"Қайынжұртқа бармағаныма қуанамын!"
Арқасы мықты Ана
"Үш күннен соң, көрге де үйренесің" дегенді атам қазақ текке айтпаса керек. Бүгінде той мен тозақтың арасы сүйем қарыс. Бұл қалыпты жайтқа айналды.
"Тозақ" дегенге таңқалсаңыз, бүгін үйленген жастар араға жыл салып, кейі тіпті жылға толмай ажырасып жатады. Сот шешімі дұрыс па, әлде, бұрыс па – бала анасында қалады.
Әлбетте: "Әкенің май бергені – ананың қара су бергені" екені мойындалған шындық. Оған "еркексіз күн көрсе де, баласыз күн көре алмайтын" ана жүрегін қосыңыз. Десе де, әкелік парызын алиментпен шектеп, шылбырын босатып еркіне жібере салғаннан теперішті бала мен әйелдің көретіні есепке алынбайтыны өкінішті.
Көше бойында: "Әке, алименттен қашпашы?.." – деген баданадай боп ілулі тұратын билбордқа көзің түскенде, бойың еріксіз тітіркенеді. Ажырасқаннан жүгі жеңілдегенімен қоймай, баласына көмектен қашуға әкелік дәті қалай барады?!.
Бұл – жалпыға топырақ шашу емес. Ұрпағы үшін тер төгіп, бар денсаулығын сарп етіп жүрген асыл әкелердің барына шүкір. Баласы үшін алаңдайтын әкелер баршылық. Тек, билбордтағы "қашақ әкелердің" саны күрт көбейгені болмаса.
25 жыл нан сатады
"Нан аламыз, нан?! Сүтке иленген пәтір нан бар, пәтір нан аламыз?!"деген жағымды дауысқа бұрылдым. Қарасам, көздің жауын алардай сан-алуан нан қаздай тізіле қаланып тұр екен.
Тұсына іркілгенімді көре сала, сатушы әйел әр нанның сапасын жырлай жөнелді. Ең соңында: "Мені тыңдасаңыз, мына ошаққа піскен нанды алыңыз. Бағасы 250 теңге болғанымен, сүтке иленген. Тіске жұмсақ. Ашып кетпейді. Қатса, ыстық шәйге батырсаңыз болды, жұмсарып шыға келеді?!" деп, көлемді қазанжаппа нанды мақтай жөнелді.
"Түсі игіден – түңілме" демекші, бет-әлпеті келісті әйелдің мақтаулы нанын алдым. Бір емес, бірнешеуін алғаныма қуанған түрінен бір ерекшелікті байқап қалдым. Бірақ, не екенін бірден түсіне алмадым. Ақшамның қалдығын қайтарып жатқанда зерлей қарасам, көздерінде қуаныш жоқ екен.
"Апай, 25 жылдан бері осы орында тұрамын. Наным сапасыз болса, келіп айтарсыз?!" деген сөзі тоқтатты. 25 жыл?! Таңқалдым. Ашық базарда, қыстың аязы, жаздың аптабына 25 жыл бойы төтеп бергені ойына кіріп те шықпайтындай.
Тапжылмастан нан сатумен айналысқан әйелдің тағдыры оңайға соқпағанына күлімсіреген көзінің айналасына жиналған әжім торы куәгер боп тұрғандай.
Күйеуім үй-жайымды ұтысқа салды
Жұбайлық өмірі жап-жақсы басталған әйел үш балалы болады. Үшінші баланың өмірге келуімен тозақи ғұмыр басталады. Күйеуі құмар ойынына түсіп кетеді. Жұмыстан қуылады. Тапқан-таянғанын құмарға салады.
Күйеудің жолына қараудан үмітін үзген әйел, белін бекем буып, жұмысқа шығады. Қайбір жұмыс болсын: кісі үйін тазалау, баласын бағысу. Құмар ойынға ішіп келіп, төпелеу қосылады. Итжанды әйел оған да көнеді.
Үйін ақтап-соқтап, тазартып кірген пәтер иесі, араға төрт-бес ай сала "бала-шағаң миымды ашытты" деген сылтаумен қуып шыға береді. Қызының пәтерден-пәтер жалдаумен сандалғанына жаны ашыған әкесі үй салып береді.
Балаларының әкесі болғаны үшін жамандыққа қимай, күйеуін қоса бағып жүре береді. Азапқа әбден еті өліп кетсе керек, сол өмірінен шыр айналып кете алмайды. Келінге жаны ашыған қайынағалары күйеуін тәрбиелеуге күш салады. Ағаларының тепкілеуімен құмар ойыннан бас тартқандай болған күйеуінің шыдамы көпке созылмайды.
Ел қатарлы енді үйлі болып, қуанып жүргені ұзаққа бармайды. Түн ішінде құмар ойын орталығының жігіттері келіп, күйеуінің үйді ұттырғанын, таңға дейін босатуын мәлімдейді. Үш баласын құшақтаған әйелдің аңырағанын құмар орталығының қожайыны құлағына ілмейді.
Сені де ұтысқа салады
Алған тәрбиеден кетпеген әйел төркіннің есігіне баруға арланып, пәтер жалдап жүре береді. Екі жұмыс істеп тапқанын тиын-тебенін күйеуі тартып алатын әдет шығарады. Бір күні үлкен қайынағасы: "Атаңа рақмет. Інімізден түңілдік. Ендігі кезекте өзіңді ұтысқа салмай тұрып, үш балаңды ал да төркініңе кет!.." дейді.
"Қайынжұртымның рұқсатымен үш баламды арқалап, төркініме келдім. Сот арқылы ажырастық. Үш бала менде қалды. Алимент шығарған. Төлеу қайда?! Төлемек тұрмақ, өзімізді ұтысқа салмағанына қуандық" деп мұңайды.
Күйзелуге уақыт жоқ
– Жұрттар күйзеліске ұшырап, есінен танып жатады. Менің күйзелуге уақытым болмады. Үш баланы асырау үшін білек сыбана осы жұмысқа кіріп кеттім. Өткен күнде белгі жоқ екен.
Кенже балам үш жаста еді. Бүгінде жиырма сегіздегі зіңгіттей жігіт. Қызымды күйеуге ұзаттым. Үлкен ұлымды үйлендірдім. Алдағы жазда кенжемді үйлендірсем, үйде отыруды армандаймын,– деген ол ешкімнен көмек күтпейді. Бермеген баққа ренжімейді. Үш баласының қас-қабағымен ғұмырын өткізген әйелдің әр әжімінің қатпарында ауыр мұң жасырынған. Әйел табиғаты – қандай да бір тауқымет болмасын, төтеп беретін ғаламат күш.
Жалғыз әйел. Үш бала. Үшеуін нәзік иығымен қиынсынбастан көтерген жаны неткен төзімді?! Көз жасына тек қараңғы түн мен жастанған жастығы куә. Таңмен мұңды жүзіне күлкі маскасын киіп алып, қоғам кемесіне сүңгіп кете барады.
Соңғы жылдары еркектердің қоғамдағы орнының осалданып кеткені жайлы көп айтылып, жазылып жүр. Түпкі себебінің бір тармағында ажырасқанда баланы әйелге бере сап, еркектің өз басын ғана ойлайтын бостандыққа кете барғанның салдары да жатқандай.
Бала ауырса, қарны ашса, киімі тозса жүгіретін – Әйел. Бала шырқырап ауырып жатқанда, бас бостандығын алған әке той тойлап жатуы мүмкін. Бала мен табыс көзін табу жолында шарқ ұрған әйелдің қажеттілігіне еркектің бас қатырмауынан қоғам қатыгездене түскендей.
Иә, алиментін дер кезінде қанттай төлеп отырған әкелер бар. Олар үшін "алиментін төлеу" арқылы әкелік міндеті атқарылып жатқандай. Жаһандану деген жалмауыз әр бұрыштан бала тағдырына қатерін төнгізіп тұрған заманда, жалғыз ана ұрпағын қатер құрығынан құтқармаққа жанталасады.
Әсіресе, ұл баланың анасына айтқысы келмейтін сырын әкесімен бөлісуді аңсайтынын ойламайтындардың көбейгені – әлбетте, қасірет. Ұлғайып жатқан қасіреттің бір пұшпағы сол, соттың біржақты шешімінде жатқандай. Тауқымет әйелде. Бостандық еркекте. Ұшсаң да, қонсаң да еркің өзіңде.
Әйелден ажырасу арқылы ұрпағынан да пышақ кесті ажырап жататын әкелерге Құдайдан басқа сот жоқ та болар. "Баланы бердім, не дейсің?" деп міндетсінген әкелерді де көріп жүрміз. Ар сотын жиыстырып қойған жандарға соттың да пәрмені жетпес.
Қайынжұртқа қол жайып бармадым
– Күйеуімнен түңілгенім сонша, ол жақты ойлауға қорықтым. Обалы не керек, қайынжұртым арагідік соғып, жағдайымызды сұрап тұрды. Өздері көмекті нақтылы ұсынбаған соң, сұрамадым, – деген әйел алдына келген алушыны көргенде маржан тістері жарқ ете күлімсіреп шыға келді.
Әр нанның үстінен 10-20 теңге көреді. Он теңгелеп жинаған нәпақасымен үш баласын жетілдірген. Жаз мезгілінде үш баласын көмекшілікке алады. Сөмкеге салған нанды базар аралап сатып келеді. Алғашында аяпты. Қажеттілік дегеннен аттап кете алмайсың. Мектепке киім-кешек дайындау деген тағы бар.
Кейде балалары тезірек сатып үлгереді. Үш баласын қанаттыға қақтырмаған әйелдің қажымаған қайратына тәнті боласың. "Құдай-ай, бала баққан да сөз боп па. Бәріміз күйеусіз бағып жүрміз ғой?" деушілер табылуы мүмкін. Ол үшін қабақ шыту жарамас.
Айтқым келгені: Неге әйел ғана бағуы керек? "Бала тәрбиесіне әйел жауапты" дегеннен кетпейінше, қоғамда еркектің ролі құлдырағаны құлдыраған.
"Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Тай ат болса – енесі артына алаңдар ма" – дегенді М.Қашқари сонау ХІІ ғасырда көрегендікпен айтқанына таңдай қақпай оқи алмайсың.
Жалғыздықпен, қиыншылықпен жалғыз арпалысып жүріп үш баласын жетілдірген әйелге риза боп қарап тұрдым. Әр алушыға басына түскен қиындықтан құтқарушыдай қуанады. "Тезірек өтсе екен" деген үмітке толы көздері айналасына жәутеңдей қарайды.
Егер, сіз оны мүсәпір деп ойласаңыз, қателестіңіз. Ол әйелдің ары таза. Ол әйелдің мерейі үстем. Ол әйел – ұрпағы үшін күрескер Ана. Ол әйел баласын табанға таптатпайды. Әр тал шашының жолында жанын құрбан етуге даяр.
Әйелден кетіп жатқан әке осынша бақыттан қағылатынын ойланар ма екен? Тек, қашақ әкелердің уақытша қиындықтың соңында ұзақ жылдарға созылатын рақат ғұмырдың барын ойланбайтыны өкініш. Кезінде қиналғанмен, бүгінде жетілген балаларының бақытына кенелген әйелге риза бола қоштастым.
– Қиыншылық көрсем де, бақыттымын. Қайынжұртыма көмек сұрап, қол жайып бармағаныма бақыттымын?! – деп күлімдеген әйелдің тағы да көздері күлмеді. Тұңғиығына тастай сіңген мұң шынайы бақытын көлегейлеп тұр.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.