Тікелей эфир

Астана экономикалық форумы стратегиялық мақсатын орындады ма? Ауылдарда ауыз су жоқта ғаламдық мәселелерді талқылаудың қажеті бар ма?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Үш күнге жоспарланған Астана экономикалық форумы аяқталды. Бүкіл әлемдік мәселелер талқыға салынды.

Форумның алғашқы екі күнінде шетелден арнайы шақырылған белгілі спикерлермен панельдік алаңда пікірталас қызу жүрді. Ал Қазақстан үкіметінің өкілдері мен сарапшылар ел дамуындағы негізгі алты бағытты стратегиялық сессияда талдады. Оған БАҚ өкілдерінің қатыстырылмады.

Форумның стратегиялық сессиясында қандай мәселелер қаралды?

Соңғы 10 жылдан бері халықаралық шаралар ұйымдастыру арқылы Астана әкімшілігі әлемнің назарын өзіне қаратуға тырысып жүр. Бұған өткен жылы ұйымдастырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі мысал. Астана экономикалық форумының Global Challenges Summit аясындағы диалог алаңына айналуы бекер емес. Форумның он жылдық тәжірибесі мен әлемдік мәселелерді талқылауы трендке айналғандай.

Форумның жоғары деңгейде өтуіне Ұлттық экономика министрілі барынша күш салды. Панельдік пікірталастарға көптеген трендтегі тақырыптар таңдалғанымен, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға басты назар аударылды.


Форумға арнайы келген шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасында келісімдер Hilton қонақ үйінде ұйымдастырылды

Форумға арнайы келген кәсіпкерлер мен шенеуніктер Hilton қонақ үйінде келісім жасасты/ Informburo.kz


ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауына сүйенсек, стратегиялық сессия дөңгелек үстел форматында өткен. Онда ел дамуындағы басты мәселелер ақыл сарасына салыныпты. Жабық түрдегі жиында экономикалық саясат пен институттар, адами капиталдың дамуы, цифрландыру мен ақпараттық технологиялар, жаңа ақша мен қаржы секторы, таза энергия мен "жасыл" технологиялар және қалалардың дамуы сынды мәселелерге қатысты жобаларды жүзеге асыру да ой-талқы таразысында безбенделген.

Шығыны көп форум ұйымдастыру Қазақстан үшін тиімді ме?

– Көзімен көріп, құлағымен естімеген адамдар форумды босқа ақша жұмсау деп түсінеді. Бірақ биылғы форумға келген сарапшылардың басым бөлігі гонорар сұрамады. Бұл АЭФ-ның айтарлықтай беделі арта түскенін білдіреді, – дейді Стратегиялық бастамалар орталығының жетекші серіктесі Олжас Құдайбергенов.

Белгілі экономистің айтуынша, шетелден келген сарапшылармен бейресми түрде кездесу мүмкіндігі болған. Шетелдік сарапшымен тікелей байланыс орнату және өзара коммуникацияны жақсарту мақсатында әрбір қонаққа жергілікті шенеунік бекітілген екен.

– Қарапайым адам үшін елдегі әлеуметтік және экономикалық проблемалардың барынша тезірек шешілгені керек. Бұл процестегі форумға мәселені шешудің алғышарты ретінде рөл берілген. Нақтырақ айтар болсам, дамудың стратегиялық жобаларын жүзеге асырудың оң бағыттары талқыланды. Ал оны жүзеге асыру үдерісі енді басталады, – дейді Құдайбергенов мырза.


Олжас Құдайбергенов форумға сарапшы әрі панельдік пікірталастың модераторы ретінде қатысты

Олжас Құдайбергенов сарапшы әрі панельдік пікірталастың модераторы ретінде форумға қатысты / csi.kz


Сарапшының ойынша, биылғы форумның бюджеті тек ұйымдастыру шараларына жұмсалған. 400 миллион теңге осыған дейінгі өткізілген форумдардың шығынынан әлдеқайда аз.

"Азиялық Давос"

Кейбір сарапшылар Астана экономикалық форумына "Азиялық Давос" атауын тіркеп айтып жүр. Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Қазақстандағыдан қандай айырмашылықтары мен артықшылықтары бар?

БЭФ жыл сайын Швейцарияның Давос қаласында ұйымдастырылады. Бастапқыда өндірістік мәселерді талқылайтын еуропалық кәсіпкерлердің клубы ретінде құрылады. Кейіннен қатысушы елдердің қатары артып, күн тәртібінде қаралатын мәселелер ауқымы кеңейген.

Бүкіләлемдік форумның АЭФ-нан басты айырмашылығы оның бюджетін қарастыру жолында болып отыр. Давостағы шараның алып корпорациялар мен үкімет өкілдерінен тұратын тұрақты мүшелері бар. Форумды ұйымдастыруға жұмсалатын қаржы келушілердің жол пұлы мен клуб мүшелері бөлетін капитал есебінен жинақталады. Ресми ақпаратқа орай, соңғы рет өткен форумға 5 миллиард АҚШ доллары жұмсалған.

Ал Астана экономикалық форумын ұйымдастыру бастапқыда Қазақстанның шетелдегі абыройын арттыру мақсатында қолға алынды. Сонымен қатар, елордамыз Астананың халықаралық нарықта беделін көтеру де басты себеп болған. Ал форум аясында кәсіпкерлер немесе қаржы ұйымдары өкілдерінің клубы құрылмағандықтан, қаржылай қолдау тікелей ел бюджетінен қарастырылды. Бүгінге дейін бұл үрдіс өзгерген жоқ.


Әлемдік экономикалық форумда жеке сектордағы кәсіпкерлермен қатар ел үкіметінің басшылары да қызу пікірталасқа қатысады

Әлемдік экономикалық форумда жеке сектордағы кәсіпкерлермен қатар ел үкіметінің басшылары да қызу пікірталасқа қатысты / Фото bloomberg.com сайтынан алынды


Сонымен қатар, Давоста әлемдегі геосаяси, экономикалық және өндірістік мәселелер қаралатын болса, Астананың күн тәртібінде бұл мәселерден бөлек, инновациялық технологиялар мен өңірлік даму тақырыптары болды. Одан бөлек, форумның үшінші күні толығымен Қазақстан экономикасына қатысты жобалар мен бағдарламаларды талқылауға арналды.

Давостағы шараға қатысатын сарапшылар өздері алып келген зерттеу сараптамаларын таныстырады. Ал Астанада барлығының назары стратегиялық сессияға ауды. Мысалы, кәсіби бағдарламалар аясында сарапшылар сөйлеген сессияда жасанды интеллектінің көмегімен жасалған анализ төңірегінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Трендтер қалай анықталды?

– Форумның тақырыптарын анықтау үшін біз медиа аггрегаторының көмегімен әлемдегі 30 мыңға жуық беделді электронды басылымдарда жарияланған 130 миллион бет мәтінге анализ жасадық. Семантикалық сараптау арқылы қай тақырыптардың трендте болғанын анықтадық. Кейіннен сараптамаға бағдарлама жасап, биылғы форумда ұсындық, – дейді Астана экономикалық форумының бас продюсері Болат Столяров.


Болат Столяров форумды ұйымдастыруға Ресейден арнайы шақырылды

Болат Столяров форумды ұйымдастыруға Ресейден арнайы шақырылды / Фото informburo.kz


Столяров мырзаның айтуынша, анализ тек ұсыныс ретінде жасалды. Ал тақырыптарды саралау Ұлттық экономика министрлігінің еншісіне берілді.

– Анализ әлі де жасалып жатыр. Алдағы екі аптада аяқтап, толық құжат ретінде үкіметке өткіземіз. Ал үкімет, өз кезегінде, дамудың қай бағытыны таңдайтынын осы статистикалық мәліметтердің көмегімен шешеді, – дейді ол.

Айта кетсек, Болат Столяров – штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан "Спутник" компаниясының атқарушы серіктесі. Ол күрделі дизайнға ие инвестицияларды құрылымдық негізде бағыттау мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар, әлемдегі стратегиялық өзгерістерді анықтау үшің анализ жасайды.

"Ауылдарда ауыз су жоқта біз ғаламдық мәлелелерді талқылап жүрміз"

– Ғаламдық сын-тегеуіріндерді талқылау маңызды, әрине. Олардың Қазақстанға қалай немесе қай деңгейде әсер ететінін алдын алу анықтауға керек. Десе де, кейбір адамдарда өзгеше ой қалыптасуы мүмкін. Мысалы, роботты техника, роботтың адамды алмастыруы сынды футуристік идеяларға ой жүгірткенше, ауылдағы ауыз судың жетіспеуі немесе жол салу мәселерін күн тәртібінде қарастыру маңыздырақ дейтін пікірлердің бары рас. Бірақ осындай кездесулердің арқасында біз жалпыұлттық экономиканы көтеру концепциясын қалыптастырамыз, – дейді "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев.

Ошақбаев мырзаның айтуынша, форумды өткізудің бірнеше тиімді тұстары бар. Осыған дейін Қазақстан дамыған елдердің экономикалық өсу модельдерін көшіру арқылы өзінің даму стратегиясын қалыптастыруға тырысты. Бұл процестің тиімсіз екендігі бүгінде белгілі болып отыр.

– Әрбір елдің өзіндік даму жолы бар. Мысалы, Сингапурдың құру моделі Қазақстанға да дәл сондай әсер бермеуі мүмкін. Оған елдің географиялық орналасуынан бастап ұлттық ерекшеліктері мен мәдениетіне қатысты барлық факторлар айырмашылығы кедергі болады. Сондықтан біз енді дамыған елдердің экономикалық моделін құруға қатысқан сарапшылардың көмегімен Қазақстанның дамуы стартегиялық жоспарын құрмақпыз. Бұл көшіріп бейімдеуден әлдеқайда тиімді болары анық, – дейді Рақым Ошақбаев.


Рақым Ошақбаев қазіргі таңда еліміздегі азаматтық белсенділікті деңгейін көтеруге күш салып жүр

Рақым Ошақбаев қазіргі таңда еліміздегі азаматтық белсенділік деңгейін көтеруге күш салып жүр / Фото informburo.kz


Экономистің ойынша, форумға сарапталып алынған мәселелердің барлығы ғаламдық емес. Оның ішінде азаматтық қоғам құру, еліміздегі азаматтық белсенділік, ауыл мен қалалардағы өмір сүру сапасын жақсарту және жеке бизнесті еркіндігін нығайту сынды тақырыптар да сарапқа салынды.

– Қазақстанда Американы құру үшін сонша америкалықты қайдан аламыз?! Біз – қазақпыз. Біздің діліміз, ойымыз, көзқарасымыз басқа ұлттардан өзгеше. Ғаламдық ынтымақтастықтың арқасында діліміз өзгеріп, даму сатысында көтеріліп келеміз. Сондықтан үкіметтің ойы мен азаматтардың ықыласы бірдей болуы керек, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен Рақым Ошақбаев толықтай келісетінін айтты.

Форумның нақты қандай пайдасы тиді?

Форумға келуші әрбір адамның өзіне қажетті мәліметке алып қайтқаны рас. Себебі алғашқы екі күндегі кәсіби бағдарламалар жалпыға бірдей ұсынылды. Ал Қазақстан үкіметі үшін халықаралық шараның қаншалықты пайдалы екендігіне тағы да тоқталып өтсек.

Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, әлемдік деңгейдегі сарапшылармен бетпе-бет кездесіп, олармен байланыс орнату Қазақстанның экономикалық даму стратегиясын дайындауға қатысатын әрбір өңірлік сарапшы үшін маңызды. Сонымен қатар, форум барысында туындаған сауалды тікелей спикерге қоюға мүмкіндік болды.

– Танымал сарапшылардың кітабын оқып, білген соң, авторының белгілі бір жағдайларға қатысты пікірін білу же қызығырақ болмай ма? Сондықтан Астана экономикалық форумының мен сияқты сарапшы маманы үшін тигізген пайда мол. Егер әрбір азаматтың форумға қатысудағы мақсаты менікіндей болса, онда шараны өткізудегі негізгі міндет орындалды, – дейді Олжас Құдайбергенов.

Қазақ ауылында өмір сүргісі келетін америкалықтар көбейген

Астана экономикалық форумына Қазақ үкіметі өкілдерімен келіссөздер жүргізуге арнайы келген Дэвид Валера Рейносо есімді Нью-Йорк қаласының тұрғыны соңғы жылдары Қазақстанға қызығушылық танытқан америкалықтардың көбейгенін айтады. Бір жағынан Қазақстан үкіметі де елге келуші туристерді санын арттыруға тырысып жүр. Дэвид бұл орасан зор мүмкіндіктер беретінін айтады.


Дэвид Рейносо өз командасымен бірге

Дэвид Рейносо өз командасымен бірге / Informburo.kz


– Бұл салаға келгенше инвестициялық банктерде қаржыгер маманы ретінде жұмыс істедім. Соңғы 7 жылда Қазақстанға бірнеше рет келдім. Қазақ дәстүрін таным, тағамынан дәм таттым. Кейіннен қазақ мәдениетіне тәнті болып жүрген тек мен емес екенімді түсініп, осы секторде бизнес жүргізуге инвестиция жасауды шештім, – дейді Дэвид Рейносо.

Америкалық инвестордық айтуынша, оның 4KZ Tours компаниясы өз кеңселерін АҚШ, Испания және Жапония елдерінен ашқан. Осы елдерден жазғы демалысқа арнайы бағдарламамен 40 туристі алып келуді мақсат еткен. Ал келесі жылы 14-17 жас аралығындағы америкалық жасөспірімдердің қазақ отбасыларында өмір сүріп, жергілікті халықтың мәдениетімен кеңінен танысуын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

– Қазіргі заманның туристері алып қалалар мен зәулім ғимаратты тамашалағысы келмейді. Олар ғалам білмейтін шет аймақтардағы адамдардың өмірі туралы біліп, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысуға құмар. Ал кейбір елдердің саяси құрылымы мен заңнамасы туристерге қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Сондықтан мұндай туризм баяу дамуда. Ал Қазақстан барынша ашық экономикалық саясат жүргізіп жатқандықтан, біз қуана бұл бизнеспен айналыспақпыз, – дейді Рейносо мырза.

Астаналық экономикалық форумның алғашқы күні туралы мақаланы мына жерден оқи аласыз.

Серіктестер жаңалықтары