Тікелей эфир

Қазақстан астығының сапасы неге нашарлап кетті?

Сурет kazakh-zerno.kz сайтынан алынды
Сурет kazakh-zerno.kz сайтынан алынды
Соңғы жылдары егінге улы химикаттар көп себіле бастаған. Сарапшылар сауатсыз фермерлердің білместікпен зиянды қоспаларды көптеп қолданатынын айтады.

Қазақстанда астық сапасының күрт нашарлап кеткенін мамандардың өздері айтып отыр.

Мысалы, 2011 жылдары I және III санаттағы астық 88 пайыз болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 45 пайызға дейін азайған.

Ал төменгі IV-V санаттағы астық керісінше 2011 жылдан бастап 2016 жылға дейін 10 пайыздан 41 пайызға артқан. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан тарихында алғаш рет елде сапасы 3-кластан төмен бидай 60 пайыздан асыпты.

Осылайша, – дейді ғалым Ақылбек Күрішбаев, – жағдай жақсы кездің өзінде Қазақстан алдыңғы жылдармен салыстырғанда сапалы астықты 10 есе аз жинап жатыр.

Астық сапасының кемуіне министрліктің қателігінің қатысы бар ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші вице министр Қайрат Айтуғановтың өзі 2011-2016 жылдары елдегі астық сапасының күрт нашарлап кетуінің себебі ретінде тұқым сатып алуға мемлекеттік субсидия беру бағдарламасындағы қателіктерді айтады. Сол қателіктердің кесірі туралы ол тамыздың соңында өткен үкіметтегі баспасөз маслихатында айтып, түсіндірді.

2016 жылы сұранысқа ие сапалы астық сортының 44 пайызға нашарлап кетуіне ауыл шаруашылығы министрілігінің бұрын егілген тұқымды қайта егуге қолдау білдірген бұйрығы әсер еткен. Ол бұйрық биыл алынып тасталды. Қазір сапа жақсарып келеді, – деді ол.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, астық сапасының нашарлауына әсер еткен фактор бұл ғана емес.


 Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, астықтың нашарлауына министрлік кінәлі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, астықтың нашарлауына министрлік кінәлі / Сурет kapital.kz сайтынан алынды


Химикатты көп қолдану адам ағзасына зиян

2010-2014 жылдары ауыл шаруашылығында егістік алқаптарының көлемі өзгермегенімен, оған себілетін улы химикаттар – пестицидтер көлемі 4 есе өскен.

KS Partners зерттеу компаниясының сарапшысы Данияр Қуанышалиев соңғы бес жылда ауыл шаруашылығында пайдаланылатын улы химикаттар көлемі 600 келіден 1,8 мың тоннаға дейін артқанын айтып, астық пен көкөністердің сапасына алаңдаушылық танытты.

Қазақстанда егін алқаптарындағы зиянкестермен күрес те дұрыс жүріп жатқан жоқ. 2010-2014 жылдары қолданыстағы жерлердің көлемі біршама өскенімен, оған себілген пестицидтердің көлемі одан екі есе ұлғайған. Осы жылдың өзінде улы химикаттарға 500 млн теңге бөлу жоспарланған. Ал оларды шаруашылықта дұрыс қолданбаудың кесірінен адам ағзасына келер зиян өте зор, – дейді ол.

Сарапшы отандық өнімдердің құрамында улы химикаттар көлемінің тым көптігінен экспортқа жөнелтілген тауарлар фитобақылаудан өтпей қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Оның пікірінше, елдегі өнімдердің сапасын қатаң бақылап, ауыл шаруашылығын реформалау керек.

Бірақ... "Бәрі бақылауда"

Бірақ Alem Agro компаниясының өкілі Айдос Төлеков "улы химикаттардың көптеп себіле бастауы өсімдіктердің құрамында пестицидтер мөлшері артты дегенді білдірмейді" дейді. Ол Қазақстан халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болғаннан кейін ауыл шаруашылық өнімдеріне талаптың өскенін алға тартып, өнімдердің сапасының жоғарылағанына сенетінін жеткізді.

Белгілі бір мерзімнен кейін химиялық пестицид өсімдікке әсер етпей, тарап кетеді. Сондықтан өсімдік құрамында улы химикаттар көбейді деп ойламаймын, – дейді Айдос Төлеков.

Оның айтуынша, улы химикаттарды елге импорттау үшін талап көп қойылғандықтан, мемлекет пестицидтердің қолданылуын қатаң бақылауға алып отыр.

Мысалы, пестицидті тіркеу үшін оны химиялық, физикалық, биологиялық, токсикологиялық және басқа нормаларға сәйкестігін тексереді. Аталған критерийлер белгіленген талаптағы нормаларға сай болса, өндірістік тексерістен өткізіледі. Содан кейін ғана шаруашылықта тұтынуға болады деген тіркеу куәлігі беріледі, – дейді ол.


Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығында пайдаланатын улы химикаттар көлемі 600 кг-дан 1,8 мың тоннаға дейін артқан

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығында пайдаланатын улы химикаттардың көлемі 600 келіден 1,8 мың тоннаға дейін артқан / Сурет kursiv.kz сайтынан алынды


Не ексең, соны орасың. Алпыс жылдан бері егілетін астықтың тұқымы әбден азып кетті

"Қазақстанда сатылатын бидайдың тоннасы 40 мың теңге тұрса, оның тұқымы – 70 мың теңге" – дейді Ақылбек Күрішбаев. – Бұл шаруалардың үнемдеп, сапасыз, төмен сортты тұқымды егуіне әкеліп отыр. Мұның соңы егіннің түсімін 30 пайызға азайтады, сәйкесінше пайда да, сапа да түседі.

Қазақстанның ауыл шаруашылық экс-министрі елде шаруалардың көбі арнайы іріктеп алынған тұқымды емес, астықтың қалдығын егеді дейді.

– Астық сапасынан бөлек, сұрыпталуына да мән беру керек. Олардың қанша уақыт сақталып жатқаны жіті бақылануы тиіс. Осылай ғана сапалы және жеткілікті деңгейде астық алуға болады. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде егілетін бидайдың түрін 4-5 жыл сайын ауыстырады, ал бізде біреуін ондаған жылдар бойы, егіп жүре береді, – дейді ол.

Мәселен, – дейді маман, – ауыл шаруашылығымен айналысатын біраз аймақтарда әлі де бидайдың "Саратов 29" сұрпы егіледі. Ол алғаш рет 1957 жылы сұрыпталып алынды.

"Яғни біз бидайдың бір түрін 60 жыл бойы егіп келе жатырмыз деген сөз", – дейді Күрішбаев. Астық сапасын, оның айтуынша, минералды тыңайтқыштарды қолдану арқылы көтеруге болады. Бірақ Қазақстанда оны пайдалану әлемдік нормадан 10 есе аз – гектарына 48 келінің орнына 4,75 келі ғана.

"Сауатсыз фермерлердің ашықауыздығы". Аңқау фермерге арамза ...

Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы институтының сараптама, консалтинг және коммерцияландыру бөлімінің меңгерушісі Біржан Рахымжанов улы химикаттардың көптеп қолданыла бастауын аталған сектордағы кәсіпкерлердің сауатсыздығынан көреді.

Оның пікірінше, елдегі пестицид сататын компаниялар осыны "ұтымды" пайдаланып отыр.

Өсімдік аурулары физилогиялық және патологиялық болып бөлінеді. Оларды емдеудің әдістері әр түрлі. Бірақ бұл сектордағы инвесторлардың арнаулы білімі жоқ. Барлығы тек тез табысқа кенелгісі келеді.

Пестицид сатумен айналысатын жекеменшік компаниялар осыны пайдаланып, жарнаманы жақсылап жасап, зиянды қоспаларды алдап сатады. Улы химикат сатумен айналысатын компаниялар солай тек өз бас пайдаларын ойлайды.

Біржан Сұлтанұлының айтуынша, мемлекеттің пестицид сататын компанияларды қолдауы олардан бюджетке үлкен көлемде салықтың түсіп жатқанын көрсетеді.

– Мысалы, мемлекет 2017 жылы пестицидтерді сататын компанияларға 500 млн теңге субсидия беруді жоспарлап отыр. Бұл – олардан түсетін салық көлемі 10-20 есе көп деген сөз. Себебі үкімет келетін кірістен көп шығын шығармайды, – дейді сарапшы.

"Қазақстанда стандарт жоқ"

Маман егіс алқаптарына пестицидтер себілгеннен кейін өсімдік қалдықтарын шірітіп, топырақты қопсытатын жауын құрттарының күйіп кеткенін көргенін айтып, алаңдайды..

Ол Қазақстанда сатылатын көкөністің көбінің үй жанындағы шағын шаруашылықтарда өсірілетінін, ал олардың сапасының жақсы екенін ресми түрде расталмайтынын айтады.


Мамандардың айтуынша, Қазақстанда өнімнің таза екенін дәлелдейтін арнаулы стандарт әлі жоқ

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда өнімнің таза екенін дәлелдейтін арнаулы стандарт әлі жоқ / Сурет Kapital.kz сайтынан алынды


Қазақстанда өнімнің таза екенін дәлелдейтін арнаулы стандарт жоқ, оны тексеруге қабілетті мамандар да аз. Стандарт болған күннің өзінде ауыл шаруашылық кәсіпкерлері өнімнің таза екенін растайтын сертификат алуға құлықсыз. Себебі, көбінің ақшасы жоқ, – дейді ғалым.

2002 жылы қабылданған "Өсімдіктерді қорғау туралы" заңның бірінші бабында берілген анықтама бойынша, пестицидтер (улы химикаттар) – зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ егiндi жинау алдында құрғатып алу, жапырақтарды түсiру және өсiмдiктердiң өсуiн реттеу үшiн пайдаланылатын химиялық, биологиялық және басқа да заттар.

Айта кетейік, осы жылдың басында ауыл шаруашылығы туралы 2017-2021 жылдарға арналған заң қабылдаған еді. Оған сәйкес, аталған секторды қолдауға алдағы бес жылда 2,37 трлн теңге бөлінуі тиіс.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары