Бұл елордамыздағы жаңа халықаралық хабтың Еуразияның қаржы орталығына айналуына септігін тигізе ме?
Дамушы елдер жалпы ішкі өнімінің көлемін арттыру үшін өндірістік экономикаға баса назар аударып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Ал дамыған елдер өндірістік экономикадан қаржы экономикасына ауысып үлгерген. Олар үшін қаржы операциялары, құнды қағаздардың саудасы мен Money Making-тің өзге де заңды жолдары – басты кіріс көздері. Мысалы, Нью-Йорк қаржы хабындағы қор биржа платформаларының айналымдағы капиталы 6 триллион АҚШ долларынан (NASDAQ) 19 триллионға (NYSE) дейін жетеді.
Қазіргі таңда әлемде 29 000 қаржы орталығы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі белгілі бір елдің ішкі нарығына бағытталған биржа болса, тағы біршамасы ұлтаралық қаржы хабы қызметін атқарады. Ал әлемдік мәртебесі бар орталықтардың саны – 27.
Қазақстан қор биржасы (KASE) еліміздің ішкі нарығына бағытталған. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, кез келген елде сыртқы нарықпен байланысы бар халықаралық хаб болуы тиіс. Бұл шетел инвесторларының ел нарығына кіретін бірден-бір жолы десек қателеспейміз. Мысалы, Гонконг биржасы Қытай нарығының "Шығыс қақпасына" айналған. "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығы да осындай қызмет атқаруды мақсат етпек.
"Халықаралық қаржы орталығының" ақпараттық науқаны келесі жылдан басталады. Қаңтардың екінші жартысында ҚР Президентінің Нью-Йоркқа сапары жоспарланған. Сол жоспар аясында, біздің негізгі кампаниямыз басталады. Одан кейін, әлемнің бірнеше қаржы орталықтарында да инвесторлармен кездесу ұйымдастырылады", – дейді "Астана" ХҚО-ның атқарушы директоры Саясат Нұрбек.
Нью-Йорк капиталына бағыт
Күні кеше "Астана" ХҚО-ның басқарма жетекшілері Nasdaq қор биржасымен ресми келісімге отырып, барлық құжаттарға қол қойылды. Осыған орай, Қазақстанның жаңа қаржы хабының америкалық серіктесінің қолдауы толықтай көрініс тапқанын айта аламыз. Ал Шанхаймен келісім әлі де жүріп жатыр.
"Астана" ХҚО-ның Нью-Йоркқа сапары барысында алып шаһардағы қаржы институттарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, құрылғалы жатқан халықаралық қаржы хабы таныстырылды. Мұны инвесторларды тарту мәселесінің алғашқы қадамы деуге болады.
Арнайы шақырылған инвесторлардың қатарында CitiGroup, Goldman Sachs, BlackRock, Oppenheimer&Co, Ernst&Young Global, BCIU т.б. басшылары болды. Goldman Sachs атқарушы директоры Дэвид Швиммер халықаралық орталықтың қаржы реттеушісі мен орталықтандырылған жүйесі жайлы бірнеше сауал қойды. Өзге де қаржыгерлер өзіне қажет ақпараттарды толық алды.
Инвесторларды қызықтырған сұрақтардың басым бөлігі жаңа қаржы хабының ережелерінің бақылау тәртібі туралы болды. Олар үшін бақылаудың болуы маңызды шарт. Себебі салынатын инвестиция жергілікті биліктің араласуымен құрдымға кетіп қалмауы керек. Олардың құқығы халықаралық стандарттар шеңберінде қорғалуы керек.
Астана – Қытай үшін "Батыс қақпа"
Нұрбек мырзаның айтуынша, Астана қаласының географиялық орналасу нүктесі маңызы зор. 2015 жылы елімізде жаңа халықаралық қаржы орталығының құрылуы туралы ресми мәлімдеме шыққан кезде, Қытай үкіметінің қуанғаны бар екен. Себебі шетел капиталының Қытайдың ішкі нарығына кіретін "шығыс қақпасы" бар. Ал батыстан келетін инвестиция арнасы әзірге жоқ. Соның аймақтық хабы осы "Астана" болмақ.
Халықаралық қор биржаларының картасына үңілсек, Қытайдың батыс бөлігіне жақын ешқандай хаб жоқ. Бұл "Астана" ХҚО үшін тиімді болып отыр. Алдағы уақытта, шетелдік инвесторлар Астана арқылы Қытай нарығына шыға алады. Нақтылап өтсек, Астана инвесторларды Қытай нарығымен байланыстыратын "Батыс қақпаға" айналуы тиіс.
Бейресми ақпараттарға қарай, Қытай Орталық банкінің бастамасымен "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" жобасы аясында өз территориясының батыс бөлігіндегі Үрімші қаласында халықаралық қаржы хабын құру жоспары болған-мыс. Ал бұл идея көрші Қазақстанда жүзеге асырыла бастағаны белгілі болған соң, оның құрылуына демеу болуды жөн санап отыр. Жоғарыда аталған жоба аясында Қытай Қазақстанға миллиардқа жуық инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Nasdaq пен Shanghai
"Біз әлемдік деңгейдегі қаржы орталықтарымен серіктестік келісім жасай отырып, олардың біздің орталыққа тікелей қатысы бар болуын қамтамасыз етуге тырысып келеміз. Мысалы, АҚШ-тағы ең үлкен технологиялық қор биржасы NASDAQ "Астана" ХҚО-на сауда платформасын береді. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Есесіне Нью-Йорктағы биржа біздің акционерімізге айналады", – дейді Саясат Нұрбек.
Ал шығыстағы басты акционер – Шанхай қор биржасы болады. Ол қазіргі таңда биржа капиталы бойынша әлемде төртінші орында тұр. Соңғы жылдары Қытай үкіметі Гонконгтың автономды статусына орай, Шанхайды сыртқы нарыққа бейімдей бастады. Нақтырақ айтсақ, Гонконгтағы капитал мен оның атқаратын қызметі Шанхайға көшіріліп жатыр.
Расында аталған екі қор биржасы әлемдік нарықта бір-бірімен бәсекелес. Ал Астанада олар бір орталықтың акционері, яғни бір-біріне серіктесі атанады. Nasdaq пен Шанхайдың Астанаға келуі әлемның қаржы алаңындағы инвесторлардың бізге деген сенімін күшейтуі тиіс.
Астана – Гонконг аналогы болады
"Неліктен соңғы екі онжылдықта Гонконг нарығы қарқындап дамыды? Себебі Қытай экономикасы жылдам өсіп, әлемдегі тауар өндірісінің негізгі алаңына айналды. Сәйкесінше, инвесторлардың ол аймаққа қызығушылығы артты. Бірақ нарықтың тілі басқа, ішкі саяси құрылымы да сенімсіз. Ал Гонконг ағылшындардың бұрынғы отары болған соң, британдық құқық негізінде кез келген шетелдік инвесторға түсінікті ережелермен құрылған платформаға ие. Сосын Қытай нарығына кіре алады. Сондықтан инвестициялық алпауыт компаниялар Гонконгқа шоғырланған", – дейді Нұрбек мырза.
Ендеше ХҚО Гонконгтың функциясын батыс аймақтан "Астана" атқаруы тиіс. "Сол үшін біз де британдық құқық негізінде, халықаралық заңнамаларға сай орталық сауда платформасын жасап жатырмыз. Одан бөлек, Nasdaq сынды қор биржаларының біздің акционерлер қатарында болуы да инвесторларға сенім ұялатады", – дейді Нұрбек мырза.
Ұлтаралық IPO
Қазақстан шетелдік компаниялардың акцияларын "Астана" ХҚО-ндағы индекс платформасына орнықтыру келісімдерін жасауға барынша ат салысады. Ал әзірге квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компаниялар жекешелендіріліп, ұлтаралық IPO-ға шығарылады.
Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда мемлекеттің қолдауындағы компанияларды жекешелендіру үдерісінің екінші толқыны жүріп жатыр. Жоспар бойынша, 2020 жылға дейін 216 компания жекешелендірілуі тиіс. Олардың ішіндегі ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар биржа арқылы IPO-ға шығарылады.
"Біз Қазақстан нарығында маңызды рөл атқаратын ұлттық компанияларды жекешелендіру үдерісін бастаймыз. Бірінші болып нарыққа шығатын компаниялар қатарында ҚазМұнайГаз, ҚазАтомПром, Air Astana, Тау-Кен Самұрық бар", – дейді "Астана" ХҚО әкімшілігінің Басқарма төрағасының кеңесшісі Әмина Тұрғұлова.
Салық салынбайтын бизнес аймағы
Қазіргі таңда сыртқы нарықтан инвестиция тарту оңай емес. Әрине, нарық ашық экономика принциптеріне толықтай сай болмаса, ол шаруаны шешу одан әрі қиындай береді. Сондықтан Қазақстан "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығында өз стартапын бастағысы келетіндерге және инновациялық идеяларға капитал бөлетін инвесторларға бастапқыда салық төлеу міндеттерінен босатылады.
"Инвесторларға кіріс және дивиденд салығы, ұлтаралық транзакциялар үшін де қосалқы салық міндеттелмейді. Бастысы, өзге қаржы орталықтарының талаптарынан жеңіл жағдайды жасамақпыз", – дейді Тұрғұлова ханым.
Одан бөлек, "Астана" ХҚО Қазақстан үкіметінің бақылауында болмайды. Бұл өте маңызды. Себебі инвесторлар салымының құрдымға кетпеуіне халықаралық сенім керек. Қаржы реттеушісі ретінде халықаралық қаржы институттары басшылары мен танымал сарапшылардан тұратын комитет ұйымдастырылады.
Әлемдік деңгейдегі қор биржаларының заңнамалық шеңбері британдық сот аясында болғандықтан, біз де ағылшындардың жүйесін кіріктіреміз. Себебі бұл халықаралық нарықта неше рет сынақтан өтіп, сенімін алған жүйе.
Адамдық капитал
Астананың қаржы хабына келетін инвестициялық компаниялар өз өкілдігін ашатын болса, мамандарға да сұраныс артады. Шетелдіктер үшін маманның халықаралық сертификациясы бар болуы маңызды. Ендеше, маман дайындау да "Астана" ХҚО-ның басты мақсаттарының біріне айналған.
"Шетелдік компанияларға қанша жұмыс өтіліңнің бар екені қызық емес. Олар үшін халықаралық сертификацияның бар болуы міндетті. Мысалы, қаржыгерлер CFA мақұлдамасын алса, кез келген халықаралық компанияға жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады. Сондықтан біз алдағы уақытта 5000 маманды халықаралық сертификация емтихандарын тапсыруға дайындауды бастаймыз", – дейді Саясат Нұрбек
Нұрбек мырзаның айтуынша, қаржы саласын жоғары деңгейде түсінетін өз еліміздің мамандары болғаны біз үшін әлдеқайда тиімді. Назарбаев Университеті мен "Болашақ" бағдарламасының арқасында Қазақстан адамдық капитал бойынша ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі орында тұр. Әлі де, дамытуға тиіс бағыттар көп.
Sandbox принципі не береді?
"Біздің қаржы хаб жаңа стартаптар мен қаржы қызмет түрлерінің сынақ алаңына айналады. Яғни, инновациялық идея табыс тиімділігін толықтай арттырмайынша, нарыққа шығарылмайды", – дейді Нұрбек мырза.
"Астана" ХҚО-ның атқарушы директорының айтуынша, криптовалюталарды да сынақтан өткізу жоспарланған. Себебі оларға деген сенім әзірге аз. Бірақ оның өзектілігі күн сайын өсіп жатыр. Сондықтан Қазақстан да әлемдік трендтен кенде қалмауы керек. Бірақ асығыстық та жасамауға тиіс.
Sandbox алаңына стартаптарды акселерациялау жуырда басталады. Оған танымал калифорниялық инвестор Тим Дрейпер жетекшілік етеді. Қаржы технологиясы (Финтех) саласындағы стартаптар басты назарда болмақ.
Оффшор емес, бірақ Мидшор
"Инвесторларды уақытша салық төлеуге міндеттемейтініміз рас. Бірақ бұл халықаралық қаржы орталығының оффшор аймаққа айналатынын білдірмейді. Әдетте, оффшор аймақтарда тіркелген компания есеп беруден жалтарады. Ал біз толықтай ашық экономика саясатын жүргіземіз. Тек осылай ғана инвесторлардың сеніміне ие болу мүмкіндігі бар", – дейді Нұрбек мырза.
Саясат Нұрбектің айтуынша, мұндай қаржы аймағын әдетте мидшор деп атайды. Бұл оншор мен оффшор аймақтың ортақ балансы ұстанатын принциптегі аймақтарға қатысты айтылады.