Жателдік грантпен қызды шетелге жіберу қазаққа қажет пе?

Қазақта "Ақылды қыз білімге жүгірер" деген атасөз бар. Бұл нақыл сөздің ақиқатына соңғы жылдары түркітілдес ұлыстар арасында жасалған сараптамада қазақ қызының өзгелерге қарағанда білімге ұмтылысы жоғары деген.

Қоғамның қай саласына қарасаңыз, ең жауапты жерінде білімді қыздың қиындыққа қасқая қарап тұратынын көргенде, сүйсінесің. Мақтанасың. Бауырлас мемлекеттер арасында қазақ қызы білім деңгейімен, қоғамдағы орнымен, күрескер екендігімен өзіне тәнті қылады.

Қазақ қызы алғырлығымен, білімділігімен бауыр елдердің қыздарының алдына келеді. Еуропаның қақ төрінде отырған туысымыз түрік елінің өзінде әр он әйелдің жетеуі – "евханым", яғни, отбасы қамымен үйде отырады. Еркек – асыраушы, отбасы иесі боп саналады. Өкінішке қарай, бізде көп жағдайда керісінше.

Тәуелсіздік алған жылдары мемлекетімізді күйреуден аман алып қалған – аладорба арқалаған әйелдер екенін мойындау артықтық етпес. Жоғары санаттағы дәрігер, мұғалім, өнер адамы, ғалым әйелдер отбасын күйреуден сақтау үшін білек сыбана күресті жаңа қоғамды да аман алып қалғанын өздері сезбеді.

Сүйікті мамандығынан күйбелең тірлікке кеткеніне деген өкінішін ішке жұта отырып, ұрпағының болашағы үшін басын бәйгеге тікті. Бәр арманы – баласына жоғары білім беріп, елдің алдына оздыру болды. Баласы білім алсын деп, бар мүмкіндікті жасады. Таяқтың екі басы бар дегендей, осы кезеңде білім сапасының әлдеқайда төмендеп кеткені белгілі.

Кеңес дәуірінде қыз баланың шетел асып оқуы өте сирек болатын. Тәуелсіздікпен қоса, қыз баланың жател асып білім алуына жол ашылды. Мемлекеттің қамқорлығымен қыз, ұл деп бөле-жармай, қаншама жастарымыз "Болашақ" бағдарламасымен жателде білімге сусындады.

Өз мемлекетімізде де сан-алуан шетелмен біріккен жоғары оқу орындарының ашылуы алысқа кете алмайтын жастар үшін жақсы болды. Бірақ... Соңғы жылдары жателдік жігіттің етегінен ұстап кетіп жатқан қыздар саны күрт өсіп отыр.

Еркін өскен қыздарымыздың шалыс басуы көбейді. Не себептен деп, мән беруден қалып барамыз. Әрине, "махаббатқа тиым жоқ", "қалағанына кетуге ерікті" дерсіз. Тіптен, соңғы кезде: "Адам біткен бірдей, қай нәсілге күйеуге шықса өз еркі. Нәсілдің – нәсілден кемдігі жоқ" дейтін жастар бар. Мақтанға айналып, қолдау тауып жатыр, тіпті.

Жүгенсіз кеткен еркіндіктің соңы,"Махаббат демократиясы" сүйекке таңба боларлықтай дәрежеге жетті. Жат нәсілдінің жетегінде қыздарымыздың көкпарға тартылып бара жатқанын көргенде: "ішің удай ашиды, күресерге дәрмен жоқтың" кебін киесің.

Қызды қымтап ұстаған ұялмайды

Атам қазақ қыз балаға тәрбие мақсатында көптеген тиым сала отырып, "түбі жат жұрттық" деп маңдайынан қақпаған. "Отыз күн ойын, қырық күн тойыңды жасап беремін" деп еркелете отырып, ауылүйдің сөзіне ілікпеуіне қатаң мән берген.

Әсіресе, "қылығы өзгереді" деп, оң жақта отырған қызды кісі үйіне қондырмайтын, тиым салған. Қыз бала тек әке-шешесінің оң босағасы мен ұзатылған жерінде, күйеуінің шымылдығында түнеуі тиіс деп санаған. Зерттеп қарасаң, өте орынды тәртіп екеніне көз жеткізесің.

"Қыздан қысырақ баққан жеңіл" дегендей, қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, атастырған еліне аманатын абыроймен тапсырғанша жаны тынышталмай, көзінен таса қылмаған қазақ, қатыгездіктен емес – қызды көздің қарашығындай сақтау арқылы ұлт мәйегін сақтап қалған.

Бүгінгідей ағайынға бұрылуға мұрша келтірместей жаһандану желкемізге мінген кезеңде қызымыздың тәрбиесі ескерусіз қалғандай. Әсіресе, жат елге оқуға қыз жібергеніміздің дұрыс-бұрыстығы таусылмас дауға айналды. Әлбетте, есті қыздың тұма біліммен сусындағаны керек-ақ. Алған білімі артында қалған еліне пайдасы тисе, қазынаға кенелеріміз һақ.

"Қыз қылығы – түзде" демекші, түзге кеткен кей қыздарымыздың "көкпарға тартылып" кетіп жатқанына сүйегіміз сырқырамақ түгілі, әлеуметтік желі бетіндегі бейнетаспалары мен фотоларына күрсіне қарауен шектелуді намыс көрмейтініміз миға қонбайды.

Ерікті қыз еркінсіп кетіп жатқан тұста тиым саларлық қауқарымыз қалмағаны қалай? Әлбетте, ертеден жоралғы жолына қыз бен қой жүргенін көлденең тартып, көңіл орнықтырармыз. Бірақ. Ол жоралғы ел мен елді татуластырып, қазақтың басына төнген бұлтты ыдырату мақсатында қолданылған.

Он алты жыл бойы ат ізін салмаған қыз

Осы мақаланы жазуыма үш ұлдың ортасында жалғыз қызын үкілеп өсірген ананың көз жасы себеп болды. Қызы мектепті алтын медальға бітіріп, жоғары көрсеткішпен шетелге оқуға түседі. Жергілікті жігітімен көңіл жарастырып, күйеуге шығады.

Ағаларының қарсылығын білген қыз анасының шырылын құлаққа ілмей, елге оралмай қалып қояды. "Үш күннен соң көрге де үйренесің" демекші, қызының жат елде қалғанына көніккен ана байғұс он алты жылдан бері оны бір көруге зар. Қызы сол кеткеннен – мол кетеді.

Екі-үш айда бір рет телефонмен хабарласумен шектелетін қызының күй-ахуалын біле алмай зарыққан анаң жол қараумен келеді. Бүгінде төрт баланың анасы болғанын телефон арқылы білгенді қанағат тұтуға мәжбүр. Бірде, түсінде қызына ажал төніп келе жатқанын көріп, шошып оянады.

Телефон шалайын десе, әдетте қызы көше таксафонымен хабарласатын болғандықтан қайда хабарласарын білмей зар илейді. Арада бес ай өткенде қызы хабарласып, төртінші баласын ота арқылы қиналып туғанын хабарлайды. Ана жүрек, қызының ажалмен арпалысқан сәтін сезсе керек.

Ұзақ жылдар қарындасына наразы ағаларының ашуы тарқап, анасын қызын көріп келуге жіберейін десе, қайда екенін білмейді. Қанша сұраса да, қызы мекен-жайын айтпайды екен. Таңқаларлық жайттың түйінін қалай шешерін білмей дал болған шеше байғұсты жұбатарлық сөз таппайсың.

"Әр сөйлескенде, қызымның дауысын соңғы рет естіп тұрғандай іштей қоштасамын" дейді ол. Бүгінде таныс-тамыры қыздарын шетелге оқуға жіберетінін естісе бітті, басындағы қасіретін айтып зар илейтін көрінеді.

Өзге нәсілдің етегінен ұстағанын қалай тоқтатуға болады? Жуырда Қытайдан келген қандасымыздан бір оқиғаны естіп, тәнті болдым. Қазақтан шыққан белгілі қандасымыздың ерке қызы Бейжіңде оқып жүріп, қытай алпауытының ұлымен көңіл жарастырады.

Әкесінің қарсы болғанына қарамай, күйеуге қашып кетпек болады. Қызының тоқтамасын білген әке дүркірете ұзату тойын жасайды. Той үстінде қос ғашықты қатар қойып, қызына ақ батасын береді. Бата алған қызы бақыттан басы айнала бұрылып кете бергенде, көз жасы боталаған әке тапаншасын басып қалады. Жаңа ғана ақ батасын берген әке қызын ажал қаптырады.

Жиылған жұрт алдында: "Қазақтың қызы бұзылса, ұлттың мәйегі бұзылғаны. Қызды жат жұртқа бергенше, өлгені артық. Мен аз қазақтың басында тұрмын. Мен жол берсем, артымда тұрған сендерге не болмақ?!" деп, күңіренген екен. Әрине, шетте жүрген қандастарымыз осындай қатаң жолмен қанын сақтап қалуға мәжбүр болса керек.

Өз елімізде отырып қандасымызға тигенге жерінетін қыздарымызға не айтуға болады? Бәрін бір шалғымен оруға болмас. Жатқа кеткендердің арасында бақытын тапқан қыздар да жеткілікті. Тек, жат елде, жат ұлттың босағасында жалғыз жүргені болмаса.

Білім іздеп алып-ұшқан, оң-солын танымаған жастарға кінә тағу артық болар. Құс екеш құс та балапаны қанатын қатайтпайынша ұяда ұстайды. Соңғы кезде өршіп тұрған бейбастықтың бастауында қиялына салып алған қамалын алғысы кеп талпынған жастарды ақылға шақырушы ата-ананың осалдығы жатқандай. "Отбасында темірдей тәртіппен тәрбиеленсе, бауырмал қыз қазығынан алысқа кетпес еді. Кеткен күнде алтын қазығына қайта оралар еді-ау?!" деген ойға тірелесің.

Ықылым заманнан қазақ қызын еркін өсірген. Ер-азаматпен тізе біріктіре келген жаумен шайқасқан батыр қыздарымыз қаншама?! Алты ұлын соңына ерте жауға қарсы қол бастаған Бопай ханымның ерлігі тарих бетінен өшірілген жоқ.

Қазақ қызы бетін бүркемеген. Айтар сөзін жасқанбастан айта білген. Ақылды әйелдің сөзіне ауыл ел тұрмақ, хан да тұрған. Міне, қазақтың қызы қандай болған. Қыздың жолы жіңішке екендігін жадынан шығармайтын есті қыз еркіндікті жөнімен жүзеге асыра білген.

Бүгінгі қыздарымыз еркін өмірді қалауына қарай қолданумен кей жағдайда өз өміріне қауіп тудырып жатқанын байқамайды. Иә, жат елде сүйіктісімен қалсын делік. Қалауын тапсын делік. Десе де, ең алдымен қасірет кешетін – жатқа кеткен қыздың өзі. Лапылдаған махаббат әрі кетсе он жылда басылып, күйбең тіршілікке көшкенде, туған жердің ауасына зар болмаса деңіз.

Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды

Түбірлі сөзді түйіндеуге келгенде, қазақтың алдына түскен жан жоқ болар. Құдайға шүкір, екі ұл түгілі он ұлға татырлық қыздарымыз жеткілікті. Оған дәлел, тарихта даналығымен елді аузына қаратқан қыздарымыздың атымен аталған рулар қаншама.

Өкініштісі, бүгінде татымды қыздарымыздың жатқа кетіп жатқаны. Шіріген жұмыртқаға балап баз кешейін десең, жат елде жәутеңдеп жүргенін ойлап сүйегің сырқырайды. Қызымыз жатқа кетпесін десек, ата-ана ұрпақтың болмысына мән беріп, рухани беріктігін ойламайынша, ұлт тұғырлы болмайтынын ескеретін уақыт жетті.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.