Тікелей эфир

Атыраудағы балықтың жаппай қырылуын журналистік зерттеуге қазақстандықтар қаражат жинады. Жаңалықтарға шолу

Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілді. Алдағы демалыста Қазақстанда күн суытады.

"Халық банкі" сәуір айында Өзбекстаннан бөлімшесін ашады

Алғашқыда банк тек заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді, жеке тұлғаларға қызметті жылдың аяғына қарай жүзеге асырады. "Халық банкі" АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банктің бөлімшесі орналасатын ғимараттың дайын екенін мәлім етті.

Жаңа Зеландия мешіттеріндегі атыста 49 адам мерт болды

Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі бірдей мешітте атыс болды. New Zealand Herald басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, Линвуд мешітіндегі атыстан – 7 адам, Хэгли паркіндегіде – 41 адам қайтыс болған. Полиция төрт күдіктіні ұстады. Оның біреуі – әйел, үшеуі – ер адам.
Қала билігі басқа мешіттерге есіктерін жауып алуға, ал халыққа жағдай тынышталғанша үйден шықпауға кеңес берді. Жаңа Зеландияның Премьер-Министрі Джасинда Ардерн бұл оқиғаны "Жаңа Зеландия тарихындағы ең қаралы күндердің бірі" деп атады. Крайстчерч қаласындағы қанды қырғын теракт деп танылды.

Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілді

Ислам Әбішевтің уақытша қызметінен шеттетілу себептері әзірге белгісіз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат түспеді деп мәлімдесе, Астана қалалық соты И.Әбішевті қамауға алу туралы істің қаралмағанын хабарлады.

Жомарт Ертаев Қазақстанға экстрадицияланды

ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері қылмыстық жауапқа тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялады. Қазір ол Астана қаласының тергеу изоляторында. Оған былтыр наурыз айында халықаралық іздеу жарияланған болатын. Бүгінге дейін одан 15 млрд теңге өндіріп алынып, 48 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.

Атыраудағы балықтың жаппай қырылуын журналистік зерттеуге қазақстандықтар қаражат жинады

Hola news жобасының журналистері оқиғаны зерттеуге кететін қаражатты (380 мың теңге) халықтан жарты сағаттың ішінде жинап алды. Бұл қаражат екі журналистің Алматыдан Атырауға дейін жүретін жол шығынына, сондай-ақ тұрғын жайларын жалдауға жұмсалады. Тілшілер сапар барысында жұмсалған әр тиынның есебін береміз деп отыр. Сонымен қатар өңірден шынайы репортаждар беруге уәде етті.
Айтқандай, бұл – елімізде краудфандинг есебінен жүзеге асырылатын бірінші журналистік зерттеу болмақ. Бұл мақсатта әлі 4 күн бойына қаражат жиналады. Бірінші күннің өзінде 416 500 теңге келіп түскен. Артылған қаражатты еліміздің өзге өңірлеріндегі басқа да проблемаларды жариялауға жұмсау да жоспарланған.

ҚБТУ-ды Н.Назарбаев атындағы білім қоры сатып алды

Қазақ-Британ техникалық университеті мен студенттер жатақханасының ғимараты 11,3 млрд теңгеге сатылды. Сатып алушы тарап, яғни Динара Құлыбаева директорлық ететін қор бұл соманың 30 пайызын төлеп тастады. Жаңа иесі 10 жылға дейін университет қызметінің бағдарын өзгерте алмайды. Бес жылға дейін студенттердің жатақханада тұру шарттары сақталады. Бұл шарттар орындалмаса, келісім-шарт бойынша айыппұлдар салу қарастырылған.

Қазақтелеком, Эйр Астана мен ҚазМұнайГаздың халықтық IPO-ға қашан шығарылатыны белгілі болды

Астана халықаралық қаржы орталығының өкілі Тим Беннеттің айтуынша, "Қазақтелекомның" акцияларын халықтық IPO-ға бастапқы орналастыру мерзімі мамыр айына, "Эйр Астананікі" – 2019 жылдың күзіне, "ҚазМұнайГаздікі" – 2020 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы демалыста Қазақстанда күн суытады. 16-18 наурызда республиканың көптеген облыстарында ауа температурасы төмендейді. Антициклон кірер алдында Қазақстан арқылы жылжитын суық атмосфералық фронттардың әсерінен кей жерлерде жауын-шашын болады. Жаңбыр, жылбысқы қар жауады. Жел күшейіп, әдеттегідей көктемнің алдында түнде және күндіз тұман түседі.
24.kz: Елімізде сапасы ең нашар жол қай өңірде? Ең ұзын жол Шығыс Қазақстан облысында 8,5 мың километрден асады. Ал ең қысқасы- Маңғыстау облысындағы жолдар. Есесіне сапасы жоғары. Ең нашар жол Батыс Қазақстанда тіркелген.

Baq.kz: Әліппе қайтарылады. Менталитетімізге сай тарих оқулығы дайындалады. Ақтөбеде жұмыс сапарымен келген БҒМ К. Шәмшидинова осылай мәлімдеді. Министрдің айтуынша, елде балаға білім беретін педагогтарды қайта даярлау қолға алынды. 144 мыңнан көп мұғалім курстардан өтеді. Мектеп психологтары, сынып жетекшілері де қайта даярланады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары