Екінші тамызда елімізде карантин режимі аяқталады. Осыған байланысты премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемиологиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күрес шаралары қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 3 тамыздан бастап Қазақстанда карантиндік шектеулер келесі жағдайларда жеңілдейтінін хабарлады:
- Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу;
- Инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші – бір бірліктен аз (R ≤ 1);
- Ауруханалардағы төсек орындардың науқастармен қамтылу көрсеткіші – бір апта ішінде 70 пайыздан кем болған кезде;
- Өлім-жітім деңгейі төмендеуінің тұрақты динамикасы болғанда.
Оқи отырыңыз: Кондиционер, монша, қорқор. Коронавирустан айыққандар тағы неден бас тартқаны жөн?
3 тамыздан бастап келесі нысандардың қызметіне рұқсат етіледі:
- Сауда ойын-сауық орталығы, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар уақыты мен күндері шектеле отырып;
- Балаларды оңалту кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтағы үйірмелер (бес адамнан артық емес);
- Кезекші топтар режиміндегі мектепке дейінгі балалар мекемелері;
- Сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр және педикюр қызметін көрсететіндер алдын ала жазылу бойынша.
Шектеулер алынбайды:
- Мемлекеттік органдар мен кеңсе қызметкерлері үшін қашықтан жұмыс істеудің 80 пайызы сақталуы тиіс;
- Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, таза ауада жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі. Сондай-ақ ұлттық құрамалар үшін спорттық жаттығуларға рұқсат етіледі (30 адамнан артық емес);
- Тұрғындардың көшелерде жүруі, саябақтарға, скверлерге және жағажайларға баруы – үш адамнан аспайтын топтармен;
- Қоғамдық көліктерде маскалық, санитарлық-дезинфекциялық режим, уақыт бойынша шектеулер сақталады және жолаушы саны 50 пайыздан аспауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Онлайн құрбан шалу, айт намазы мен дастарханы. Карантин кезінде құрбан айт мерекесі қалай өтеді?
Салынған тыйым сақталады:
- Бұқаралық іс-шаралардың барлық түрлеріне, ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына;
- Мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтарының жұмысына;
- Мәдени нысандардың, мұражайлардың жұмысына, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге;
- Спорттық залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, аквапарк жағажайларының жұмысына;
- Діни нысандардың жұмысына;
- Жолаушылар поездарының (жұмыс поездарын қоспағанда, электр пойыздарының) қозғалысына, жалпы вагондарды, қалааралық автобустарды (шағын автобустарды) қалыптастыруға.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілген күннен, яғни 5 шілдеден бастап үш апта ішінде 35 951 Covid-19 жаңа жағдайы тіркелген. Карантинді жеңілдетуге байланысты инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші үш апта ішінде 1,2-ден 0,99-ға дейін төмендеді. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін төмендеген, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға азайған. Ауруханалардағы төсектердің қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеді.
Оқи отырыңыз: Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері
Covid-19 аурушаңдығының жағдайы тәулігіне 1600 жаңа жұқтыру жағдайлары деңгейінде тұрақтанды. Сауығып кеткендердің саны 63%-ға дейін өсті.
"Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне қол жеткізілді. Оң динамика карантиндік шараларды кезең–кезеңмен жеңілдету мүмкіндігін көрсетеді", – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Премьер-министр Асқар Мамин эпидемиологиялық жағдайдың ағымдағы көрсеткіштерін сақтау және жақсарту қажеттігін атап өтті.
"2 тамызда енгізілген карантиндік шаралар мерзімі аяқталады. Осы кезеңде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені едәуір төмендетуге қол жеткізілді. Ағымдағы жағдай мен айдың қорытындысын ескере отырып, біз мемлекеттік комиссия отырысында Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жоспарды егжей-тегжейлі қарап, тиісті шешімдер қабылдаймыз", – деп қортындылады үкімет басшысы.