Жүрекке жақын ағаш
Атымтайдың аялаған ағашы
Біз студент болып жүргенде Алматыдағы Жаңа алаң мен оның төріндегі ақ ғимарат – Орталық Комитет үйі салынып жатты. Кешікпей құрылыс бітті, маңайы шағын паркке айналды. Алаң шетіне жағалай көгілдір шырша егілді. Сол тұстағы коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары Атымтай Қисанов Канададан алғызған екен, бірден жерсініп кетіпті.
Атымтай Қисанов – іскерлігімен танылған, ел мен жерге жанашырлығы үшін құрметке ие болған кісі. Аралдағы жап-жас Ұзақбай Қараманов басқаратын трестке тапсырма беріп, ауыз су тартқызған. Беріде Ұзекең сол құбырды қабылдауға Атымтай аға келгенде қой сойып қонақ қылу қайда, машинаның шаң-шаң капотының үстінде орыстың колбасасы мен қара нан турап беріп түстенгендерін еске алған. Сондай адал адамдар өмір сүрген.
Кейінгі әкімдердің бірі Атымтайдың ағашын айтпағанда, Желтоқсан көтерілісі өткен тарихи орынды тып-тыпыл қиратты. Сылтауы – астына үлкен сауда орталығын салу. Салды. Онысы ақыры жабылып қалыпты. Желтоқсанда төгілген қан жібермесе керек.
Алаңды талқандау барысында көгілдір шыршалар тамырымен қопарылды. Алматы бір сәнінен айрылды. Қазақстан табиғатты аялаған дәуірден оны құрбандыққа шалу арқылы ақшаны күреп табу дәуіріне өтті. Көкқағазды ойлайтындар көк шыршаны тамырмен жұлып тастағанда бізге бармақ шайнағаннан басқа амал қалмаған.
Көгілдір шыршалардан айрылғанымызбен осы шағын бақта бірнеше түп каштан қалды. Жол жиегіне емес, парктің терең ортасына егілгендігінен.
Каштан – ең жақсы көретін ағашымыз. Өйткені, талай шабыт берген. Қалай? Көктемгі гүлі мен күзгі жаңғағын көру ғана қаламның қуатын қыздырмайды. Каштан ағашына арқамызды сүйеп тұрамыз. Оңаша. Көз жұмулы. Ешкім алаңдатпайды. Аздан соң бұрын ойға келмеген тақырыптар қылаң берер еді. Мида жүрген, бірақ қалай жазудың реті келмеген тақырыптардың кілті табылатын. Жарты сағат саялы ағаштың түбінде тұрып, бірнеше күн толассыз жазуға жетер қуат алатынбыз.
Каштанды да алғаш Алматыға Атымтай Қисанов еккізген. Қазір осы әкімдік маңында, содан кейін бұрынғы Үкімет үйінің қасында өсіп тұр. Өйткені, бұл аймақтарды көркейтуге республиканың коммуналдық шаруашылық министрлігі жауап берген. Түрлі министр басқарса да, тізгін орынбасар Қисановтың қолында. Ол кісіге көк шырша мен каштан ұнапты. Қазір бізге де ұнайды. Атымтай аға өмірден өтті, ал каштаны 300 жыл өседі. Биіктігі 36 метрге барады. Етегі жайылып, төбесіне қарай үшкілдене беретіндіктен өте сымбатты. Діні қарағаш сияқты айқыш-ұйқыш емес, түзу дөңгеленіп өседі. Тамыры өте мықты. Бірақ емендікі сияқты тарбайып жер бетіне шығып кетпейді. Жапырақтары шоғырланып, бір сағада 5-7-ден өседі. Ертегідегі дәудің саусақтары сияқты. Оның ортаңғысы екі жақтағыдан ірі болады.
Көктемгі гүлдері тік қадаған шырақ тәрізді. Бір шырақта 20-50 ұсақ гүл шоғырланып тұрғандықтан өте әдемі көрінеді. Ақ күлтелерінде бастапқыда сары секпіл болса, бірер күннен соң қызғылт реңкке ауысады. Аралар сары секпіл кезінде күлтеге үймелейді. Каштан гүлінен жиналған балдың қанты 75 пайызға жетеді.
Жазда бір шоғыр гүлден небәрі 5-6 жаңғақ шығады. Қабығында түк, анығында тікен болады. Ол кезде түсі жап-жасыл.
Күзде "жасыл кірпінің" қарны өз-өзінен жарылып, түрін шаш бояйтын әйелдер жақсы білетін қоңыр дән түседі. Сырты жып-жылтыр. Оны жіпке тізіп, сәнді моншақ жасағанын көрдік. Бізде каштанның жаңғағын жеуге болмайды, аздап улы. Бірақ аң мен мал жей береді.
Мэрдің малданған ағашы
Жалпы бірталай қалада каштан өсірудің өз тарихы бар. Мысалға Киевке 1842 жылы Николай Бірінші келер кезде Ұлы Мәртебелінің құрметіне жаңа көше салынады. Оның ортасындағы аллея мен екі шетіне бұрын өсірілмеген каштан егіледі. Еуропада солай екен.
Бар жұмысты атқарған соң, генерал-губернатор Бибиков бір түнде көше ортасындағы каштанды қайта қопартып, орнына терек еккізеді. Не болды? Бізге Киевті аралатқан гидтен сұрағанымызда сыры мынада екен.
Императорға қаланың дайындығын мәлімдемей ме. Тура "пәлен түп каштан егілді" деген тұста ат үстінде келе жатқан Ақ патша тыржың етіпті. Жаушыдан осыны естігенде дайын отырған генерал-губернатор "қап, каштан ұнамаған екен" деп байырғы теректі құп көреді. Тек көшенің шетіндегі ботаникалық баққа егілген каштандар аман қалады.
Ақыры қалаға келген Николай Біріншіге каштанның еш қатысы жоқтығы анықталған, тыржың ете қалғаны – сол кезде мойнын сона шағып алған. Қалаға қайтадан жаппай каштан отырғызылған. Ол кездегі жаңа көше – қазіргі Тарас Шевченко простектісі. Оны бойлап сан мәрте жүрдік. Иә, ортасындағы аллеяда қарт теректер өсіп тұр. Басқа жердің бәрі каштан.
Қала басшыларының каштанға қатысты әбіржуі ХХІ ғасырға дейін жетіпті. 2013 жылы Киев мэрі Александр Попов қаланың бас көшесі Крещатикке өзі бас болып, бұрынғы ауру ағаштардың орнына каштан отырғызды. Өйткені, кейінгі жылдары экологияның кері кетуі бұл ағашқа да әсер ете бастады. Жапырағындағы сарғайған дарақтарды өзіміз де көрдік.
Енді қалаға түтін мен тозаңға дес бермейтін каштанның мықты түрін өсіру көзделіпті. Сөйтіп, Бриоти деген түрі таңдалады. Оны Италиядан әкеледі. Қызығы соңынан болды. Мамыр айының ортасында каштан жаппай гүл жарғанда бұл Бриоти еместігі байқалған. Аталмыш сорттың гүлі қою қызыл болады екен. Мыналар ақ болып гүлдеген. 285 түптің екеуінің ғана гүлі қызыл болып шығыпты. Әкім өздерін кім алдап кеткенін анықтауға тапсырма берген.
Киев тұрғындары "23 мамыр – Каштан шырағының күні" деп атап өтеді. Бұл – каштан жаппай гүлдейтін кез. Шынында, бір қарыс биік шоғыр болып шығатын ақ гүлдері шырақтан аумайды. Ақ шырақ күні каштанға арналып ондаған өлең жазылады. Сосын жинақ болып шығады.
Черниговтағы дендропарктегі каштанның бір жылы оң жағы, келесі жылы сол жағы гүлдейді. Ағаш жүз жылдан бері бұл дағдысынан жаңылмаған. Бұл табиғи құбылыс болса, адам қолымен жасалған кереметті Киев түбіндегі "Александрия" дендропаркінен көруге болады. Ондағы бағбандар каштан тоғайын күзей-түзей "жол соққан жолаушылар" атты мүсіндерге айналдырған. Иә, алты-жеті каштан ұйықтап жатқан адамдардан аумайды.
Днепрдің екі жағасындағы төбелерді қуалай салынған Киевтегі 200-ден астам түрлі ағаштың көбі де, құрметтісі де – каштан. "Киев кезінде Парижбен сән-салтанат жағынан жарысқа түскен" деп мақтан етті бізге гид әйел. Оған дауласпадық. Сол жарыстың бір көрінісі – жаппай каштан егу.
Аннаның саялаған ағашы
Енді Амстердамның қалың үй орамы ортасында өсіп тұрған бір түп каштанның қаншама жыл бойы экологтар мен саясатшыларға танымал болғанын сөз етелік. Каштанның бүкіл болмысын Голландияда тұрған Анна Франк деген қыз жақсы білген. Ол – ғалым не зерттеуші емес. Бар болғаны – босқын.
1927 жылы Франкфуртте дүниеге келген. Германияда фашистік режим орнап, еврейлерді жаппай азаптау басталған соң отбасы Амстердамға көшеді. Қазақтың "қайда барсаң – Қорқыттың көрі" дегені рас екен, бұл елді фашистер басып алады. Енді қашып шығу мүмкін болмаған соң олар бір үйдің шатырына жасырынады. Шатырдың қуысынан жасөспірім Анна сығалағанда бір каштанды көретін. Күнделігіне үнемі сол жайында жазу түсетін. Жылдың төрт мезгіліндегі ағашты Аннадай ешкім сипаттамаған шығар.
Күндердің күніне тығылған отбасы туралы біреу фашистерге хабарлап қояды. Аннаны тұтқындап, концлагерьге жібереді. Берген-Белсен лагерінде қыз 1945 жылы наурызда сүзектен өледі. Арада екі жыл өткенде оның күнделігі кітап болып шықты. 70-ке жуық тілде миллиондаған таралыммен басылды. Осы күнделік жуырда қазақ тіліне аударылды. Тығылған үйі мұражайға айналады. Қыз суреттеген каштан Амстердамның ең құрметті ағашы деп саналды.
Арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде Аннаның каштанының өзегіне құрт түскен. Оны кесу-кеспеу мәселесі бүкіл Голландияны дүрліктірді. "Салмағы 27 тонна, өзі 150 жыл жасаған ағаш құласа қасындағы үйге қатер әкеледі" деген қала билігі кесуді ұйғарады. "Бұл ағаш соғысқа, фашизмге қарсы қозғалыс үшін соншалық маңызды" деп ел қарсы болады.
Соңғы сөзді сот айтыпты: ағаш кесілмейді. Енді билік мен қоғамдық қозғалыс бірлесіп, ағашты, анығында ол құлаған жағдайда жанындағы үйді сақтау жобасын жасайды. Араға биіктігі 8 метрлік болат қалқан қою ұйғарылды. Сөйтіп,фашистік зұлматтың табиғи ескерткіші сақталып қалды. Бастан өткен қасіреттің заттай айғағын сақтауға зауқы жоқ қазақ осыдан үйренсе етті.
Бірақ, адамның заңы бір басқа, табиғаттың заңы бір басқа. Тірі ағза өледі, ағаш қурайды. Әлгі біздің жас кезімізде ғашықтар туралы "Бір құлаған қайың қайта көктемес, Қоштасайық, қоштасуға қолың бер" деген өлең болатын. Сол сияқты бір дауыл соғып, қатты нөсер құйған күні алып ағаш құлады. Бір метрлік молағы қалып, басқасы морт сынған. Абырой болғанда, болат қалқанға тіреліп, ауладағы адам тұрмайтын қоралардың үстіне түскен. Ешкімге залал келмеген.
Сицилияның "сүтті" ағашы
Әлгіндегі Киев мэрінің каштан үшін Италияға ат шаптыруының өз себебі бар. Бибиони-Венеция сапарында жабайы қаштан орманы сақталғанын көргенбіз. Біздің Алатаудың солтүстік-шығыс бөлігінде жабайы алманың сақталғанындай. Алма сияқты қыркүйек-қазан айында піседі. Жаңғағын жинау үшін сол кезде италдықтар кәрзеңкесін көтеріп тау аралап кетеді.
Бір ғажабы – Шығыс Еуропа мен Азия каштанының жаңғағы жеуге жарамаса, Батыс Еуропанікін жеуге болады. Біздің апорт сияқты ең ірісі Сицилия аралында екен. Содан болар аралдағы қала көшелеріне "Байқаңыз, төбеңізге каштан түседі" деген жол белгілерін іліп қояды. Бұл да – мәдениеттің белгісі. Бізде ондай белгі іліп жатқанша ағашты шауып тастаған оңай ғой.
Италия күзде жаппай каштан жаңғағын жинайды. Дүкендерінде бір келісін үш евродан сатады. Ал тау мен көшедегі тегін жинап алуға болады. Бұл жағы да Алматыға келіңкірейді.
Алматы мен Киевтің сәндік үшін өсіретін каштаны мен Батыс Еуропаның жаңғағын жейтін каштанының жапырағы мен діңі бірдей. Тек біздің жақтағының дәні жасыл қабықпен қапталған. Ал Батыс Еуропадағы каштан піскенде сыртқы қабығы сұрғылт түске боялады. Ол жақтағының сыртқы тікені үшкір, алақанға кіріп кетеді. Біз жақтағының сыртқы тікені одан жасықтау.
Ішкі дәннің түсі екі жақта да бірдей, қошқыл-қоңыр.
Француздардың фестиваль ағашы
Каштанды көшеде қуырғанды сан рет Парижде көрдік. Шарль де Голл алаңындағы Триумф – Шарықтау қақпасына жан-жақтан түйісетін үлкен даңғылдардың бойында біздің кәуәп қақтайтын жігіттеріміз сияқты жалаңдап тұрады. Қазір біраз қаламызда көшеде кәуәп қақтауға тыйым салынды. Ал Парижде каштан қуыру жүздеген жылғы дәстүрге айналған.
Көктемде туристер каштанның қызғылт гүлін қызықтауға келсе, күзде қуырылған каштанның иісін иіскеу – бір мұратына айналыпты. Міне, насихаттай білудің күші.
Көшедегіні бірнеше рет қызықтап қарадық. Біздің әжеміз түптелген бидайды қазанға осылай қуырып беретін. Қазір қай қалада бидай қуырғанды көрдіңіз? Ал жаңа қуырылған бидайдың дәмін айтпағанда, иісі керемет еді. Біз ондай дәстүрлерді ұмыттық. Ал Париждегі қуырылып жатқан каштан иісінен бір кездегі момын, берекелі ауылымыз еске түсті.
Каштан қуырушы әбден әдістеніп алған. Әртістен бетер әбжіл қимылдайды. Қоңыр түсі біртіндеп сарғыш бояуға ауысқан жеті-сегіз жаңғақты қағазға орап ұстата қояды. Иә, ауылдағы қуырылған бидай сияқты бұл да ыстық кезінде өте дәмді екен.
Каштан қуыру демекші, халықаралық айналымда "каштанды оттан алып шығу" деген тұрақты тіркес бар. Қазақша мағынасы "біреудің қолымен от көсеу" дегенге келеді. Алғаш рет француз сықақшысы Жан де Лафонтен он жетінші ғасырда мысал ретінде жазыпты. Бір маймыл пеш қоламтасындағы каштан дәндерін мысыққа алғызып, соны рахаттанып жейді. Мысықтың табаны күйген әрі ұры атанған, ал маймыл болса оны мақтап қойып, қарнын тойғызған.
Бізде де ондай ертегі болған. Қуырылған ыстық бидай ұстаған алақанды сыртынан қысып тұрып, шындықты айқызған. Бірақ, не тұрақты тіркеске айналмай, не символдық мәні бар көрініске айналмай ұмыт қалғаны анық.
Францияның Изола деген шағын қаласында жыл сайын каштан фестивалі өтеді. Каштан тоғайы арасында тұрған елдімекен мереке кезінде ерекше құлпырады. Одан пісірілген нешетүрлі тағам қойылады. Бүкіл көше бір дастарханға айналады.
Манағы Жан де Лафонтеннің мысалы және басқа каштанға арналған туындылар әр тұстағы сахналарда орындалады. Көрмелер өтеді. Онда жаңғақты тікенді қабықтан ажырататын өзі тікен табанды бәтеңкені көре аласыз.
Каштан жаңғағынан жасалған түрлі әшекейлерден көз тұнады. Оның алқасы жүрекке баратын тамырдың үстінде тұрғандықтан қан айналымын жақсартады деседі. Кім білсін? Қалай десек те, осы ағаштың біздің жүрекке жақын екендігіне дау жоқ.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.