Тікелей эфир

АҚШ-қа саяхатқа сіз ойлағандай көп қаржы кетпейді

huffingtonpost.com сайтынан алынды
huffingtonpost.com сайтынан алынды
Шетелге саяхаттап баруға сіз ойлағандай тым көп қаржы кетпейді. Тек қолыңыздағы қаржыны қайда жұмсауды көңілге қонымды қып ойластырсаңыз болғаны

АҚШ – туризм секторын дамытқан елдердің бірі. Бүкіл әлемнен бір жылда жаңа құрлыққа 75 милллионнан астам адам (2015 жылы) келіп, қызыққа толы жерлерін тамашалап, көңілдерін көтеріп қайтқан. АҚШ-та белгілі бір саяхат маусымы жоқ. Бұл елге жыл он екі ай барып демалуға болады.

Соңғы жылдары Қазақстаннан да Америка құрлығына саяхаттап баратын адамдар саны артқан. Оған көбіне АҚШ үкіметінің студенттерге ұсынған Work and Travel бағдарламасы мен кәсіби бокста бірталай жетістікке жетіп жүрген отандасымыз Геннадий Головкиннің бокс кештері себеп.

Оқи отырыңыз: АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?

АҚШ-та барлық нәрсе адамның жағдайын жеңілдету үшін жасалған. Жыл сайын АҚШ-қа баратын туристер саны 20-30%-ға өсіп отыр. Ағымдағы жылдың басынан бастап АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі туристік визаны 10 жылға беруді бастады. Есесіне америкалықтар біздің елде бір айға дейін ғана визасыз жүре алады. Бұл туризмге деген екі елдің көзқарасының айырмасы.

Туристердің басым бөлігі Америкаға тәжірибе жүзінде тілдерін жаттықтыру ниетімен келеді. Ендеше Атлант мұхитының арғы жағына баруға қанша қаржы кететінін анықтап көрелік.

B1/B2 визасы дегеніміз не?

Америкаға турист ретінде бару үшін сіз АҚШ елшілігі немесе консулдығына B1/B2 визасын алуға өтініш бересіз. Ол процесс визаға төленетін жарнадан $160 (Ұлтты банктің 27 шілдедегі ресми валюта бағамы бойынша: $1 = 326,66 теңге) басталады. Содан кейін сіз DS-160 деп аталатын форманы электронды түрде толтырасыз. Оны толтыру аса қиын емес. Сондықтан оны ешкімнің көмегінсіз де жасауға болады.

Оқи отырыңыз: Work and travel. АҚШ-қа сапар. Таным да, табыс та болады

Туристік виза иммиграциялық емес мақсатта берілетін виза болғасын, АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдері сіздің құжаттарыңызды мұқият тексеріп, бұл елге қоныс аудару ойыңыздың бар немесе жоғын анықтауға тырысады.


АҚШ визасын алу туралы барлық мәліметті ustraveldocs.com сайтынан ала аласыз

АҚШ визасын алу туралы барлық мәліметті ustraveldocs.com сайтынан ала аласыз / Скриншот


Құжаттарыңызды электронды түрде жіберген соң, АҚШ Консулдығы (Алматы) немесе елшілігінде (Астана) сұқбаттан өту уақытын таңдайсыз. Керек құжаттарды жинап, сұқбатқа бірге алып барасыз. Сізге виза беру мақұлданса, екі күнде өзіңіз жазып қалдырған мекенжайға виза қойылған паспортыңызды салып жібереді. Кейінгі мәселе әуебилетін алу болмақ.

Оқи отырыңыз: АҚШ-та Қазақстанның дипломымен де жұмыс істеуге болады

Әуе билетін қалай сатып аламын?

Әуе компанияларының билеттері сатылымға ұшу уақытына 330 күн қалғанда шығарылады. Ал билетті кетуге 45 күн қалған кезде сатып алған тиімді. Себебі оған дейін әуе компанияларының компьютерлік бағдарламалары билеттің нақты бағасын есептей алмайды.

Ал егер сіздің ұшу күніңіз белгісіз болса, билеттің құнын тағы да арзандату мүмкіндігі бар. АҚШ-тағы CBS News арнасының саяхатшы редакторы Питер Гринбергтің (Peter Greenberg) айтуынша, ең арзан билеттерді аптаның сәрсенбі күні түнгі сағат 1:00-де табуға болады. Бұл уақыт белгілі бір әуе компаниясының штаб-пәтері орналасқан қаланың сағат белдеуіне тура келуі керек.

Неліктен сәрсенбі күні түнде деп ойлаған боларсыз? Әуе компанияларының басым бөлігі ұшу билеттеріне жексенбінің кешінен дүйсенбінің кешкі уақытына дейін жеңілдіктер береді. Ал осы уақыт аралығында бронь жасалып, бірақ сатылмаған билеттер сейсенбі күні түнде қайта сатылымға шығарылады. Сондықтан сол мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл

Қазақстаннан АҚШ-қа

Қазақстанда әуе билеттерін онлайн сатып алу қызметін тек aviata.kz сайты ұсынады. Одан бөлек әрбір компания өзінің сайттарында билеттерін сатып жататыны белгілі. Бірақ барлық билеттер бір орталықтан сатылатын болған кезде, сізге таңдау мүмкіндігі көбірек беріледі.

Қазақстаннан АҚШ-қа ұшу бағыттарын көбіне Аэрофлот, Халықаралық Украина Әуежолы (ХУӘ), United Airlines компаниялары ұсынады. Соңғы кездері Air Astana әуе компаниясының ұшақтары да АҚШ-қа бағыт ала бастады. Питер Гринберг айтқандай, 45 күндік интервалмен билетті қарап көрсеңіз, Аэрофлоттың Алматыдан Нью-Йоркке ұшатын ұшағына билет 146 534 теңгеге сатылады. Ал ұшуға 20 күн қалған кездегі билет құны 285 475 теңгеге жетсе, небәрі 5 күннен кейін ұшсаңыз, ол 342 686 теңге болып кетеді. Байқаған болсаңыз, ұшу күні жақындаған сайын, билеттің бағасы да қымбаттаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ-қа грин картамен 9 жыл бұрын көшкен қазақ үш пәтер алып үлгерген


Егер несие картаңызда теңгеде емес, АҚШ долларында қаржы болса, шетелдік сайттардан да қарап көре аласыз. Мысалы, flying.com, priceline.com, skyscanner.com, kayak.com, expedia.com

Егер несие картаңызда АҚШ доллары болса, шетелдік сайттардан да қарап көре аласыз. Мысалы, flying.com, priceline.com, skyscanner.com, kayak.com, expedia.com / Дереккөзі: aviata.kz


Ең арзан бағадағы билеттерді әдетте ХУӘ мен Аэрофлот компаниялары сатады. Билетті сатып алу үшін белгілі бір турагенттіктің көмегіне жүгінудің қажет шамалы. Себебі ол да сіз іздейтін ресурстарды қарап, сізге қосымша комиссия төлеуді міндеттейді. Сондықтан билетті онлайнды өзіңіз сатып алғаныңыз абзал.

Нью-Йоркте өмір сүру қымбат па?

Әуе билетін алған соң, кейін АҚШ-тың алып қаласында уақытша тоқтайтын мекен табу мәселесімен айналысасыз. Адамдар әдетте интернеттен қонақ үйлердің бағасын қарап, тым қымбат деп ойлайды. Десе де, одан басқа жолдары да бар. Мысалы, хостелден орын алу. Әрине, хостелдің жағдайы қонақ үйдегідей емес. Бірақ аз бюджетпен саяхаттап жүрген азаматтарға қолайлы әрі таптырмайтын мүмкіндік.

Арзан орындарды hostelworld.com, booking.com, hostels.com сынды сайттардан қарауға болады. Манхэттендегі хостел бағасы бір орынға $42-дан басталады. Ал Нью-Йорк қаласының Куинс немесе Бруклин сынды өзге округтарында тұрғыңыз келсе, оның бағасы $25-ға дейін арзандайды.

Airbnb.com

AirBnb cайты өз жұмысын бастағалы бері, Нью-Йорктегі қонақ үйлер тығырыққа тіреле бастады. Тіпті қала әкімшілігіне шағым түсіп, аталған сайттың Манхэттен округіндегі қызметіне белгілі бір шектеулер қойылды.

Airbnb.com сайты арқылы кез келген азамат өзінің үйіндегі бос бөлмені жалға бере алады. Ол үшін арнайы жағдай жасаудың да қажет жоқ. Тек жатын бөлме болса, соны суретке түсіріп, аталған сайтқа жарияласаңыз болғаны. Оның бағасы қонақ үй немесе хостелдерден әлдеқайда арзан болғаннан кейін, қалтасы тайыз туристер Airbnb қызметін таңдайды.


Интернет арқылы өзіңізге жайлы әрі қолжетімді бағамен уақытша тұрақтайтын орын таба аласыз. Тек мұқият іздеу керек

Интернет арқылы өзіңізге жайлы әрі қолжетімді бағамен уақытша тұрақтайтын орын таба аласыз. Тек мұқият іздеу керек / Дереккөзі: airbnb.com


Мысалы, хостелде үш-төрт адаммен бір бөлмені бөлісуге болады, $35-40 төлесеңіз, airbnb.com сайты арқылы сіз жеке бөлмені 30 АҚШ долларына таба аласыз. Шындығында, сіз Нью-Йорк қаласына саяхаттап барсаңыз, жалға алған бөлмеңізге тек ұйықтауға келесіз. Қалған уақытыңыз Манхэттен көшелерінде серуендеумен өткізуге болады.

АҚШ-қа қандай несие картасын алған дұрыс?

Америка құрлығына барған кезде еліміздегі екінші деңгейлі банктер шығарған кез келген несие картасын қолдануға болады. Себебі карта арқылы төлеу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Visa және Mastercard компанияларының штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан.

Дегенмен, несие картасынан түсірілген ақшаның бір пайызы комиссия ретінде шешіледі. Ал сіздің несие картаңыздың ақша аударымдары American Express жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болса, ешқандай комиссия алынбайды.

Сондықтан саяхатқа шығар алдында қаржыңыздың 50 пайызын ақшалай, ал қалған жартысын картаға салып алғаныңыз жөн.

Тамақтану мен транспорт

Қонатын бөлме мәселесін шешкен соң, тиімді бағамен нені тұтынуға болатынын қарастырып көрелік. Жалпы Нью-Йорк қаласында кез келген ұлттың тағамын дайындайтын дәмханалар көп. Ал көбіне мексикалық, въетнамдық, италиялық, ирландтық, жапондық ресторандарды кезіктіресіз. Ал өзімізге жақын шығыс тағамдарының орталықтары Бруклин округінде көптеп кездеседі.

Нью-Йорк тұрғындары үнемі бір жаққа асығып бара жатады. Сондықтан олар таңғы асын жолда ішеді. Нақтырақ айтар болса, олар ыстық кофе ($1.5) мен бір күлше ($1) сатып алып, жұмысына барар жолда талғажау етеді. Сіз де сол үрдіске үйренсеңіз, артық қаржы жұмсамайсыз. Ал орта таптағы адамдарға арналған дәмханаларда бір адам $15-20 тамақтана алады.


Нью-Йорк көшелерінде қалауыңыздағы бағаға тамақтана аласыз. Себебі әртүрлі жеңіл дайындалатын тағамның түрлері сатылады. Олардың ішіндегі ең танымалы - хот-дог

Нью-Йорк көшелерінде қалауыңыздағы бағаға тамақтана аласыз. Себебі жеңіл дайындалатын әртүрлі тағамның түрлері сатылады. Олардың ішіндегі ең танымалы – хот-дог / Дереккөзі: www.gq.ru


Көше бойында неше түрлі тағамның түрлерін қолжетімді бағаға сатып отырған азаматтарды да жолықтыруға болады. Мысалы, Нью-Йорктің танымал хот-догы $2-3 тұрады.

Нью-Йорк қаласында ең тиімді транспорт – метро. Америкалықтар оны Subway деп атайды. Такси немесе автобусқа мінсеңіз, жол кептелісіне түсіп, бірталай уақытыңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Мысалы, таксилер Бруклин немесе Куинс округтерінен Манхэттенге өту үшін туннель немесе көпірді қолданады. Туннель арқылы өткеніңізге сіз қосымша ақша төлейсіз. Ал көпірде кептеліс болу мүмкіндігі жоғары.

Сондықтан сіздің метроны таңдағаныңыз дұрыс. Нью-Йорк метросының құрылымы көне әрі күрделі. Нью-Йорк метросының 36 бағыты (қазіргі таңда, 25 бағыт істеп тұр) мен 472 бекеті бар. Ол аптасына 7 күн, 24 сағаттан тоқтаусыз істейді. Сондықтан алып шаһардың кез келген нүктесіне метромен жете аласыз.


Нью-Йорк метросы 1904 жылдан бері қала тұрғындарына қызмет етіп келеді. Манхэттенде көлік тұрақтары аз болғандықтан, адамдар көлігін үйінде қалдырып, жұмысына метромен барады

Нью-Йорк метросы 1904 жылдан бері қала тұрғындарына қызмет етіп келеді / nytimes.com сайтынан алынды


Метро қызметін қолдану үшін арнайы лимитсіз карта сатып алған ыңғайлы. Егер апталық билет алсаңыз, бағасы – $32, ал айлық билет құны – 121 АҚШ долларына тең.

Эмпайр-стейт-билдинг әлде Азаттық мүсіні?

Нью-Йоркте тамашалайтын орындар көп. Бүкіл әлемге танымал Азаттық мүсіні Манхэттен округінің оңтүстігіндегі Бостандық аралында орналасқан. Ол жерге туристер ауа-райына қарамастан ағылып барады. Билет құны – $59.

Эмпайр-стейт-билдинг ғимаратынының үстіне шыққан кезде Манхэттен алақандағыдай көрінеді. Аталған ғимаратқа шығу бағасы 34 АҚШ долларынан басталады.

Riverside State Park спорттық кешені (стадион, жүзу бассейні, мұз алаңы, жаттығу залы) дүйсенбіден жұмаға дейін жасайды. Таңғы тоғыздан түскі үшке шейін кіру бағасы – $2.

Музейлерге кіру қанша тұрады?

Нью-Йоркте ағылшын тілін оқып жүрген қазақ студенттерінің бірі Шахбоз Режепов Нью-Йорктің қуыс-қуысына дейін аралап жүр. Оның айтуынша, мұнда келген туристер көп нарсені білмей, артығымен төлеп жатады.


Метрополитен өнер музейі үлкендігі бойынша Франциядағы Луврдан кейін орында тұрады. Оның ішінде көне грек және мысыр өркениеті залдары мен әртүрлі кезеңдердегі мәдени мұралар сақталған

Метрополитен өнер музейі үлкендігі бойынша Франциядағы Луврдан кейін орында. Мұнда көне грек және мысыр өркениеті залдарында әртүрлі кезеңдердегі мәдени мұралар сақталған / Дереккөзі: sammyandthecity.com


Мысалы, Манхэттендегі Metropolitan Museum of Art, National Museum of Natural History, Museum of Modern Art тағы басқа кез келген музейге кіру құны белгіленген. Бірақ ол сома нақты төленуге тиіс ақшаның көлемін білдірмейді. Билет бағалары қайырымдылық мақсатта жиналатындықтан, оған небәрі $1 төлеп кіре берсеңіз болады.

Интернетсіз Манхэттенде адасып кетесіз

Манхэттен аралының тығыздығы жоғары болғандықтан, ол жерде әрбір шаршы сантиметр тиімді пайдаланылған. Нью-Йоркке бірінші рет келген кезде зәулім ғимараттарға көз салып, адасып кетуіңіз ықтимал. Сондықтан мобильді құрылғыңыз үнемі интернетке қосулы болғаны жөн.

Егер алып қалаға бір айға ғана келіп, операторлық компаниялардың бір айлық жарнасын төлегіңіз келмесе, тегін WiFi қызметтерін пайдалана аласыз. Мысалы, McDonald's, Starbucks сынды әртүрлі ресторандар мен кофеханалар тегін интернет қызметін ұсынады. Одан бөлек, қоғамдық кітапханалардан тегін WiFi желісіне қосылу мүмкіндігі бар.

Ал егер америкалық операторлық компанияны таңдасаңыз, онда T-Mobile компаниясының қызметін қосқаныңыз жөн. Аталған операторлық компанияның нөмірі мен бір айлық байланыс пакетін (шексіз байланыс пен интернет) $75-80 сатып аласыз. Кейінгі айдан байланыс құны $45-50 көлемінде болады.

Verizon, Sprint, At&T сынды одан арзан қызмет түрлері де бар. Бірақ олардың байланысы нашар әрі шексіз болмайды.

Нью-Йорктің қай аймақтарына бармаған жөн?

Нью-Йорк – алып қала, мұнда қылмыстың деңгейі де кейбір аймақтарында жоғары. Десе де, сіздің қауіпсіздігіңізді 36 000 полиция қызметкері күні-түні қамтамасыз етеді.

Нью-Йорктің қай аймақтарында қылмыстық әрекеттердің көбірек болғанын trulia.com сайтынан көрінеді. Аталған портал жылжымайтын мүлік саудасы үшін жасалған. Ол жерде өзіңіз тұрақтаған аймақтың қаншалықты қауіпсіз екенін анықтай аласыз.

Интернетте бар ақпараттарға сүйенсек, көбіне афро-америкалықтар тұратын жерлерде қылмыс көп жасалады. Егер Нью-Йоркке жолыңыз түссе, Coney Island (Бруклин), Flatbush (Бруклин) және Jamaica (Куинс) деп аталатын жерлерге бармағаныңыз абзал. Одан бөлек, Манхэттеннің жоғарғы жағында орналасқан Бронкс округі де салыстырмалы түрде қауіпті аймақ болып саналады.

"Нью-Йоркте белгілі бір бюджетпен өмір сүргеннен кейін, барынша үнемдеудің амалын жасайсың. Мысалы, тамаша экзотикалық ағаштар өсетін Бруклиндегі ботаникалық баққа кіру бағасы – 12 АҚШ доллары. Ал сәрсенбі күні барсаңыз, тегін кіруге болады", – дейді Шахбоз.


Нью-Йорк ағылшын тілін жаттықтырып жүрген Шахбоздың көп уақыты кітапханада өтеді. Ол тіл білу деңгейін жетілдіргеннен кейін, университетке түсуді жоспарлап отыр

Нью-Йорк ағылшын тілін жаттықтырып жүрген Шахбоздың көп уақыты кітапханада өтеді. Ол тілін жетілдіргеннен кейін, университетке түсуді жоспарлап жүр / Сурет жеке мұрағаттан алынды.


Қазақ студентінің айтуынша, Бронкстегі хайуанаттар бағына да белгілі бір күндері тегін кіре аласыз.

Манхэттеннің қай жерлеріне бару тиімді?

Нью-Йорктің Манхэттен округінде серуендеп, талай қызықты көре аласыз. Мысалы, Таймс-сквер мен Манхэттен үлкен территориясын алып жатқан Орталық бақта жергілікті азаматтар ән салып, би билеп жатады. Сонымен қатар, Манхэттеннің батыс жағынан өткен бұрынғы метро жолы серуендейтін орынға айналған.

High Line бойымен серуендегенде, пойыздың рельстерін көресіз. Одан бөлек, қала әкімшілігі бұрынғы метро жолын қайта жөндеп, Low Line демалыс бағын ұйымдастырмақ. Бұл әлемдегі ең алғашқы жер асты бағы болады деп күтілуде.

Big Drama Show

Америкалықтар Қазақстан деген ел бар екенін білмесе де, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий (GGG) Головкинді жақсы таниды. Ол АҚШ-та жекпе-жектерін өткізіп жүргеніне жеті жылдан асты.

Головкиннің америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы алаңға шығу кеші Мэдисон-сквер-гарденде өткені белгілі. Аталған бокс кешіне келген қонақтардың 35 пайызға жуығы қазақстандықтар болды. Арнайы Головкинді қолдауға келген отандастарымыз саны артып келеді.


Геннадий Головкин Дэниел Джейкобсқа қарсы шаршы алаңға шыққан кезде, қазақстандық көрермендер саны әлдеқайда көп болды. Ендігі бокс кездесуі одан да қызық болғалы жатыр. Себебі Головкин-Альварес жекпе-жегі көптің назарында

Г.Головкин Д.Джейкобсқа қарсы шаршы алаңға шыққанда қазақстандық көрермендер саны әлдеқайда көп болды. Енді Головкин-Альварес жекпе-жегі көптің назарында / Фото informburo.kz


Геннадий Головкиннің Сауль Альвареске қарсы кезекті кездесуі АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өтпек. Сарапшылардың айтуынша, бұл көптен күткен кездесу. Көрермендер саны да әлдеқайда көп болмақ.

Нью-Йорк басқа спорттық жарыстарымен танымал

"Нью-Йоркте халықаралық деңгейдегі әртүрлі жарыстар жиі ұйымдастырылады. Мысалы, US Open жыл сайын Куинстегі Billy Jean King стадиондар кешенінде өтеді. Мен осы жылы US Open көруді мақсат етіп отырмын", – дейді Шахбоз Режепов.


US Open теннис біріншілігі ағыдағы жылдың 28 тамызында басталып, 10 қымкүйекке дейін жалғасады. Өткен жылы аталған біріншілікті ерлер арасында Стэн Варвинка есімді швейцариялық теннисші жеңіп алған еді

US Open теннис біріншілігі биыл 28 тамызда басталып, 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Өткен жылы ерлер арасында швейцариялық Стэн Варвинка жеңіп алды / Дереккөзі: www.nycgo.com


Шахбоздың айтуынша, Нью-Йоркке көрші штат Нью-Джерсиде әр жылы жазда танымал футбол клубтарының жолдастық көздесулері өтеді. Мысалы, осыдан бес күн бұрын Нью-Джерсидің Ист-Ратерфорд қаласындағы Metlife стадионында испаниялық Барселона мен италиялық Ювентус футбол клубтарының ойыны өтті.

"Нью-Джерсиге бару көп уақытты алмайды. Сондықтан футбол жанкүйерлерімен матчты көруге барамыз. Билет бағасы 60-70 АҚШ долларынан басталады", – дейді Шахбоз Режепов.

Қанша қаржы керек?

Сонымен АҚШ-тың ең алып қаласына саяхатпен бару құны қанша екенін анықтап көрелік. Мысалы, сіз бір аптаға бара жатырсыз. Сіз визаға ($160), бару және қайту әуе билетіне ($850, Аэрофлот), метроға ($32), тұратын орынға ($175) және тамақтануға шамамен күніне 15-20 АҚШ долларын жұмсасаңыз, жалпы есеппен, саяхат құны $1357 болмақ.

Одан бөлек, ақылы ойын-сауық орындары мен тарихи мекендерге кіргіңіз келсе және кәдесыйлар алғыңыз келсе, онда қосымша қаржы қажет болады.

Серіктестер жаңалықтары