Бүгін елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мерейтойға орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын хабарлады. Олардың негізгілері:
- Тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция;
- Қазан айында елордада ұйымдастырылатын конференция;
- Абайдың өлеңдері мен қара сөздері әлемнің 10 тіліне аударылады;
- Ақын туралы деректі фильмдер мен телесериал түсіріледі;
- Шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылады;
- Абайдың мерейтойына арналған республикалық айтыс өтеді;
- Ақынның туған жері – Жидебай абаттандырылады.
Оқи отырыңыз:
- Абайдың 175 жылдығына орай Алматыда ескерткіші ашылды
- Президент Абайдың 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға шетелдік мамандарды тартпауды тапсырды
Ақтоты Райымқұлова ақынның 175 жылдығына арналған шаралар бір жылмен шектелмей, келесі жылы да жалғасын табатынын айтты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Абай әндері мен өлеңдерін ҚР халық әртісі Роза Рымбаева, КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы және жас өнерпаздар орындады.
Сондай-ақ, сахнадағы экраннан қазақстандықтардың Абай өлеңдерін оқыған флеш-мобы көрсетілді. Естеріңізде болса, өткен жылдың маусым айында қазақстандықтар әлеуметтік желілерде #Abai175 челленджін бастаған еді. Бастаманы өзге азаматтар іліп әкетіп, студенттерден бастап, өнер адамдары, саясаткерлерге дейін ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жарияланған "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласындағы 10 өзекті ойды мына жерден оқи аласыздар.