Тікелей эфир

Қазақстанда биыл нан қымбаттай ма? Қанша астық жиналды?

egemen.kz сайтынан алынды
egemen.kz сайтынан алынды
Былтыр СҚО-ның бірнеше шаруашылығында бидай жиналмай қалған болатын. Ал, биыл "ресми мәліметтің 10 пайызы нақты емес" дейді мамандар.

Тамыз айынан бері әлем бойынша бидай бағасы көтерілді. Себебі, жиналған бидай көлемі былтырғыдан 42 млн тонна кем. Оның үстіне біздегі бидай егетін алқап 2017-2021 жыл аралығында 2,3 млн гектарға қысқартылмақшы. Мұның бәрі нан бағасына әсер етуі мүмкін.

24 қазан күні еліміз бойынша астық науқаны аяқталды. Соның ішіндегі қамбаға түскен жаздық бидайға толығырақ тоқталамыз.

Жаздық бидайды көктемде, күздік бидайды күзде егеді

Күздік бидайдың өнімділігі мен сапасы жоғары. Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында суармалы егіншілік болғандықтан күздік егеді. Түптену фазасында қар астында жатып, көктемде өсіп шығады. Дәні толыға бастаған кезінде оған ылғал көп керек. Піскен соң, жазда орып, жинайды.

Ал, жаздық бидайды СҚО, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында мамырдың 15-25 аралығында себеді.

ШҚО-да күздік те, жаздық та өсіріледі. Солтүстікпен салыстырғанда, ауа температурасы жылы, жауын-шашын мөлшері жоғары.

Әр өңірде егілетін тұқым жерсінген болуы шарт

– Ақмола, СҚО егілетін бидай тұқымдарын Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығы, Қостанай облысында Қарабалық тәжірибе станциясы шығарды. Одан кейін мемлекеттік сараптамадан өтті.

Егер талаптарға сәйкес болса, мемлекеттік тізбеге енеді. Ол жыл сайын шығарылады. Бұл тізбеге отандық ғана емес, сырттан әкелінген тұқымдар да енгізілген. Шаруа тізбедегі тұқымды пайдаланса, субсидия алады.

Жерсіндірілген тұқымдарға сенбей, шетелден сатып алып, өнім ала алмағандарды да көп көрдік. Біздің зонаға сәйкес келмейтіндіктен, шығынға батты, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымы Гүлден Қыпшақбаева.

Тыңайтқыш қымбат, шаруалардың қалтасы жұқа

Бидайдың сапасы тек тұқымға байланысты емес. Мұны шаруалар түсінуі керек дейді ғалымдар. Топырақтың құрамындағы құнарлы заттың мөлшері азайып кетсе де өнім төмендейді. Ал субсидия ретінде мемлекеттен бөлінетін қаржы жетпейді.

– Шаруа өзінің танабындағы топырақтың құрамын, қандай минералды элементтің жетіспейтінін білу керек. Ол арнайы құрылғы арқылы топырақтан сынама алынғаннан кейін анықталады. Егін жинағаннан кейін күзде жерді терең жыртып,өңдейді. Сол кезде мөлшеріне байланысты фосфор, азот, калий тыңайтқыштарын себеді. Біз жаздық бидай туралы айтып отырмыз.

Оқи отырыңыз:

Қазақстан астығының Қытай нарығына шығуы – жаңа экономикалық реформаны қажет етеді

1 см қарашірік бір ғасырда түзіледі

Гумус – топырақ бетіндегі қарашірік. Мысалы, танабыңызға фосфорды себетін болсаңыз, гумус мөлшері өспейді. Бірақ, келесі жылы себілетін өнімге, сапасына әсер етеді. Бір сантиметр қарашірік қабаты 100 жылда пайда болады. Сондықтан, гумус мөлшерінің төмендеді дегеніміз топырақтың құнарынан айырылуы.

Биыл жаздық бидай кеш жиналды

– Биыл арқада мамыр-шілде айларындағы ылғал көпжылдық мәліметтерге сәйкес болды. Шілдеден бастап тамыздың ортасына дейін жаңбыр көп жауып, топырақ ылғалды болды. Бидайдың өсу вегетациясы белгілі кезеңнен ұзарып кетті, түптене бастады.

Яғни, сарғайып, піспей, жап-жасыл болып тұрды. Дәнінде ылғал көп болғандықтан, орақ сала алмайсың. Соған сәйкес, аурулар, зиянкестер көбейді, арамшөп басты. Енді не істеу керек? Бидайды химиялық препарат арқылы қуратады, дәнін құрғатады. Оның бәрі – қосымша шығын. Оның үстіне көктем кеш келгендіктен, егін егу науқаны екі жарым аптаға кеш басталған еді. Бидай сол себепті кеш пісті. Сондықтан, былтырға қарағанда бидайдың өнімділігі 0,6 центнер ғана жоғары болды.

Керісінше, былтыр мамыр-шілде айында мүлдем жаңбыр жаумады. Нәтижесінде, танаптағы өзі аз шыққан бидайдың көп бөлігі қурап кетті. Өйткені, бидайға өзінің массасынан 20 пайызға артық ылғал керек, – дейді Гүлден Қыпшақбаева.


Биыл Қарағанды облысында былтырға қарағанда екі есе аз өнім алынды

Биыл Қарағанды облысы былтырға қарағанда екі есе аз өнім алды / Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйеніп жасалды


Цифрланудың "Сиқырлы таяғы" шаруаларға қалай көмектесті?

Биыл арқада, СҚО-да цифрландыру енгізілген 9 шаруашылық қана жоғары өнім берді. Ал, қалғаны кеткен шығынды жабумен әлек. Яғни, өнім гектарына 12 центнерден аспайды.

"Сиқырлы таяқ" қолданылған Қарағандыдағы "Найдыровская" ЖШС гектарына 50,5 центнер жинады. СҚО-да "Шағала-Агро" шаруашылығында егінді жинамай тұрғанда гектарына 55 центнер көрсетіп тұрған. Жинаған кезде ауа-райының қолайсыздығына байланысты азайып, гектардан 44-45 центнер шықты. Олар былтыр 25-30 центнер ғана өнім алып жүрген. Ол қандай "сиқырлы таяқ"?

– Топырақтың бір бөлігінде элементтер көп болғанымен, екінші бөлігінде аз болуы мүмкін. Бұларды зерттейтін Шортандыда, Қостанайда, Алматыда, Астанада орталықтар бар. Олар саусақпен санарлықтай. Арамшөп өскен жерге ғана гербицид себу керек. Оны комбайндағы мониторинг арқылы анықтайды. Ескі комбайндарда болмаса, арнайы құрылғыны орнатуға болады. Ол үшін шаруаның 22 мың доллары болуы керек. Ауыспалы егістікке де мән берген дұрыс. Мысалы, биыл алқапқа бидай ексе, келесі жылы арпа еккен жөн. Космос арқылы өсімдіктің қандай аурумен ауырып тұрғанына дейін білуге болады, – дейді ғалым.


Кабинетте отырып-ақ алқаптағы жағдайды компьютер немесе ноутбук арқылы біліп отыруға болады

Кабинетте отырып-ақ алқаптағы жағдайды компьютер немесе ноутбук арқылы біліп отыруға болады / kaznau.kz сайтынан алынды


Топырақтың құрамын анықтау үшін 1 гектарға 1500-3000 теңге керек

Қостанай облысындағы Естай Ибрашев есімді шаруа бидай субсидиясын алудың қиын екенін айтады. Ол үшін жер құнарын тексерту керек. Тексерушілер бір гектарға 1200 теңге алады. Ал, оның иелігінде 15-17 мың гектар жер бар. Сонда барлығын тексерту үшін 18 млн ақша кетеді екен. Оған мамандар не дейді?

– Субсидия алу үшін шаруаға бес жылда бір гектар жерді емес, 75 гектардың барлығынан бір үлгі алса жетіп жатыр. Сонда 1200 теңгеге тексертсе болғаны. Есептеп қарасаңыз, бір жылда 240 теңге ғана жаратып отыр. Егер Ибрашев есімді шаруаның айтып отырғанындай, әрбір гектардың топырағын тексертіп, мөлшеріне қарай тыңайтқышты себетін болса, онда екі есе өнім алады. Жұмсалған қаржы алты айда немесе бір жылда ақталады. Оларды ешкім міндеттеп жатқан жоқ. Шетелде 0,2 гектар жердің топырағын зерттеп жатыр. Ал, біз бір гектарды ғана тексере аламыз. СҚО-ның жері тегіс жазықтықта орналасқандықтан, топырақ құрамы бірдей болуы мүмкін. Осыған байланысты шаруаның ыңғайына қарай 10-75 гектар аралықта топырақтағы агрохимиялық элементтерді бірден тексертсе де болады, – деп жауап берді егіншілік және өсімдік кафедрасының меңгерушісі Бекзат Амантаев.

Ақшаң болса қалтаңда...

Ғалым Саяхат Нукешовтың айтуынша, топырақтың құрамындағы элементтердің санына қарай тексеру бағасы да қымбаттайды. Біреуге фосфор мен азот, енді біріне калийді анықтау керек. Микроэлементтер кішірейген сайын, баға өседі. Анықтайтын алқап көлеміне де байланысты. 2-3 мың гектар жерге бүкіл техниканы жаңадан сатып алатын болса, кем дегенде 1 млн доллар кетеді. Бұл қаржы сегіз жыл ішінде ақталады. Оның үстіне 30 пайызға дейін жанар-жағар майды, химиялық заттарды, тыңайтқыштарды үнемдейді.

– Негізгі қағида бойынша, алқапқа 120-150 келі мөлшерде тыңайтқыш себу керек. Бірақ, шаруалардың тыңайтқыштарды пайдаланбағандарына біраз уақыт болған. Сепкен күннің өзінде аз мөлшерде қолданған. Соның нәтижесінде 600 келіге дейін себу керек шаруашылықтар бар, – дейді Бекзат Амантаев.

Биылғы ресми деректің шамамен 10 пайызы жалған

– Былтыр бірнеше шаруашылық бидайды жинап үлгермеген еді. Бұл ғарыштық түсірілім жасағанда белгілі болған. Ал басшылар егін орағының біткені жөнінде министрлікке жалған есеп берген. Биылғы ресми дерек бойынша, еліміз бойынша 21,9 млн тонна астық жиналды. Оның 10 пайызының өтірік екенін ғарыштық түсірілім көрсетті. Бұл – әлі нақты дерек емес. Ғарыштық әдістеме арқылы зерттеуді енді аяқтап жатырмыз.

Америкалық, француздық, ресейлік серіктермен қатар отандық KazEOSat арқылы қашықтықтан, жақыннан түсірілген суреттерді алып отырмыз.

Картограмма арқылы Ақмола облысының екі ауданында соңғы бес жылда ауылшаруашылығындағы жерлердің игерілмей жатқаны анықталды. Шаруа өзінің иелігіндегі жердің бар екенін біле тұра өңдемей қойған. Егер соңғы екі жылда тағы да пайдаланбаса, аудан әкімдігі жерді тартып алады, – дейді ғалым Саяхат Нукешов.

Оқи отырыңыз:

Қазақстан астығының сапасы неге нашарлап кетті?

Ал министрлік "жиналмай қалған егістік болған жоқ" деп міз бақпайды

– Былтыр егістіктің жиналмай қалғаны туралы ақпарат бізге келіп түскен жоқ. Ондай оқиға 2014 жылы болған еді. Қазан-қараша айында қар жауғандықтан, желтоқсан айының ортасына дейін егін жиналды. Сол уақытта 3-4 мың гектар жиналмай қалған-тұғын. Былтыр "Қазғарыш" ұлттық компаниясы мәліметтер жинаған. Бірақ, біз ол деректерді алған жоқпыз. Енді биылдан бастап алқаптардың ғарыш арқылы түсірілген суреттерін алатын боламыз. Әлі қолымызға келіп түспеді. Күн жылына бастағандықтан, әлі де жинап үлгереді, – деп отыр Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің сарапшысы Сағынтай Жұмажанов.

Шаруашылықтарға нарықтағы бағадан 14 пайызға арзан дизель отыны беріледі

– Биыл 394 мың тонна жанар-жағар май берілді. Оның бір литрі 164 теңге болды. Жауын-шашынның мөлшері көп болғандықтан, астықтың 40 пайызы кептіріліп жатыр. Оған қосымша 50 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оны алу үшін алты облыс өтінім жіберді.

Соңғы екі-үш жылда бидайға субсидия беріліп жатқан жоқ

– Жасыратын несі бар, бидайға субсидия берілмейді. Топырақтың құрамын зерттеу үшін де мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Тыңайтқыштар мен жанар-жағармайға бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Елімізде өсіріліп жатқан бидай халқымызды қамтамасыз етуге толықтай жетеді. Артық 7-8 млн тоннаны экспортқа шығарамыз. Оған бірінші, екінші сұрыптағы бидайлар жіберіледі.

Жекеменшік болғандықтан, шаруалар көбірек пайда табатын майлы-дақылдарға, бұршақ тұқымдастарына көңіл бөліп жатыр. Мысалға келтірер болсақ, жасымық, күнбағыс, соя, зығыр, рапс тағы басқалары. Олардың бағасы бидайға қарағанда қымбатырақ. Министрлік пен облыс әкімдерінің арасында 2017-2021 жыл аралығында бидай егетін алқапты 2,3 млн гектарға қысқарту туралы меморандум жасалған. Нәтижесінде майда дақылдар 950 гектарға, мал азықтары 750 гектарға көбейеді.

Қазір әлем бойынша бидайдың тоннасы 48-50 мың теңге тұрады. Шикізаты бидай болған соң, ұнның бағасы 5-7 пайызға көтеріледі. Демек, нан қымбаттайды,оған толық негіз бар, – дейді Сағынтай Жұмажанов.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары