Тікелей эфир

Астанада 15 шілдеден кейін автобустарда қолма-қол жолақы қымбаттайды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астанада енді қоғамдық көлікте жолақы сараланған (дифференциал) тариф бойынша төленеді. Ол қандай тариф? Жолақы неге қымбаттай береді? Әңгімені содан бастайық.

Жолақыдан жылына бірнеше миллиардтаған теңге қазынаға түспейді. Жүргізуші мен кондукторлардан бастап жолаушылар тасымалымен айналысатындар ебін тауып қалтасына басады.

Былтыр жыл соңында осылай деген Астана LRT есепсіз жолақыға тосқауыл жасауды енді қолға алды. Басты мақсат – әр тиынды электронды есепке алу.

Оқи отырыңыз: Астанада автобуста көлік картасын қолданбайтындарды бақылау күшейеді

Картамен төлеу жымқыруды жояды

Жалпы жолақыны электронды картамен төлеу жобасының іске асқанына бірнеше жыл болды. Бірақ жолаушылар соған әлі күнге құлықсыз.

Астана LRT сараланған (дифференциалды) тарифті енгізуді жолақыны электронды төлем жүйесіне толық көшірудің бірден бір амалы деп отыр. Өткен аптада қоғамдық тыңдауда осы мәселе талқыланды.

Жиында Астана LRT ЖШС директоры Бекмырза Игенбердинов:

– Автопарктердің жағдайы мүшкіл. Қолды болып жатқан қаражатты қазынаға қайтармасақ, жолақы бағасын бұдан әрі бір қалыпта ұстау қиын, – деді.

Оқи отырыңыз: Astra Plat көлік картасын қалай алуға болады?

– Негізгі мақсат – картамен жолақы төлеуге жолаушыны үйрету. Біз сол арқылы жұрттың қай бағытта көп жүретінін біліп, жолаушылардың нақты санын анықтап, жалпы қозғалыс жүйесін күнделікті сараптап отыратын боламыз

Компания төлем картасын ал деп ешкімді міндеттемейді. Тиімді екенін жолаушының өзі көреді. Өйткені картамен жолақы – 90 теңге болып қалады да, ал қолма-қол төлем екі есеге өседі.

Мезі қылатын кондуктордан арыламыз

Жаңа келісімшарт бойынша, жолақы өссе қызмет сапасы да артуы тиіс. Ол үшін үлгілі жүргізуші марапатталып, ереже бұзғандарына айыппұл салынатын болады.

Төлемнің бәрі картаға ауысатындықтан, автобустарда кондукторлық қызмет болмайды.

Оқи отырыңыз: Автобуста билет алмаған жолаушы 68 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін

– Қазір мыңнан астам кондуктор жұмыс істейді. Оларды, әрине, жұмыссыз қалдыра алмаймыз. Алдағы уақытта диспетчерлік және басқа да кеңсе жұмыстарына тарту ойымызда бар, – деді Бекмырза Игенбердинов.

Қазір жолаушылардың 36 пайызы ғана картаны қолданады

Астана LRT мәліметінше, бүгінде атаулы карта иелерін қосқанда картаны қолданушылар саны – шамамен 200 мың, жалпы жолаушылардың 36 пайызы. Демалыс күндері 381 мың, жұмыс күндері 563 мың рет көлік картасымен төлем жасалады.

2016 жылдың қаңтар айынан бастап 2018 жылдың мамыр айына дейін 137 397 көлік картасы сатылған.

Оқи отырыңыз: Астанада "BUS/километр" жүйесі сынақ түрінде енгізіледі. 3800 теңге туралы әңгіме әлі аяқталған жоқ

Ал 2018 жылдың маусым айының алғашқы екі аптасында бұл көрсеткіш күрт өсіп, 12 027 көлік картасы сатылды.

Сонымен қатар, 125 мың көлік картасы мектеп оқушыларына тегін таратылды.

Картадан басқа 10 рет жүруге болатын электронды қағаз билет те бар

Ол қоғамдық көлікке күні түскен кезде ғана отыратын адамдарға және аз уақытқа келген қала қонақтарына арналған. Соңғы бір жарым айдың ішінде осындай билеттің 911-і сатылыпты.


Бұл картаға ақша салынбайды

Электронды кағаз билет RTVM терминалдарында сатылады / Фото AstanaLRT фэйсбук парақшасынан алынды


Бұл билеттерде электронды картаның барлық артықшылығы сақталған. Бір сағат ішінде қалауыңызша автобустан автобусқа ауысып мінуге болады. Ал жол жүру құны 90 теңге болып қала береді. Картаның да, ішіндегі бірліктердің де қолдану мерзімі қарастырылмаған.

Оқи отырыңыз: Астаналық автобустар жаңа жылдан бастап толық электронды төлем жүйесіне көшеді

Яғни, картадағы 10 рет жол жүру мүмкіндігін қанша уақыт болса, қалауыңызша пайдалана аласыз. Пластик картадан айырмашылғы ішіндегі қаражат біткенде қайта толтыра алмайсыз.

Жұртты жаппай электронды төлем жүйесіне көшіруге компания білегін сыбана кірісті. Картаны алуды да, оған ақша салуды да еш кедергісіз жүзеге асыру жағын ойластырып жатыр.

Көлік картасына ақша салу оңай болады

Астана LRT басшысының айтуынша, сараланған тарифті енгізбес бұрын, көлік карталарына Qiwi, Kaspi.kz терминалдары, интернет-банкинг арқылы, www.alrt.kz сайтында онлайн төлеу мүмкіндіктері қарастырылады.

Бүгінде Qiwi төлем жасауға болады.



– Бүгінде банктермен және тиісті мекемелермен келісімшарт жасасып қойдық. Жұмыстар жасалынып жатыр, – деді Бекмырза Игенбердиев.

Сонымен қатар, төлем картасын автобустың ішінде де сатып алу үшін жолаушыларға мүмкіндік жасалады.

Жоспар бойынша, жолаушыларға төлем картасын сатып алу мен ақша салу мүмкіндіктері жасалғаннан кейін, яғни 15 шілдеден кейін ғана сараланған тариф енгізіледі.

Оқи отырыңыз: "Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)

Тариф қалай есептеледі?

Қоғамдық көліктің билет бағасының қалай есептелетінін түсіну үшін, тарифтің екі түрі бар екенін білу керек – бекітілген және есептік.

Есептік тариф жол жүру ақысының нақты бағасын көрсетеді. Ол тасымалдаушының маршрутқа жұмсайтын шығынын ескере отырып есептеледі. Мәселен, жанар-жағар май, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, жүргізуші мен кондукторлардың айлығы, жолаушылар саны – бәрі ескерілуі тиіс.

Сондықтан, тариф бағасы жанармай, автобус бөлшектері мен жалпы елдегі айлық көрсеткішіне әсер ететін тұтыну бағаларына тікелей байланысты.

90 теңгемен қай жыртығымызды жамаймыз?

Астанада соңғы рет жолақысы 2014 жылы көтерілді. Содан бері өзгеріссіз – 90 теңге.

– Төрт жыл өтті, ал жыл сайынғы қымбатшылық тасымалдаушылардың шығындарына әсер етіп жатыр, – дейді Бекмырза Игенбердинов.

Компанияның келтіріп отырған мәліметінше, 2014 жылдан бері жанармай бағасы бір емес, бірнеше рет өсіп, 56 пайызға қымбаттаған, ал орташа жалақы деңгейі 20 пайызға артқан.

– Қымбатшылыққа қарамай, осы уақытқа дейін бағаны бір қалыпта ұстап келдік, – дейді компания басшысы.

Көлік картасын алмасаңыз...

Енді екі есе шығындаласыз. Өйткені, картасы жоқ жолаушыға бір реттік билеттің бағасы 180 теңге болады.

Ескерту: бұл тарифтік өзгерістер қала маслихаты бекіткен алты әлеуметтік әлсіз топқа әсер етпейді. Олар:

  • Зейнеткерлер (жасына және еңбек өтіліне байланысты);
  • Көп балалы аналар;
  • Көп балалы отбасы;
  • Мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
  • Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектер және оларға теңелген адамдар;
  • 18 жасқа дейінгі мүгедек баланың заңды өкілі (ата анасы).

Автобуста валидатор істен шықса, жолақысын төлемеуге болады

– Тариф көтерілмейді. Біз тек өзгертеміз. Яғни, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеудің әр түрлі формасын енгізетін боламыз. Барлық автобус валидатор құрылғысымен қамтылды. Валидатор істен шықты десе, жолақысын төлемеуге болады. Электронды төлем жүйесінің артықшылығы, жасырып қалу мен жымқыруды жоюға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Игенбердинов.

Қала маңына қатынау 800 теңгеге дейін қымбаттайды

– Мәселен, бірінші көлік зонасында электронды картамен төлеу 90 теңге болып қала береді. Ал, қолма-қол төлем екі есеге өседі.

Алыс ауылдарда, мысалы Аршалыға қатынау үшін қолма-қол төлем 800 теңгеге дейін қымбаттайды, – деді компания басшысы.


Қала маңы аумағы төрт зонаға бөлінеді

Қала маңы аумағы төрт зонаға бөлінеді / Скриншот Астана LRT ұсынған презентациядан жасалды


  • Бірінші көлік зонасы – 90 теңге;
  • Екінші көлік зонасы – 200 теңге;
  • Үшінші көлік зонасы – 300 теңге;
  • Төртінші көлік зонасы – 400 теңге.

2019 жылы жолақы бәрібір өсуі мүмкін

Бекмырза Игенбердиновтің жиында ұсынған мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың тамыз айында қарапайым автобустарда қолма-қол төлем 200, картамен 120 теңгеге дейін өседі. Экспресс-маршруттарда қолма-қол төлем 250 теңге қалады да, картамен – 200 теңге болмақ.

– Бұл сандар әзірге, болжамалы ғана. Ең алдымен сараланған тарифті енгізу керек. Содан кейін бұл тарифтің қаншалықты қолайлы болатынына байланысты. Тарифті өсірмеу үшін әкімдік қанша субсидия бөлетініне қараймыз. Үш-төрт айдан кейін тағы қоғамдық жиын өткізіп, кіріс пен шығысты жария етеміз, – деп бөлісті алдағы жоспарымен Игенбердинов.

10-20 теңгеден жинап, автобус аламыз

Астана LRT жол жүру ақысын 10-20 теңгеден көтере беру арқылы жаңа автобусқа ақша жиналады деп сенеді. Оған себеп, 2014 жылы жол жүру ақысын 30 пайызға өсіргенде автопарктер біршама жаңа автобус сатып алған.

– Бір жыл ішінде 23 жаңа маршрут қосылды. Оның ішінде жеті маршрут жаңа бағыт бойынша жүрді, – дейді Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен қатар, ең алғаш рет қала маңына қатынайтын автобустар мен алты экспресс-маршруттар жолақы бағасы өскен соң қосылған.

Астана LRT мәліметінше, 2014 жылдан бері 738 автобус сатып алынған.

Электронды есепті халық неге көрмейді?

Бір қызығы осы уақытқа дейін компания көлеңкелі айналымдағы қаражатты есептесе де, электронды төлем жүйесіне көшкендер саны артса да Астана LRT өз есептерін тек ауызша айтып жүр. Ақша легін есептеймін деп бар қызметін цифрландырған компания жолаушылардан электронды картадан түскен кірісі мен жалпы шығысын күнделікті онлайн түрде ұсына алмай отыр.

– Алдағы уақытта бұл мәселе де қарастырылатын болады, – деп жауап берді жиында осы мәселе төңірегінде қойылған сұраққа Бекмырза Игенбердинов.

Маслихат мақұлдады

Бұл жиында қаладағы қоғамдық көлік қызметін ұйымдастырушы компания – Астана LRT тарапынан айтылған ұсыныстарды бірер күннен кейін қала маслихаты депутаттары бірауыздан қолдады.

Есептік тариф бойынша жолақы – қарапайым қала маршруттарында 198,8 теңге, экспресс-маршруттарда – 300,8 теңге болса, ал қала маңына қатынайтын маршруттарда бір шақырымына 12,8 теңгеден есептелетін болады.

Есептік тариф пен бекітілген тариф арасындағы айырмашылық әкімдік бөлетін субсиядиямен жабылады.

Естеріңізде болса...

Былтыр Астана LRT жылына 10 миллиард теңге кондукторлардың қалтасына кетіп жатыр деп дабыл қаққан болатын. Сөйтіп, оның алдын алу үшін пәтер басынан 3800 теңге жинайтын "BUS/километр" жүйесін енгізуді де ұсынған еді. Алайда үлкен дау тудырғандықтан, компания ол ұсынысын жылы жауып қойды. Әзірге бұл жоба туралы сөз қозғалып жатқан жоқ.

Одан кейін компания зейнетақы кітапшасын оңды-солды пайдаланғандарды бақылауға алды. Өйткені қала бюджетінен автопарктерге кетіп жатқан қаржыны есепке алу керек болды. Әйтпесе, автобуста жүрсе де, жүрмесе де ақша аударылады. Оны айтпағанда, зейнетақы куәлігін жасатып алатын пысықтар да бар болып шықты. Компания осы мәселені ретке келтіруді көздеген еді.

Компанияның сатып алған автобустарының бағасы мен электронды төлем жүйесіне көшу үшін жұмсаған қаражаты туралы мына жерден оқи аласыз.

Жегеннің аузында, жемегеннің қолында кетіп жатқан миллиардтарды қайтару үшін осы уақытқа дейін компания билет бермеген кондукторды, билет алмаған жолаушыны да жазалап келеді. Бірақ, айласын асырып жүргендер көп. Компания бақылауына алса да, билетті қаласа ғана ұсынатын, бір жыртылған билетті бірнеше адамға беріп, қайтарып алатын кондукторлар әлі бар. 11 аялдама арасында екі билет жыртып берген кондуктор туралы бұрын жазған болатынбыз. Дегенмен, қазір "валидатор істемей қалды" деген сылтаудан арылдық. Себебі, енді валидатор істемесе, жолаушы тегін жүреді.

Кондукторлардың айлығы туралы мына жерден оқи аласыз.

Көлік картасын кассалардан және RTVM терминалдарынан сатып алады. Мекен-жайын мына жерден біле аласыз.

Серіктестер жаңалықтары