Тікелей эфир

Ауған соғысының ақиқаты. Ауған елі туралы қызықты деректер

Informburo.kz иллюстрациясы
Informburo.kz иллюстрациясы
Биыл КСРО әскерінің Ауған жерінен шыққанына 30 жыл. Он жылда Кеңес Одағы қандай жұмыстар істеді? Ауғанстан кеше қандай болды? Бүгін қандай ел? Жаңаша көзқарас.

Жалпы Ауғанстан мен ауған мәселесіне кешегі Кеңестік кезеңнің көзқарасымен емес, жаңаша тәуелсіз ел ретінде қарайтын уақыт жетті. Кеңестік идеологиямен тәрбиеленген адамдар үшін оғаш болса да Ауғанстанның өзалды үлкен ел екенін мойындайтын, өзара байланысты күшейтіп сенімді де пайдалы барыс-келісті дамытатын кез келді.

Ауғанстан Ислам республикасы – 1919 жылы тәуелсіздік алған оңтүстік батыс Азиядағы теңізбен шектеспейтін құрлықтық мемлекет. Жан саны 32 млн. Тығыздығы – 48,36 адам/км² (40). Жер аумағы – 647 500 км² (41-орында).

Оқи отырыңыз: Айнуддин Муради: Ауған қазақтары елге қайтқысы келеді

Ауғандар Қазақстанды жақсы көреді

Ауғанстан қазақтарға жат емес.

Бір қарағанда тіке шегара болмағанмен Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан арқылы баруға болады. Кеңес Одағының қысымы мен қудалауына түскен мыңдаған қазақ сонда барып паналады. Бүгінгі ауғандағы қазақтар солардың ұрпақтары. Соғыстан шаршаған ауған халқына Қазақстан үнемі түрлі көмек көрсетіп келеді.

– Мамандарды тәрбиелеп беріп жатқанымыз да сол жақындықтың айғағы. Сириямен салыстырғанда елімізге жақын әрі әсері де мол, – дейді 1984-1985 жылдары Кеңестік биліктің тапсырмасымен Ауғанстандағы жергілікті билікке кеңесші болған, экс-сенатор, саясаткер Жандарбек Кәкішев ағамыз.

Оқи отырыңыз: Ауғанстан. Әділетсіз соғыстың соңғы сардарлары


Жандарбек Кәкішов

Жандарбек Кәкішев


Жандарбек ағамыз түрлі жиындарда, БҰҰ-да өткен кездесулерде ауған саясаткерлерімен үнемі жақын жүретінін, олардың Нұрсұлтан Назарбаевті қатты бағалайтынын айтты.

Қазақ халқын да жақсы қабылдайды. Кеңес әскері Өзбекстан мен Тәжікстан арқылы кіргендіктен қарапайым ауған халқының бұл елдерге әлі де күмәнмен қарайтыны рас.

КСРО-ның арнайы мамандары не жұмыс істеді

Повлодарлық Серік Шайкин, Амангелді Ашитов, Владимир Дучев, атыраулық Меңдеш Салықов сияқты бірнеше қазақстандықтар әр түрлі провинцияларда кеңесші болды.

– 1984 жылы арнайы дайындалған 21 адамның бірі болып Ауғандағы сол кездегі 26 провинцияның бірі, 600 мыңға жуық халқы бар Фарьябтың орталығы Маймене қаласына келдім. Онда, жергілікті биліктің жастар ісі бойынша кеңесшісі болып 1985 жылдың соңына дейін жұмыс істедім, өмір мен өлім ортасында жүрдік, – дейді Жандарбек ағамыз.

Оқи отырыңыз: Әділетсіз соғыс

Дұшмандардың тіке шабуылынан сақтану үшін тұрған бөлмелерінің терезесін кішірейтуге тура келген. Және қараңғылап тастаған. Қолда қарудың түр-түрі бар. Өйткені кейде қарсы шабуылға шығуға да тұра келеді. Жандарбек ағамыздың алдындағы кеңесші Николай Серов қаза тапқан. Гена Кулаженко тұтқынға түссе, Амангелді Ашитов сол жақта қайтыс болды.

Кеңесшілер басқа да түрлі іспен айналысты. Мысалы, Газни провинциясында дәл осындай қызмет атқарған Александр Слабоданюк шаруаларға көмектесіп, бидай егіпті. Бірнеше шақырымға созылған егістікке БТР әскери көлігімен барып тұрады екен. Дұшмандардың шабуылына ұшырап жараланғаннан кейін ол жұмысты тастайды.


Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Кеңесшілер де автомат асынып соғысқа дайын жүреді

Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Кеңесшілер де автомат асынып соғысқа дайын жүреді / Жеке мұрағаттан


– Біздің Кеңес Одағының тапсырмасымен барғанымыз оларға да айқын, – дейді Жандарбек Кәкішев. – Ондағы халық, тіптен дұшмандар да бізге түсіністікпен қарады. Мысалы, Амангелді Ашитов дұшмандардың иелігіндегі жерлерге де өте беретін. Олар да "О, қазақ келді" деп жылы қабылдап, шайын беріп, шығарып салатын. Әрине, оған да батырлық, жүрек керек. Сірә, барлығына түсіністікпен қарап, барлық жерде өзінің кім екендігін дәлелдеген мықтылығынан болса керек.

Ауғанстан 6 елмен шектеседі: Батысында Иранмен, оңтүстік-шығысында Пәкістанмен, солтүстігінде Түркіменстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Үндістанмен (дұрысында Үндістан, Қытай және Пәкістан таласатын Джамму және Кашмир аумағымен).

Нарықтық экономика бұрыннан бар

Жалпы Кеңес Одағының алып зауаттары мен мемлекеттік монополиядағы өндірісін көрген біздің адамдар Ауғанстанға мүсіркей қарады. Бұл дұрыс емес еді.

– Тарихтағы Жібек жолының өтінде болған Ауғанстанда сауда мен ұсақ бизнес қалыпты өмір салтына енген. Біздің қазіргі айтып жүрген нарықтық экономикамыз оларда бұрыннан бар екенін өз басымызға түскенде ғана түсіндік. Мысалы, қандай соғыс болып жатса да оларда ең қажетті тұрмыстық бұйым, қант, нан, тұз, ет секілді азық-түлік бағасы тұрақты әрі қол жетімді. Мәселен, сол кезде Алақадри (аудан) орталығы ШринТагоб қаласынан жиырма тоғыз түрлі өнім экспортқа шығарылған.

Мұнда белгілі өреге жеткенге дейін өзара зат айырбасы түрінде болатын тарихи сауда мәдениеті орныққан. Мысалы, бір бала таңартең сағат дәл он бірде біздің жұмыс орнымыздың алдынан өтеді. Өзінің белгілі дауысы бар айқайлатын. Ол қандай қарлы, жаңбырлы, боранды күндер де ешқашан кешігіп көрмеген. Клиенттерге деген жауапкершілігі мен адалдығы сондай қайран қалдырады.

Бала кімнің, қай күні, қанша нан алатынын жаттап алған. Барып әр үйдің кішкене терезесінен тастап кете береді. Ақшасын қандай жолмен, қалай алатынын білмейсіз. Сол өзара ішкі келісім мен зат айырбасы арқылы келісетіні белгілі. Саудагерлердің уәдеге беріктігі сондай, сіз келіскен затты айтылған уақытта, дәл кезінде жеткізеді және еш артық сөзсіз, – деп еске алады Жандарбек аға.


Маймене, 1985 жыл. Сенбілік

Маймене, 1985 жыл. Сенбілік / Жеке мұрағаттан


Тайпалық өзін-өзі басқару орныққан

Мәселен, онда ауылдар этникалық құрамдарына қарай бөлек-бөлек орналасқан. Өзбек ауылының өз ақсақалдары мен басшылығы бар. Әр ұлт өз тілдерінде білім алады. Бір-біріне қыз берісу негізінен аз.

Әр ауылда бұрыннан келе жатқан ақсүйек отбасылар бар. Олар ақсақалдардың келісімімен, өзара кезектесіп билік жүргізеді. Шамаларынша өз орындарын сақтауға тырысады. Сол отбасылардан сайланған депутаттар Кабулға жіберіледі. Егер бұл отбасында белгілі бір ұятты іс болып қалса, онда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан статустан да, құрметтен де айырылады.

Әскерге баратын жастар алдымен провинцияда міндетін өтегеннен кейін ғана Кабулға қызметке жіберіледі. Салық жинау да жергілікті билік арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішкі ісіне басқа тайпалардың, орталықтың тікелей араласуына белгілі дәрежеде шектеу қойылған.

Ауғанстанда 30-дан астам ұлт өмір сүреді. Ауған халқының 52%-ын пұштұндар, 20%-ын тәжіктер, 9%-ын хазарлар, 9%-ын өзбектер құрайды. Мемлекет тілі – пұштұн және дари тілі. Сонымен бірге өзбек және хазар тілдері де қолданылады. Батыс солтүстігінде түркілер – өзбектер, түркімендер және хазарлар, қырғыздар тұрады.


Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Паратқа губернатор Хашим Захмат, Кеңесші Жандарбек Кәкішов қатарлы Ауған және КСРО өкілдері қатысты. Парат барысында шабул болған

Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Парадқа губернатор Хашим Захмат, кеңесші Жандарбек Кәкішов қатарлы Ауған және КСРО өкілдері қатысты. Парад кезінде дұшмандар шабуылы болған / Жеке мұрағаттан


Ақсақалдық билік пен ар-ұждан

Ауғанстанда ақсақал мен анаға деген құрмет ерекше. Тіпті, бай-кедейге бөлмейді. Мысалы, алаңда доп ойнап жатқандардың жанынан бір ақсақал өтсе жастар ойынды доғарып, құрмет көрсетеді. Ауылдағы барлық дау-шар, өлім-жітім, той-томалаққа қатысты шешімдерді ақсақалдар қабылдайды.

Ал жастардың тәрбиесі сол ата-әжелердің қатаң да мықты өнегесіне қарай қалыптасқан. Көшпелі халықтың "уәде – Құдай сөзі" деген түсінігі бар. Өтірік айту жоқ.

– Егер біреудің намысына тисеңіз және қараласаңыз жазасыз қалмайсыз. Тіпті, балаларына да, қалжыңдап та байқап сөйлеу керек. Оған сот жүрмейді. Дәл солай біздің бір кеңесшіміз тойда бір ақсақалды арақ ішіп боқтағаны үшін улап өлтіргенін елдің бәрі айтып жүрді, – дейді Жандарбек аға.

Мұнда қатты боянып-тарану, такаппарлану, сабырсыздық, өзін ұстай алмау, мақтаншақтық сынды санаға жат нәрселер "тума ауру" деп саналады екен. Егер, ауылда, бір келеңсіз іс істеп қойсаңыз, тәрбиесіздік көрсетсеңіз – елдің сенімінен айырыласыз, абыройыңыз айрандай төгіліп, ұрпақтарыңызға да кесіріңіз тиеді. Сол үшін әр отбасы, әр адам барынша саналы да тәртіпті, тәрбиелі болуға тырысады.

Міне, бұл берік қоғамдық дәстүрді қалыптастырған.

Тәрбие, білім

Ауғанстан біздегідей классикалық білім берумен қамтылмаған. Бірақ, әр адам өз шамасына, деңгейіне және өмір сүрген ортасының қажетіне қарай икемді де қажетті білімді ала алады. Сонымен бірге жақсы білім алуға, шетелде оқуға да мүмкіндіктері бар.

Ер балалар мен қыздар бөлек оқытылады. Әркім өзі үшін оқитындықтан сабақханада жоқтама жасалмайды. Сабақ сұрау, ұрсу, шектеу мүлдем жоқ. Тек анда-санда сынақ тапсырады.

Олар үшін диплом маңызды емес. "Оқыған білмейді, тоқыған біледі" деген қағиданы ұстанған. Әр отбасыдан алғашқы 1-2 бала оқиды. Олар қалған іні-қарындастарын оқытады.


Ауған балаларымен сөйлесіп отырған Жандарбек Кәкішов

Жетім балалармен сөйлесіп отырған Жандарбек Кәкішев / Жеке мұрағаттан


Шетелде оқитын, оқып келген адамдар бар. Жергілікті тайпада беделді Қарамолла деген азамат Кембрижді бітіріпті. Ал дұшмандардың ішінде Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргендер де болған.

Емдеу

Халықтық емдеу жалпыласқанмен кейбір жекелік классикалық емдеу орталықтары да кездеседі.

– Мен жұмыс істеген провинцияда бір жекелік емхана болды. Ондағы екі дәрігердің бірі Германиядан, екіншісі Индиядан оқып келген. Емхана тап-таза, әр бөлмесінде 1-2 ғана төсек қойылған, батыстық және шығыстық емдеу ұштастырылған өте сапалы қызмет көрсететін, – дейді Жандарбек ағамыз.

Ауғанстан – аграрлы ел. Экономикасының негізі – суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы. Жалалабад каналы мен Сарда су қоймасы бар. Қой шаруашылығы жақсы дамыған. Сонымен қатар миллиондаған ешкі мен ірі қара, түйе мен жылқы бағады. Бау-бақша өнімдері, бидай, жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы сияқты дақылдар өсіріледі.

Тамақтану және тазалық

Ауған халқы күндік және маусымдық тамақтану мәдениетін дәстүрге айналдырған.

Әр күні таңертең тұзды әрі сүт қосылған шай, қатқан нан, түсте жеңіл тамақтармен, кеште көшпелілер секілді өте жақсы тамақтанады. Мысалы, алдымен палау, одан кейін ет пен сорпа, сосын жеміспен шай ішеді. Шайдың түрі ішкен тамақтарының қасиеттеріне қарай әр алуан болады.

Қатты ыстық күндері көк, суықта қара шай ішетін. Яғни, әр маусымда қандай тамақтарды жеу керек екенін – ыстық және суықтық қасиетке ие ішіп-жемді үйлесімді пайдаланады.

Көктемде витамині көп деп түйе өркешінің майын шайға қайнатып ішеді. Қыста ет, жаз бен күзде жеміс пен маусымдық көктаттарды үйлесімді жеп, тамақтың әр алуандығына көңіл бөледі.

– Майменеде таудағы минерал суға жалғанған үлкен монша болды. Ауғандар қызған тасқа отырып жуынады әрі көк шайды ішіп отырады. Алдыңғы 2-3 тегене су тегін беріледі де кейінгілеріне ақы төлейсіз.

Біз монша иесіне насихат жүргізіп, билет сату кассасын қойдырттық. Сол күннен бастап онда ешкім келмейтін болды. Келетін су да тоқтап қалды. Ал иесі ренжіп дұшман жаққа өтіп кетті. Амалсыздан монша иесіне қайта жалындық. Әсілінде келетін су таудан құбырмен тартылған екен. Бізге ренжіген олар жоғарғы жағынан бекітіп тастаған болып шықты, – дейді.

Әр жұма намазынан кейін бүкіл қала бойынша тазалық ұйымдастырылып, гүл бақшалар, ағаштар суарылады. Сонымен бірге әр ағаш мемлекеттік есепке қойылған.


Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Көшедегі өгіз арба

Ауғанстан, Фарьяб. 1985 жыл. Көшедегі өгіз арба / Жеке мұрағаттан


Қыз-қатындар және некелесу салты

Ауғанстанда қыздар 12-13 жасынан бастап тұрмысқа беріледі. Алайда, қызды алған жақ 2-3 жыл оны өз орталарына бейімдеп, тәрбиелегеннен кейін ғана әйел ретінде қабылдайды. Былайша, айтқанда оған әлімжеттік жасауға, зорлауға жол берілмейді. Ондай қыздар бәйбіше атанады. Отырып қалған қыздар көбіне екінші әйелдікке беріледі. Ал жесірлерді үшінші тоқалдыққа алады.

Сонымен бірге, ислами дәстүрге сай оранып жүреді. Онда қыз зорлау, күйеуінің көзіне шөп салу деген неше ондаған жылда бір рет еститін сұмдық. Былайша айтқан ондай сорақылықтар атымен жоқ деуге болады.

Әрине, жасы оннан асқан қыздарды отбасы әсемдікке, үй жұмысына тәрбиелеп, жақсы орынға кетуіне дайындайды. Бір үйдегі ана 3-4 бала табады. Одан көп бала табуға онша құлықты емес. Ондағы себеп, ауған халқы аналардың қуаты кемігенде бала тумауға тырысады. ондай балалардың денсаулығына күмәнмен қарайды. Сонымен бірге, мүгедек балалардың туылуына жол бермейді.

Сонша әйелдері бола тұра барлық қатындарын "балаларымның анасы" деп құрметтеп, аттарын да атамайды.

Бір қызығы, мұнда тұрмысқа шыққан орыс, ағылшын, неміс қыздары да бар. Олар да ауған халқының әйелдерді қатты құрметтейтінін, ешқандай қысым мен қиындық көрмейтінін айтып отырады екен.

Демократиялық сайлау бар

Жандарбек ағаның айтуынша Ауған жастарының патриоттық тәрбиесі мен әскери дайындығы бізден кем болмапты.

Онда партиялар ара тартыс жиі болады екен.

Мысалы, Фарьяб провинцияда Халық, Парчам (байрақ), Коре (еңбек) қатарлы үш партия болды.

Билікте үш партияның өзара теңдігін сақтауына мүмкіндік жасалған. Мәселен халық партиясының адамы губернатор болса, Прачам партиясының төрағасы губернаторың орынбасары болады, еңбек партиясы басшысы халықтық демократиялық кеңестің төрағасы болады екен, яғни бір партияның күш алып, дара билеуіне жол берілмейді.

Әр адам өзі таңдаған партияға дауыс беріп, сол арқылы мүдделерін қорғайды.


Ауғанстанда / Жеке мұрағаттан


Ауғанстан өнеркәсібін су электр стансалары мен әскери-механикалық зауыт сияқты бірді-екілі кәсіпорындар құрайды. Солтүстік шекарасында газ құбыры тартылған. Тас көмір мен цемент өндіріледі. Өңдеуші кәсіпорындар мақта мен жүннен мата тоқиды, жасанды жібек шығарып, аяқ киім тігеді. Экспортқа негізінен қаракөл елтірісі мен жүн шығарылады.

Ауғандағы қазақтармен кездестім

Мен тұрған провинцияда бұрын Қозы деген қазақ ауыл болыпты. Алайда, коммунистер келді дегенді естіп, бір жолда, түп қотарыла Иранға көшіп кеткен екен, – деп әңгімесін жалғастырды Жандарбек ағамыз.

Содан жалғыз қазақ саудагері қалғанын естідім. Өз дүкені де бар екен. Әсілінде, бір баласы Кеңес адамдарына аспаз болып жұмыс істегеннен кейін, баласын қимай көшпей қалыпты. Кейін танысып араластым. Ауқатты ақсақал бұрын Маңғыстау облысында тұрған адай болып шықты. 1920 жылдардағы қысым кезінде Түркіменстанға, одан жылжып Ауғанстанға көшкен қазақ ауылы екен.

