Тікелей эфир

Алматыда кәсіпкерлікті қалай тегін меңгеріп, 500 млн теңгеге дейін несие алуға болады?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Курстарды 20-дан астам нарық сарапшысы, кәсіпкер, бизнес-тренерлер жүргізеді.

Алматы әкімдігі жанынан ашылған Qoldaý кәсіпкерлік орталығы кәсіп бастаймын, бизнесімді дамытамын дегендерге арнап онлайн мектепті іске қосты. Онда тегін әрі қашықтан кәсіпкерлік негіздері, қаржы сауаттылығы, бизнесті дамыту туралы сарапшылардың дәрісін тыңдап қана қоймай, курстан өткені жөнінде сертификат алуға болады. Видеосабақтарға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін оқуға тіркелу жеткілікті.

№1. Онлайн мектепте оқу үшін не істеу керек?

Оқуды бастау үшін edu.almatybusiness.gov.kz сайтына кіріңіз. Сайтқа жеке тұлға немесе заңды тұлға ретінде тіркелуге болады. Ол үшін аты-жөні, электронды пошта, телефон нөмірі мен құпиясөзді енгізу керек. Заңды тұлғалар қосымша БИН мен компания атауын жазады.

Алғашында ЖСН арқылы ғана тіркелу мүмкін болса, кейін бұл талап алынып тасталды.

№2. Видеосабақтар не туралы?

Порталда қазақ және орыс тілдерінде 200-ден астам видеосабақ, лайфхак, видеоролик жарияланған. Курстар:

  • бастауыш;
  • бизнеске арналған деп екі топқа жіктелген.

Бизнеске арналған курстар бөлімінде алматылық шағын және микробизнес өкілдері арасында танымал 10 сала:

  • азық-түлік тауарларын сату;
  • азық-түлік емес тауарларын сату;
  • мейрамхана ісі;
  • қонақ үй бизнесі,
  • тағам өнеркәсібі;
  • тігін өнеркәсібі,
  • ақпараттық технология;
  • білім беру (жеке балабақшалар мен білім беру орталықтары);
  • креативті индустрия;
  • сервис бойынша видеосабақтар бар.

№3. Бастауыш курстар:

Бұл модульде екі курс бар:

  • кәсіпкерлік негіздері;
  • бастаушыларға арналған қаржы әліппесі.

Кәсіпкерлік негіздері курсында тренерлер келесі сұрақтарға жауап береді:

  • Бизнес ашу үшін ең алдымен неге көңіл бөлу керек?
  • Бизнесті неден бастауға болады?
  • Бизнес модель деген не? Стратегияны қалай жасаймыз?
  • Өміршең бизнес-модельді қалай құруға болады?
  • Бизнесті дамыту үшін қандай ресурстар қажет?
  • Нарықтағы өз орнымызды қалай табамыз?

Бастаушыларға арналған қаржы әліппесі қурсында келесі сұрақтарға жауап табуға болады:

  • Қаржы сауаттылығы деген не?
  • Салық аз төлеу үшін қандай салық режимін таңдау керек?
  • Салық төлеуден кім босатылады?
  • Қызметкерлерді дұрыс рәсімдеу не үшін маңызды?
  • Тәуекелді басқару жүйесі деген не? Тәуекел дәрежесіне не әсер етеді?
  • Қолма-қол ақша және аударымдар: Төлемдер туралы не білу керек?

Оқи отырыңыз: Өз бизнесімді ашқым келеді. Кәсіпті көк тиынсыз қалай бастауға болады?

№4. Бизнеске арналған курстар

Бизнеске арналған курстар келесі салаларды қамтиды. Әр сала бойынша бірнеше видеосабақ бар:

  • несиелеу;
  • бизнеске арналған қаржы әліппесі;
  • автоматтандыру;
  • Covid-19: жұмыс істеу тәсілі;
  • салықтар әліппесі;
  • азық-түлік саудасы;
  • азық-түлік емес сауда;
  • сұлулық индустриясы;
  • тігін өнеркәсібі;
  • қонақ үй бизнесі;
  • ақпараттық технологиялар;
  • білім қызметтері;
  • мейрамхана бизнесі;
  • тағам өнеркәсібі;
  • PR, БАҚ және маркетинг.

№5. Онлайн мектепте кімдер сабақ береді?

Салалық пәндер бойынша курстарды 20-дан астам нарық сарапшысы, кәсіпкер, бизнес-тренерлер жүргізеді. Мысалы, Республикалық кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының директоры Павел Казанцев, қаржы директоры Талғат Игіліков, бизнес-тренер Аманжол Смағұлов, GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық, Buhta.kz бас директоры Әсет Нұрпейісов бар.

"Жетістіктер" айдарында Райымбек Баталов, Елдар Әбдіразақов, Арманжан Байтасов секілді танымал бизнесмендер тәжірибесімен бөліседі. "Шабыттан" айдарында кәсібін нөлден бастап, түрлі қиындыққа төтеп берген кәсіпкерлер оқиғасы баяндалады.

№6. Курстан өткені жөнінде сертификат беріле ме?

Иә. Барлық видеосабақты көріп біткен соң сол курстың атауымен екі тілде тест тапсыру міндеттеледі. Сертификат алу үшін сол тестіні тапсырып, жақсы ұпай алу керек. Ал жеке кабинетте бағаларды көруге, сондай-ақ, әр видеосабақтың презентациясын жүктеп алуға болады.

Оқи отырыңыз: "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?

№7. Qolday орталығының міндеттері қандай?

Almaty Business-2025 өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Qoldaý кәсіпкерлік орталығы, Almaty invest, Almaty Finance және Almaty микроқаржы ұйымы секілді институттар құрылған. Соның ішінде Qoldaý орталығы келесі жұмыстармен айналысады:

  • халықтың кәсіпкерлік сауаттылығын арттыру;
  • жобаларды тиімді іске асыруда кәсіпкерлік бастамамен қолданыстағы бизнеске және халыққа ұйымдастырылған көмек көрсету;
  • кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін негізсіз әкімшілік кедергілерді жою;
  • идеядан бастап қаржыландыру және жобаны іске асыруға дейін бизнесті дамытудың барлық кезеңдерінде кәсіпкерлерді толық сүйемелдеу;
  • қызметтердің бәрі тегін көрсетіледі.

№8. Оқудан өткен соң жеңілдетілген несие алуға бола ма?

"Almaty Finance" және МҚҰ "Almaty" несиелік ұйымдары Алматыдағы шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландырудың баламалы көзін ұсынады. "Аlmaty" микроқаржы ұйымы жылдық 2-6 пайызбен 7 жылға 500 мың теңгеден бастап 55,5 млн теңгеге дейін кепілдік несиелерін береді. "Аlmaty Finance" несиелік мекемесі дәл осындай пайыздық мөлшерлемемен 20 млн теңгеден бастап 500 млн теңгеге дейін несиелейді.
  • 2% – аз қамтылған көпбалалы отбасылардың жобаларына және өндірістік парктердің тұрғындарына;
  • 6% – бизнестің қалған салаларына.
Несие Алматы қаласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілеріне (жеке және заңды тұлғалар үшін) беріледі.

№9. Қандай бизнес-жобаларды несиелеуге басымдық беріледі?

  • шағын сауда нысандарын дамыту;
  • стационарлық емес сауда нысандарының желісін құру және дамыту;
  • қызмет көрсету орталықтарын құру және дамыту;
  • шағын индустриялық парктерде жобалар жасау және оларды адмыту;
  • шығармашылық жобалар;
  • әлеуметтік нысандарды дамыту (балабақша, орта мектеп, медицина орталығы, мәдени нысан, спорт алаңы);
  • өндірістік жобалар (ауыл шаруашылығы, киім, аяқ киім, тұрмыстық химия, тоқыма бұйымдары, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары, фармацевтика, жеке қорғану құралдары және тағы басқа).

№10. Қанша адам оқуға қатысып, қаржыландырылды?

Qoldaý орталығының сүймелдеуімен 68-ден астам жоба 81,7 млрд теңге сомасында қаржыландырылды. 455 жоба рұқсат құжаттарын алуға көмектесті. 426 бизнес жоба әзірленіп, 5 584 кәсіпкер оқытылды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары