Тәрбиешінің жалақысы қалай есептеледі?

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Әлібекова түсіндіріп берді.

– ҚР Үкіметінің "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражат есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы бар. Тәрбиешілердің, әлеуметтік педагогтың, орта медициналық мамандардың жалақысы В3 – В4 блогына сай есептелетіні көрсетілген. Бала күтушісінің айлығы Д блогы, ал әдіскер мен меңгерушінікі В3 блогы бойынша есептеледі. Басшылықтың жалақысы қаулының А1 блогына сай қарастырылады, – дейді ол.


Оқи отырыңыз: Электронды кезек арқылы балабақша мәселесі шешілмеді. Білім министрлігі 2020-да кезек болмайды деп сендіреді


Блок туралы түсінбей қалдыңыз ба? Бұл – тәрбиешілердің біліктілік деңгейі. Жоғарыда айтқан қаулыға кірсеңіз, мән-жайды толығырақ түсінесіз. Тәрбиешілердің бiлiктiлiгi орташа деңгейдегі жоғары санатты, бірінші, екінші санатты, санаты жоқ мамандар болып анықталады.

Базалық лауазымды айлық (БЛА) бойынша жалақыны есептеп көрейік

Оның көрсеткіші 2016 жылдан бері өзгермеген, яғни, 17 697 теңге. Қаулыда біліктілігі мен еңбек өтіліне байланысты коэффиценттер белгіленген. Бұл тұстағы коэффицент дегеніміз – бухгалтерлік жүйе арқылы есептелген көрсеткіш. Әр тәрбиешінің санаты, білімі, осы салада қызмет атқарған жылдары ескеріліп, арнайы бекітілген. Міне, соны базалық лауазымды айлыққа көбейткенде нақты айлығы белгілі болады. Өз коэффициентіңізді білгіңіз келсе, мұнда кіріп шығыңыз. Толығымен түсіндірілген.


Оқи отырыңыз: Балабақшаға қабылдау тәртібі өзгергелі бағасы да қымбаттады


Мысалы, сіздің тәрбиеші болып жүргеніңізге үш жылдан асты делік. Біліктілігіңіз – екінші санатты. Сіздің коэффицентіңіз 3,23 болады. Оны 17 697 теңгеге көбейтсеңіз, алатын жалақыңыз шығады – 57 мың 161 теңге. Оған тағы қосымша ақы қосылуы да мүмкін. Оны бала бақша басшылығы шешеді. Егер жұмыс өтілі бір жыл, ешқандай санаты жоқ адам 49 мың теңге алады. Өйткені, оның коэффиценті – 2,75-2,77. Мұны министрлік те растайды.


Базалық лауазымды айлық мөлшері осылай өзгерген

Базалық лауазымды айлық мөлшері осылай өзгерген / ҚР Еңбек кодексінің негізінде шыққан қаулы бойынша жасалды

"Тәрбиешілердің ең төменгі айлығы – 49 мың теңге", – дейді министрлік

– Тәрбиешілердің жалақысының еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысы жоқ. Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, бала бақша тәрбиешілерінің ең төмен жалақы мөлшері 49 020 теңгеден басталады. Біліктілік санаты мен еңбек өтіліне байланысты ең жоғарысы – 76 451 теңге болады. Бұл – қосымша ақыларды қоспағандағы сома, – дейді баспасөз хатшысы.


Оқи отырыңыз: Электрондық балабақша: ЭЦҚ болмаса, смартфон арқылы балабақша кезегіне қалай қоюға болады? Қандай артықшылықтары бар?


Тәрбиешілер нан-шайы, жүріс-тұрысына жететін айлықты аңсап жүр

Енді жұмысқа орналасқан тәрбиеші 49 мың теңге алмайтын болып шықты. Бала бақшадағы тәрбиешілердің деңгейі әр түрлі болғандықтан, бірдей жалақы алмайтынын Астана қаласындағы №7 "Аққу" мемлекеттік бала бақшасының меңгерушісі Айман Жұматаева айтты.

– Бала бақшадағы тәрбиешілердің алатын айлығы аз. Жұмысқа енді ғана орналасқан тәрбиешілер 35 мың теңге алады. Білім басқармасының шешіміне сәйкес, жақын арада он пайыз қосылуы керек. Бес сағат қана жұмыс істейді. Түске дейін тәрбиешінің жұмысы аяқталып, оның орнын өзге тәрбиеші алмастырады. Тәрбиешінің көмекшілері сегіз сағат жұмыс істеп, 32 мың теңге алады.

Министр бала бақша тәрбиешілерінің жалақысын ұстаздардыкі секілді біліктілігін арттырып, ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы анықталатынын айтқан болатын. Бірақ, бізге Білім басқармасынан ешқандай бұйрық келіп түскен жоқ. Жалпы тәрбиешілерге біліміне, еңбек өтіліне байланысты әр түрлі төленеді, – дейді ол.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер балаларын бала бақшаға кезексіз бере алады. Жаңалықтарға шолу


Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өсе ме?

Ата-ананың жұмыстан қолы босамағандықтан, баланы таңнан кешке дейін тәрбиешілер мен көмекшілер тәрбиелеп, өмірлік көзқарасын қалыптастырып жатыр. Олар кішкентай болса да жанындағы адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін өздеріне қабылдайтыны белгілі. Егер тәрбиеші жалақысын айдан айға жеткізе алмай, бір жағынан несиесі алқымнан қысып, көңіл-күйсіз жүрсе ше?

2018 жылдың 5 қазанында Елбасы жолдауында тәрбиешілердің жалақысын көтеру мәселесі Үкіметке тапсырып еді. Жаңа жылдың ақпан айының ортасына тақап қалса да, бұл өзгерістер әзірге тек қағаз жүзінде болып тұр. Неге? Бұған Білім және ғылым министрлігі не дейді?


Оқи отырыңыз: Балабақша бағдарламасынан ағылшын тілі алып тасталады. Әліппе қайтарылады


Бұл мәселе әлі талқыланып жатыр

– Барлық тәрбиешілерді В3 блоктан В2 блокқа көтеру ұсыныстарын және есебін дайындап жатырмыз, яғни, олардың біліктілік деңгейі ұлттық тест арқылы анықталады. Мектептердегі сияқты жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін педагогтарға қосымша ақы төлеу қарастырылады. Тәрбиешілер біліктілік курстарынан өтуге болатын орталықтарды өз бетінше таңдай алады. Осылайша ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындалуына мүмкіндігі бар. Жыл сайын 7600 тәрбиеші "Өрлеу" орталығында біліктілігін арттырып жүр.

Бұл жүйенің бала бақша тәрбиешілеріне қай уақыттан бастап енгізілетіні белгісіз. Себебі, мектепке дейінгі білім беру саласында оқығандардың тек 900-і бала бақшаға келіп жұмыс істейді.

Ал жекеменшік ше?

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтерілді. Бірақ, тек бюджеттік қызметшілердің жалақысы өсіп отыр. "Балапан" бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты орындайтын жекеменшік бала бақша қызметкерлерінің жалақысын көтеру – өзекті мәселе. Тек, бұл процесс бала бақшаға ата-аналар төлейтін ақшаны көбейту арқылы жүзеге асуы мүмкін.

"Балапан" бағдарламасының бағасын қымбаттатуымызға тура келеді. "Әрбір бала санына қарай 19 мың теңге емес, 27 мың теңге болса ғана қызметкерлердің де жалақысы көтеріледі. Мұны 4-5 облыс қана орындап отыр. Сондай-ақ, бұған жергілікті бюджетті игеретін әкімшілік ат салысады, – дейді министрлік.

Тәрбиешілер аттестацияны қалай тапсырады?

– Мектепке дейінгі білім сапасын көтеру үшін жергілікті атқарушы мекемелермен бірігіп, Жол картасын жасадық. Онда тәрбиешілер мен басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қаралады. Олардың біліктілігін арттыру үшін бірыңғай ұлттық тестілеуді енгізгелі жатырмыз. Мектепке дейінгі ұйым педагогтарына арналған тестілеу тапсырмаларының базасы құрылып қойды.

Мектептегі ұстаздарға арналған аттестация сияқты тәрбиешілер де дәл солай тест тапсырады. Нәтижелері бойынша 30%-дан 50%-ға дейін қосымша төлемақы енгізіледі, яғни, бұл тәрбиешілердің ғана емес, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің де жалақысына қатысты, – дейді Әйгерім Әлібекова.


Оқи отырыңыз: Бала бақшаға қабылдау тәртібі өзгергелі бағасы да қымбаттады


9 мың түлектің 10 пайызы ғана жұмысқа орналасады

– Дәл қазір Қазақстандағы балабақшаларда 55 мың тәрбиеші жұмыс істейді. Бірақ, олардың тек жартысының ғана арнайы білімі бар. Салаға қызығушылар аз. Оған бірнеше себеп бар. Министрлік тәрбиешілерді дайындау үшін жыл сайын білім грантын көбейтіп отыр. 2017 жылы ЖОО-дарына – 270, ал 2018 жылы 500 грант бөлінді. Ал 2017 жылы колледждерге – 5560 грант, 2018 жылы – 7200 грант берілді. Әкімдіктер облыс бюджетіне қарай аталған мамандыққа тапшылық болған жағдайда гранттар қарастырады. Оған тапсыру үшін бөлек конкурстан өтеді, – дейді ол.

Тәрбиешілердің жалақысын көтермесе, бұл салаға жастардың қызығушылығының төмендей беретіні анық. Тіпті осы мамандыққа оқуға түсу үшін амалдың жоғынан, балл жетпей қалғаннан іліксе, балаларды оқытуға қайдан қызығушылық оянсын!

Тәрбиешінің қызметі туралы заңдағы түсініктемені осы жерден оқи аласыз.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter