Тікелей эфир

Астана автобустарында енді жолақыны камераға қарап, автоматты түрде төлеуге болады

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қазіргі кезде жолақы төлеудің жаңа әдісі техникалық сынақтан өткізіліп жатыр.

FacePay – биометриялық мәліметтермен басқару жүйесі. Ол адамдарды тану функциясы арқылы жұмыс жасайды.

FacePay арқылы жолақысын төлеу үшін Telegram каналында @facePay_bot бағдарламасын тауып, өзіңіздің жеке сәйкестендіру номеріңізді (ЖСН) тіркейсіз. Суретке түсіп (сельфи де жарайды), банк картасын тіркейсіз.

Өз деректеріңізді пайдалануға рұқсат бергеннен кейін, жүйе қосылған автобуста жол ақысын еш кедергісіз төлей аласыз. Билет дереу Telegram-ға келеді.

Жолаушы автобусқа кіргеннен кейін бейнекамераға қараса жеткілікті. Жүйе 95 пайызға дейінгі нақтылықпен жүзіңізді таниды.

"Бұл пилоттық жоба. Алдағы уақытта жүйенің артық-кем тұстары болса жетілдіреміз. Астана LRT электронды төлем жүйесін оңтайландыру мақсатында барлық мүмкіншіліктерді ұсынғысы келеді. Тұлғаның жеке деректерін сақтауға кепілдік береміз. Біз адамдардың қай жерде жүргенін бақылап отыру үшін емес, жалпы жолаушылар ағынын есепке алу және бақылау үшін жұмыс жасап жатырмыз", – дейді Астана LRT басқарушы директоры, басқарма мүшесі Дәурен Нұрәлиев.

Айтуынша, бұл әлі басқа елдерде кеңінен қолданысқа енбеген жүйе.

FacePay жүйесі №10 бағыттағы автобустардың бірінде және №5 маршруттың бір автобусында тест режимінде жұмысын бастайды.

"Жоба сәтті шықса, әрі қарай бір маршруттағы автобустарды толықтай жабдықтаймыз. Кейін барлық автобустарға да жүйені орнатуды қолға аламыз", – дейді Дәурен Нұрәлиев.

"Автобус карталарындағы барлық жеңілдіктер сақталады. Мәселен, камераға қарап қалсам тағы да шотымнан ақша алынады ма деп уайымдаудың да қажеті жоқ. Бір сағат ішіндегеі тегін ауысып отыру мүмкіндігі мұнда да болады", – дейді IPay компаниясының негізін қалааушы Алмас Айменов.

Техникалық тұстарын әлі де жетілідіріп жатыр.

Егер бақылаушы тексерген кезде телефоныңыздың қуаты отырып, Telegram-ға келген билетіңізді көрсете алмасаңыз, бақылаушыға өзіңіздің ЖСН-ыңызды айтсаңыз жеткілікті. Жолақысын төлегеніңіз базадан көрінеді, дейді Алмас Айменов.

Автопарктер жеңілдіктерді алып тастауды сұрайды. Оларда ақша жоқ

Астананың автопарктері кіріс жоқ деген сылтаумен жолақыны көтеріп, бір сағат ішінде тегін ауысып отыру мүмкіндігін алып тастауды сұрап жүр.

Сонымен бірге елордада қоғамдық көлікте тегін жүретін жеңілдігі бар адамдар да көп. Олар үшін мемелекет субсидияны бірде берсе, бірде бермейді, берген күннің өзінде толық түспейді деп наразы.


Астананың автопарктерінің кірістері мен шығындары

Астананың автопарктерінің кірістері мен шығындары / Фото Астана LRT ұсынған презентациядан алынды


Автопарктердің шығындары мен кірістерін таразылай келе, оларды Астана LRT компаниясы да қолдап отыр. Бұл есеп тек осы электронды төлем жүйесіне ауысқан бір жыл ішінде шығарылған.

Компания басшысы Бекмырза Игенбердиевтің айтуынша, электронды төлем жүйесіне ауысқалы бері автопарктердің кірістері біршама артқан. Мәселен бір жылда кіріс 5 млрд теңгеге өскен. Бірақ өз-өздерін ақтамай отыр.

Кірісті өсіреміз деп шығынға батты

Электронды төлеу жүйесіне көшер кезде, Астана LRT жылына 10 миллиард теңге кондукторлардың қалтасына кетіп жатыр деп дабыл қаққан-ды.

Кіріс бар жерде шығыс бар екенін ескермесе керек, кірістері ғана емес, шығындарының өсіп кеткеніне өкпелі.

"Бұл ақша бұрын кондукторлар мен жүргізушілердің қалталарына кетіп жатқан. Олар тіпті айлыққа да мұқтаж емес еді. Бірақ табысы артқан автопаркnердің салығы да өсті. Ол 2019 жылдың бірінші жартысында 1,2 млрд теңгені құрады. Салыстырмалы түрде былтыр осы уақытта 860 млн теңге болатын", – дейді Астана LRT басшысы.

Оның айтуынша, қазір автопарктердің шығындары табысынан көп.

Компания басшысы, кондукторлардан бас тартқанда қанша ақша үнемдегені туралы жақ ашпады, есесіне:

"Бүгінде барлық жүргізушілер штатта жұмыс жасайды. Жалақылар 200-400 мың теңгені құрайды", – деп түсіндірді Бекмырза Игенбердинов.

"Бұрын анализ болмады"

Ол осы уақытқа дейін дұрыс анализ жасалмағандықтан әкімдік те тасымалдаушылардың шығындарын жабатын көлемдегі субсидияны бөле алмағынын айтады.

"Бізде жылдың әр мезігілі бойынша сараптама жасай алмадық. Бізде тіпті автопарктердің жұмыс күндері мен демалыс күндері бойынша табысы, жеңілдігі бар жолаушылар туралы да ешқандай мәлімет болмады. Қазір оны біз толық көріп отырмыз", – дейді Бекмырза Игенбердинов.

Естеріңізде болса, 2015 жылы қала бюджеті есебінен автобустарда электронды төлеу жүйесін орнату үшін 4,97 млрд теңге бөлінген болатын.

"Енді жыл сайын 15 млрд теңге берсе жетеді"

Айтуынша, бір жылда жеңілдігі бар жолаушылардан 2,5-3 млрд, тегін ауысып отырғандардан (кейде күніне 100 мыңға дейін жетеді) 4 млрд теңгеден айырылып отыр екен.


Автопарктердің шығындары

Автопарктердің шығындары / Фото Астана LRT ұсынған презентациядан алынды


Астананың автопарктеріне жанармай мен бөлшектердің қымбаттауына байланысты бір жылға 15,7 млрд теңге субсидия бөлінсе, жеткілікті деп есептейді Бекмырза Игенбердинов. Сондықтан осы соманы қаланың үш жылдық бюджетіне енгізуді сұрамақ. Барлығы 47 млрд теңге.

Естеріңізге сала кетейік, Астана LRT әрқайсының құны 147 млн теңге тұратын 100 электробус алатынын мәлімдеген болатын.

Электронды есепті халық неге көрмейді?

Соңғы бірнеше жылда Астана LRT айналымдағы қаражатты есептепуге көшті. Электронды төлем жүйесіне ауысты. Енді жолақысын төлеудің түрлі нұсқасын ойластырып жатырмыз дейді.

Бірақ ақша легін есептеймін деп бар қызметін цифрландырған компания осы уақытқа дейін өз есептерін тек ауызша айтып жүр. Тіпті жолаушылардан электронды картадан түскен кірісін күнделікті онлайн түрде ұсына алмай отыр.

Серіктестер жаңалықтары