Реті келгенде қонақта да болдым.

Ондағы қазақтарда қыздарын басқа ұлттарға беру негізінен жоқ. Бірен-саран өзбектерге беруі мүмкін. кейін атамыздың сол аспаз ұлы Жамбыл облысына көшіп келді. Үш әйелімен сонда тұрады. Ал басқа провинцияларында қазақтар көп.

Ауған елі КСРО-ны неге күліп қарсы алды

Ауғанға КСРО әскері кіргенге дейін екі ел арасында берік достық қатынас орнаған болатын. Мәселен сол кезде Ауғанстанның билеушісі Дәуіт шах "Кеңес Одағы азаматтарына күліп қарауымыз керек" деген мазмұнда қаулы шығарыпты. Тіптен, екінші дүниежүзілік соғыста неміс әскерлерінің КСРО-ны басып алып, Ауғанға ауыз салуынан қорыққан билігі КСРО еліне алтын-күміс секілді заттай көмектер жөнелткені туралы мәліметтер бар.

Кейін 1977-1979 жылдарда Ауған елінде ішкі бөлінушілік басталды. Ел ішіндегі билік таласынан 1978 жылы Мұхаммед Дауд шахты өлтіреді.Билік КСРО қолдаған Халықтық демократиялық партияға өтті. Алайда ішкі алауыздық КСРО ықпалындағы билікке қатер төндірді. Олар Кеңес билігінен әскер жіберіп көмектесуді сұрады.

Міне бұл шекарасын кеңейтіп, Орта Азиядан Тынық мұхитқа дейін ықпалын жүргізуді көксеген коммунистік биліктің ойлаған жерінен шыққан еді. Осылайша КСРО билігі Ауғанстанға әскерін кіргізіп, жергілікті билікке көмектесіп, басқаруға өз ықпалындағы саяси тұлғаларды енгізді.


Ауғанстан. Жастармен, балалармен кездесуден кейінгі естелік сурет

Ауғанстан. Жастармен, балалармен кездесуден кейінгі естелік сурет / Жеке мұрағаттан


Әрине, Кеңес әскерлері өздерінің отан алдындағы борышын адал атқарды. Алайда соғыс өрті тоқтағанның орнына онан әрмен өршіді.

Ауған халқын ренжіткен Кеңестік биліктің үш қателігі

Жандарбек ағамыздың айтуынша, Кеңес Одағы ұсынған басқару жүйесімен ондағы жергілікті халықтың таным-түсінігі сайкес келмеген.

– Тарихи қалыптасқан таным-түсініктеріне, салт-дәстүрлері мен діни сеніміне шектеу қоя бастадық. Халықта реніш пайда болды.

Кеңес әскерлерінде де "біз державамыз, жеңеміз" деген қате түсінік болғанын айта кету керек.

Екіншіден, Ауғанстандағы әр тайпа, әр ұлтта жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі орныққан. Билікті, салық жинауды орталықтандыру саясаты жергілікті тайпа көсемдерін биліктен де, байлықтан да айыратын еді. Бұл олардың қарсылығын тудырды.

Үшінші қателік, Ауғанстанның тарихи қалыптасқан нарықтық жүйесіне жоспарлы экономиканы енгізуге күш салдық. Жергілікті халықтың ар-намысына тиетін істер, күш көрсетулер де жиі болды.

Сонымен, халық КСРО көмектесуге келмегенін түсінді.

Кеңес әскері неге шегінуге мәжбүр болды?

1980-1989 жылдар аралығында Кеңес Одағының жоспарлы экономикасы жаңа заманның талабына жауап бере алмай, күйрей бастады. Оның үстіне, биліктегі жеке басқа табынушылық та мемлекеттің рухани тірегін құлдыратты.

– Әрине, қуатты қару-жарағын, ұшақтары мен танктері, бронды көліктермен келген Кеңес әскері басында жеңістің дәмін татқанымен, кейін жергілікті халықтың коммунистерге қарсылығы үдеді. Оған батыс елі арқылы қолдаушылар да келді. Осылайша, дұшмандар күш алып, партизандық соғысқа көшті.

Біз жергілікті әкімшілікті, сол өңірді бақылауда ұстадық. Ал төңірегімізді дұшмандар билеп тұрды, – деп еске алады Жандарбек аға.

Жандарбек ағамыздың айтуынша Талибан қозғалысының алғашқы жауынгерлері Пәкістанда тәрбиеленген.


Ауған партизандары

Ауған партизандары / topwar.ru


Соғыс кесірінен жетім қалған балаларды жинап, Пәкістанда арнайы дайындықтан өткізіпті. Олар Талибан қозғалысы болып қалыптасты. Бұған қарсы КСРО да жетім балаларды жинап, осындай лагерлерді Шымкент және Тараз қалаларында дайындаған болатын.

Соңында КСРО әскерін шығарып әкетуге шешім шығарды. Бұл лагерлер де КСРО әскері Ауғанстаннан шығып кеткеннен кейін таратылды.

Ауғанстанның 2017 жылы жалпы ішкі өнім 70 млрд $ жетіп, жалпы тізімде 96 орынға көтерілген. Жан басына шыққанда 1888$ құрап отыр.

Кеңес әскерінің шығарылуы Ауған халқына трагедия әкелді

Жандарбек ағамыздың айтуынша, КСРО әскері шығарылған күннен бастап дұшмандар, талибандар КСРО қорғауында болған елді мекендерді жаулай бастаған. Сонымен Кеңестік билікті жақтаған, соларға қызмет істеген, жергілікті биліктің құрамында болған, әскерге барған барлық адамдар олардың қырғынына, қудалауына ұшырады. Тіптен, мемлекеттің, ұлттың жауы ретінде қаралды.

Ал КСРО Ауғаннан қашып келгендерге босқын мәртебесін беруден аса алмады. Қазір де сол кезде қашып барған ауған азаматтары Ресейде, Орта Азия елдерінде көптеп кездеседі.

Ауғанстанның ерекше ел екенін түсінетін кез келді

Ауған соғысының қалай басталып, қалай аяқталғанын көзімізбен көрдік. Сол Ауғанды да иеленгісі келген коммунистік билік ақыры жеңілісін мойындады. Бұрын басып алған Орта Азия елдерінен де айырылып қалды.

Кеңестік билік ауғандағы қуатты тарихи таным-түсінікті, діни сенімді, салт-дәстүрді, өзін-өзі қорғау және сақтау дәстүрін бұза алмады. Тек қырғын салып, адамдардың жүрегіне, тарих парағына өшпес қанды із қалдырды.

Ауғанстан тарихи өркениеттің үзілмеген мекені. Онда өшпейтін нарықтық даму, үзілмес рухани тірек, мызғымас сенім мен қуат бар.

– Бір елді күшпен жаулап алуға болмайды. Ауғанстан – тарихи қалыптасқан үлкен ел. Әрине, түрлі саяси ойындардың құрбаны болып келгені рас. Оның үстіне орыс, қытай, үнді, парсы, араб қатарлы әлемдердің түйілісіне орналасқан стратегиялық маңызы зор, кен байлықтары мол аймақ. Өзара түсіністікпен қарап, көмектесуіміз, саяси одақтасымыз ретінде қалыптасуына ықпал етуіміз керек.

Тек саяси жақтан ғана еемс инвестициялық жобалар арқылы да жұмыс істеуге мүмкіндіктер мол екенін түсінуіміз керек, – деп түйіндеді Жандарбек аға.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары