Кінәмшіл қоғам

"Тамшы – тас тесер, тас теспесе – бас тесер" демекші, соңғы кезде қоғам кінәмшіл боп бара жатыр. Баяғыда бір апамыз: "Өлгенімнің күнінен байға тиіп барамын" – деген екен. "Қай жетіскеннен кінәмшіл болсын, қабырғасын қақыратқан соң да?.." деп, ақтап ала қоямыз. Әттең, кей бармақ шайнатар тұстары болмаса.

Жәрдемақыға берілетін 21 мың теңгенің жыры сан құбылуда. Талпынысына сәл де болса жәрдем жетпей жатқандар жиналған ақшаны жөнімен жүзеге асырады. Екі-үш кезеңін күтіп әжептеуір тірлік бастап жатқандарды көріп сүйінесің. Ал...

Осы "Ал..." сөзінің салмағы күннен-күнге ауырлап барады. Неге десеңіз, қағаз жүзінде шаңырағы шайқалғандар саны күрт өсіп шыға келді. Бірге тұрып жатқанымен, 21 мың теңгені алу үшін қағаз жүзінде ажырасқан боп есептелетін отбасыларды естігенде, айтарға сөз таппайсың.

Санаң қабылдағысы келмегенімен, көз алдыңда болып жатқан ащы шындық. Жағымсыз жайттың себеп-салдарын зерттедім. Нәтижесі естігенімнен де сорақы. Бәріне кінәлі 21 000 теңгенің машақаты боп шықты.

Бар болғырды алу үшін ең алдымен отбасы табысы адам басына шаққанда белгілі деңгейден кем болуы шарт. Баспанасыз қаңғып жүрсең құба-құп. Астыңда көлігің, есігіңнің алдында бақшаң, қораңда малың болмауы шарт. Ең сорақысы – базардағы нарықтан беймағлұмдардың адам басына шаққанда 21 мың теңгенің "ойыншыққа айналып" қалғанын ескермегендері.

Содан келіп, айналасы алып жатқан ақшадан қалыс қалмас үшін қағаз түрінде ажырасып, тиесілі ақшаны алып қалуға жанталасып жатыр. Қағаз жүзінде әке-шешесімен бір дастарқаннан ас ішіп отырған бала "жетімдер" саны да өсіп шыға келді.

Кіналай қарағандарға: "Егер, Үкімет бала басына беретін ақшасын соншалық талап қоймастан бергенде, біз де мұндай сорақылыққа бармас едік?!" деп уәж айта қояды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрысын айыра алмай басың қатады.

Ата-бабаларымыз білсе, жас орнына қан сорғалатар сорақылық – еркектеріміздің басым көпшілігінің масылдықты ерттеп мінгендері боп тұр. "Шықпа жаныммен" әрең сүйретіліп жүрген жалқаулар "салп еткен" ақшаға аузы майланып, ауырмайтын жағымен қисая кеткенді жөн көрген.

"Еркек тапқан мал жұқ болардан" қалғанымыз қашан?! Егемендікке қол жеткіздік деп қуанамыз-ау, тек... Соңғы отыз жылда "масыл еркек" модаға айналғаны болмаса. Алдымен әйелдеріне ала дорба арқалатты. Уақыт өте ала дорбаның ішіне "әдемілеп көсіле жатуды" әдетке айналдырды.

Әйел тапқан табысты ішіп-жеуді намыс көрудің орнына: "Кімнің қатыны көп табады?!" деген бәсекеге түсуден танбайды. Кінә қай тараптан кетті: бала-шағаның қамымен бар ауырлықты мойнына жүк етіп артқан әйелден бе, әйелі тапқан нанды жеуге арсызданбайтын ерекектен бе, әлде нақтылы бағдарлама жасай алмай отырған мемлекеттен бе?

Арзымайтын ақшаға бола жалған ажырасып жатқандарды көргенде: "Жәрдемақы алған отбасының еркегінің жұмысын ерекше қадағалауға алса шіркін?!" деген жалаң ой жылт ете қалады. Қайбір жетіскен ой дейсіз, белең алған бейқасиеттіке тегеурін болар жолды іздеп сенсіреген ой ғана.

Қос ұлын қолдан берген әке

"Көрмесіңді көрмейінше, көрге түспейсің" демекші, бағудан қашып бауырындағы баласына әке құқығынан қашқанды да көріп жүрміз. "Ақырзаманның белгісі: әке балаға бұрылмайды" дегенді үлкендерден еститінбіз. Сол сәт жеткендей бойың түршігеді.

Жұмыс істемейтін жас жігіт келіншегімен жараспай, ажырасты. Ажырасу сәт сайын болып жатқан қоғам тағы бір шайқалған шаңыраққа таңырқай қоймас. Мәселе алимент төлеуден қашқан әкенің, екі бірдей атұстар ұлына әке болудан бас тартуында болып тұр.

"Жұмыс істемеймін. Балам алимент орнына үкіметтің ақшасын кәмелетке келгенше алып отырсын" деген шешім қабылдаған. Сот "Әке құқынан айырылсын" деген үкім шығарғанда, иығындағы ауыр жүктен құтылғанына қуанып, "жүгенін сыпыра" қашты.

Екі баланы бауырына қысқан үйсіз-күйсіз жас жесір көше бойында қала берді. Қашақ әке, қарт әкесінің үйін паналады. Екі ұл, анасымен пәтер жалдап тұрып жатыр. Сонда деймін-ау, екі балаға үкімет беретін жәрдемақы пәтерақыға кеткенде қашақ әкенің: "Екі балам не ішіп-жеп, не киеді?" деп, ойланбауы қорқарлық жайт.

Құқығынан айырылған әкенің қуанышының қаншаға созылары бір құдайға аян. Құжатында "әке" сөзінің тұсында қалың қара сызық тұрғанын көрген ұлдың болашағы не болмақ?! Бала бөлмеге қоя салатын жансыз жиһаз емес. Күн санап, жыл санап өсері һақ.

Күндердің-күні жеткенде: "Әкем жоқ" дегенді баласынан естуден өткен қасірет жоқ. Сол қасіретті аз күндік бостандығына айырбастап кетуі қоғамның іріп бара жатқанына айғақ бола түскендей. Аталарымыз ұл туғанда: "Шаңыраққа ие болып қалатын атұстар келді дүниеге" деп бөрікін аспанға лақтыра қуанған.

Бір перзентке зар боп, өмірден қайғырып өткендер қаншама?! Басындағы бағын – балапанын тәрк ететін көкек әкелердің нөпірін тоқтатарлық күш бар ма? Айдың күні аманында перзентінен безген әкелер саны өрши өскен қоғамда болашақтың құрдымға түсіп, қалың қара тұманға көміле бастағандай. Бұл қоғамға туған қасіреттің көкесіне айналмасына кім кепіл?

Масылдық тамырлаған кезең

Қоғамға қатер туғызып тұрған ең үлкен қауіп – масылдықтың тамырланып бара жатқаны. Өзіне қарап ұлдың бой түзерін ескермейтін масыл әкелер нөпірі нағыз әкелердің айбынын аяққа таптап жатыр. "Жатыпішер еркегі" бар үйдің әйелі: "Алты баламды асырауға көмектес" деп, Үкіметкен алақан жаюға мәжбүр.

Кіналамақ ойымда жоқ. Еркегі "Алатауды айырып, Қаратауды қайырып" мал тапса, әйел қауымы шылқа майға шылқып, отбасында ошағын түтетіп отырса жарасар еді-ау, әттең... Ездікке намыстанбайтын еркегі қолына қарағанда, әйел сорлы ашынғаннан бақытсыздығына Үкіметті кінәләйді.

Қайтсін... Катарынан қорланып баласы көшеден еңіреп кіргенде, көзіне іліккеннің бетін қынадай етуден тайынбай, ашынғаннан ащы дауысқа басатын да әйел. Кеңес дәуірінде өмір көрген біздер баласын үкіметке міндет еткен әйелді көрдік пе?!

Бүгінгі елуді еңсергендердің көпшілігі бес-алтыдан кем емес балалы отбасында жетілдік. Әкелеріміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Сонда бүгінгі көкек әкелер саны не себепті ұлғайып жатыр?.. Көпке топырақ шашу емес, әсіресе соңғы он жылда отбасы жүгі әйел мойнына толығымен мінді десек, артық айтпаспыз.

Оқу жылы басталар алдындағы арпалыста жаны күйінетін де – Әйел. Сапасы нашар киімді алып тұрып: "Алты балам бар. Бәріне бірдей мектеп киімін алуға ақшам жетпейді. Біріне форма алсам, екіншісіне аяқ киім алып, келте боп қалға ескі формасын кигізуге мәжбүрмін. Үкімет берген ақша дымға жетпейді" деп еңіреді телеарнада.

Өзге елдермен иықтасуы үшін мемлекетке адам саны аса маңызды роль атқаратыны анық. Адамға мемлекет тарапынан қамқор керек делік. Әйелді қолдап Үкіметке қарсы мінберден айқайлаймыз. Ашынамыз. Талап етуді әдетке айналдырдық.

Дұрыс-ақ! Халықтың күйін ойлап, жағдайын жасау – Үкіметтің басты міндеті! Алға озған Еуропа елдерінің халқына жасаған қамқорлығы, біздер үшін "Мың бір түн" ертегісіндей. Десе де, отбасының тірегі – Әкенің қажыры, қорғаны, панасындағы балапанын қамтамасыз етуі дегеніміз қайда қалды?!

Әйелдер ашуға мінгенде бөлген ақшаны місе тұтқан еркектердің пысықайы жалған ажырасумен одан бетер қалың ұйқыға кірісуде. Әйелін шырқырата үкіметтен көмек сұратып қойған ер-азаматтарда намыстың қалмауы ұлт қабырғасын қақыратып-ақ тұр.

Қиыны – қол жаюды әдетке айналдырған қоғам, қайыршылық шырмауығына шырмала түседі. Өмірге келген ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің құлдырауы келешекті күңгірттей түседі. Бала көңілі "Жоқ. Жетпейді" сөздерін қаперіне қабылдағысы келмей, толық қамтамасыз етілуін талап етеді. Құқылы. Өйткені, қасындағы балада бар әке-шеше, мұнда да болуы керек.

"Неге қатарымнан қалуым керек?" деген ойдан, бала көңілі көшеге ауа бастайды. Нәтижесі – сұмдық. Ұрлық. Жезөкшелік. Нашақорлық. Кейде: "Күйеуінің болымсыздығын көрген соң топырлата туып, баласын қайыршы деңгейіне жеткізудің не қажеті бар?" деген күнәһар ойға да маңдай тірейтін сәттер болады.

"Осы біздер тойып тамақ ішпесек те, көшеде қаңғымай өстік қой?" дейтіндер де табылар. Заманына қарай – баласы. Жаһанданудың жарқылы көзді ала табындырып тұрған кезеңде, балаға қорған боларлық "Әке қамқорлығы" қажет-ақ.

Дүние төңкеріліп кетсе де әкелік парызын биік қойып, баласынан бас тартпайтындар саны көбейсе деген тілекпен көкек әкелердің нөпіріне тегеурін болар күшті бірге қарастырсақ құба-құп болар еді-ау, ағайын?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.