Алматыда қоғамдық тамақтану нысандарына тиісті рұқсат қағазды алмай-ақ, қала аумағында жазғы алаңдарды қоюға рұқсат етіледі. 2020 жылы Алматы әкімдігі жер-құқықтық қатынастарды рәсімдемей, нысанның (мемлекеттік қордың жерлерінде) іргелес аумақтарында жазғы алаңдар ашуға рұқсат берген болатын.
"Ағымдағы жылы да рұқсат беру жалғасады. Біз бұл мәселеге қайта бастамашылық жасадық, әкім оны қолдады. Жақын арада локдауннан шықсақ, қоғамдық тамақтану қызметтеріне осындай мүмкіндік береміз деп үміттенемін. Сондай-ақ, дайын өнімді қоғамдық тамақтану нысанының алдында шығарып сату мәселесін пысықтап жатырмыз. Бәлкім, кәсіпкерлерге мұндай мүмкіндікті де ұсынатын шығармыз", – деді Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Қазақстан рестораторлар клубының қауымдастығы карантинге байланысты босаған қызметкерлерді жұмыссыз қалдырмайтынын және жұмысқа орналасуға көмектесетінін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Мутацияланған вирус қауіп төндіруі мүмкін. Алматыда ертеңнен бастап карантин шектеулері күшейеді
"Бізге жеткізу қызметін белсенді түрде дамытатын мейрамханалар желісінен ұсыныс келіп түсті. Олар жұмыссыз қалған қызметкерлерді, оның ішінде даяшыларды курьер ретінде жұмыс істеуге қабылдауға дайын. Қазір адамдарды қайда және қалай бөлу керектігін ойластырып жатырмыз", – деді Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының жетекшісі Гүлнәр Катибаева.
Бұған дейін ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы пандемия кезінде аман қалған қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының 30 пайызының тағы жартысы жаңа карантиндік шектеулерге байланысты жабылатынын мәлімдеген еді.
Еске салсақ, Алматыда 28 наурызға дейін сауда орталықтары мен азық-түлік сатпайтын базарлар жабық болады. Мейрамхана, дәмханалар тек тамақты жеткізіп беру қызметін атқарады. Мұндай шектеулерді қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың жаңа штаммы анықталғаннан кейін енгізді.