Informburo.kz тілшісінің ресми сұрауына Білім және ғылым министрлігінің берген жауабына сәйкес, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекітілген "Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған "Балапан" бағдарламасы" ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 21 қазандағы № 1119 қаулысымен күші жойылып, бағдарламаның мақсат-міндеттері Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына біріктірілген.
Бағдарлама мақсаты – 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамту.
"2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін мектепке дейінгі ұйымдардың саны 6 446-дан 10 708-ге жетті, яғни 4 262 бірлікке артты, бала саны 446 465-тен 894 039-ға жетті немесе мектепке дейінгі ұйымдардағы орын саны 447 574 бірлікке өсті. 2020 жылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 98,7 пайызды құрады. 2010-2020 жылдар аралығында республикада 77 мың орындық 520 балабақша салынды", – делінген Білім және ғылым министрлігінің жауабында.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта 1 470 балабақшада (53,3%) және 1 860 шағын орталықта (30,8%) инклюзивтік білім беруге жағдай жасалған. Яғни, оларда пандус, кіре берістегі дыбыстық құрал, кең есіктер, кресло-арбаға арналған зона және тағы басқа бар.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2010 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі едәуір көбейген. Мәселен, мектеп жасына дейінгі 1-6 жастағы балалардың 81,6%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Дегенмен, еліміздегі демографиялық және көші-қон процестеріне байланысты мектепке дейінгі ұйымдарға қажеттілік үнемі туындайды. Қазіргі уақытта халық тығыз орналасқан Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысында мектепке дейінгі ұйымдардың жетіспеушілігі байқалады.
Мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама алу үшін 362 мыңға жуық бала кезекте тұр, оның ішінде 3-6 жастағы балалардың саны – 58,4 мың.
Оқи отырыңыз: Балабақшадағы тәрбиешілердің жалақысы қалай есептеледі. Өсе ме?
Педагог біліктілігі
Мектепке дейінгі ұйымдарда 96 мың педагог жұмыс істейді. Олардың ішінде:
- 63,1 мыңы – жоғары білімді;
- 30,8 мың педагогтің техникалық және кәсіптік білімі бар;
- 2,1 мың педагог – орта білімді;
- 51,1 мың педагогтің "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту" мамандығы бойынша бейінді білімі бар.
Педагогтердің біліктілігін арттыру арнайы курстарда жүзеге асырылады. Жыл сайын 7 600 педагог курстан өтеді. Сонымен бірге педагогтер өз білімдерін, біліктілігін түрлі іс-шараларға (семинар-тренинг, конференция, дөңгелек үстел, конкурс, байқау) қатысу арқылы жетілдіре алады.
Мектепке дейінгі ұйымдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі. Бүгінде 7,3 мың педагогке қажеттілік бар.
Бағдарлама болашағы
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған. Бағдарламада жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі есебінен мектепке дейінгі ұйымдар желісін одан әрі кеңейту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жұмысы жалғастырылатыны белгіленген.
Министрлік мәліметінше, білім берудің барлық деңгейлерін қаржыландырудың ваучерлік жүйесін енгізу бойынша мәселе қазіргі уақытта жан-жақты қарастырылып, пысықталып жатыр. Тиісті нормативтер қабылданған жағдайда қосымша хабарланады. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысы жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес орналастырылады.
Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Ол үшін мектепке дейінгі ұйым Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларында (ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 122 бұйрығы) белгіленген тәртіпке сәйкес жергілікті атқарушы орган өткізетін конкурсқа қатысады, тиісті құжаттарды тапсырады және конкурс комиссиясының шешімімен балабақшаға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады.