Тікелей эфир

11 млн қазақстандық туралы мәлімет интернетке қалай шығып кетті? Жаңалықтарға шолу

Қазақстандықтардың 27 пайызының несиесі бар. Синоптиктер ауа-райының бұзылуына байланысты ескерту жасады.

Арысты қалпына келтіруге 34,5 млрд теңге керек

Қаржы министрі Ә.Смайылов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бұл ақшаның жартысына жуығы, яғни 15,5 млрд-ы Үкіметтің қорынан, 10,6 млрд-ы жергілікті бюджеттен, 6 млрд-ы "Самұрық-Қазына" қорынан бөлінеді. Демеушілер мен гуманитарлық көмектен түскен қаржы шығынның 2,5 млрд-ын жауыпты.

Апатты аймақта 7709 үй қалпына келтіруді қажет етеді. Оның ішінде 49-ы жарылыстан дымы қалмай қираған.

Қазақстандықтардың 27 пайызының несиесі бар

Ипотекалық, авто несиелер, бизнес бастауға алған қарызды қоспағанда елдегі экономикалық белсенді тұлғалардың 55%-ның басында тұтынушылық несиесі бар. Яғни әрбір жұмыс істейтін алтыншы азамат – борышкер. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечинаның айтуынша, қазақстандықтардың майда-шүйде мақсаттарға алған қарыздарының жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асып түскен.

Теңіздегі мердігер мекемелердің басшылық құрамында қазақстандықтар санын арттыру ұсынылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев Chevron компаниясының Еуропадағы, Еуразиядағы және Таяу Шығыстағы барлау және өндіру жөніндегі президенті Тодд Левимен кездесті. Тараптар Теңіз мұнай-кен орнында қауіпсіздікті және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Еңбек министрі ТШО жобасына тартылған мердігер мекемелердегі біліктілігі төмен шетелдік жұмыс күшінің үлесін қысқарту қажеттігін атады.

Шетелдік компаниялардың басшылық құрамына қазақстандық мамандар санын көптеп тартут мәселесі көтерілгенін атап өтті. Бұл ретте компанияның басқарушы директоры кен орнындағы мамандармен кездесіп тұруы үшін қызметкерлер құрамынан комитет құру қажеттігі айтылды.

"Ғылым" қорының басшысы ректордан 5 мың доллар пара алды деген күдікке ілінді

Ақшаны ол ғылыми жобаларды қаржыландыруға қолғабыс болғаны, жалпы болысқаны үшін алғанға ұқсайды. Кінәсін толық мойындағасын қамауға алынбаған. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Білім министрі көмекшісінің заңсыз жалақы алғаны анықталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Министрдің көмекшісіне оқытушылық қызметі үшін заңсыз жалақы аударып отырған. Ал, университеттің ректорына 7 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдік келтіріліп отыр.

Араб компаниясының басшысы облыс әкімімен кездесті

Самед Хури мен Н.Ноғаевтың кездесуіне Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың арасында туындаған дау-дамай себеп болды. Өңір басшысы ТШО мен мердігер мекемелердің басшылығының алдына жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны теңестіру және басшылықта қазақстандық кадрлардың үлесін арттыру мәселесін қойғанын мәлімдеді. Өз кезегінде Самед Хури де болашақта келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін компания тарапынан қажетті жұмыстар жасалатынын атап өтті. Шетелдік басшы кәсіпорында әкімдік қойған талаптар толықтай орындалатынын хабарлады.

11 млн қазақстандық туралы мәлімет интернетке шығып кеткен

Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы осылай деп хабарлады. Азаматтардың жеке басына тиесілі деректердің ашық алаңға шығып кеткенін орталық мамандары өткен аптада білген. "11 млн адам туралы (бұл Қазақстандағы кәмелет жасына толған барлық азаматтар) толық ақпарат бар база ашық дереккөзде тұрды. Жүйеге кез келген адам кіріп, оны жүктеп алуына болатын еді" делінген орталықтың таратқан хабарламасында.

Базадағы деректер жаңа көрінеді. Мәліметтердің интернетте ашықтан ашық қанша уақыт тұрғаны белгісіз. Айтуларынша, Google мен Yandex жүйелері ақпараттарды индекстеп үлгерген. Деректердің интернетке қалай шығып кеткені анықталып жатыр. Орталық мамандары мемлекеттік органдарға ақпаратты жіберіпті. Қазір базаға кіру мүмкіндігі жабылғаны белгілі болды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Синоптиктер ауа-райының бұзылуына байланысты ескерту жасады. 5-6 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде күн күркіреп, тұман түседі. Дауыл тұрып, бұршақ жаууы ықтимал. Батыстан және солтүстік-батыстан жел соғады. Осы күндері Петропавл қаласында найзағай ойнап, күндіз дауыл тұрады. Қостанай облысының кей жерлерінде күн күркіреп, батыстан және оңтүстік-батыстан күшті жел соғады. Күндіз жел қарқыны - 15-20 м/с. Ертең Қызылорда облысында 40°С аптап ыстық күтіледі. Шығыс Қазақстан облысында найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауады.

Sputniknews.kz: Әлемдегі ең сұлу қыздар қай елде тұрады? Big Seven Travel туристер сервисі жер бетіндегі ең тартымды халықтардың рейтингісін әзірледі. Сауалнама нәтижесінде үздік ондыққа бразилиялықтар, австралиялықтар, оңтүстікафиркалықтар, италиялықтар енді Сервистің жарты миллион қолданушысы арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде әлемде ең сұлу әрі сымбатты деп украин қыздары танылды. Сонымен бірге филиппиндер, даттар мен австралиялықтар үздік ондықтан ойып тұрып орын алды.Үріп ауызға салғандай көрікті қыздар Оңтүстік Африка, Италия, Бразилия, Армения, Канада және Ұлыбритания елдерінде тұрады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары