"Есепті жасау барысында ақпаратқа қол жеткізу саласына терең талдау жасалды. Соның барысында біз саланың мықты тұстарын анықтадық. Бұл біріншіден, "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңның өзі, яғни біздің елде мұндай заңның болуы. Сонымен қатар, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін заманауи құралдары мен тәсілдерінің болуы, ақпарат ашықтығы мемлекеттік органдардан ғана емес, квазимемлекеттік сектордан, атқарушы органдар мен өзге органдардан талап етілуі", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахымов.
Рахымов бұл тізімге әрбір мемлекеттік органда уәкілетті мемлекеттік органның және уәкілетті тұлғаның болуы, ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөнінде комиссияның жұмыс істеуі арқылы қоғамдық мүдделер мен пікірлердің есепке алынуын да қосты.
"Мемлекеттік органдардың ашықтық дәрежесінің жыл сайын бағалау мақсатында "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңның орындалуын мониторингілеу құралдарының болуы да ақпаратқа қол жеткізудің мықты тұстарының бірі", – деп атап өтті ол.
Айтуынша, өткен жылдың соңында "Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға" бірқатар өзгеріс енгізілген. Солардың бірі – Мемлекет басшысы мен Үкіметке ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп беру.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы шекара маңындағы өңірлерде тұратын халықтың 95%-ы отандық радиоарналарды тыңдай алады
"Есеп былтырғы саланың негізгі даму сатыларына талдауын қамтыды. Негізгі басымдық қоғамдық маңызы бар ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға жасалды. Бұдан былай ақпаратқа ие барлық санатқа назар аударылатын болады", – деді ол.
Оның айтуынша, есеп негізгі үш құрылымнан тұрады. Ең алдымен, ақпаратқа қол жеткізу саласын дамытудың негізгі кезеңдері мен жаһандық әсерлер қарастырылады.
"Сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізудің құралдары мен ұсыныстар, даму перспективлары жайлы айтамыз, – деді ол.
Бекзат Рахымовтың сөзінше, есеп БҰҰ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігінің қатысумен жасалды және халықаралық сарапшылардың және әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі басшылыққа алынды.