Тікелей эфир

АҚШ президенті болуға үш мәрте үміткер. Джо Байден кім және оның мақсаты қандай?

Сурет ria.ru сайтынан алынды
Сурет ria.ru сайтынан алынды
35 жыл сенатор, 8 жыл вице-президент болған Джо Байден қаңтардан бастап АҚШ-тың 46-шы президенті қызметіне кіріседі.

3 қарашада АҚШ-та президент сайлауы аяқталды. Америка штаттарында дауыстарды санау бірнеше күнге жалғасып, жеңімпаздың есімі кеш жарияланды. Республикашыл Дональд Трамп пен демократ Джо Байденнің қайсы жеңгенін Пенсильвания штатындағы сайлау нәтижесі анықтап берді. 2016 жылы бұл штатта Трамп жеңіске жеткенімен, биыл Джо Байден өз туған жерінде басым түсті.

Пенсильвания тумасы. Отбасындағы трагедия

Джо Байден 1942 жылы Пенсильвания штатындағы Скрэнтон қаласында орта таптағы католик отбасында дүниеге келген. Кейін отбасымен көрші Делавэр штатына көшіп, Уилмингтон қаласына қоныстанған.

Байден қарапайым ортада өскен. Католик мектебінде оқыған. Бала кезінде кекештеніп сөйлейтін болған. Мұны айнаның алдында поэзия оқу арқылы жеңе білген. Мектеп бітірген соң ол Делавэр штаты университетіне түсіп, тарих және саясаттануды тәмамдаған. Кейіннен Нью-Йорк штатындағы Сиракуз университетінде заң мектебін бітіріп, құқықтану докторы дәрежесіне ие болған.

1966 жылы 24 жастағы Байден университетте бірге оқыған Нелия Хантерге үйленді. Кейін Делавэрге келіп, заң істерімен айналысты. Отбасында ұлдары Бо және Хантер, Наоми атты қызы дүниеге келді. 1972 жылы жұбайы Нелия мен қызы Наоми көлік апатынан қаза тапты. Көлікте болған екі ұлы да жарақаттанып, ауруханаға түсті. Қайғылы оқиға Байден сенатор ретінде сайланғаннан кейін бірнеше апта өткен соң орын алды. Ол балаларына қамқор болу үшін сенаттағы қызметінен бас тартпақ болды. Бірақ әріптестері мен қолдаушылары мұндай шешім қабылдамауға көндірді. Осылайша ол балаларын көру үшін күн сайын Вашингтоннан Уилмингтонға пойызбен қатынады.

1977 жылы Байден ағылшын тілі мұғалімі Джилл Трейси Джейкобске үйленіп, төрт жылдан кейін қыздары Эшли дүниеге келді. 2015 жылы үлкен ұлы Бо 46 жасында мидың қатерлі ісігінен көз жұмды. Ол сегіз жыл бойы Делавэр штатының бас прокуроры болған еді. Ал 50 жастағы Хантер Байден бірнеше жыл ішімдікке және есірткіге тәуелділікпен күресті. Бірнеше компанияның директорлар кеңесінде қызмет атқарды. Соның ішінде 2014-2019 жылдары украиналық Burisma компаниясына қатысты сыбайлас жемқорлықпен байланысты сұрақтар туындады.


Джо Байден жұбайы Джиллмен бірге

Джо Байден жұбайы Джиллмен бірге / Сурет 24tv.ua сайтынан алынды


Джо Байден 30 жасында сенатор атанды. Содан бері 35 жыл Делавэр штатынан қайта сайланып келді. 1974 жылы Time журналының редакциясы жас саясаткерді "Тарихты жасайтын болашақтың 200 тұлғасы" тізіміне қосты. 1987-1995 жылдары сенатта сот комитетін басқарды. 1988 жылы Байденге ми аневризмі диагнозы қойылып, қиын жағдайда ауруханаға жеткізілді. Шұғыл операция жасалып, жеті айдан кейін ғана сенаттағы қызметіне оралды.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден жеңіске жетті. Сайлауға шолу

Президенттікке үшінші талпыныс

Байденнің саясатта жүргеніне жарты ғасырға жуықтады. 35 жыл сенатор болған ол екі мәрте АҚШ президенті болуға талпынып көрді. Алғаш рет ол 1987 жылы 46 жасында Демократиялық партия атынанан кандидатурасын ұсынды. Алайда оған басқалардың сөзін ұрлады деген айып тағылған соң праймериздегі кандидатурасын алып тастады.

Жиырма жыл өткен соң 2007 жылы Байден АҚШ президенті сайлауына қайта түспек болды. Науқан кезінде сайлаушылар мен партияластарының жеткілікті қолдауына ие бола алмаған соң саяси доданы жалғастырудан бас тартты.

2008 жылы сайлауда партияласы Барак Обама вице-президент ретінде Байденді таңдады. Екі президент сайлауында да Обама жеңіске жетіп, Джо Байден сегіз жыл бойы вице-президент қызметін атқарды. Ол кезде де Байден Делавэр штатынан сенатқа қайта сайланды. Президентті ұлықтау рәсіміне бес күн қалғанда отставкаға кетіп, "Ақ үйдегі" қызметіне кірісті.


Джо Байден және Барак Обама

Джо Байден және Барак Обама / Сурет rbk.ru сайтынан алынды


2016 жылы сайлауға түсуге ниеттенгенімен, ұлы Боның қазасы мен Обаманың кеңесінен соң райынан қайтты.

"Ер кезегі үшке дейін" деген сөз Джо Байденге айтылса керек. 2019 жылы сәуірде саясаткер Демократиялық партиядан президент сайлауына қатысатынын ресми мәлімдеді. Алғашында партияішілік пікірталастарда көшбасшы ретінде танылмады. 2020 жылы маусымда ресми түрде Демократиялық партия атынан президент сайлауына қатысатын кандидат деп жарияланды. Соңында партияластарының қолдауына ие болып қана қоймай, өзі екі рет сүрінген президент сайлауында жеңіске жетті. 2020 жылы 7 қарашада әлемдік БАҚ Байденнің 273 электоралды дауыс жинағанын жарыса хабарлады. Бұл оның президент атануына жеткілікті еді.

Джо Байден АҚШ тарихында сайлауда ең көп дауыс жинаған үміткер атанды. Ол Обаманың 2008 жылғы рекордын (69,5 млн дауыс) бұзып, 74 млн америкалықтың дауысын иеленді. Байденнің орынбасары Камала Харрис АҚШ тарихындағы әйел, әрі қара нәсілді, әрі Оңтүстік Азиядан шыққан ең алғашқы вице-президент болып отыр.

Оқи отырыңыз: Трамп рейтингі неге төмендеді? АҚШ-тағы сайлау алдындағы науқанға сараптама

Байденнің бағдарламасы

Джо Байденнің мақсаты – Американы біріктіру. Ол демократтардың ғана емес, бүкіл америкалықтардың президенті болатынын бірнеше рет айтты. Коронавирус пандемиясымен күресте президент Дональд Трамптың саясатын сынға алды. "Осыншама адамның өліміне жауапты тұлға АҚШ президенті қызметінде қалмауы керек", – деді ол пікірталас кезінде. Байден инфекциямен күрес жоспарын әзірлейтін ғалымдар мен сарапшылар тобын жасақтайтынын мәлімдеді.

Сайлауалды бағдарламасында кандидат барлық америкалыққа Covid-19 ПТР тестін тегін қылатынын, әр штатта кем дегенде он тест орталығын ашатынын жеткізді. Байден Барак Обаманың орынбасары болған кезде қабылданған мемлекеттік медициналық сақтандыру схемасын кеңейтіп, америкалықтардың шамамен 97%-ын сақтандыру жоспарын жүзеге асыруды көздейді.

Байден саясатта жүргеннен бастап афроамерикалықтарды қолдап келеді. Ол экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар көмегімен нәсілшілдікпен, дискриминациямен күресетінін мәлімдеді. Ең төменгі жалақыны көбейту міндетін Байден мойнына алды.

2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап Байден "Ақ үйді" басқарады. Оған жұмыссыздықтың күрт өсуі, көші-қон саясаты және нәсілдік кемсітуге байланысты мәселелерді шешуге тура келеді.

Сыртқы саясатқа бойынша Байден негізгі еуропалық одақтастары, бірінші кезекте Германия және Франциямен бүлінген қарым-қатынастарын реттеуі керек. Сондай-ақ, ол Ресеймен арадағы саясаттың қалай болатынын анықтап, Трамптың президенттігі кезінде ынтымақтастықтан сауда соғысына айналған Қытаймен қарым-қатынастағы мәселелерді шешуі тиіс.

Дональд Трамптың бастамасымен 4 қараша күні АҚШ климат жөніндегі Париж келісімінен шықты. Байден әкімшілігі келер жылы қайта қосылатынын айтты. Климат мәселесі де Байденнің "Ақ үйдегі" қызметінің басым бағыты болмақ.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары