Тікелей эфир

Мутацияланған вирус қауіп төндіруі мүмкін. Алматыда ертеңнен бастап карантин шектеулері күшейеді

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабылады. Карантиндік шектеу шаралары 21 наурыздан 28 наурызды қоса алғанда қолданыста болады.

Алматыда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Өткен тәулікте қалада бірден 437 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Мамандардың айтуынша, бұл аса жоғарғы көрсеткіш. Осыған байланысты қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, енді қаладағы барлық базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатады. Ал қоғамдық тамақтану орындары – кафе, мейрамхана, асханалар тек тамақты жеткізіп беру қызметін атқара алады. Дегенмен, олардың жұмыс уақыты шектеулі.

"Қазір Алматыда құрамы өзгерген, яғни мутацияланған вирус анықталды. Бұл өте қауіпті жағдай. Осы мутацияға ұшыраған вирустардың қаупі бұрынғы вирустардан 7 пайызға көп. Ал, жұғу көрсеткіші 70 пайызға артық. Сондықтан, қаупін ескере отырып, арнайы шектеу шарасын қабылдауды ұйғардық", – деді Жандарбек Бекшин.


Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирустың "британдық", "бразилиялық" штамдарына тән белгілер анықталды


Бұдан бөлек, мектепке барып оқып жүрген оқушылардың да сыныптардағы саны шектеледі. Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, бір сыныпта тек 25 оқушының оқуына рұқсат етіледі. Сонымен қатар, ересектер мен балаларға арналған білім беру орталықтарының да есіктері жабылады. Кітапханалардың жұмысы түбегейлі тоқтатылды.

Жаңа қаулы бөлек тұрған, ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендердің жұмысын шектейді. Олар 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істей алады.

Сұлулық салондарының жұмысына да тыйым салынады. Ал, шаштараздар тек алдын-ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді.

Діни нысандар мен қоғамдық моншалардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді. Қонақ үйлер, санаторлы-курорттық ұйымдар сыйымдылығы 50 пайыздан аспаған жағдайда меймандарды қабылдай алады.

Қоғамдық көлік (қалалық және қала маңындағы маршруттар) жұмыс күндері штаттық тәртіпте, демалыс және мереке күндері сағат 6.00-ден 10.00-ге дейін және 17.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

"Біздің міндетіміз – байланыстарды қысқарту. Халықтың жұмысқа, медициналық мекемелерге бару керектігін ескере отырып, біз таңғы және кешкі уақытта қоғамдық көлікті тоқтатпаймыз", – деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, спорт нысандары, қаржы орталықтары жұмысын тоқтатады. Медеуде жаппай сырғанауға тыйым салынады. Шымбұлақта келушілердің санын 500 адамға дейін (қазіргіден 10 есе аз) қысқарту көзделген. 

Серіктестер жаңалықтары