Тікелей эфир

Астана экономикалық форумының алғашқы күні. Қазақстан дамыған 30 ел қатарына қашан кіреді?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
АЭФ – 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан ТМД елдері арасындағы ықпалы жоғары аймақтық форум. Ал Қазақстан оның құрылтайшысы болудан не ұтты?

Астанада жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық диспут алаңында осыған дейін 150 елден 50 000-ға жуық делегат болыпты. 10 жыл ішінде 20 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

"Ескірген" экономистер

Соңғы 10 жылда 20 Нобель сыйлығының лауреаты форумға спикерлердің қатарында қатысқан. Олардың ішіндегі экономикалық болжамдарымен "ерекше" көзге түскендерге тоқталып өтсек.

Нобель сыйлығын иемденген америкалық Джон Нэш 2008 жылы Астана экономикалық форумға келгенде АҚШ-та бір жыл бұрын басталған ипотекалық тоқыраудың әлемдік деңгейге дейін өспейтінін айтып, елден босқа алаңдамауды сұраған болатын.

Өкінішке қарай, содан небәрі үш ай өте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында басталған дағдарыс бүкіл әлемді дүрліктіріп, АҚШ долларына тәуелді валюталардың құлдырауына әкеп соқты.

Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтің ойынша, математикалық анализдің шебері, аты аңызға айналған эконометрика маманы Джон Нэш алғаш рет ұйымдастырылған Астана экономикалық форумында сарапшы ретінде тың болжамдар айтқан жоқ.

Нобель лауреаттарының қатысуы форумның беделін арттыратыны анық. Бірақ мардымды сараптамаларымен бөліспесе, оларды шақырып керегі не? Олардың сол кездегі әлемдегі экономикалық жағдайға қатысты айтарлары болмағаны ма немесе болжамдарын бұдан маңызды жиындарда айту үшін қалдырған болар деп түсінеміз бе?– дейді Құдайбергенов мырза.

Айта кетсек, Джон Нэш 1994 жылы "Кооперативті емес ойындар теориясының тепе-теңдік анализін" жасағаны үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанған.


Джон Нэш 30 жасынан бастап шизофрениямен ауырған

Джон Нэш 30 жасынан бастап шизофрениямен ауырған / The New Yorker


Ал биылғы форумға бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған оңтүстіккореялық Рае Квон Чунг келді. Кеше ол Еуразия Ұлттық Университеті студенттерімен кездесіп, мұнай мен көмірдің орнына қайта қалпына келетін энергия көлемін арттыру туралы әңгімеледі.

Жаңартылған форум


Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд пен БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун форумға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында

Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд пен БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун форумға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында / Фото informburo.kz


Форумда биыл талқыланған мәселелер жаһандық сын-тегеуріндерге бағытталып отыр.

Үш күнге созылатын халықаралық саммитте экологиялық тоқырау, қолдампаздық, климаттың өзгеруі, ұлттық қарыз және көші-қон дағдарысы сынды 5 негізгі мәселе қаралып отыр.


Белгілі футуролог Митио Каку мен жазушы Обри Ди Грей

Белгілі футуролог Митио Каку мен жазушы Обри Ди Грей / Фото informburo.kz


Айта кетсек, Астана экономикалық форумының алғашқы күнінде 20 түрлі келісімге қол қойылды.

Оның бесеуі Қазақстандағы баламалы энергия секторын дамытуға қатысты. Еліміздегі Күн энергиясын өндіретін алғашқы электр стансасын Азияның даму банкі қаржыландырмақ. Келісімдердің ішінде Еуразиялық Экономикалық Одақтың Қытай және Иран елдерінің өкілдерімен жасасқан меморандумдары ең өзекті болды.

TOP 30-ға қашан кіреміз?

ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін сәтті өткізгеннен кейін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатында Қазақстан үшінші масштабты модернизацияға қадам басты. Онжылдық тарихы бар экономикалық форум Қазақстанның тегеуірініне шыдап, жаңа талаптарға жауап беруі тиіс.

Қытай үкіметі тек дәстүрлі экономикалық бағыттарды қолдап, өндірістік секторға көбірек реформа жасау арқылы осы көрсеткішке жетуге 30 жыл жұмсады. Ал Қазақстан бұған екі себеппен тезірек жете алады. Олардың бірі – елдегі халық санының салыстырмалы түрде аздығы, екіншісі – даму стратегиясының дәстүрлі емес бағыттарын пайдалануға көшуі болып отыр, – дейді Goldman Sachs активтер басқармасының бұрынғы басшысы Джим О’Нил.


"Қытай нені жасырады?" тақырыбында өткен панельдік пікірталас кезінде

"Қытай нені жасырады?" Панельдік пікірталас кезінде / Фото informburo.kz


Бүгінде О’Нил мырза Манчестер Университетінде дәріс оқып жүр. Оның айтуынша, Қазақстан өз экономикасын диверсификациялау арқылы ТМД елдерінің көшбасшысына айнала алады.

Ал Қытайдың АҚШ-қа тікелей инвестиция тарту мәселелерімен айналысатын Chinese Investors Inc. компаниясының басшысы Уоррен Уонгтің айтуынша, Қазақстан дамыған 30 ел қатарына кіру үшін Еуропа мен Қытай арасындағы сауда транзитінің негізгі жолына айналуы тиіс.

– Егер Қазақстан қазіргі трендтегі цифрландыру мен технологияны өзінің даму стратегиясындағы басты бағыттары ретінде қабылдаса, онда top 30 елдер қатарына 5-10 жылда жете алады. Ал Қытай сияқты дәстүрлі жолды таңдаса, онда кем дегенде 20 жыл қажет болары анық. Бірақ бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге тоқталып, мұнайға тәуелділіктен арылудың негізгі жолы ретінде цифрландыру процесін айтып өтті. Меніңше, сіздер дұрыс бағытта келе жатырсыздар,дейді Уонг мырза.

Қазақстанға дағдарыстан шығу үшін шикізат экпортына тәуелділіктен құтылу керек

Үлкен үштікке кіретін алып консалтингтік компаниялардың бірі – Boston Consulting Group (BCG) жетекшісі Ханс-Пол Бюркнер осыдан төрт жыл бұрын басталған дағдарыстың бүгінге дейін Қазақстандағы экономикалық өсімнің бәсеңдеуіне ықпал етіп отырғанын айтады.

Бұл мәселені шешу үшін шикізат экпортына тәуелділікті азайту керек.


Ханс-Пол Бюркнер "Әлемдік экономиканың баяулауы. Тренд немесе ауытқу ма?" атты пікірталастың негізгі спикерлерінің бірі болды

Ханс-Пол Бюркнер – "Әлемдік экономиканың баяулауы. Тренд немесе ауытқу ма?" атты пікірталастың негізгі спикерлерінің бірі болды / Фото informburo.kz


– Қазақстан үкіметі ел экономикасын дамыту үшін көбірек адами капиталға назар аударуы тиіс. Одан бөлек, тұрақты даму институттарының тірегін қалап, жеке сектордағы бизнестің жалпыұлттық экономикадағы үлесін арттырса, Қазақстанның да top 30 дамыған елдер қатарына кіру сәті алыс емес. Әрине, оған 1-2 жылда жету мүмкін емес. Менің ойымша, Қазақстан осы қарқынмен ілгерілей берсе, 10 жылдың көлемінде осы мақсатына жете алады, – дейді Бюркнер мырза.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран еркін сауда аймағын құрады

Астана экономикалық форумының алғашқы күнінде Иран мен Еуразиялық Экономикалық Одақ арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге қол қойылды. Бұл өз кезегінде халықаралық сауданың нығая түсетінін білдіргенімен, Батыс Еуропадағы дамыған елдермен байланысты қиындатып жіберуі мүмкін.

BCG өкілі Бюркнер мырзаның айтуынша, Еуразиялық Экономикалық Одақтың Иран арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімі әлі ешнәрсені білдірмейді.

Екі жақты сауда қарым-қатынасының жақсаруына ешкім де әзірге кепілдік бере алмайды. Бұл осы айдың соңына қарай айқындала түсуі тиіс.


Шетелдік сарапшылар Еуразияның гео-экономикалық саясатының болашағы талқы салды

Шетелдік сарапшылар Еуразияның гео-экономикалық саясатының болашағын талқыға салды / Фото informburo.kz


Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Иранның еркін сауда аймағын құратыны белгілі еді. Себебі бұл келіссөздер үш жыл бұрын басталды. Одан бөлек, одақтағы жетекші ел – Ресей мен Иранға АҚШ тарапынан экономикалық санкциялар жарияланды. Уақытша болса да, келісімнің болуы екі ел үшін тиімді. Ал Қазақстан, Армения сынды ЕЭО-ның өзге де мүшелеріне АҚШ және Еуропа Одағы елдерімен қарым-қатынасын қиындатып алу қаупі бар, – дейді Шанхай Халықаралық зерттеулер университетінің профессоры Янг Ченг.

Мықты экономистер Қытайдың Қазақстанға ықпалын да сөз қылды

Кез келген елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін, экономикасының дамуы үшін сырттан тартылған инвестицияның орны бөлек.

Қарызды қайтара алу шамасына қарамай, дамушы елдердің инфрақұрылымдық жобаларына Қытай үкіметі инвестиция салып жатыр. Бұл процесс Азия және Африка елдерінде белсенді түрде жүріп жатыр.

Қытайдың бұл жердегі саясаты мен көздеген мақсаты – территориялық бақылауды, дамушы елдердегі жағдайға өз ықпалдарын күшейту болып отыр. Мысалы, Қытай экономикалық қуаты төмен Шри-Ланка және Пәкістан елдеріне алып портты қала құру жобасына инвестиция құйған. Ол аталған елдердің ұлттық қарызына жазылады. Ал келісілген уақыттан кейін Пәкістан мен Шри-Ланка қарызын қайтара алмағандықтан, Қытай үкіметі мәселенің шешімі ретінде өздері салған портты уақытша бақылауға алуды ұсынады. Осылай Қытай Парсы шығанағынан мұнай тасымалдайтын танкерлерінің аялдайтын порттарын толықтай иемденіп алды.

Қазақстанның сыртқы қарызы 168 миллиард АҚШ долларына жетті. Оның ішіндегі 12 миллиарды – Қытай үкіметі алдындағы қарыз. Бұл Қазақстан үшін үлкен қиындық тудыруы мүмкін бе?

– Қытайдың Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолы Қазақстанның ішкі нарығындағы белсенділіктің бірден өсуіне алып келді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан бұл инфрақұрылымдық инвестицияны тиімді пайдаланды.

Менің ойымша, Қытайға берешек қарызы мен оның пайыздық мөлшерлемесінен құтылуға Қазақстанның қауқары бар. Десе де, мұндай инфрақұрылымдық инвестиция шарттарына келісім берместен бұрын, ол қамтитын барлық факторларды анықтап алған жөн. Себебі Қытайдың инвестиция жасаудағы мақсаты кез келген экономистке түсінікті, – дейді Ханс-Пол Бюркнер.


ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сулейменов форум барысында өтетін келіссөздерге қысқаша тоқталу кезінде

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов форумда өтетін келіссөздерге қысқаша тоқталды

/ Фото informburo.kz


Еуразия континентінің болашағы

Еуразия континенті әлем картасының басым бөлігін алатындықтан, оның даму процесі мен құбылуы экономиканың барлық секторына әлемдік деңгейде әсер ете алады.

Экономикасы жетекші ел статусын иемденген Еуразияның сөзсіз ғаламшарымыздағы кез келген мемлекеттің сыртқы экономикасына ықпал етуге шамасы жетеді. Қазіргі жағдайда, бұл статусты иемденуге Қытай жақын.

Қытайдың инфрақұрылымдық инвестициялық жобалары дамушы елдерге үлкен көмек болғанымен, аз уақытта олардың территориясының Қытайдың экономикалық бақылау аймағына айналу қаупін бар. Қытай солай теңіз және континеттік жолдардың маңызды әрі негізгі бағыттарын бақылауға алуды бастап кетті. Транзит меншіктелгеннен кейін сол бағытпен жүретін сауда қатынасын жылдамдату мүмкіндігі туады. Қытай осыны көздеп отыр, – дейді АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) Азияны қайта байланыстыру жобасының директоры Джонатан Хиллман.

Америкалық сарапшының айтуынша, дамушы елдермен келісімге келу барысында Қытай инвестиция көлемін барынша арттыруға тырысады. Ал оған қуанған елдің үкімет басшылары кез келген шартқа қол қоя салады. Пәкістан, Шри Ланка сынды Азияның бірнеше елі осындай жағдайлардың тауқыметін тартып отыр. Мысалы, қарызды қайтара алмағаннан кейін, Шри Ланка үкіметіне сыртқы инвестицияға құрылған теңіз портын Қытайға жалға беруден басқа амал қалмады. Енді Қытай жалға алынған аймақты еш кедергісіз 99 жыл пайдалана алады.

– Сол себепті, Азияның дамушы елдері Қытай инфрақұрылымдық инвестициясын тарту кезінде әрбір жобаны бөлек қарастырып, керегінен артығына келіспеу керек. Әйтпесе, толық бақылау Қытайға өтіп кетуі мүмкін, – дейді сарапшы.


ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сарапшылармен бірқатар кездесулер өткізді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сарапшылармен бірқатар кездесулер өткізді / Informburo.kz


Ресми ақпаратқа сай, алғашқы күні Астана экономикалық форумына 6 мыңнан астам адам қатысқан. Оның 1200-ге жуығы әлемнің 111 елінен келген. Ал шарада талқыланып жатқан мәселелерді елге жеткізуді мақсат еткен медиа өкілдерінің саны мыңға жетті. Олардың қатарында 112 елдің тілшілері де бар.

Форумның екінші күнінде қаржы, бизнес, білім беру, смарт технологиялар мен цифрландыру мүмкіндіктерінің болашаққа бағытталған стратегиялық болжамдарына қатысты панельдік пікірталастар болады.

Серіктестер жаңалықтары