Мемлекет басшысы қазір Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты.
Мемлекеттік қызметкерлер саны қысқарады
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің сапасын арттыру үшін олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет екенін айтты.
– 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер санын біртіндеп қысқартуға көшеміз. Одан босаған қаржыны пайдалы қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыруға бағыттаймыз.
– 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялардыағы жұмысшылар санын 25 пайызға, яғни төрттен біріне қысқарту керек, – деді Президент.
Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Азаматтық қоғамды қолдау керек, оны мемлекеттің өзекті тапсырмаларын талқылауға тарту қажет. Осы үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды, ол ротациялық принциппен жұмыс істейді.
Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру керек
Осылай дей келе:
– Білім экономикасы, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторына айналды. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз керек. Бұл мәселелер бойынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерімді Үкімет толық орындауға міндетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еңбек өнімділігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге артыруымыз керектігін баса айтты.
– Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделдімізді арттыру стратегиялық міндет. Бұл Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз, – деді Қ.Тоқаев.
Митинг өткізу үшін арнайы орын бөлу керек
– Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажет. Конституцияға сәйкес, азаматтарымызда өз ойын еркін білдіру құқығы бар. Егер бейбіт митингте заңды бұзбай және азаматтардың мазасын алмайтын болса, онда алаңға шығып өз ойларын айтуларына рұқсат беру керек. Митинг өткізушілерге арнайы жер беру қажет. Бірақ ондай орынды қаланың ішінен беруге тиістісіздер. Алайда, Конституцияға сай емес әрекеттерге, бұзақылық акцияларына қатысты кез келген шақырулар заң аясында тоқтатылады, – деді Тоқаев.
– Ортақ тапсырламаларды орындауда өзімнің көзқарастарымды айта кетсем деймін. Заманауи тиімді мемлекет! Мен уәде еткен саяси трансформацияны кезең-кезеңімен іске асырғанда мемлекет пен халықтың барлық мүдделері ескеріледі. Әлемдік тәжірибенің өзі көрсетіп отырғандай, жүйесіз саяси либерализация ішкі саяси жағдайда дестабилизацияға, тіпті мемлекетті жоғалтып алуға дейін әкелі соқтырады. Сол себепті біз саяси реформаларды алға қарай жүгірмей, нық әрі ойлы түрде жүргіземіз. Біздің іргелі қағидат – елдің қоғамдық-саяси жаңғыруынсыз табысты саяси реформа жүргізу мүмкін емес, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет осы мақсатқа ұмтылуы керек.
– Бұл саяси жүйенің формуласы – мемлекет тұрақтылығының негізі. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық конструктивті сауалдарын жерде қалдырмайтын тыңдаушы мемлекет концепциясын іске асыру. Тек тұрақты диалогтың арқасында үйлесімді мемлекет құруға болады, – деді ол.
Елдегі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуі керектігін айтты.
– Біріншіден, партиялы құрылым процесін жалғастыру керек. "Нұр Отан" партиясы – біздің көшбасшымыз және оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында күрделі әрі жауапты миссияны орындап келеді. Біз қоғам үшін пайдалы істерді тындырып жүрген басқа да саяси партиялар және қозғалыстармен серіктесуіміз керек.
– Біздің қоғамды мазалаған негізгі мәселелер көшелерде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте шешілуі тиіс. Депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуі керек, – деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойын ысырапсыз өткізу керек
– Келер жылы аталып өтілетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.
– Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ ең маңызды мерекеге – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажеттігін атап өтті.
– Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін, – деді Тоқаев.
Этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру керек
Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.
"Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!" деді Президент.
Тоқаев пайдаланылмаған жер телімдерін тәркілеуді тапсырды
Тоқаев мемлекеттен жалға алу негізінде жерді тегін алғандардың көбі оны бостан босқа ұстап, жұмыс істемей отырғанын айтты.
– Елімізде "латифундистер" қатары көбейіп келеді. Ауылшаруашылығы үшін берілген жерді тәркілеуге көшу керек, – деп тапсырды
Ұлтық компаниялар мен холдингтердің тиімділігін зерттеу керек
– Мемлекеттік компаниялар конгламераттарға айналып шыға келді. Мұны түсіну керек. Халықаралық бәсекеге қабілетке бұл айтарлықтай күмән туғызып отыр. Мемлекеттің экономикаға араласуын қысқарту үшін мен квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий жарияладым.
– Біз соңғы 14 жылда ұлттық әл-ауқат қорының халықтың жағдайын көтеруде қаншалықты пайдасы болғанын ұғынуымыз керек.
Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айдың ішінде талдау жүргізіп, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін зерттеуі керек.
Қазақстан Президенті қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалына кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты.
– Біз бұған жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын, – деді Қ.Тоқаев.
2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуге болады.
Қазақстан Президенті экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажеттігін айтты.
– Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек, – деді Тоқаев.
5 пайыз зейнетақы аудару 2023 жылға шегеріледі
– Үкіметке қосымша бес пайыздық зейнетақы аударымдарын енгізу мәселесін 2023 жылға дейін қалдыруды тапсырамын. Кейінірек осы мәселеге тағы ораламыз. Сол уақытқа дейін үкіметтегілер, бизнес өкілдері және сарапшылар бір келісімге келуі керек, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауына.
Үкімет тариф пен бағаны реттеуі тиіс
– Бұл монополистердің тауарлары мен қызметтеріне қатысты. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес. Мәселен, негізгі авиатасымалдаушының авиабилеттері еуропалық бағаға қарағанда неліктен 30 пайызға дейін қымбат?
Біздің әуежайлардың қызмет бағалары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін авиаотын отандық тасымалдаушыларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Оның айтуынша, жауапты министрліктің жұмысының әлсіздігінен темір жол, жолаушылар тасымалы билеттерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.
Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кетті.
– Менің бұл мәселе бойынша ұстанымым айқын. Бизнестің дамуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы керек.
Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. Сонымен бірге, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қатаңдату керек, – деді Президент.
Мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өседі
– Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.
Сонымен қатар Президент, оқулық сапасының төмендігін сынады.
– Оқулық сапасының төмендігі – өзекті мәселе. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды, – деді Мемлекет басшысы.
– Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет, – деді Тоқаев.
Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет
– Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл– ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары мүлде өскен жоқ.
Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Осы мәселені есепке ала отырып, Президент Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуі тиіс екенін атап өтті.
– Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек, – деді ол.
Ұлттық қор қаражатын жұмсауды қысқарту қажет
Президент бизнеске бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.
– Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге арттыруымыз керек. Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет. Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 трлн теңгеге дейін азаюы тиіс.
– Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңын дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – Президент.
ЖОО саны да қысқаруы тиісті
– Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге жетіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарастыру керек, – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттердің де бар екендігін атап өтті. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш салатынын айтты.
Медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету
– Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды.
– Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржыландырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Ендігәрі қателік жіберуге қақымыз жоқ, – деді Президент.
Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
– Үкіметке тұрғын үй құрылысының бірыңғай моделін дайындап, өзара алшақ бағдарламалар қабылдаудан кетуді тапсырамын. Мәселен, "7-20-25" бағдарламасы о баста әлеуметтік бағдарлама болады деп күтілген. Қарыз алушының отбасылық орташа табысы айына 320 мың теңге болуы керек еді. Табысы мардымсыз адамдардың қалтасы ол бағдарламаға қатысуды көтермейтін болып шықты.
Сондықтан, биыл Елбасының бастамасымен жеңілдік мөлшерлемесі 2 пайыз, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын "Бақытты отбасы" жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл –айтарлықтай тиімді шарт. Жыл соңына дейін алты мыңға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша баспаналы болады. Бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала асырушы жанұялар қамтылады. 2020 жылдан бастан жыл сайын 10 мың осындай отбасы баспанамен қамтылады, – деген Президент Үкіметке бағдарламаға қатысудың айқын критерийлерін дайындауды жүктеді.
"Шынымен де тек мұқтаж адамдарға қолдау көрсетілуі керек"
– Үкіметке алдағы үш жылда кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Олардың саны қазір 30 мыңға жуық. Табысы жоқтарға жеке баспана сатып алу үшін әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру керек. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге қарастырылған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке "Дарынды баланың қабілетін дамытудың" жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек, – деді Тоқаев.
Дипломмен ауылға бағдарламасының аясы кеңейтіледі
– Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы, – деген Мемлекет басшысы "Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажеттігін айтты.
– Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.
– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл – бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент өз сөзінде 2020 жылы волонтерлер жылы болатынын еске салды.
Маңызды міндеттердің бірі – жастар мен студенттерді ерікті жұмысқа тарту, оларға белсенді өмірлік позицияларды сіңіру. Бұл – азаматтық қоғамдық бекемдеуде жұмысымыздың маңызды бөлігі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға 58 млрд теңге бөлінеді
Президент отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керектігін атап өтті.
– Жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюуі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
– Президент ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өтті. "Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы тұғырнамамда айттым. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасыратындар бар
– Мемлекет мұқтаж азаматтарды қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Бірақ, қабылданған соңғы шаралар тиімді болды дей алмаймыз. Осының салдарынан патроналистік көңіл-күйдің айтарлықтай өсіп кеткенін байқап отырмыз. Соңғы 5 жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны Қазақстанда 70 мыңнан жарты миллион адамға дейін көбейді. Әлеуметтік қолдауға бағытталған бюджет қаражатының көлемі 2017 жылдан бері 17 есе өсті.
Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдардың саны артып барады. Ең жаманы, олар әлеуметтік көмек алу үшін өз табысын жасырады. Ауқатты адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алып келгені туралы БАҚ-та жарияланды, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент Қазақстанның Констиуция бойынша әлеуметтік мемлекет екенін қайтара атап өтті.
– Сол себепті мемлекет өз азаматтары алдындағы міндеттемелерін орындауы тиіс. Үкімет өз міндетін орындау кезінде осы қағидатқа сүйенуі керек, – деді ол.
Азаматтар зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсай алуы керек
– Алдағы жылдары жағдай өзгеруі мүмкін. Зейнетақы жинақтаушы азаматтардың саны айтарлықтай азайып, зейнеткерлер саны артады. Бұл жағдайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табыс көлемі де төмендейді. Сондықтан, Үкіметке Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін тиімді ету бойынша маңызды жұмыс істеу керек. Қазір жұмыстағы адам өзінің зейнетақы қорын зейнетке шыққаннан кейін ғана пайдалана алады. Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін қолдану ниеті түсінікті.
Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы, баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін. Шығындарды азайтып, активтерді инвестициялық басқарудың сапасын жақсарту үшін Үкіметке бюджеттік жүйені шоғырландыру мәселесін зерделеу, әлеуметтік қамтамасыз етуде бірыңғай әлеуметтік қор мен бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.