дайындалды

Жеке тұлғалар аударылымы / Қазақстанның Ұлттық банктің сайтында жарияланған деректер бойынша дайындалды

– Бізге жалған намысты жиып қойып, қазақ мигранттарының құқы туралы келіссөздерді бастауға тура келеді. Әлемде жұмыс күштерінің интеграциясы басталды. Біз бұл процестен сырт қала алмаймыз. Шетелдерге барып жұмыс істеймін деген қазақтарды күшпен ұстай алмаймыз. Біз есікті жауып қойсақ, олар тесіктен шығып кетеді. Алдағы бірер жылда ішкі жалпы өнімде қазақ мигранттарының елге жіберген қаржысы еселеніп өсуі мүмкін. Ұлттық банк арқылы жүйелеп отырсақ, қырғыз ағайындар сияқты теңгенің тербелесін мигранттардың шетелден жіберген қаржысымен тежеп отыратын шығармыз, – дейді Ерлан Ибрагим.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter