Алматыдағы Абай даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысында орналасқан №279, 279А және 279Б үйлердің тұрғындары журналистерді шақырып, шағым жасады. Олар қала әкімдігінің аталған үйлерді бұзып, орнына Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы департаментінің әкімшілік ғимаратын кеңейтіп салу туралы шешіміне қарсы.
Тұрғындардың айтуынша, 21 ақпан күні қалалық жер қатынастары басқармасының өкілдері оларға жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынатынын және аумақтағы үйлердің бұзылатынын хабарлаған. Негіздеме – әкімдіктің қаулысы. Содан бері 39 пәтерлі 3 үйдің тұрғындарында маза жоқ.
"21 ақпанда төбемізден жай түскендей болдық. Бізге (әкімдік қызметкерлері – автор) келіп, үйлеріміздің ескі екенін, сондықтан бұзылатынын ескертті. Жердің мемлекет мұқтаждығына алынатынын айтты. Бірақ, бұл жердің нақты қандай мақсатта алынатынын хабарламады. Былтыр ҰҚК департаменті бірінші басшысының орынбасары бұрынғы қала әкімі Бауыржан Байбекке үндеу жолдаған болатын. Бұл хатта 1969 жылы ҰҚК үшін салынған ғимараттың техникалық жағдайының ескіргені және жаңартуды қажет ететіні айтылған. Ол іргелес аумақты өздеріне жаңа ғимарат салу үшін иемденуге өтініш білдіріпті. Сондай-ақ, хатта біздің үйлеріміздің ескіргені айтылған екен. Бұл – жалған негіз. Қаланың бас жоспары бойынша бұл үйлерді бұзу қарастырылмаған", – деді Александр Ярош.
Оқи отырыңыз: Алматыда Төле би көшесі қала шегіне дейін ұзартылады. Қызыл сызықта 240 жер телімі бар
Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған
Қала әкімдігі көз тіккен бұл үйлер алпысыншы жылдары тұрғызылған. Мұнда қоныстанғандардың көпшілігі пәтерлерінің алғашқы тұрғындары. Демек, зейнеткерлер. Қарт тұрғындар әбден үйренген үйін босатып, басқа жерге көшуге қарсы. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдардың барлығына арызданып, хат жолдаған. Тіпті, Алматы әкімдігін сотқа да берген. Алайда, сот тұрғындардың талабын қанағаттандырмай, өтініштерін қараусыз қалдырыпты.
"Наурыз-тамыз айларында тиісті инстанциялардың барлығына хат жаздық. Қала әкіміне, орынбасарларына бұл мәселені айтуға тырыстық. Бірақ, қабылдауға кіре алмадық. Өзіміздің округтік депутаттарымызға да мән-жайды хабарладық. Алайда, ешкім өтінішімізге құлақ асқан жоқ. Конституциялық құқымызды бұзып, үйімізді тартып алмақ. Сот кезінде әкімдіктің бұл жер телімін ҰҚК қызметіне тек 3 жылға пайдалануға беріп отырғанын білдік. Одан кейін не болатыны түсініксіз, себебі, жоба жоқ", – деді Александр Ярош.
Жер қатынастары басқармасының өкілдері тұрғындарға аумақтың не себепті бұзылатынын бастапқыда дұрыс түсіндірмеген болса да, үйлеріне нарықтық бағамен өтемақы төлейтінін жеткізген. Алайда, пәтер иелерінің көпшілігі әкімдіктің ұсынған өтемақысын азсынып отыр. Олардың қатарында бұл үйде 1982 жылдан бері тұратын Ирина Пономарева да бар. Зейнеткер осыдан екі жыл бұрын пәтеріне жөндеу жұмысын жасап, ретке келтірген. Алайда, пәтерді бағалау кезінде бұл шығын ескерілмеген.
Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?
"Пәтерлерді үйге кіріп тексерместен, сырттай бағалау жүргізді. Ауданы 34 шаршы метр бір бөлмелі пәтерім бар. Жөндеу жұмысы жасалған. Әкімдік оны 14 млн теңгеге бағалады. Бірақ, моральдық залал мен көшу қызметін қоспаған. Бұл ақшаға жақын жерден дәл осындай пәтер ала алмасым анық. Тек қаланың шетінен табатын шығармын. Біз өтемақыға келіспеген соң, тамыз айында бізді Алматы жер қатынастары басқармасы сотқа берді. Сот процесі кезінде ғана бұл үйлерге ҰҚК көз тігіп отырғанын білдік", – деді Ирина Пономарева.
Тұрғындар қаланың орталығында тұрған үйлерін өз қалтасынан ақша шығарып осыдан екі жыл бұрын жаңартқан. Шатырын ауыстырып, сыртқы қасбетін жөндепті.
Оқи отырыңыз: Бүгін Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?
"Біз мұны рейдерлік тәркілеу деп есептейміз. Біз үйімізді бұзғанға және бұл жерден көшкенге үзілді-кесілді қарсымыз. Үйіміз ескі емес, сейсмикалық төзімді және қауіпсіз. Қызыл кірпіштен жасалған, қабырғасы қалың. Менің бір бөлмелі пәтеріме 14 млн 900 мың теңге ұсынды. Бұл өте аз өтемақы, осы ауданнан мұндай сомаға жөнді пәтер таба алмаймын", – деді тұрғындардың бірі Татьяна Мельникова.
Алматы әкімдігі жер учаскелерін алу процесі заңды түрде жүріп жатқанын және өтемақының ұсынылған мөлшері нарықтық бағаға сай есептелгенін мәлімдеп отыр.
"18 ақпанда біз осы жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу туралы тиісті қаулы қабылдадық. Қазіргі уақытта 39 пәтердің алтауы сатып алынды. Өтемақы ретінде ұсынылған сомаға қанағаттанған тағы үш пәтер иелері келісімін берді. 28-ге жуық пәтердің мәселесі сотта қаралуда. Өтемақы мөлшері аз деп наразылық танытқандар бар. Бірақ, пәтерлердің шамамен 20 пайызы сатып алынды. Демек, тұрғындар келісім берді деген сөз, ал қалғандары сот арқылы шешіледі", – деп түсіндірді Алматы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындар даулап жатқан аумақ ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында алынуда.
"Ұлттық қауіпсіздікті қорғау қажеттіліктері үшін заңмен белгіленген тізім бар. Сол үшін жер телімдері алынып жатыр. Өтемақы мөлшері әр түрлі, ол тұрғын үйдің ауданына, оның жағдайына байланысты. Бірақ, бұл баға нарыққа сай, жақсы сома екенін айтқым келеді. Бұрын өтемақы мөлшері кадастрлық құн бойынша анықталатын. Қазір тек нарықтық құн бойынша белгіленеді", – деді Ардақ Самамбетов.
Оқи отырыңыз: Алматы мектептеріне сыймаған 30 мың оқушының мәселесі қалай шешіледі?
Дегенмен, сотқа жүгінген тұрғындар бұл мәселені соңына дейін жеткізіп, үйлерін босатпаудың қамын жасайтынын жеткізді. Олар, тіпті, Жоғарғы сотқа арыздануға да дайын отыр.