Тікелей эфир

Пост-кеңестік елдер және демократия. Қазақстан дамуы үшін не өзгеруі керек?

Фото rferl.org сайтынан алынды
Фото rferl.org сайтынан алынды
Алашорда үкіметінің неге либералды демократиялық ел құрғысы келген? Informburo.kz тілшісі қазіргі Қазақстандағы саяси құрылым мен демократияға көз жүгіртті.

Демократия деген не?

АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольннің пайымдауында "демократия халықтан, халық арқылы және халық үшін" деп түсіндіріледі. Заманауи қоғамда демократия деп билікке келушілер арасындағы ең әділ жарысты айтады. Оған еркін түрде өтетін сайлау нәтижесіндегі билік транзиті немесе оның таңдап алынуы, елдің әр азаматы құқықтарының қорғалуы, олардың елдің саяси әрі әлеуметтің өміріне белсенді араласуы және әркімнің заң алдындағы құқығы мен міндеттері бірдей болуы жатқызылады.

Демократиялық қоғамда халық – саяси биліктің ең жоғарғы формасы деп есептеледі. Демек, халық билікке кімнің немесе қандай топтың келуін шешеді және олардың шешімімен биліктен аластатылады. Билік басындағы шенеуніктер халық "агенттері" және халыққа қызмет ету үшін сайланады. Нақтылап өтсек, демократиялық қоғамда "шенеуніктер халыққа қызмет етеді, халық шенеуніктерге емес".

Демократиялық елдерде ешбір адам заңды айналып өтпейді. Бекітілген заң бәріне бірдей. Мысалы, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон билікке дейін Британ империясына қарсы ұйымдасқан континенталды әскерді басқарды. Оның қолында ресми әрі бейресми билік күші болды. Жаңа құрылған Құрама штаттардың азаматтары генерал Вашингтонға "АҚШ-тың құрушы әкесі" атағын беріп, билікте өмірінің соңына дейін қала беруін сұраған. Бірақ, Вашингтон заңды түрде төрт жылдан екі рет сайланып, кейін орнын босатты. Осылай ол өзінің заң алдында әрбір америкалықпен бір деңгейде екенін іс жүзінде көрсетіп, өзінен кейінгі президенттерге үлгі қалдырды.

Дегенмен, кейбір сарапшылар АҚШ-тың демократиялық құрылымын мысал ретінде айтуды жөнсіз деп біледі. Себебі аталмыш елде өткен ғасырдың төртінші ширегіне дейін қара нәсілділердің құқығы тапталып келген. 1865 жылға дейін олардың құқығы мүлде болмаған.

Белгілі саясаттанушы, "Ұлт тағдыры" бірлестігінің төрағасы Дос Көшім АҚШ демократиялық құрылымын модель ретінде алуға болатынын, АҚШ билігінің құлдықпен ғасырлар бойы күресіп келгенін айтады.

– АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсонның бастауымен "АҚШ-тың құрушы әкелері" ел тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, құлдықты жоюмен күрескен. Бірақ, сол кездері америкалықтар құлдық құрылымға, тегін еңбек күшіне әбден үйреніп қалған болатын. Сондықтан одан бірден бас тартуға, қоғамды теңдікке үйретуге көп жылдар керек болды. Қара нәсілділерге алдымен еркіндік берілді. Содан кейін олардың моральдық тұрғыдағы құқықтары тіктелді, – дейді Дос Көшім informburo.kz тілшісіне.


Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ билігі сайлау өткізбей, президенттің қызметі тағы бір рет 4 жылға создырылған. Франклин Рузвельт - 8 жылдан көп уақыт АҚШ президенті қызметін атқарған жалғыз саяси тұлға.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ билігі сайлау өткізбей, президенттің қызметі тағы бір рет 4 жылға создырылған. Франклин Рузвельт – 8 жылдан көп уақыт АҚШ президенті қызметін атқарған жалғыз саяси тұлға / Фото biography.com сайтынан алынды


Саясаттанушының айтуынша, АҚШ-тағы ақтар мен қаралар арасындағы нәсілдік мәселелер бүгінде тұрмыстық деңгейде ғана бар. Федералды масштабтағы афроамерикалықтардың құқығының тапталуы толығымен жойылған.

Пост-кеңестік қоғам демократияны қалай түсінеді?

Пост-кеңестік елдерде демократия орталықтандырылған. Бұл қазіргі коммунистік елдерге де тән. Нақтылап өтсек, орталықтандырылған демократияда билік басындағы партияға немесе саяси топқа қарсы тұратын оппозициялық күш әдетте болмайды. Биліктің мұндай түрін Батыс елдерінде "автократия" деп атайды.

Кеңес дәуірінде толыққанды билік коммунистік партия қолында болған. Пост-кеңестік елдерде де сол құрылым белгілі бір деңгейде сақталған. Мысалы, Ресей, Беларусь, Қазақстан, Орта Азияның өзге елдері және Әзірбайжанда биліктегі топтың саяси партиясына қарсы тұратын алып оппозиция күші немесе өзге партия жоқтың қасы. Бұл пост-кеңестік елдердің капиталистік бағытқа, нарықтық экономикаға ауысқанымен, коммунизмнің саяси моделінен толықтай арыла қоймағанын білдіреді. Осы мәселе бойынша белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев informburo.kz тілшісіне өз ойын бөлісті.

– Балтық теңізі жағалауындағы елдер, Украина, Грузия және Арменияны есептемегенде, КСРО құрамында болған басқа елдерде биліктің формасы дерлік өзгерген жоқ, – дейді белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев.


Қазақстан Freedom House рейтингінде "еркін емес" елдер қатарында

Қазақстан Freedom House рейтингінде "еркін емес" елдер қатарында (тоқ көк түс "еркін емес" статусын білдіреді)/ Фото opendemocracy.net сайтынан алынды


Расында, Freedom House халықаралық ұйымының рейтингінде Грузия, Армения және Украина "жартылай еркін" елдер қатарына кіріктірілген. Ал қалғандары "еркін емес" елдер тізімінде.

Freedom House – саяси құрылымдарға анализ жасау арқылы әлемдегі елдердің демократиялық құрылымын, саяси еркіндігі мен адам құқықтары жөнінде рейтингін жасайтын үкіметтік емес ұйым.

Қазақтар демократияға пессимизммен қарайды

Досым Сәтбаевтың айтуынша, Қазақстанда қазір либералды идеялар мен демократиялық құндылықтардың дағдарысы болып жатыр. Қазіргі қазақ халқы демократияға пессимизммен қарайды. Себебі Тәуелсіздік жылдарынан бері биліктегілер халықтың демократияға дайын емес екенін үгіттеумен келді.

– Халық демократияны елдің саяси өмірінде көріп сезінбесе, олар демократияға дайын бола алмайды. Себебі пост-кеңестік елдердің басым бөлігінде парламенттік және президенттік сайлаулар әділ өтпейді. Либералды идеялардың дамуына үнемі кедергі келтіреді. Ал қазіргі билік оның орнын басатын балама модельді ұсынған жоқ, – дейді Досым.

Коммунистердің билік формасы әлі бар

Біз білетін коммунистік идеология мен Карл Маркс және Фридрих Энгельс құрғысы келген коммунистік қоғамның жер мен көктей айырмашылығы бар. Ғалымдардың пайымдауында, коммунистік қоғамда жұмысшы күші мен құқығы сақталуы тиіс. Халық биліктің негізгі күші болып есептелген.

Бірақ, біз білген коммунизм билік идеологиясына, нақтырақ айтсақ, биліктің құралына айналып кетті. Мысалы, бүгінгі социалистік құрылымдағы Эквадор, Куба, Қытай және Солтүстік Кореяны алып қарасақ, аталған елдерде адам құқығының сақталмайтынын жиі естиміз. Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы аз ұлт өкілдерінің еш себепсіз қамалып, көп жылға сотталуы, тіпті озбырлықпен өлтірілуі демократияның бұл елде жоқ екенін дәлелдейді. Бірақ, Қытай "халық республикасы" деп аталады және саяси ұстанымдарында демократия басты құндылық деп дәріптеледі.

– Қазіргі Қазақстанда және өзге де пост-кеңестік елдерде коммунистік идеологияның қалдықтары бар. Біз оны автократиялық билік дейміз. Коммунизмның классикалық нұсқасы қалған жоқ. Парламентте отырған коммунистер Қазақстандағы саяси плюрализмді алдамшы жолмен жасау үшін керек болды. Шын мәнінде олардың не істеп отырғанын түсінсем бұйырмасын, – дейді Досым Сәтбаев.

Пост-кеңестік елдер тәуелсіздік алғаннан кейін коммунизмнің құндылықтарын жойды. Оны дәріптейтін рәміздерді алып тастады.

Саясаттанушының ойынша, коммунизм идеологиясы жойылғанымен, оның билік формасы әлі күнге дейін сақталған. Тіпті бюрократиялық аппарат құрылымдары да бар. Кеңес кезіндегідей биліктегі кез келген маңызды тағайындаулар политбюро басшысының сөзімен шешіледі. Мұның бәрі Кеңес Одағының саяси формасының қалдықтары.

Алашордашылар неге либералды демократияны таңдады?

1937-38 жылдары алашордашылардың басым бөлігіне "жапон тыңшысы" деген айып тағылып, абақтыға қамалып, атылып кеткені белгілі. Расында, олар Жапония үкіметінің билігімен ешқашан тікелей байланысқа шыққан емес. Тек солардың аз уақытта жылдам дамуға қол жеткізген саяси билік моделін зерттеп, соны азат Алаш Республикасының құрылымына бейімдеуді ойлады.

– Алашорда жетекшілері бірнеше тілде еркін сөйлеп, әртүрлі елдердің саяси тарихынан хабардар болған. Олар – еуропалық білім алған азаматтар еді. Сол себепті де Қазақ автономиясын құру алдында түрлі саяси модельдерді салыстыра отырып, либералды демократия ең тиімді екеніне көз жеткізді, – дейді Досым Сәтбаев.

Белгілі саясаттанушының айтуынша, алашордашылардың бір тобы АҚШ-тың саяси жүйесіне қызыққан. Тағы бір тобы Жапонияның саяси құрылымын бейімдеуге кіріскен. Себебі Жапония өзінің ұлттық құндылықтары мен дәстүрін сақтай отырып, аз уақытта үлкен экономикалық серпін жасай алды.


Алашорда зиялылары демократиялық жолмен сайлау жүргізген. Әлихан Бөкейхан интеллигенттердің еркін дауыс беруі арқылы жетекші болып тағайындалған

Демократиялық жолмен сайлау жүргізген. Әлихан Бөкейхан интеллигенттердің еркін дауыс беруі арқылы жетекші болып тағайындалған / Дина Ли арнайы informburo.kz үшін


Либералды демократияда әрбір азаматтың және аз ұлт өкілінің таңдауы ескеріліп, құқығы қорғалады. Сонымен қатар, мұндай биліктің басты құндылығы оның "ашық" формаға ие болуында. Нақтылап өтсек, ел азаматтары ел саясатындағы әрбір өзгеріс туралы біліп отырады және билікке өз өкілдерін тікелей сайлай алады. Одан бөлек, өз көзқарасы бар саяси топтар даму принциптерін айқындап, билік басына келуге ұмтылуға құқылы болады.

Билікте тең құқылы екі партия болуға тиіс

Алашорда автономиясының басшысы Әлихан Бөкейханов Қазақтың саяси сахнасында екі саяси күштің қалыптасатынын алдын ала білген. Олардың бір тобы дінді биліктен аластатып, либералды демократиялық құрылымды жақтаса, екіншісі қазақтарды ислам өркениетінің бір бөлігін ретінде қарап, діни республика құруды ойлады.

– Мысалы, Халел Досмухамедов бастаған интеллигенттер ашық әрі әділ сайлауларды ұйымдастыратын АҚШ-тың саяси даму моделін жақтады. Ал Қазақстанның оңтүстігіндегі зиялылар діннен аластамауды қарастырды, – дейді ол.

Сәтбаевтың айтуынша, Алашорда жетекшілерінің талқылаған мәселелері бүгін Қазақстанда өрбіп жатыр. Егер Алашорда сол кезде тәуелсіздігін сақтай алғанда, қазіргі қазақстандықтар "Қазақ елі ме әлде Қазақ Республикасы ма?" деген мәселелерді қарастырмайтын да еді.

– Өкінішке қарай, біз араға 100 жыл салып, дәл сол алашордашылардың заманындағы мәселелерді талқылауға енді жеттік. Арада көп уақыт жіберіп алдық. Қазақстанда саяси сахнаға шығатын тұлғалардың қалмауы елде "саяси интеллигенттерсіз бос вакуумды" қалыптастырды, – дейді Досым Сәтбаев.

Алашордашылардың либералды қоғам құру мақсатында жазып шығарған конституциясында адам құқығы және оның еркіндігі басты құндылық ретінде көрсетілген. Онда әр адамның діні мен нәсілі, оның таңдауы және сөз еркіндігі айқындалып көрсетілген. Мысал ретінде, 1911 жылы жазылған Алашорда үкіметінің Конституциясынан үзінділерді келтірсек.

Адам баласының құқығы туралы:

– Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді;
– Қазақ елінде адам баласы бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге құқылы;
– Қазақ елінде әр адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады;
– Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты;
– Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта һүкім беруі шарт. Болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады;
– Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында;
– Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады;
– Қазақ елінде ең басшы орны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. Екі реттен асып, ел билеуге бір президенттің хұқы жоқ.


Барлыбек Сыртанов - Алашорданың 1911 жылы жазылған Конституциясының авторы

Барлыбек Сыртанов - Алашорданың 1911 жылы жазылған Конституциясының авторы / Фото ult.kz сайтынан алынды


Алашорда үкіметінің дайындаған заңдарына ұқсас заманауи Конституция қазіргі Қазақстанда да бар. Бірақ, ата заңда коммунистердің орталықтандырылған демократиясы мен авторитарлық биліктің аспектілері байқалады.

Ресей КСРО-ға оралып жатыр

– Ресей кеңестік идеологияға қайта оралып жатыр. Мысалы, Путин жаңа саяси бағыт ұсынудың орнына кеңестік және патша заманындағы ұлттық идеологияның бөлшектерін жинақтап, жаңаша бір құндылықты қалыптастыруға тырысып жатыр. Ол оны ретроспективті патриотизм деп атады, – дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, Путин бұл идеологиямен билікке қарсы шыққандарға ұлттың атынан шабуыл жасамақ. Бұл тенденция осыған дейін Өзбекстанда, Түркіменстан мен Тәжікстанда байқалған. Ол "Бізге қазір демократия емес, ұлт жауларын жеңу керек" деген лозунгпен дамыды.

"Өлі идеялар" пантеоны

– Бұл Қазақстанда да қауіпті трендке айналуға жақын. Себебі халықтың басым бөлігі билікке өкпелі. Бізде демократиялық оппозиция қалған жоқ. Бізде демократиялық құндылықтарды дәріптейтін БАҚ құралдары да қалмады. Идеологиялық вакуум қалыптасты. Бұл вакуум қазіргі таңда әртүрлі суррогатты (суррогат – толыққанды емес алмастырушы – ред.) идеялармен толығып жатыр. Оны билік әртүрлі рухани бағдарламалармен қалыптастыруға тырысып келеді. Бірақ, олардың жасанды екені көрінеді. Кезінде Қазақстандағы элита пантеон салуды ұсынды емес пе?! Менің ойымша, олар тағы "өлі идеялар мен бағдарламаларды" жерлейтін екінші пантеонды да ұсынуы керек, – дейді Досым Сәтбаев.

Бұрынғы отар ел идеологиясынан әлі арылмадық

Саясаттанушының ойынша, Қазақстан әлі бұрынғы отар елдің идеологиясынан толық арылған жоқ. Мысалы, пост-кеңестік елдердің бір бөлігі әлі күнге дейін Ресейге қарап, ой қорытады. Біз өзімізді "іні" ретінде қабылдай берсек, Ресей де "аға" міндетін атқара береді. Ресей Еуразиялық Экономикалық Одақтың мүшелерін серіктестер деп емес, өзінің шырақшылары ретінде қарайды.

Отар ел идеологиясынан арылу үшін алдымен отарлаушы елдің тілінен алыстау қажет. Қазақстанда орыс тілінен алыстау енді басталды. Осындай пікірімен Дос Көшім бөлісіп отыр.

– Қазақстанның латын әліпбиіне ауысуы "Орыс әлемінен" алыстауға көмектеседі. Мысалы, қазір кітап дүкендеріне барсаңыз, сатылымдағы кітаптардың 90 пайызы орыс тілінде, ал оның жартысынан көбін орыс әдебиеті құрайды. Бізден кейінгі ұрпақ орысша кітапты не журналдарды оқымайды. Олар оны түсінбейтін болады. Сосын қазақ тілінде сөйлейтін зиялылар көбейеді. Біз осылай ғана орыс әлемінен арылып, еркін ойлау мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Бірақ оған кем дегенде бір ұрпақ ауысуы тиіс, – дейді Дос Көшім.

"Саяси сахнаға жастар шықса, қолына су құйып, үзеңгісін ұстар едім"

Дос Көшім Қазақстанның саяси сахнасына 1988 жылы шығып, содан бері демократиялық қоғам құруға атсалысып келеді. Оның ойынша, қазіргі жастардың арасында саясатқа араласатын белсенділер жоқтың қасы.

– Өкінішке қарай, бізді орап алатын саяси сауатты жастар тобы шықпады. Оларды соңғы отыз жылда дайындап кете алмағанымызға өкінемін. Әрине, белсенді жастарымыз бар. Бірақ, олар үлкендерді сыйлағандықтан ба, белгісіз, өздерін көшбасшы ретінде көрсетіп жатқан жоқ. Саяси сахнаға жастар шықса, қолына су құйып, үзеңгісін ұстар едім, – дейді саясаттанушы.

Дос Көшімнің ойынша, қазіргі биліктің өсіп келе жатқан жастардың арасынан атып шыққан белсенділерді өзіне қаратып алуға тырысуы да ұлтшыл көшбасшылардың қалыптаспауына себеп болып отыр.

– Мысалы, кезінде "Азамат" деген пікірталас клубының басшысы болған Рауан Кенжеханұлын сондай көшбасшылардың бірі болады деп білгенмін. Оларға барынша ақыл-кеңесімді беріп, қолдап жүретінмін. Оны білімін арттыруға Мәскеуге, сосын АҚШ-қа жіберді. Рауанның ұлтшылдық бағыты қалды, әрине. Бірақ оны күрескер деңгейіне жеткізуге бермеді. Рауан сияқты он шақты жігітті білемін. Мен болашақта бұлардың ұлттық саясаткер ретінде қалыптасып, басшылық деңгейге жетер деген үмітім болды, – дейді ол.


Рауан Кенжаханұлы қазіргі таңда Bilim Media Group компаниясының жетекшісі әрі "Нұр Отан" партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшісі қызметін де атқарады. Суретте Рауан "Нұр Отан" партиясы төрағасы орынбасары Мәулен Әшімбаевпен бірге

Рауан Кенжаханұлы қазіргі таңда Bilim Media Group компаниясының жетекшісі әрі "Нұр Отан" партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшісі қызметін де атқарады. Суретте Рауан "Нұр Отан" партиясы төрағасы орынбасары Мәулен Әшімбаевпен бірге / Фото egemen.kz сайтынан алынды


Дос Көшім белсенді жастардың бір тобы ұлтшылдықтан оппозицияға кеткенін айтады.

– Әрине, біз саяси сахнадан кетсек, бұл орын бос қалмайды. Себебі бізбен бірге келе жатқан жастар бар. Бірақ, олардың қатарында көшбасшы бола алатын азаматтар өте аз, – дейді Дос Көшім.

Қазақстан кеңестендірілмегенде дамыған елге айналар ма еді?!

Ресейде патша үкіметі құлағаннан кейін Қазақ жеріндегі Алаш қозғалысы тәуелсіздік үшін күресті. Олар алдымен автономия құрып, сосын азат ел атануды көздеді. Батыс Еуропа елдерінің құрылымдық моделін бейімдеп, заң бекітіп, әскер жасақтады. Алашорда үкіметінің жетекшілері жас ұрпақтың білім алуына аса үлкен мән берген. Олар өздері педагог маман болмаса да, оқулықтар дайындап, оны қолмен көшіріп, мектептерге таратуды қолға алған. Себебі олар жастарға үлкен сенім артты.

Егер Алашорда автономиясы большевиктердің қысымына төтеп беріп, тәуелсіздігін сақтай алғанда, қазіргі Қазақстан қандай болар еді?

– Алашордашылар жеңіп шыққанда, қазір біз қазақтың ұлттық коды туралы бас қатырмас едік. Демократиялық, діни немесе этностық түсініктерді талқыға салып, ұлттық идентификацияның төңірегінде сөз өрбітпеген болар едік, – дейді Досым Сәтбаев.

Оның ойынша, Алашорда үкіметі жеңіп шыққанда, мемлекеттік тіл төңірегіндегі түсініспеушіліктер де болмас еді. Себебі Алашорда жетекшілері қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын қолдап, ал орыстандыруға қарсы еді. Олар қазақ қоғамының әлеммен бірге дамығанын қалады. Мемлекеттік тілді білім берудің негізгі тіліне айналуы тиіс еді.

– Әрине, Алашорда үкіметі қазақтың тәуелсіздігін сақтап қалғанымен, көптеген қиындықтарға тап болары анық еді. Себебі оларға социалистік КСРО мен Қытай елдері көрші болатын. Халықты сауаттандыру мен жоғары білім мәселелері, ұлттық қауіпсіздік мәселелері, экономиканы жандандыру үшін модернизацияның кеңеңдерінен өтуі тиіс болар еді, – дейді ол.


Жапония Сегундер билігінен кейін Батыс Еуропа елдерінің либералды демократиялық құрылымын ұлттық құндылықтарына бейімдеді. Нәтижесі көзге көрінерлік

Жапония Сегундер билігінен кейін Батыс Еуропа елдерінің либералды демократиялық құрылымын ұлттық құндылықтарына бейімдеді. Нәтижесі көзге көрінерлік / Фото japantimes.co.jp сайтынан алынды


Расында, Қазақстан кеңестендірілмегенде қазақтың саны бүгінгіден 3-4 есеге көп болар еді. Себебі Алаш республикасы большевиктерден бөлініп шыға алғанда, ашаршылықтың алды алынар еді. Халықтың төрттен үш бөлігі қырылмас еді.

– Қазақстан кеңестендірілмегенде мүлде басқа экономикаға ие болар едік. Шикізат өндіретін емес, дайын өнімдер шығаратын деңгейге жетуіміз мүмкін еді. Жапония немесе Түркияның экономикасымен теңесер едік, – дейді белгілі саясаттанушы.

Қазақстан кеңестендірілмегенде еліміздегі саяси әрі экономикалық институттар экстрактивті емес, инклюзивті болар ма еді. Себебі либералды демократиялық бағыттағы елдердің дені дамыған және ондағы экономикалық институттар дағдарыстарға төтеп бере алады.

Қазір ТМД елдерінің арасында жалпы ішкі өнімнің (ЖӨІ) шынайы көрсеткіші бойынша Ресей мен Украина көш бастап тұр. Тізімде Қазақстан үшінші орында. Ал адам басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші жағынан тағы да Қазақстан үшінші орында. Бірақ Ресей мен Беларус Республикасынан кейін орналасқан.

Мұнай саудасынан түскен табыстың арқасында Қазақстанның адам басына шаққандағы ЖІӨ-і 2005 жылдан бастап жылдам өскен. Ал, 2005-2015 жылдар аралығында Қазақстан ЖІӨ өсімі бойынша ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш көрсетті. Белгіленген он жылда Қазақстан ЖІӨ-і 70 пайызға артты. Бірақ, мұнай дағдарысынан кейін Қазақстанның табысы қысқарып, ЖІӨ АҚШ доллары эквивалентінде екі есеге азайды. Қазіргі таңда Қазақстанда ТМД елдерінің ортақ экономикасының 20 пайызындай.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары