"42 500", "Жұмабектің бажасы". Pixar студиясының "Лука" анимациялық фильмі қалай қазақша сөйледі?

"Лука" – "Болашақ" қорының бастамасымен дыбысталған отыз жетінші фильм.

Pixar студиясының "Лука" атты анимациялық фильмі көрерменге жол тартты. Ол италиялық жас режиссер, "Оскар" сыйлығының номинанты Энрико Касаросаның алғашқы лентасы. Режиссер бұған дейін "Жоғары" және "Коконың құпиясы" мультфильмдерін кадрға бөлу суретшісі болған. "Лука" туындысы 2020 жылы дүниеден өткен атақты композитор Эннио Морриконеге арналған. 

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақшаға жай аударылмай, ауызекі тілге бейімделіп, заманға сай өңделгені айқын байқалады. Кейіпкерлердің сөздері, әзілдері сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениетке сай аударылған. Мысалы, "Лука" филмьінде дубляж жасау кезінде көріністің мағынасын айқын жеткізу үшін "отпен ойнап жүрміз", "аузыңа май, астыңа тай" сынды қазақша тұрақты тіркестер қолданылған. Мультфильм сюжеті теңізбен байланысты болғандықтан "ит өлген жер" тұрақты тіркесі "кит өлген жер" деп жақсы өзгертілген. Сондай-ақ, соңғы уақытта кең тараған "42 500", "Жұмабектің бажасы", "Қуып кету" деген сөздер сәтті енгізілген. Фильмнің дубляж режиссері Назерке Леспекқызының айтуынша, осындай ұсақ-түйектер арқылы фильм тек балаларға емес, ересек адамдарға да қызықты әрі түсінікті болады. 


Оқи отырыңыз: "Сержан Братан" Aitube видеохостингіндегі ең үздік сериал атанды


"Дубляж жасау да актерлік ойын сияқты қиын шаруа. Кішкентай ғана дыбыс жазу бөлмесінде көрерменнің қолдауынсыз, байланыссыз, тек экранға қарап кейіпкерді дыбыстау оңай шаруа емес. Әсіресе, бұл салаға енді аяқ басқан балақайларға дубляж процесін түсіндіру қиын. Десе де актерлердің бәрі өз кейіпкерін сәтті дыбыстап шықты. Тіпті, Луканы дыбыстайтын Бағжан фильмнің әсерлі тұстарын шынымен көзіне жас алып тұрып дыбыстаған кездер болды",– дейді Назерке Леспекқызы.

"Лука" фильмінің дубляж кастингіне Нұр-Сұлтаннан 32 актер қатысқан. Оның ішінде Айгүл Иманбаеваның "А.И академиясы" шығармашылық студиясының үш оқушысы бас кейіпкерлерді дыбыстап шықты. Атап айтсақ, Бағжан Нұртайұлы – Луканың, Мұхаммедәли Заманбеков – Альбертоның, ал Динар Қалдыбай – Джулияның дауысын салған. 

"Лука өте ұялшақ, ақылды кейіпкер. Оның жаңа нәрсені танып-білуге деген құштарлығы маған қатты ұнады. Фильмде кейіпкер түрлі оқиға мен эмоцияны басынан кешіреді. Дыбыстап тұрып, өзім де соның ішіне кіріп кеткендей болдым. Кейде қуанып, кейде мұңайып, кейде өкініп, тіпті соған байланысты дауысым да өзгеріп кеткеніне таң қалдым", – дейді Луканы дыбыстаған Бағжан Нартайұлы.

Дубляждалған фильмдерді кинотеатрдан, теледидардан, ivi.ru онлайн кинотеатрынан көруге болады.


Оқи отырыңыз: Баиа Халықаралық анимациялық фестивалінде Balapan арнасының  "Шыңырау" анимациялық фильмі жеңімпаз атанды


Айта кетейік, 2011 жылдың маусым айында алғаш рет ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне дубляждалған Disney студиясының анимациялық фильмі жарыққа шықты. Содан бері "Болашақ" корпоративтік қорының бастамасымен Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures және басқа да әлемдік киностудиялар шығарған 37 фильм қазақ тілінде сөйледі. 

Биыл "Болашақ" қорының құрылғанына және "Өзіңнен баста" атты шетелдік фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толып отыр.  Бұл жоба әр қазақстандықтың шетелдік кинотуындыларды ана тілінде жоғары сапада тамашалау құқығын іске асыруға ықпал етті. 

Осы уақытқа дейін дубляж кастингіне 3 мың астам қазақстандық актер қатысып, 150 астам актердің дауысы Walt Disney Pictures дауыстар қорына тіркелді. Қазақстанда екі дыбыс жазу студиясы Disney сертификаттауынан өтті. Қазақ тілі әлемдік дубляжда түрік тілінен кейінгі түркі тіліне айналып, Walt Disney компаниясы тарихында 39-шы, Sony Pictures үшін 7-ші тіл болды.

Поделиться:

informburo.kz в TikTok:

присоединитесь к сообществу крупнейшего новостного канала в Казахстане

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары