"Қай ауқатты той берер екен?!"деп, ертеде ауыл-ел тойды асыға күткен. Өйткені, тойды малы жеткен берген. "Пәлен ауылдағы пәленшенің үйі той береді екен?!" деген сыбыс естілсе болды, тайлы-таяғына дейін сол тойға жетіп құлаған. "Той десе қу бас домалайды" деуі де содан қалған.

Тойдан өзге,өмірден өткен ата-бабаларына құран бағыштау үшін ас беріп, соңын бәйгеге, палуан сайысына айналдырып отырған. Той – алыстағы ағайынды көрістіретін, көңілдегі ренішті шәй көйлектей шәйіп өтетін, алыс-берісті жалғастыратын жақсылықтың жаршысы іспеттес. Бірақ, бүгінгі қоғамда біз тойды орнымен тойлап жүрміз бе?

Жан сақтау бөлімінде қиналғанда

Қалалық көпқабатты аурухананың жан сақтау бөлімінің алдында сенделе басқан орта жастағы жігіт ота бөлімінің есігіне үмітпен қарап қояды.

Соңынан ерген бауырының үйлену тойынан келген беті. Ағайынды екеу еді. Інісі жасқа толмаған кезде басқа отбасын құрған әкесі ат құйрығын кесіп кетті. Намысқой анасы қанша қиналса да, алимент алмастан екі баласын тістелеп жүріп жеткізді.

Ұлдың үлкені анасының қиналғанын көріп, ерте ес тоқтатты. Анасына салмақ салмай жақсы оқып, жоғары білімді өз күшімен бітірді. Зеректігінің арқасында соңғы курста оқып жүріп жұмыс істеп, өз нанын өзі табуды үйренді. Дипломын алысымен көзге түсіп үлгерген оған жұмыс орнына орнығу қиынға түспеді.

Болашақ жарымен ақылдаса келе кішігірім той жасауға келісті. Тойға қажетті барлық шығынды бірнеше жерде жұмыс атқарып жүріп тауып, анасына еш салмақ салмады. Болашақты болжай білетін зерек жігіт алдағы уақытта інісімен бір шаңырақта бала-шағасымен қысылмаудың жолын ойлап, ипотекаға пәтер алды.

Не көрсе де өзім көрейін деп шешкен жігіт інісін анасына қосыла өбектейтін. Онысының зияны тиер дген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Кішкентайынан бетінен ешкім қақпай өскен інісі мектепті ілдім-салдыммен әрең аяқтады. Болашақта белі бүгілмей нан тапсын деген үмітпен жоғары оқуға ақылы жолмен түсірді.

Жылдық оқу ақысына ерке інісінің күнделікті ішіп-жем шығыны қосылды. Жас отбасын сүйреп жүрген ағасының жағдайымен санасқысы келмеген інісі жер басып жүргенін міндет ететін жайтқа жетті. Аға мен Ана оған да көнді. Күнде кешкісін қызық қуып кететін інісі кезекті думанда сүйкімді қызбен танысты.

Бай отбасының бетіне қарап отырған еркетайының талабы да күшті. Ғашық жүрек қойсын ба, еркетайдың талабын орындау үшін ағасы мен анасын бұрынғыдан бетер қинап, ақша талап етуді ұлғайтты.

Аузынан шыққанын орындатқан ерке қыз жігітті ауқатты үйдің баласы деп қалса керек, әке-шешесіне таңдауы түскен жігітті таныстырып үлгерді. Баланың отбасын зерттеген ата-анасының қарсылығын құлаққа ілместен, "Осы жігітке күйеуге тимесем, өлем?!" деумен табандылық көрсетті.

Ерке қызының мінезі өздеріне мәлім ата-ана еріксіз көнді. Кенже ұлдың бақуат отбасының қызына үйленгісі келетінін білген анасының "Тойды қалай жасаймын?" деген қорқыныштын есі шықты. Кенже ұл қаладағы ең қымбат ресторанда тойын жасауын үзілді-кесілді талап етті.

Келіспесек бір пәлеге ұшырар деген үрейден анасы мен ағасы амалы таусыла келісті. Қымбат ресторанның төлемі удай. Анасына көмек болсын деп, ағасы банктен қомақты көлемде ақша алды. Ипотекасының төлеміне тойдың ақшасы қосылып, иығына ауыр жүк түсті.

Бай отбасының талабы ойлағаннан асып түсті. Қызды дүркірете ұзатты. Тапқаны тамағына әрең жетіп отырған ұл жақ алпауыттардың деңгейіне сай тойды атқарамын деп тыраштанып бақты. Күйеу баланың тақыр кедей отбасынан екенін білген қыз әкесінің қабағы той үстінде қарс түйіліп, ашылмаған күйі кетті.

Құданың қабағына алаңдаған анасы уайымға батып қала берді. Үлкен ұлына жаны ашып, тойдан түскен ақшаны кредитін жаппаққа уәде берген болатын. Үлкен ұлдың жағдайына алаңдап, той жасаған құрлы келіннің қабағына жалтақтаумен болды.

Күтпеген тосын сый тойдан кейін болды. Кенже ұл, "бал-шырын айды" Дубайда өткізбекке турагенттікке жасырын келісім-шарт жасап қойыпты. Не керек, тойдан түскен ақшаны желкелей тартып алып, жас жұбайымен Дубайға тартып отырды.

Қарызына қарыз жамаған аға басын ұстаған күйі қала берді. Банк – еркелігіңді көтеретін нағашың емес. Ай сайын сартылдап келетін қомақты ақшаны құйып отыру үлкен ұлға ауыр жүкке айналды.

Отбасы – кішігірім отан. Өз қажеттілігі мен талап-тілегі бар мемлекет. Екі баламен үйде отырған келіншегінің қабағы қарс жабылып, шаңыраққа жанжал кірді. Келіншекті кіналауға да болмас. Жас балаға ең арысы күнделікті қолданатын памперстің өзі біршама ақша дегендей.

Әлқиссаның түбірі, жол-жөнекей соға кеткісі келген байғұс ана ұлы мен келіннің жанжалының үстінен түседі. Қарап тұрса, келіннің талабы жөн. Күндіз бірнеше жұмыстың басын қайыратын баласы анасына білдірместен түнгі жұмысты қосымша алады.

Кішкентай баласы аяқ астынан ауырып қалғанда, қасынан күйеуі табылмаған соң, келіні ашуға басқан. Тіпті әке-шешесін шақыртып үлгерсе керек. Құда-құдағидың алдында ақталарға сөз таппай жерге кірген байғұс ана есінен тана құлады, жан сақтау бөліміне жол тартты.

Той төлемін банкке бес жыл бойы төлейтінін ойлауға мұршасы жоқ жігіт анасының аман шығуын тілеп, Жаратушыға жалбарына түсуде. Анасының ажалмен арпалысып жатқанынан бейхабар кенже ұл ерке жұбайымен алыстағы Дубайда сайран салып жүр. Бұл – көбейіп бара жатқан ессіз жастар мен дарақы ата-аналардың талабымен тығырыққа тіреліп жатқандардың бір ғана көрінісі.

Белгілі этногроф, академик Жамбыл Артықбаев ағамыз: "Қазақтың үйлену тойы дегеніміз – "Қыз ұзату" тойы. Қырық жетіні айдап келетін жер де, күйеу жақ алып келетін малының сойылатын жері де қыз ауылында өтеді. "Құда тарту", "қыз қашу", "Құда арасындағы айтыс", бәйге, көкпар, "жар-жар" (аужар), "сыңсу", барлығы қыз ауылында болады.

Ең аяғы "неке қияр" да қыз ауылында өткізіледі. Мыңдаған жылдар сонау аналық дәуірінен бастап ХХғасыр басына дейін қазақ осы дәстүрмен өмір сүрген..." деген пәтуәні ортаға салды. Дастан-жырды зерттеп қарасақ та Ж.Артықбаев ағамыздың сөзінің ақиқатына көзіміз жете түскендей.

Бабадан жеткен салт-дәстүріміздің дарақылыққа ұласып кетуіне көзі ашық ата-аналардың жол беруі ерсі екенін мойындайық. Қыз жақпен жағаласа ұл жақтың асыра той жасауына тиым салатын кез туды. Ұзатылған қызды алып келіп, "беташар" тоймен шектелуге не кедергі?

"Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты" демекші, соңғы жылдары оңтүстік өлкесінде көрші жатқан өзбек ағайындардың шұбалаңқы салты көбірек қолданысқа түсіп кетуде. Бүгінде бұл жайт бір ғана оңтүстікте емес, еліміздің түпкір-түпкірінде болып жатқаны жасырын емес.

Жағдайы келсе де, келмесе де той үстінде құдағилар алтын білезік алмасу, иыққа құндыз тон жабысу жазылмаған заңға айналды. Басқа шығыннан бөлек қыздың қалың малы кемі 1 млн теңгеден жығылып құлауда. Осыдан кеп той шығынын есепке салсаңыз, "ішің білсін әлу-ай?!."-дың көкесі боп шыға келері һақ.

Кредит алу оңай-ау, соңынан шымбайдан шырқыратар төлемі болмаса. Балама деп жиған-тергенін екі-үш сағаттық тойға шашып, соңынан жас жұбайлар пәтерден-пәтер қаңғып жүргеннен кім ұтпақ?! Кеше ғана хан сарайының тағында отырғандай төрде тұрған жас жұбайлардың киім-кешегін арқалап жүргені шымбайға батары ақиқат. Нәтижесінде "ыдыс-аяқ" сылдырлап шыға келеді.

Ендеше, "әннің де естісі бар, есері бар" демекші, дәстүрімізді заманауи есті ағынға неге бұрмасқа? Топырлап келіп, ішіп-жеп кететін той шығынын жөнге салар уақыт жетті деп ойлаймын. Мәселен, тойға кететін күллі шығынды екі жақ ауызбіршілікпен баспана алатындай ипотеканың алғашқы төлеміне құйса, құба-құп емес пе.

Алыс-жақын ағайын жастарға сыйлық бергілері келсе, ортақ банк картасына құйса, пәтер төлеміне қажетті қаржы ойнап шыға келмек. Балдай тәтті жұбайлық ғұмырын қожайынның қабағына қараумен бастамай, өз үйі – өлең төсегінен бастаса, неке бұзуға тірейтін "жетіспеушілік" деген жанжал азайып, бала саны көп бақытты отбасылар көбейіп шығары һақ.

Саналы түрде саралап қарасаң, жаңадан отау тіккен жастар көрінгеннің есігін сығаламай, нәрестелерін өз шаңырағында дүниеге әкеледі. Бұдан асқан бақыт бар ма? Шымкент қаласында 400-ге жуық тойхана бар екен. Әрқайсына кем дегенде 200-1000 адамға дейін сидыратын тойханалардың бос тұратын күні жоқ десем жаңылмаймын.

Той болсын. Лайым қуаныш көп болсын. Тек, ақылға сап, артындағы салмағын ойлайық, ағайын.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.