Тікелей эфир

6 жылда 115 спортшы допинг қолданғаны үшін айыпталған. Informburo.kz шолуы

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Допинг қолданғаны үшін айыпталған олимпиада қатысушылары да аз емес. Олардың басым бөлігі кәсіби карьераларын аяқтады.

Допинг дауы саябырси бастағанда қазақстандық спортшылар тағы да допингпен ұсталды. Қазақстанның допингке қарсы орталығының мәліметінше, келесі бес ауыр атлеттің тыйым салынған препараттарды пайдаланғаны анықталған:

  • Асылжан Бектай (81 келі);
  • Әлішер Сейітқазы (102 келі);
  • Ерасыл Кеңесбаев (96 келі);
  • Гүлдана Жүніс (64 келі);
  • Аружан Көлбай (71 келі).
Тексеру барысында олардың қанынан "Тестостерон" анаболикалық стероиды табылған. WADA-ның тәуелсіз комиссиясы спортшыларды 2 жылға, ал олардың жаттықтырушыларын (Талғат Әбенов пен Айбол Көлбаев) 4 жылға спорттан аластады.

Жоғарыда аталған орталықтың дерегінше, 2014 жылдан бері 115 қазақстандық спортшы және 3 бапкер допинг қолданғаны үшін жүлделерінен айрылып, бірнеше жылға үлкен спорттан шеттетілген. Ал жыл сайын тыйым салынған препаратқа құмар спортшылар саны артып келеді.

  • 2014 жыл – 1 спортшы;
  • 2015 жыл – 2 спортшы;
  • 2016 жыл – 19 спортшы;
  • 2017 жыл – 15 спортшы;
  • 2018 жыл – 36 спортшы;
  • 2019 жыл – 42 спортшы.

Спорттан шеттетілген спортшылардың толық тізімімен мына жерден танысуға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың органдары шетелдіктерге берілмейді. Үш мыңнан астам адам донорға зәру

Илья Ильин спорттағы биігіне қайта жете ме?

Допингпен ұсталып, бірақ кәсіби карьерасын қайта бастаған спортшылар да бар. Олардың бірқатары спортқа оралып қана қоймай, жеңіске де жеткен. Ауыр атлетикадан екі дүркін олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы атанған Илья Ильин де 2018 жылы карьерасын қайта жандандырды. Бірақ "допинг дауынан" (2008 және 2012 жылғы олимпиада ойындары кезінде қолданған) кейінгі жетістіктері көңіл көншітпейді.

Атлет 23 желтоқсанда лицензиялық Катар кубогына қатысып, 96 келі салмақ дәрежесінде 5-орынға ғана тұрақтады. Ол тұғырдағы 6 мүмкіндігінің екеуін ғана еңсерген. Жалпы нәтижесі – 365 келі (165+200).

Алтын медаль алған катарлық Ибрахим Әлбах 404, күміс алған ирандық Киануш Рустами 403, қола жүлдегер тағы бір ирандық Мири Әли 371 келіні көтерген. Қырғыз Бекдулат Расулбеков 370 келімен Ильиннен бір саты жоғары орналасқан. Жалпы, бұл сайысқа 19 спортшы қатысыпты.


96 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылардың нәтижесі

96 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылардың нәтижесі / awfederation.com сайтынан скриншот


Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған

Илья осыған дейін Азия чемпионатында – 5, Ұлыбритания ашық чемпионатында – 2, Токиодағы халықаралық жарыста – 8, ал әлем чемпионатында 13-орын алды. Бұдан кейін спортшының Токио олимпиадасына қатысу мүмкіндігі жоғары деп айту қиын.


Допингпен айыпталған қазақстандық олимпиада қатысушылары

Допингпен айыпталған қазақстандық олимпиада қатысушылары / informburo.kz инфографикасы


Қай спорт түрінің өкілдері допингті жиі пайдаланады?

Жанкүйерлер әдетте ауыр атлеттер, балуандар және шаңғышыларды допингпен көп ұсталатын спортшылар ретінде біледі. Ал шын мәнінде біз елеусіз қалдыратын бірнеше спорт түрі бойынша тыйым салынған дәрілерді тұтыну жиі кездеседі. Олар:

  • Каноэде есу;
  • Бодибилдинг;
  • Дзюдо;
  • Таэквондо;
  • Жүзу;
  • Спорттық балық аулау;
  • Муайтай;
  • Пара-атлетика;
  • Армрестлинг;
  • Кір тасын көтеру.

Спортшылардың допингпен жиі ұсталуы елдің спорттағы сыртқы имиджіне де нұқсан келтіреді. Келешекте Халықаралық олимпиада комитеті мұндай мемлекетті үлкен додалардан да ығыстыруы мүмкін. Бұған Ресейдегі жағдай дәлел.

Желтоқсанның басында Халықаралық олимпиада комитеті Ресейді 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатыстырмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ресей 2032 жылғы олимпиада ойындарын өткізуге үміткер де бола алмайды. Ал допинг дауына ілікпеген Ресей спортшылары нейтрал мәртебемен Токио олимпиадасына қатыса алады. Олар жеңіске жеткен жағдайда өз елінің туы көтеріліп, әнұраны ойнатылмайды.

Ресей Федерациясының олимпиадалық командасы 2018 жылғы Пхёнчхан олимпиадасынан да шеттетілген еді.

Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді

Маңызды ақпарат: 2019 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қол қойды. Заң бойынша спортшының допинг қабылдауына ықпал еткен адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.

Заң бойынша допингпен ұсталған спортшыларға тағайындалуы мүмкін жазалар:

  • Жарыстардан шеттетіледі;
  • Спорттағы нәтижелері жойылады және біліктілік ұпайларынан айырылады, ақшалай сыйақылар қайтып алынады;
  • Спортшылар мен бапкерлерге өмір бойы ай сайын берілетін материалдық көмек тоқтатылады;
  • Спорттық атақтарынан айрылады;
  • Допингпен ұсталған Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен тұрғын үй шартын бұзу қарастырылады;
  • Құрама және штаттық құрама командадан спортшылар мен жаттықтырушылар шығарылады.

Еске сала кетейік, келесі Токио олимпиада ойындары 7 айдан кейін, 2020 жылғы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары