Дана да дара Абай ақынның ұлы туындылары ұлан-ғайыр атырапқа дәл осы мекеннен тарағаны рас. Сіздерді хакімнің тұрған үйі, қолданған заттары сақталған Жидебайдың келбетімен таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.
"Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек. Жидебайда музейге арнайы лайықталған "Абай мұрасы" атты жаңа ғимарат салу қажет", – деді Президент.
Абай ауданында орналасқан Жидебай – Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы жер. Кезінде тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен деседі. ХІХ ғасырдың орта тұсында Жидебайды аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз иелігіне алып, қыстау салдырған. Қазақтың бас ақыны Абай 1880 жылы мұнда медресе салдырыпты. Құнанбай дүниеден өткен соң Жидебайды хәкімнің інісі Оспан иемденген. Ал 1891 жылдан кейін қыстау Абайдың еншісінде болыпты. Қазір Еуразияның кіндігінде тұрған осы жерде ақынның музей-үйі бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек шетелден меймандар келетін Жидебайдың кескін-келбеті қандай? Бұны бізге Абайдың музей-үйінің жетекшісі Нұржан Байтөс көрсетіп берді.
"Хакімнің өлеңдері, қара сөздері – бұл ел жадының нағыз "Рухани жаңғыруына" бастайтын жол. Ел санасы руханият пен мәдениетке ентелей енсе – қазіргі қоғамға деген көзқарас та мүлдем өзгеше болмақ. Ал Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – барлық дәуірді басып өткен өркениет баспалдағы. Қазақтың бас ақыны жерленген жер кіндігі Жидебайда жүргізілетін қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстары соның алғашқы көркем нышандары. Әлем халықтары қазақ десе Абайды, Абай десе қазақты айтатыны, көкке көтеруі өзі өмірін өткізген топырақта насихатталуы көкірегі ояу халқымызды қуантары сөзсіз. Сол себепті, Ұлы Абай айтқандай: "Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек" әр отандасымыздың кеудесінен табылуы керек деп есептеймін", – дейді ол.
Бұл ақын өмірінің соңғы жылдары өткен қыстауы. Мұнда өз жобасымен арнайы қала мәдениеті үлгісінде салынған үйі орналасқан. Абай әмеңгері Еркежанмен осы Жидебайдағы қыстауында тұрған.
"Көз алдарыңызда сол кездегі ет қақтайтын, сақтайтын орын. Бұл бөлмеде тұрмыста пайдаланатын келі-келсап, қолдиірмен, күбі, ат әбзелдері, шаруашылық құралдары, аңшылық тақырыбындағы экспозиция қойылған", – дейді Нұржан Байтөс.
Бұл бөлімде хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, Генерал-губернатор сыйға тартқан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісебелбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені мен қазмойын құманы бар. Қабырғадан ақын Абайдың 51 жаста ұлдары Ақылбай мен Тұрағұлдың ортасында отырып түскен фотосуретін көруге болады.
"Бұл бөлмеде Абай пайдаланған тоғызқұмалақ, дойбы тақталары, шақшасы, есепшоты тұр. Бәйбішесі Ділдәнің жасауымен келген төсегі де осында", – деп түсіндірді музей-үйінің жетекшісі.
"Абай, Шәкәрім кесенелері 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай салынған. Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді. Идеяның авторы, бас архитектор Бек Ибраев, салушы құрлысшы Сайын Назарбек. Бұл жерде Абай кенже інісі Оспанмен, Шәкәрім қажы ұлы Ахатпен және Оспанның бәйбішесі болған Еркежан жерленген мазарлар кешені орналасқан", – дейді Нұржан Байтөс.
Кешен ортасында грек архитектурасы үлгісінде амфитеатр салынған. Мұнда жыл сайын республикалық Абай-Шәкәрім оқулары өтеді.
Суреттегі көрініс бәрібір өз көзіңізбен көргенге қайдан жетсін. Сондықтан хәкімнің тағылымды туындылары дүниеге келген киелі мекенге бір соғып кеткейсіз, қадірлі оқырман.